«Мен өз Отанымның патриотымын»
тақырыбы бойынша бірыңғай білім беру сабағы
(5-8- сыныптар)
Мақсаты: оқушыларды төзімділікке, қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеу.
Міндеттері:
ел тарихына деген танымдық қызығушылығын дамыту;
әр түрлі ұлт өкілдерін құрметтеуге тәрбиелеу;
оқушылардың зияткерлік деңгейін көтеру.
Сынып жетекшісі:
Көптеген ғасырлар бойы қазақ халқына тәуелсіздік пен еркіндік үшін күресуге тура келді. Қауіп төнген кездерде біріге, жұмыла білу, басқа халықтармен бейбітшілікте, келісім мен достықта өмір сүруге ұмтылу сияқты жақсы қасиеттерінің арқасында қазақ халқы тарих толқындарында жоғалып кетпей, ондаған жылдардан соң өзінің мемлекеттігін қайта құра алды.
Дамудың жаңа жолына түскен Қазақстан халықтың ғасырлар бойғы егемендік туралы армандарын орындай алды. Қазақстанды мекендеген әрбір халықтың өз мәдениетін, тілін, сенімін, дінін және дәстүрлерін дамытуға мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда республиканың әрбір азаматы өз елінің тәуелсіздігімен мақтанады.
Қазақстанда 17 миллионнан аса адам, жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір жанұядай өмір сүріп жатыр. Қазақ, орыс, ұйғыр, неміс, корей, татар тілдерінде кітаптар мен газеттер шығарылуда, ұлттық театрлар мен эстрадалық ансамбльдер жұмыс жасауда, ұлттық теле-радио бағдарламалар берілуде. Біздің барлығымызды, әр түрлі ұлт өкілдерін ортақ біріктіретін: БІЗ – Қазақстан халқы. Осылайша, Қазақстан мәдениеті мен діндерінің қөптүрлілігімен ерекшеленетін бірегей мемлекет.
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Жылы да жарық, көңілді мамыр мерекелерін ұнатпайтын адам жоқ шығар. Жапырақ жайып, көгеріп келе жатқан ағаштар, ашық аспан, күлкі мен жымиюлар жыл бойы ұмытылмастай көңіл-күй сыйлайды. Қазақстан халықтарының бірлігі күні егемен республикамыздағы басты мерекелердің бірі болды.
Тақтада «Біздің күшіміз – бірлікте» деген плакат ілулі тұрады.
Бұл үндеуді қалай түсінесіңдер? (Оқушылар жауаптары)
Жарайсыңдар! Басқа республикалар мен елдерде келіспеушіліктер мен тартыстар болып жатқан заманда осы сөздердің мағынасын түсінгендерің қандай жақсы! Бұл Бейбітшілік болмағанда өте қорқынышты.
Оқушы:
Ынтымақ, бірлік, достық, татулық –
Бабалардан қалған дәстүр айтулы.
Түгелденіп төртеуіміз төрде тұр,
Тәуелсіздік туы мәңгі тұғырлы.
Оқушы:
Тілі басқа, тілегі бір біргеміз,
Өздеріңмен жүздесеміз күнде біз.
Мақсат ортақ, бейбітшілік ұран боп,
Татулықтан бұзылмасын іргеміз.
Оқушы:
Қазақ жері достықтың гүлстаны,
Дархан өлкем мерейлі ырыс бағы.
Күрестерде, еңбекте,мерекеде
Мұнда сан ұлт қолдасып, ту ұстады.
Оқушы:
Ұлыстарымыз тамыр болған ежелден,
Кімдер қашсын қазақтайын ер елден
Достығымыз ғасырларға жарасқан
Туған елім,шарықтай бер кемелден!
Ұлттық киім киген балалар «Үлкен қол ұстасу» атты
достық хормен жүру орындайды
Сынып жетекшісі:
– «Құстың күші – қанатында, ал адамның күші - достықта» деген қазақ мақалы бар. Өмір осы мақалдың тура айтылғандығын дәлелдеп отыр.
– «Достық» сөзін қалай түсінесіңдер?
– Сөйлемді жалғастырыңдар: «Достық – бұл ......». (Оқушылар жауаптары)
«Мақалдарды жина» ойыны.
– Ал сендер достық туралы мақал-мәтелдер білесіңдер ме? Қазір тексеріп көрейік. Екі топқа бөлінуіміз керек. Мына конверттердің ішіне мақалдардың бір бөліктері салынған. Сендердің тапсырмаларың: достық туралы мақалдарды біріктіріп, оқуларың керек.
1. Ескі дос жаңа екі достан артық.
2. Досты ізде, тапсаң, сақта.
3. Достық қиындықта білінеді.
4. Доспен дос болғанша шаттан,
Дұшпанмен дос болғаннан сақтан.
5. Досыңа өтірік айтпа,
Дұшпаныңа сырыңды айтпа.
6. Заттың жаңасы жақсы, достың ескісі жақсы.
7. Досыңды мақтағаның – өзіңді жақтағаның.
8. Ағаш тамырымен, адам досымен мықты.
Сынып жетекшісі:
Отансүйгіштік дегеніміз – қоғамның бірігуінің, үйлесуінің, алуан түрлі адамзат қауымдастығында оның болмысы мен ерекшелігінің негізі болып табылатын аса маңызды рухани құндылық. Бұл ұғымды тар аяда, бір жақты қарастыруға болмайды. Ол күрделі, көп жақты және әртекті. Отаншылдық – бұл әрі өз еліне деген сүйіспеншілік, әрі оның тарихы мен мәдениетіне деген зор құрмет, әрі өз күші мен қоғамның күшіне деген сенім. Өткен жылдарда еліміз мемлкет болып қалыптасу, тәуелсіздік пен бірлікті нығайту жолында көптеген жетістіктерге жетті. Өзінің орта ғасырлық және қазіргі заманғы тарихында Қазақстанның беделі соңғы жылдардағыдай ешқашан жоғары болған емес.
Қазіргі таңдағы әлеуметтік-саяси тұрақтылық қазақстандықтардың өз Отанының гүлденіп, өркендеуіне деген сенімін нығайта түседі. Қазақстан демократиялық, зиялы, құқықтық және басты құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен еркіндігі болып табылатын әлеуметтік мемлекет ретінде өзін танытып, бекітті.
Біз ұлттық-мәдени құндылықтарға, ұлтаралық келісімге, мейірімділікке, балаларға деген махаббатқа бай заманда өмір сүріп жатырмыз. Алда әлі де көп қиындықтар күтіп тұр, алайда бүгінде Қазақстан дамудың жаңа орамына шықты және ертеңгі күнге сенімділікпен қарайды.
Оқушы:
Өзіңсің, Қазақстан, ән, арманым да,
Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.
Бір нәрсе жетпейді деу қате болар,
Өзіңдей ұлан-байтақ далам барында.
Оқушы:
Тәуелсіздік кіндігін
Кескен халық бірлігі.
Ынтымағы барша ұлттың
Нұрын шашқан күн бүгін.
Оқушы:
Ақ, қара деп алдымен,
Елім бөлмес адамды.
Дәстүр, өнер, салтымен
Таңғалдырған ғаламды.
Оқушы:
Достық бізге тым ыстық,
Бірлік – байлық, ырыс – құт.
Жарқырасын күніміз,
Жаса, жаса, тыныштық.
Оқушы:
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман.
Достарыңызбен бөлісу: |