Менің педагогикалық ұстанымым



Дата20.12.2021
өлшемі17,48 Kb.
#104024
Байланысты:
Эссе (1)


Алматы қаласы, №59 мектеп-гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сейдазимова Элеонора Шарипулаевна

Менің педагогикалық ұстанымым

Халық үшін қызмет ететін, бүкіл өмірі ізденуден тұратын елдің өкілі – ұстаз. Менің ұстаздық жолымдағы ұстанымым, М.Жұмабаевтың: «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Мұғалімнің табансыздығын сезсе, бала онымен сөйлесуден, тілін алудан қалады,» - деген сөзі. Жақсы ұстаздың бойындағы ізгі қасиет - терең білімі мен білігін жайдары, жағымды мінезі арқылы шәкіртінің бойына дарытып, мәңгілік есінде қалатындай ұстаз болуы.

Мен алдымда отырған балаға Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман» - деген сөзін үнемі айта отырып, еліміздің ертеңгі, жарқын болашағы өздерінің қолында екендігін түсіндіруге тырысамын. Әр күні шәкірттерімнің: «Сәлеметсіз бе, апай?!»- деп күлімдеп қарсы алып, үзілістерде «Біз сізді жақсы көреміз!» - деп құшағын жайып, «Сіздей апайды жақсы көрмеу мүмкін емес!» - деген шынайы лебіздерін естігенде, шәкірт жүрегіне жол таба білдім деп қуанамын.

Ұлы Абайдың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат» деген сөздері үнемі көкірегімде сайрап тұрады. Бойында осы үш қасиеті бар адам - қай қоғамда еңбек етсе де, қоршаған ортасының жаны, жүрегі, ұйтқысы. Өз басым, жылы жүрегімді, ыстық қайратымды, нұрлы ақылымды еліме, аяулы шәкірттеріме арнаймын. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет деп ойлаймын. Нұрлы ақылым мен ыстық қайратымды шыңдап, өзімнің ұстаздық имиджімді қалыптастыруда тәжірибе алмасу үшін қалалық, облыстық, республикалық семинарларға, ұстаздарға арналған түрлі жобаларға қатысамын. Өз біліміңді сынау деген біздің өсуімізге жол ашатынын ұқтым. Шеберлігіне қызыға қарайтын өз ортаңдағы аға-буын өкілдері болса, олар сенің өмір жолыңа оң әсер етіп, талай игі істер бастауының көзінен табылса, нұр үстіне нұр емес пе? Осындай еңбектің арқасында, қазір мен де бала жанына ақыл, білім дәнін сепкен жаңашыл ұстаздардың бірімін.

Қазіргі кезде «ел болашағы – жастар, еліміздің келешегін көркейтетін білімді ұрпақ» деген сөздерді жиі естиміз. Әрине, қай халықтың да болмасын, мемлекеттік даму жолы – жас буынға, олардың тәрбиеленіп, ортаға сай озық білім игеріп шығуына баса назар аударылуымен өлшенетіні белгілі. Алайда жастардың саналы азамат болып қалыптасуының кілті тек білімде емес. Адам баласының тура жолдан адаспай, адамгершілігі мол, дұрыс азамат қатарына жетуі оның тәрбиесіне, ата-анасының мейірім көрсете алуына тікелей байланысты. Адам дүниеге келісімен айналасындағы адамдардың іс-әрекетіне қарап өседі. Осыған байланысты: «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің,» – дейді халық. Сондықтан баланың ,ең әуелгі, өсетін ортасы, отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек. Бала дүниеге келген күннен бастап ұлттық тәрбиені санасына сіңіре берсе, өсе келе бала зиянды нәрселерден аулақ болады. Сондықтан да ата-ана баланы үнемі бақылап және қадағалап, санасына рухани құндылықтарымызды сіңіргені абзал.

«Баланың оқу үлгерімінің төмендеу себебі неде?» деген сұраққа тоқталар болсам, «оқушының үлгеріміне əлеуметтік жағдайына қарағанда, отбасылық жағдайы көбірек əсер етеді,»- деп тұжырымдаймын. Мысалы, оқушының отбасында жиі кикілжің, келіспеушіліктер мен ұрыс-керіс болса, бала тұйықталып кетеді. Оны ешкім шеттетпесе де, өзін ыңғайсыз сезінетін болады. Көңіл-күйі төмен баланың сабақ оқуға да құлқы болмайды. Ал əлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға келсек, олар оқуға ынталы болады. Алдына нақты мақсат қоя біледі. Біздің қоғамда «сабақты жақсы оқысаң, білімді боласың, ал білімді адам бай болады» - деген түсінік қалыптасқан. Бұл – оқушыларға жақсы мотивация.



Ойымды қорытындылай келе, менің таңдауым, жолым елімнің дамуына үлесін тигізер шәкірттердің қажетіне жарап жатса, нағыз «ұстаз бақыты» деген осы емес пе? Әр шаңырақтың үміті болып отырған шәкірттерімнің жанын түсініп, «бала жанының бағбаны» бола отырып, балаға ақылшы, қамқоршы, қолдаушы болып, функционалдық сауаттылығы қалыптасқан, рухани әлемі бай, тұлғалық қабілеті шыңдалған жеке зияткер тұлға оқытып, бәсекеге қабілетті нағыз азамат тәрбиелей алсам, хәкім Абай айтқандай «толық адам» тұлғасын қалыптастыра алсам – менің ұстаздық мақсатымның орындалғаны деп білемін.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет