Майдан. Майданда жас батырды байқады енді (М-Ж., 155); Жүз мың әскер келді енді, Майданға тақты құрғызып (Алпамыс, 223); Майданнан аққан қызыл қан, Сарқырап ақты судай боп (Алпамыс, 227); Чунки туштым майдонға, майдонға тÿла кÿрдум (Қожа Ахмет Йассауи).
Майдан – алаң, соғысатын алаң, жер таңдап алу, өзіңнің артыңнан соғыс алаңын қалтыру, күреске алаңға шақыру, ортаға қолғап тастау деген мағына береді екен. (Аударған – А.Қ.) (Будагов, 272). В. В. Радлов мäідан – 1) равнина, площадь; 2) публичность; поле битва – дейді [17, 2069]. Р. Сыздықова майдан, сірә қазақ тіліне парсы тілінен енген сөз, ал парсы тіліне араб тілінен енген; майдан – парсы тілінде «площадь, арена, ипподром, поприще, плац; поле деятельности, поле сражения; время, досуг» деген мағыналарды білдіреді (Перс.-русск. Сл., 842). Қазақ тілінде де о баста бұл сөздің осы мағыналары негізінен қабылданып, келе-келе: 1) көгал, көгорай шалғынды жер; 2) алаң, орын, 3) ұрыс даласы деп айқындалғанға ұқсайды. Ал, қазірде тіпті ықшамдалып, тек «ұрыс даласы» және соған ғана қатысты үстеме мағыналарға ие болып отыр [119, б.94]. М. Әуезовтің майдан сөзінің үш түрлі мағынасынан басқадай түрде жұмсағанын көрсетеді (Е. Жанпейісов, 84). Мәшһүр-Жүсіп Көпеев майдан сөзін ұрыс даласы, соғыс сияқты мағынада қолданған. Майдан > ұрыс даласы.
Достарыңызбен бөлісу: |