Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарастары Түйін



бет2/2
Дата11.12.2021
өлшемі36,24 Kb.
#99136
1   2
Байланысты:
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарастары

Кілт сөздер: ислам діні, ислам мәдениеті, діни көзқарастар, ханифилік мазһаб, шариғат ережелері, діни тәрбие, діни ахуал, сопылық, сопылық дүниетаным, әлемдік геосаясат, плюралистік қоғам, діни миссионерлер, жаратушы.
Халқымыздың таным-түсінігіндегі ислам дінінің алғаш рет Ясауидың хикметтері арқылы енген рухани құндылықтары бүгінгі күнгі діни және философиялық ұстанымдармен біте қайнасқан қазақ ойшылдарының дәстүрлі ислам мәдениеті, діни көзқарастары бүгінгі қоғамда маңызды орын алады. Қазақ халқының рухани дүниетанымының дәстүршілдігі, оның синкреттілігі діни көзқарастың қалыптасқан түркілік сипатына ие болып, ханифилік мазһаб бағытын ұстанып келеді. Ұлтымыздың ата-бабадан қанға сіңген шыдамдылық қасиеті бүгінгі күнгі жаһандануға ұмтылуға деген либералдық қатынасымен де ерекшеленуіне сопылық ағымдардың әсері болды.

«Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек» деп 2020 жылғы халыққа Жолдауында ел басшысы Қ.Ж.Тоқаев айтқандай, адамның рухани, діни-адамгершілік көзқарастарының ұлтымыздың жаңа сапаға көшуіне үлкен ықпал ететіні анық [1].

Бүгінгі ақпарат ағынының жан-жақтан құйылып жатқан кезінде адамзат баласының исламның қайнар көздерiнен бастау алған рухани ахуалының өзгеруі ұлт ғұламаларының, оның ішінде ұлы ойшыл, фольклортанушы, көрнекті ақын, көп тілді білген көріпкел Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының артында қалдырған құнды да терең мағыналы мол мұрасын жаңаша пайымдап, жаңа қырынан көре білуге жол ашылды. Сонымен бірге ата-бабамыздан бойға сіңіп келген мұсылман мәдениеті мен ұлттық мәдениеттің қабысып жатқан тұтас бейне екенін көруге мүмкіндіктер беріп отыр.

Жасынан діни білім алып, ислам мәдениетін бойына сіңірген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармашылығында дін тақырыбына ерекше мән беріліп, ислам дінінің құндылығы мен адамзат өміріне тигізетін пайдасын әрдайым өз шығармаларына арқау еткен.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарасы дәстүрлі діни арналарда қалыптасып, қазақ жыршылары Қорқыт ата, Асан Қайғы, Қазтуған, Досмамбет, Шалкіиз, Ақтамберді, шығыс ғұламалары Хафиз, Низами, Руми, Омар Хаям, Науаи, Йассауи еңбектері Мәшһүрдің рухани әлеміне зор әсер етіп, рухани күш берді. Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінде ислам дінінің шығуы, құдайға сену, алланы тану, пайғамбарлар жайлы хикаялар орын алды.

Діни, рухани мәдениет тақырыбындағы еңбектерінде халықты бірлікке, адамгершілікке, бірлікке шақырып отырғандығын сол кездегі «Қазақ жұртының осы күнгі әңгімесі» атты өлеңіндегі мына шумақтардан анық байқауға болады:

«Құдайдың шын нансаңдар бірлігіне,

Ерлердің күш қосыңдар ерлігіне.

Сарт демей, ноғай демей, қазақ демей,

Тілек қыл дін мұсылман бірлігіне» - деп, түбі бір, діні бір түркі халықтарының бірлігін насихаттаса, екінші жағынан мұсылмандардың исламға бас иіп, бір біріне демеу болып, аллаға тілек қылуға шақырады [2].

«Шариғат ортамызда тұрса екен деп,

Бір дүкен дін ислам боп құрса екен деп.

Мешіт пен медресенің тексеруі,

Құран кітап жөнімен болса екен деп», –деген жолдарда абыз ақын діннің бұрмаланбауын, Құран кітаптағы айтылған аяттардың дұрыс түсіндірілуін, шариғат жолдары дұрыс интерпретацияланып, халыққа дұрыс жеткізілуін талап етеді. Мыңдаған жылдар бойы халықтар арасында дінаралық тартыстың болуы, алпауыт елдердің өз діндерін насихаттап, өзге дін өкілдерін дінінен айыруға күш жұмсайтынынан хабардар ғұлама көріпкел діндар ақын М.Ж. Көпейұлы «дінінен айрылған халықтың болашағы да жоқ» деп кесіп айтады [2].

Патша үкіметі кезінде ұлтымызды шоқындыру саясатының белең алғандығы тарихтан да белгілі. М.Ж. Көпейұлы өз шығармаларында бір жағынан әрдайым халықтың діннің дұрыс бағытында жүруіне шақырса, бір жағынан діни қызметкерлердің дінді халыққа Құран бойынша дұрыс насихаттауын да батыл талап етеді.

«Дініңді кім қорласа – сол өш қасың,

Қорлықтан ақпап па еді көзден жасың» - деп, дінді қорлағандар ол халыққа да опа бермейтін, нағыз жау екенін айта келіп, халықтың рухани көкірек көзін ашуға тырысты [2].

Терең білімді жан жақты құзіреттілігі мол, дүниеге шынайы көзқараспен қарайтын, әлемнің бейнесін тұтастықта тани алатын ғұлама ақын білімі таяз дүмше молдалардың да іс-әрекеттерін сынай отырып, олардың «насихатының» тіпті ел арасына іріткі салатын кездері болатынын батыл айтады:

«Өсекті қожа менен молда айтады,

Басқадан олар тіпті оңды айтады.

Арасын ағайынның балдай тәтті,

Дау-жанжал ырыс пенен молайтады» [3].

Мәшһүр Жүсіп тек қана шығыс мәдениетін ғана емес, Европа, Ресей ғалымдарының еңбектерінен рухани нәр алып, олардың ислам бастауларымен сабақтасып жататындығын, олардың да исламның асыл қазынасын өз еңбектерінде қолданып «адамдыққа жеткенін», олардан аударылып өзімізге қайта жететінін де сынағанын мына сөздерінен байқауға болады: «Тоқсан ауыз сөздің түймедей түйінін ұстап, күллі Еуропа адамдыққа жетті. Лермонтов, Салтыков, Толстойлар біздің мұсылманнан шыққан, жұрттан озған ала аяқ жүйріктердің сөзінен үлгі-өнеге алып сөйлеген. Мұнан келіп біздің мұсылманның жүйріктері переводтап алып, бізге сөйлеп жатыр» [4].

М.Ж. Көпейұлының ислам мәдениеті мен оның идеяларына деген көзқарасы оң болып, ғақыл мен ғылым Жаратушы күш – Алланы ұғынуға жол ашатын бірден бір жол екенін атап көрсетті. Дегенмен шығыстың классикалық әдебиетін де жетік білген ғұлама М.Ж. Көпейұлының шығармашылығы кеңес дәуірінде өз бағасын ала алмадым, насихат етілмей келді, тіпті оның кейбір дүниетанымдық көзқарастары теріске шығарылды.

Мәшһүр Жүсіп ұлттық сана-сезімді оятуға бағытталған діни шығармаларында имандылықты, наным сенімдердің негіз етті. Ол дін адамның рухани дүниесін қалыптастырады, құдайды тану адамшылыққа, әділдікке ұмтылуға бастайды деп түсіндіреді. «Мен құдайды пір деп білемін. Осы үшеуіне наным-сенімім күшті. Құдай қандай өзі, не нәрсе, оны білуге, оны тануға ақыл-ойым, зейін-пікірім жетпейді» деп, құдайды тану үшін алдымен өзіңді тану керек екенін айтады. Ал өзіңді танудың одан да қиын екенінен хабар беріп, ішкі ойын ашық айтады.

«Сарыарқаның кімдікі екендігі қазақтың осы күнгі әңгімесі» атты шығармасында:



Орынсыз мал шашасың сасқаныңнан,

Қасқырға қарай үркіп, қашқаныңнан.

Құдайдың жақсылығын көтере алмай,

Кез болдың да бір асып, тасқаныңнан, - деп, Құдайдың берген жақсылығын қолдана алмай жүрген халқына ашынып-күйіне ренішін білдіреді. Құдай әділ, мейрімді, адамға тек жақсылық тілейтінін, бірақ соны көтере алмай түрлі қиындықтарға тап болатынын айтады [3].

М.Ж. Көпейұлының пікірінше, «Жаратуын өзі жаратса да, билігін, ерік ықтиярын мақлұқтарына берді» деп Жаратушының адамның өзін жаратқанмен, өмір сүру бағытында оған бостандық пен еркіндік бергенін айтады. Бұл өте әділ және дұрыс айтылған ой. Демек, ол адам бойындағы небір құбылыстардың, жақсылықтар мен жамандықтардың орын алуына Жаратушының кінәсі жоқ, адамның өзінің ниет, тілегінің жемісі екенін айтқандығын көреміз. Құдайдың берген ғұмырын дұрыс бағалай алмай, алты ауызды ынтымақсыз болғаннан көрінгенге мазақ болатынын айтады. Орынсыз мал шашу да дұрыс емес, құдайдың жақсылығын көтере алмау дейді. Құдайдың адамға берген сыйын дұрыс бағалап, бірде асып, бірде тасымау керектігін, бар-жоқтың қадірін біліп жүру керектігін нұсқайды.



Даярлап күнде алдыңнан қақпан торын,

Шыңырау ғып сексен құлаш қазған орын.

Құранды-қор, молданы бордай қылып,

Тырысты сөндіруге ислам нұрын.

Арзан боп Құран құны болып тиын,

Бас қосар ғұламаға болмай жиын.

Орысша тіл білгенді жұлдыз қылып,

Жоқ қылды шариғаттың құрмет, сыйын.

Мешітті сылтау қылып жауып тастап,

Сала алмай қазақ мешіт қайта бастап.

Кітапты чиновниктер жинап алып,

Жылаған күндер болды-ау көзді жастап.

Мешітті ас үй қылды, молда сасып,

Көрген соң чиновникті құты қашып.

Кітапты тиеп алып шанасына

Астына сол к...інің алды басып.

Деп айтшы, кәне, өтірік, мұсылмандар,

Паналар жер таппады-ау қысылғандар [3] - деген жыр жолдарында жасынан діни тәрбие алған Мәшһүр шариғат ережелерін бұрмалаған қожа-молдалармен өмір бойы күресіп өткендігінен сыр береді. Осылайша құранды түсінбей, «әліпті таяқ деп білмейтін» дүмше молдалардың халыққа жасап жүрген іс-әрекеттерін сынайды. Құран қағидаларын дұрыс ұстамағаны, шариғат шарттарын дұрыс насихаттамағаны үшін олардың теріс қылықтарын бетіне басып, әшкерелеп отырды. Дінді күнкөрістің кәсібіне айналдырған молдалардың, халқын өз дінінен айырғысы келген миссионерлердің қылығын халық алдында бетіне басып, діннің тазалығына аса мән беріп, олармен күресе де білді.

Бұл шығармада Мәшһүр Жүсіп дінді, құдайды адамның табиғатын шектейтін тылсым күш емес, керісінше оның тұла бойын, арын, жанын тазартуға ықпал ететін фактор ретінде түсіндіреді. М.Ж. Көпейұлының Абай сауалына: «Алла менің жүрегімде, шайтан сіздің тіліңізде» деп жауап беруі ойымызды дәлелдей түседі.

Осы тұста «қазақ ойшылдарының еркіндік пен тағдырды Құдайдың сыйы деп санағанын, бірақ ол бұл екі түсінікті теңдестірмегенін айтуға болады. Бостандық рухани ортада тағдыр ішінде жақсылық пен жамандықты таңдау кезінде пайда болады» деген жолдары дәлелдей түседі [5].

М.Ж. Көпейұлының бұл сөзінен оның әлемнің тұтас бейнесін тұтастықта таныған терең білімділігін көре аламыз.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы діни тақырыптағы шығармаларында әсіресе, дастан, қиссаларында Мұхаммед пайғамбардың өмірін, Құранды, шариғат ережелерін туралы көп жырлайды. Оның жырларын оқи отырып, ақынның шығыс ғұламаларының еңбектері мен халық ауыз әдебиетінің үлгілерінен мол тағылымының болғандығы анық байқалады. Айта кететін болсақ,

«Алты айда Ғабдоллаға ажал жетті,

Пайғамбар тумай тұрып өтіп кетті.

Бір құдай Мұхаммедтей сүйер досын

Қарнында анасының жетім етті», - деп Мұхаммед Пайғамбардың дүниеге келмей тұрып, әкесінің өмірден озғанын ертегі сарынымен айта келе, оны Құдай ана құрсағында жатқанда-ақ жетім еткенінен оқырмандарды хабардар етеді. Ал Мұхаммед Пайғамбар дүниеге келгенде өмірде бұрың-соңды болмаған оқиғалардың орын алғанын былайша суреттейді:

«...Аллаһтың елшісі туылған күні

Кисра сарайында он төрт ұстыны құлады.

Мәжусилердің өмірі өшпеген оттары сөніп,

Сауа көлі құрыды».

Осы шығармада арабтарда жаңа туған баланы жас нәрестенің денi сау болып, еркiн өсуiне жағдай жасау мақсатында өз анасынан басқа «сүт анасының» тәрбиесіне беретін салт болғанын да ескереді. Пайғамбарды да осы салт бойынша бес жасқа келгенше Халима атты әйелдің тәрбиесіне беріп, одан соң өз анасы Әминаның қолына қайта келгенін жыр етеді [6].

«Пайғамбардың нұры» атты өлеңінде

Ғаламнан он сегіз мың әуел бұрын,

Жаратты пайғамбардың асыл нұрын.

«Әуелі мақұлық атта нұрым!» - деген,

Хақында дәлел болды хадис мұның, - деп он сегіз мың ғалам жаралмастан бұрын алла тағала пайғамбардың асыл нұры жаратылғанын сөз етеді.

Аспан, жер, ғаршы, күрсі, лауһи, калам,

Сыдыра мен жаннат, тозақ – бәрі тамам.

Сол нұрдың тәпсілінен пайда болды,

Жаралған он сегіз мың күллі ғалам, - дей отырып ақын Жер дүниедегі бар ғалам, небір жақсылық пен жамандықтың барлығы сол нұрдан жаралғанын тілге тиек етеді.

Адамды топырақтан қылды жана,

"Кіргін!"-деп, пәрмен етті жанға Құда.

Қараңғы, қорқынышты жай екен! -деп,

Жан қорқып, кірмей тұрды қарап мұңа, - деген жолдарда құдайдың адамды топырақтан жаратқанын, жанға сол денеге кір деп бұйырғанын, сонда жанның басында денеден қорқып кірмеген соң, расул нұрының сәулесін адам маңдайына қойғанын айтып жанды адам бойына қалай кіргізгенін суреттеп жазады.

Расулдің нұр шарпын келді алып,

Адамның маңдайына қойды апарып.

Сонан (анден) соң хазірет Адам ағзаларын

Жан көрді бір мәртебе назар салып,

Тұрады расул нұры жауһар беріп,

Хош ұрды махаббаты оны көріп, - дегенде жанның алдымен расул нұрының сәулесінің жарығымен адам ағзасын көргенде ғана сезімі оянып келіскенін айтады.

Ағзаға бармақлыққа ғашығы кетіп,

Аузынан рухы, шарпы кірді келіп.

Адамға расул нұры харар алды,

Көпкеше көкірегінде тұрып қалды, дей отырып ақыр соңында жанның адам көкірегіне барып жайғасқанын айтады [6].

Сопылық поэзияның сопылық философияның ерекше ықпалын көре білген М.Ж. Көпейұлы да Ахмет Ясауи, Абай, Шәкәрімдей ойшылдар секілді сопылық жолды ұстанған. Өйткені сопылық жол Алла жолын табиғаттың шынайы көрінісімен астастыра отырып тура бағытта түсіндіреді.

Сопылық көзқараста еркіндік, адамдардың арасындағы позитивті қарым-қатынас, табиғаттың жаратылысын ашық, шынайы түсіндіру уақыт пен кеңістікке бағынбайтын, адамзат баласына ортақ құндылық.

Анығырақ айтар болсақ, Мәшһүр Жүсіп «Айтушы құдайдың өзі де, не сөйлесем, соның сөзі» дегенде, адам өзі нені ойлап айтса, өмірінде сол ойлағанының болатынын айтады, демек, не сөйлесем ол Алланың сөзі дейтіні сол. Мұнысымен діни-сопылық дүниетанымы мейлінше терең М.Ж. Көпейұлы адам да алланың бір кішкене бөлшегі екенін түсіндіреді. Сондықтан да адам әрдайым дұрыс ойлап, мағыналы сөйлеу керектігін, не сөз айтса да «жан ділімен, шын көңілмен» айту қажеттілігін ескертеді.

Жараттың жақсы-жаман екі айыр жол,

Адамның бip жағы – оң, бip жағы – сол!

Адаспай жақсы жолдан жүрер түзу,

Кімде-кім болып жүрсе өзіңе құл! - деген жолдар осы ойымызды қорытындылай түседі. М.Ж. Көпейұлының сопылық дүниетанымында жаратушы әлемнің тұтас бейнесі және адамның рухани қарым қатынасын түсіндіретін бағыт екендігі анық байқалады және ұлттық ислами мәдениеттегі діни құндылықтарды насихаттай отырып, елді ауызбіршілікке шақырып, адамның ниеті мен сезімінің таза болуын құптайды.

Қорыта келгенде, М.Ж. Көпейұлының діни көзқарастары бүгінгі таңда да өзектілігін жоймай, қоғамда қалыптасқан діни ахуал үшін де өзекті мәселе болып келеді. Олай дейтініміз, ақпараттық технологияның қарыштап дамуының нәтижесінде жастар мен жалпы жұртшылық арасында теріс ағымдардың легі де көрініс табуда. бұл ағымдар әсіресе рухани дүниетанымдық мәдениеті қалыптасып жетіле қоймаған жастарға кері әсерін тигізуде. Осы тұста М.Ж. Көпейұлының діни философиялық ойларының алатын орыны зор. Соны жастардың санасына жеткізіп, сабақтастықта қолдана білу бүгінгі күнгі қоғамдағы кезек күттірмес мәселе.

Сондай-ақ қазіргі кезде әлемдік геосаясаттағы діни фактордың күшеюі, діни мәдениеттер мен өркениеттердің қордалануы, дінге қатысты жаһандық үрдістерге бейім болуы экстремизм, терроризм мен теріс бағыттағы діни ағымдардың дамуына әкеп отыр.

Бүгінгідей плюралистік қоғамда халқымыз үшін болашаққа дұрыс бағыт беруде М.Ж.Көпейұлының діни көзқарастарын зерттей түсіп, оны кейінгі жастардың оқып-үйренуіне, тәлім-тәрбие алуына жол көрсетуіміздің маңызы арта түспек.

Сонымен, Мәшһүр Жүсіп ислам қайнаркөздерін терең мағынасын әлем жаратылысының шынайы бейнесімен бірлестікте түсіндіре отырып ислами мұраның сақтаушысы ретінде танылды. М.Жүсіптің осындай көрегендігін бүгінгі экстремизм мен радикализммен күресуде, жалпы адам бойындағы рухани қасиеттерді дамытуда қолдана білгеніміз жөн.


Әдебиеттер:

1. Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2020 жылғы 1 қыркүйек.

2. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармалары 11-томы.

3. М.Ж. Көпейұлы. шығармалары. 1-т. - Павлодар: ЭКО ҒӨФ, 2003.

4. Мәшһүр Жүсіп Қуандық. «Дін және Мәшһүр Жүсіп» / http: // abai. kz/node/2911.

5. Ахметова Г. М.Ж. Көпеев шығармашылындағы діни-этикалық ойлар. – Павлодар, 2005.



6. М.Ж. Көпейұлы. Екі томдық, 1-т. - Алматы: Ғылым, 1990.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет