116 - Хикметтен
Бірін менмен, бірін христиан, жәһид қылды,
Бірін мұсылман, бірін кәпір, яһуд қылды,
Әзәзілді дәргегінен қуып салды,
Не себептен қылғанын біле алмадым.
Мың жыл бұрын Қожа Ахмет атамыз адам пенделерін діні бойынша христиан, жәһид, мұсылман, кәпір, яһуд деп бір-бірінен ажыратады да сол ұлттар мен діндерге «менмен» деген жаңа пенделерді қосады. Өзімшіл, менмен адамдарға деген қаншама құрмет, не болмаса әлгі аталып өткен дін өкілдері бір-бірімен жер бетіндегі үстемдік үшін шайқасып жатқан кезде менмендер де жалпы адамзат ұрпақтарымен күрес үстінде болатыны анық. Мен мұсылман болсам, демек менің «менмен» атты жауым қай жауымнан да бұрын аты аталар, алғаш боп еске түсер жау екен. 101-ші хикметте біз торыға қойған сұрағымыздың жауабы да осы жерде жатыр ма?..
Барлық бәле «Менмен» деген жаңа жаудан туындап жатқаны ма?
Жаулаушылар әрбір елдің «Менмен» атты біреуін тауып алады да, аузына сағыз шайнатады, қалтасына қаражат салады. Ұртына сигар қыстырады, ойына еліне ойран салар пікір орнатады.
Сондай «Менмен» өз елінде «Мен» атанамын деп халқына қасірет, жеріне өрт, еліне өлім әкеледі...
Менменмен күресудің жолы қандай?
Әзірге бұл адамгершілікке ортақ жаумен күресу жолын ешкім ойламаған секілді. Бұрындар оларды елін сатқан сатқын деп өлім жазасына кесіп жатушы еді. Бұ заман оларды жазаламайтын секілді...
Адамзаттың басты жауы осы «Менмендер» болып жүрмесін.
Әр ұлт өздерінің менмендерімен күресін ұлт қауімсіздігі дәрежесіне қарастыруы қажет емес пе екен?..
118 - Хикметтен
Босағаңа басым қойып тәубе қылсам,
Ғайбат айтқан тілімді жүз мың тілсем,
Күнә қылған тәндерімді үзіп жұлсам,
Достар, Ием мені пендем дер ме екен?
Тау мен шөлдер күнәмнан қылмас тағат,
Әр күн жүз мың күнә қылу маған әдет.
Бұ іспенен ақиретте бар ма рахат?,
Тәубе қылсам әдеттерім қалар ма екен?
Бұл ғаламда рәсуа болып қан жұтпасаң,
Шариғатта, тариқатта пір тұтпасаң,
Хақиқатта жан менен тәннен пәк өтпесең,
Ғапылдықтан сені не деп азат қылам?
Бұл хикметте бабамыз бізбен тілдесіп отырған секілді. Бұл шумақтарды басқаша оқып көрелік:
Босағасына басымды қойып тәубе қыла алмадым,
Ғайбат айтқан тілімді жүз мың тіле алмадым,
Күнә қылған тәндерімді үзіп-жұла алмадым...
Уа, Пір атам Яссауи! Ием мені пендем дер ме екен?
Сонда бізге бабамыз былайша жауап қататын секілді:
Бұл ғаламда рәсуа болып қан жұтпадың,
Шариғатта, тариқатта пір таппадың,
Хақиқатта жан менен тәннен пәк өтпедің,
Сонда сен не бетіңмен менен азаттық сұрайсың?
Мен сені қай еңбегің ұшін ғапылдықтан азат қылам?
«Әр күн жүз мың күнә қылу маған әдет», біз бұ сан туралы бұрынырақ ойымызды жазғанбыз. Көптікті бейнелеу үшін алған сан болу керек.
«Бұ іспенен ақиретте бар ма рахат?,
Тәубе қылсам әдеттерім қалар ма екен?» деп, күніге жүз мың күнәге батып жүріп ахиреттен мен қалай рахат дәмете аламын дейді. Бұл сөздерді біз Яссауи Қожа өз істеріне арнап айтып отырған жоқ болар, ол бізді уайымдап отыр деп ойладық.
Енді бір күнде жүз мың күнәні қалай жинауға болады, ойланып көрелік...
Қарамайтын затқа көзің түсіп кетті, күнә.
Ойыңа арамдық оралды, күнә.
Бисмилласыз аузыңа ас салдың, күнә.
Намазыңды қаза қылдың, күнә.
Балаңа орынсыз дауыс көтердің, күнә.
Әйеліңе қаралық жасадың, күнә.
Көршіңнің малына тас лақтырдың, күнә.
Ауру досыңның көңілін сұрамадың, күнә.
Шарап ішіп қойдың, күнә.
Біреудің намысына тиіп сөз айттың, күнә.
Еліңе, патшаңа қарсы сатқындық жасадың, күнә...
Осымен тоқтаталық. Әйтпесе біз Қожа Ахмет Яссауи ойлап отырған жүз мың күәдан да асып кетерміз.
Сауап пен күнәнің өлшемі қанша?
Бір сауап деп, не бір күнә деп олардың қаншалықты салмағын, жобасын, өлшемін салыстырамыз?
Естідім бе, оқыдым ба есімде жоқ, бір сауап өлшемі дегенміз сен дауытап айтқан, не оқыған Құран сөзіндегі бір әріп. Немесе «Алла» деген сөз сенің аузыңнан шыққанда саған төрт сауап жазылады. «Әлхамдулиллаһ» сөзі сенің аузыңнан шыққанда саған 13 сауап жаздырады.
Құранды толық оқып шыққан кісінің қаншалықты сауапқа бататынын ойлап қараңыз.
Немесе күніне бес уақыт намазын толығымен оқыйтындардың есебі қаншалықты толығып жатпақ...
Жаңағы біз санаған қылықтарымыз күн сайын бізге мыңдап, миллиондап күнаға батырып жататын болар. Күәсыз адам болмайды. Оны тек қана сауаппен қайтара алатын секілдіміз.
Ал күнә өлшемі туралы естімеппіз де, оқымаппыз да.
Асылы сол пәледен аулақ жүрген дұрыс болар...
122- Хикметтен
Құл Қожа Ахмет, гауһар тәріз хикмет айтты,
Жарандарға қызмет қылып назар тапты.
Тоқсан тоғыз мың хикмет айтып дастан қылды,
Дастан қылып бостан ішінде жүрмек үшін.
Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінде бірнеше сандық мәндер кездеседі. Мысалы:
360 – адам қан тамырларының саны делінеді.
444 – адам сүйектерінің саны.
100 мың саны көп қайталанады. Мысалы:
100 мың рет тілімді тілдім.
100 мың түрлі періштемен жүздестім.
100 мың талақ дүниелікті еттім.
100 мың жаза надандардан көрдім.
100 мың әулиелер өтті, сырды сырға ұласып.
Әр күн жүз мың күнә қылу маған әдет.
99 мың – хикмет айтып дастан қылдым.
19 да жетпіс мақам зайыр (түсінікті) болды.
50 мың жыл (қияметтің бір күні бізше 50 мың жыл).
70 мың жыл (күнәһар мұсылманның жазасын өтейтін уақыты)... Осы санды қағаз бетіне түсіріп ап, ары қарай сан іздеуге зауқым соқпай қалды.
123- Хикметтен
Көзім жұмып ашқанымша жетті алпыс,
Белім байлап мен қылмадым бір тәуір іс.
Күндіз-түні қамсыз жүрдім, жаз бенен қыс,
Бірім-Барым, дидарыңды көрермін бе?
Алпыс екі жаста Алла нұрын салды,
Бастан, аяқ ғапылдығым тазаланды.
Жан мен ділім, ақыл, есім Алла деді,
Бірім-Барым, дидарыңды көрермін бе?
Алпыс үште хабар келді «Құл, жерге кір,
Мен жаныңмын, жанжарыңмын жаныңды бер,
Һу семсерін қолға алып нәпсіңді қыр».
Бірім-Барым, дидарыңды көрермін бе?
Құл Қожа Ахмет, нәпсі тептім, нәпсі тептім,
Одан кейін, Жанжарымды іздеп таптым.
Өлмес бұрын жан бермектің дертін таптым,
Бірім-Барым, дидарыңды көрермін бе?
Бұл хикметінде бабамыз: «Белім байлап мен қылмадым бір тәуір іс, Күндіз-түні қамсыз жүрдім, жаз бенен қыс» – деп өзіне-өзі риза болмай жүретін әдетімен өзін-өзі тағы да бір сынап алады. Дегенменен осы хикмет сөздерін қағазға түсірер шақты бабамыз өз өміріне толық баға бере отырып, жаны жай тапқан секілді.
124 – Хикметтен
Кімдер үшін жасты қылды көздерін,
Үмбет үшін күйдіріп қуырды өздерін,
Үмбет болсаң, аңла осы сөздерін,
Кімдер үшін келді Расул, білдіңіз бе?!
Бұл хикмет тұтасымен «Нұры – Құда, досы – Құда ол Мұстафа, кімдер үшін келді Расул, білдіңіз бе?!» деп, пайғамбарымыздың Алла тағала нұрынан жаратылған досы екенін еске салады. Пайғамбарымыз өз үмбеттерінің ертеңін ойлап:
Жылай-жылай жүзі, көзі істі...
Тіке тұрып аяқтары істі...
Үмбеті үшін қайғы, бейнет шекті...
Ал сіздер не істедіңіз ол үшін деп біздерді ұялтады.
Кімдер үшін келді Расул, білдіңіз бе?
Кешіріңіз бабамыз, көпшілігіміз білмейміз де, ойланбаймыз да...
125 – Хикметтен
Сәрі уақыты хош сағат, әрі жаннат, әрі рахат,
Тәңіріңе қыл ғибадат сәрі уақыт ішінде.
«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», депті бабаларымыз. Біздің бабаларымыз мұсылман діні өздеріне келмес бұрын оның біраз қағидаларын өз даналықтарымен бойларына сіңіріп те қойған секілді. Өйткені қазақ болмысы да, ислам қағидалары да адамның дұрыс адам болып қалыптасуына тікелей еңбек еткен еді.
126 – Хикаяттан
Сенің әміріңмен іс қылмадым мен,
Бұл дүниеден кетерімді білмедім мен,
Қабір ішінде жатарымды білмедім мен,
Қиямет күні мені шерменде қылма.
Қожа Ахмет бабамыз біздердің аузымызға осылайша сөз салып беріп отыр. Жай оқушы бұ хикмет мәтінін оқып, Қожа Ахмет бабамыз да біз секілді жай ғана пенде екен-ау деп қалуы да мүмкін. Бірақ бабамыз осы ұлы еңбегінде негізіненен біздердің атымыздан сөйлейді, біз болып ойлайды. Содан барып ертеңгі мәңгілікке дайындайды.
Ал біздің айтарымыз «білмей қалдым» деп апайына жалынатындай жер емес, бұл. Бұл өлім мен өмір тартысынан да қауіптірек құбылыс.
128 – Хикметтен
Сүңгуірдің теңізіне кірдім, денемнің шаһарын кездім, Інжуді қабықша ішінде, гауһарды кен ішінде көрдім. Шындығында Яссауи бабамыз теңіз түбінен асыл тас іздейтін сүңгуірлерде шаруасы жоқ. Ол өзін әңгіме етіп отыр. Сүңгуірдің теңізіне кірдім, демек бабамыз осы сөз арқылы асыл тас іздеп теңіздің тереңіне сүңгіген сүңуір секілді асыл ойлар іздеп ой мұхитына шомып кеткені. Сол ой мұхитында өзінің жан сезімін денемнің шаһарын кездім деген сөз арқылы бейнелейді. Өз шаһарын кезіп жүріп бабамыз асыл ойды кезіктіреді. Тас қауашақ ішінде жататын інжуді тани алады, сонау тереңде жататын гауһарды алып шығуға да демі жетеді. Бұл туралы біздің бабаларымыз: «Көкіректе асыл сөз ой толқыса шығады, көл түбінде асыл тас су толқыса шығады» демейтін бе еді. Қандай үндестік.
142 – Хикметтен
Құл Қожа Ахмет, насихатты өзіңе қыл,
Ей, бейхабар, елді қойып өзіңе қыл,
Таудан ауыр күнәң бар өзіңе кел,
Хақ жамалын көрсетпесе кепіл болайын.
Біздің дәуірімізде көпшілік пенделер ертеңді ойлауды қойған. Біз ертең деп о дүниені айтып отырмыз. Ал ертең туралы ойлайтындардың көпшілігінде де оншалықты қорқыныш жоқ. «Ақыр түбі бір реті келер» философиясымен өмір сүретіндер қазіргі тіршілік иелерінің негізін құрайды. Ал көпшілігіміздің бойында «менің не кінім бар, менде күнә аз» деген түсінік қалыптасқан. Біздердің замандастарымыздың ойынша күнәсіз пенделердің бірі – Ахмет Яссауи.
Бұл туралы бабамыздың ойы басқаша екен. Ол өз күнәсі туралы ойланған секілді. Өз күнәлары туралы бағаны Алла тағаланың пікірі арқылы береді. Алла оған: «Ей, бейхабар сен ел деп әуре боласың, әуелі насихатты өзіңе айт. Сол туралы ойлан. Өз күнәң таудан да ауыр», деп ақыл береді.
Алла тағаланың көзімен қараған Қожа Ахмеи Яссауи өз күәсін таудан ауыр деп бағалағанда біз пақырлардың күні не болмақ?..
144 – Хикметтен
Мен жасырсам аяқ-қолым түгел куә,
Рахмет етіп, Сен кешпесең мен бейшара.
Шермендемін, дәрменсізбін көп қой күнә,
Қолымды ұстап жолға салғын, Сен-Жолбасшы.
Бұл хикметтің біз бөліп алған бір шумағын зердеден өткізгенде байқайтынымыз о жақта Ұлы жаратушы алдында ештеңе жасырып болмайтыны. Себебі өзің істеген барлық күнәлі істеріңді өзің жасырғанмен өзіңнің денең, аяқ-қолың куәлік береді екен. Бұндай түсінікті біз басқа ғұламалар ойынан да байқадық.
Абыл ақыннан
Әріпте жиырма тоғыз келеді «уау»,
О күнде жеті мүшең өзіңе жау.
Қылығың бұ дүниеде жақпаса егер,
Қимылдап аузы-басың қылады дау,
деп Ахмет Яссауи сөздерін қайталайды.
147 – Хикметтен
Қоштамайды-ау ғалымдар сіздің айтқан түркіні,
Арифтардан естісең ашар көңіл мүлкіні.
Аят, хадис мағынасы түркіше болса қолайлы,
Мағынасына жеткендер жерге қояр бөрігін.
О заманда мұсылман діні күш алып тұрған аймақтарға әуелі араб, кейін парсы тілдері үстемдік еткен еді. Сол себепті Қожа Ахмет түркіні қолдамайды-ау деп қауіп еткен.
Жолбасшы ғой Қожа Ахмет, гүлстаны мағрифат,
Сөйлер сөзі хикаят, ашар көңіл мүлігін. Осы сөздер арқылы бабамыз өз істеріне, жазғандарына риза секілді болып көрінеді.
Міскін, әлсіз Қожа Ахмет, жеті атаңа рахмет,
Парсы тілін біледі, құп айтады түрігін – деген сөздерінің тереңіне ой жүгіртіп көрсек, о кісінің тек қана Алла тағала жолы деп қатып қалмағанын, өз ана тілі түркі тілінің басқа тілдерден кем болмағанын жан-тәнімен қалап жүретінін, соған еңбек ететінін де байқатады. Хикметтерінің атақты болатынын, жұртшылық пайдасына асатынын ерте бастан сезінген секілді. Осы еңбегін парсы тілінде жазбай түрік тілінде жазған үшін тек өзіне емес өзінің жеті атасына дейін рахмет айтады.
149 – Хикметтен
Субхан ием өзі еді, Мұстафаға бұйырды,
Бабам Арыстан жеткізді, шайқым Ахмет Иассауи.
Мұстафаның киді қырқасын, жеді тамағын,
Ұстады Қағба алқасын, шайқым Ахмет Иассауи.
Сегіз шумақтан тұратын бұл хикметтің біз тек қана бір шумаған алдық. Осы шумақ арқылы Қожа Ахмет Яссауи өз өмірін, өз дәрежесін өте анық, өте қысқаша бейнелеп берген секілді.
Алла тағала бұрығымен Пайғамбарымыз Мұхамбет – Арыстан баб әулие – Қожа Ахмет ... дейді.
Біз бұл ұлы тұлғаларға басымызды ие отырып солардың ілімін халық санасына жеткізіп жатырған «Диуани Хикмет» атты шығарманы да әулие тұтып, қастерлеп ұстаймыз...
Біздің, Құл Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың «Диуани Хикмет» атты хикметтерін жүрекке қонымды тілмен қазақшалап беріп кеткен Әнуарбек Тәженұлына да айтар алғысымыз шексіз.
Мінажатнамадан
Барлық арман тілекті беруші
Алла тағаланың мейіріне мінәжат
Мінәжат етті міскін қожа Ахмет,
Иа Алла, пендеңе қыл рахмет,
Ғарып Ахмет сөзі еш көнермес,
Егер жер астына кірсе шірімес.
Менің хикметтерім кені хадис,
Кісі нәрі алмаса ол хабис.
Менің хикметтерім тәлибтің ризығы,
Қаншама көп болса да қылмысы.
Менің хикметтерім пәрмені Сұбхан,
Оқып білсең бар мағынасы – Құран.
Менің хикметтерім ғаламда сұлтан,
Қылар ілезде шөлді гүлстан.
Біз Қожа Ахмет Яссауи ғұламаның «Мінажатнама» атты соңғы тарауынан түсініктемесіз тек қана үш шумағын көшіріп алдық.
Ғұламаның бұ шумақтағы сөздері бабамыздың өз халқы үшін, мұсылман қауымы үшін айтқан соңғы уағыздары, соңғы тапсырмалары болса керек.
Біз бұл жолдардан Хикмет сөздерінің мағынасын уақыт уақыт атты жебірдің де көнерте алмайтынына, дәмін аздыра алмайтынына автордың сенімді екенін байқаймыз.
Бұл хикметтердің ойдан шығарылмағандығы, негізгі арқауы хадистерден алынғандығы, мағынасы Құран екендігі ашық айтылады. Бұл Хикмет сөздері адам көкірегіндегі құлазып жатқан шөл дала секілді қуысты пейіл қойып мойындаған кісіге сол даласын гүлбазарға айналдырар нәрлі топырақ екені ескеріледі...
– Әнеке! Осымен қоштасалық! Сіздің мәңгілік мекеніңіз жұмақтан болғай! – деп Жаратқаннан тілек тілеудеміз.
Тірліктегілер, баяғыша, Абай данышпан айтқандай, таңертең туған күнді қарсы алып, кешке батқан күнді шығарып салып дегендей, бір күн дамыл таппай жүріп жатырмыз. Сол екі арада басқа келген ой атты ескі достың да көңілін аулап қоямыз. Жетпістен асқан бұ шақта біздің ең айнымас досымыз да сол екен...
Күн артынан күн туар,
Бір күн дамыл еткізбес.
Ой артынан ой қуар,
Желге мінсең жеткізбес.
Абай Құнанбайұлы
Астана
27 сәуір 2012 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |