Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» хикаятын басқа шығармаларымен салыстырып оқыту және әдеби теориялық ұғымдарды үйрету Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолы 1917 жылдан басталады. Оның алғашқы қаламынан туған шығармалық еңбегі «Адамдық негізі



Дата17.10.2019
өлшемі26,59 Kb.
#50222
Байланысты:
Документ Microsoft Office Word

Мурынбаева Баян Тыныштықбайқызы,

№187 М.Шоқай атындағы орта мектебінің

қазақ тілі мен әдеиеті пән мұғалімі,

Қызылорда қаласы.




Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» хикаятын басқа шығармаларымен салыстырып оқыту және әдеби теориялық ұғымдарды үйрету
Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолы 1917 жылдан басталады.Оның

алғашқы қаламынан туған шығармалық еңбегі - «Адамдық негізі - әйел» деген көсемсөз бен «Еңлік –Кебек» трагедиясы.

Проза саласында,яғни қара сөзбен жазылған шығармаларының басы -

«Қорғансыздың күні» әңгімесі.Бұл әңгіме 1921 жылы жазылған.Осыдан бастап проза саласында өнімді еңбек ете бастайды.

«Қараш-қараш оқиғасы» хикаятын 1927 жылы жазды.

Шығарманың оқиғасы қазақ кедейлерінің тұрмыс-тіршілігінен алынып

жазылады. 1936 жылы «Қараш-қараш» деген атпен жинақ болып басылып шығады.

«Қараш-қараш оқиғасы» хикаятының негізгі мазмұны Қозыбақ аулының бай жуандары Сәт пен Сәлменнің Бақтығұлға жасаған зорлық-зомбылығы мен

қиянатынан басталады.Осы зорлықтан ,тепкіден жан сақтауға тырысқан Бақтығұл Шалқардың болысы Жаныстың дәулетті байы,ең мықтысы Жарасбайға барып

паналайды. Бірақ аз күнгі бас сауғалаған тыныштық ұзаққа бармайды.Ел арасының

өзара тартысы, болыстық сайлаудың ылаңы Бақтығұлды күштеп бұзық істерге

араластырып жібереді.Оқиға осылай өрбіп әрі қарай дамып кете береді.

Шығарманың негізгі кейіпкері Бақтығұлдың шытырман оқиғалы,қилы-қилы тағдыры тілсіз сезімге тіл бітіріп,сөз сиқыры мен шеберлік күші арқылы нанымды суреттеледі.Еті тірі кедей жігіт өзінің осындай сүреңсіз тағдырына көндікпейді,

күрес жолына түседі.Ұрлыққа беріліп,айлалы да жырынды қарақшыға айналады.

Бұдан ол опа таба алмайды.Сондықтан адал кәсіппен күн көруді ойлайды.

Бақтығұл нағашылары Сәт пен Сәлменнен қол үзіп,бүкіл Қозыбақ аулынан аяғын тартып түңіліп кетеді. Бұрынғы жасаған ұрлығын Сәт пен Сәлменнен алған өш пен кегім деп ойлайды.Бақтығұл ұрлықты адал ақысын,маңдай терін қайтарудың жолы деп түсінеді.Сол үшін Қозыбақ аулын торып,боз биені ұрлап әкеліп, Қақпақ тастың түбіне әкеліп сояды.Әйелі Қатша от тұтатып,майлы көк бауырды және тағы бір кесек етті отқа тастап пісіреді.Осы тұста «Бүркітші» әңгімесіндегі Бекболдың қарақшы Сәтбекті іздеп табатын әдіс-айласын оқушылардың есіне түсіремін.

«Ожардың ет-бауырына жарыса келіп тірелетін екі шатқал әдемі көрінеді екен. Ендігі сүзгені қарағай еді. Ені тар болса да,көлбей созылған қалың қарағайдың сол жақ шетінен түсіп түре қарап тұр еді.Дәл өзінің тұсына тақай бергенде,бір қалың біткен шоқ қарағайдың үстіңгі жағында болымсыз ғана бір белгі елес еткендей болды.Болар-болмас қана білінген көкшіл буалдыр өзге мұнардан гөрі қоюырақ.Және қозғалған тәрізденіп ырғалып толқып баяу ғана сейіледі.

- Әй,түтін.Түтін-ақ осы ...»

Қатшаның от жағуы сырт көзге берілген белгідей екендігін ұлы жазушы

«аштық ақыл ойлатпады», Бақтығұл түтіннен біреу сезіктенер деп ойласа да,әйеліне «қой деген жоқ» деп суреттейді.

Осы жағдай Сәлмен сөзінде де дәлелденеді.

«Бір бозға мініп,бір бозды қосарға алып,осы желкедегі қарағайға келіп кірген жалғыз аттыны көрген бар.Кейін сенің қора тасыңнан жіңішкелеп шыққан түтінді де көріпті сол айтушы.»

Сәлмен мен Бақтығұлдың осы тұстағы сөйлеген сөздерін сабақ үстінде

оқушыларды рөлге бөліп оқыттым. Бұл әдісті сабақты сұрау кезінде де оқушыларды рөлге бөліп ойнаттым. Мұның өзі сахналық көріністерді оқушыларға үйретудің бір жолы болып табылса,әдебиеттің жанрынан қысқаша мағлұмат берудің әдісі ретінде пайдаландым.

Осы оқулық бетіндегі екі адамның сөйлескен сөздері диалог екенін айтып,

әдебиеттің теориялық ұғымын еске салып қайталап отырамын.

Әдебиет дәптеріне кейбір жеке сөздерді «боз», «күрең», «құныкер»,

«сартөсек» деген сөздерді жаздырып,олардың мағынасын түсіндіріп отырамын.

«Сырым мен Малайсары» деген тақырыпта кездесетін «ұрының құны жарты құн» дегенді еске саламын.Бұрындары бір адамның құны жүз қара болып белгіленіп,ал ұрының құны елу қара,яғни жарты құн деп есептелген.

Сәлмен мен Бақтығұлдың сөзі арқылы оқушылар бүкіл Бақтығұл өмірін және отбасы тарихын анық көреді.16 жасынан 36 жасына дейін,өткен жылдың күзіне дейінгі уақытқа дейін Сәлмен мен Сәттің жылқысының соңында жүріп,тесік өкпе жалшысы болғаны айтылады.

Қатшаның 12 жыл Сәлмен мен Сәттің шешесі Қызыл бәйбішенің күңі болып, бір сабақ жіп алмастан шыққаны баяндалады.

Қанша реті дұрыс болғанмен қаңғыған қу кедей Бақтығұл Сәлменге қарсы тұра алмайды.

Інісі Тектіғұлды соққыға жығып,сартөсек етіп,алты ай жатқызған,жиырма жыл босағасында құл қылып ұстаған Сәлмен оның өліміне мән бермейді.

Бақтығұл есесін ала алмай,зорлық пен қара күштің сойылына жығылады.

Қарсыласқан Бақтығұлды «Сәлмен оң қолында бүктеп отырған» сары ала қамшымен бастан шапшаң тартып жіберіп,әкеден құлдилатып боқтай жөнеледі.Дәл мұндай жаза Бақтығұлдың қатын-бала «көзінде көрмесем дейтін ажал еді».

Бақтығұл не болса да қарсыласып өлуді тілейді.Сейттің жан ұшырып ара түсуі әке жанын өртеп жібергендей болды. «Қайың көсеуді жұлып ала,Сәлменді қақ бастан тарс-тұрс періп жіберді».Осы баяндауларды жазушы Бақтығұлдың ішкі сезімін,ашу-ызасын,қорланған намысын бүкіл отбасымен байланыстыра көрсетеді.

Бақтығұл - өте намысқой адам. Баласы Сейіт пен әйелі Қатшаның көзінше таяқ жеп,боқтық сөз естуі сүйегін сындырады,намысын өртейді. Мұның үстіне «ағам Сәттің болыстығы рас болса,мөрін бастырып,осы келген он кісіні куә ғып пүртәкөлдеп,Бақтығұлға абақты кескіземін,жер аударам,Итжеккенге жіберіп,сонда шірітемін!»- десіпті деген сөзі Бақтығұлдың үрейін ұшырады.

Бақтығұл ажалдан қорықпаса да ,абақтыдан,оның қара шойын есігінің

сұлбасынан өлердей қорқады.

Бақтығұл монологы ішкі сезімді толқынды басып сыртқа шығады.

«Мұншалық қорлыққа жеткізді-ау! Жалғыз рет тұяқ серіпкен қарсылығым.

Панасыздың көрері осындай итшілік күн болмай,не болушы еді!.. Барымды беріп

құл болсаң да,кешегі Сәлмен айтқан кеселден сақтап қалар біреудің қолтығына кірмеске лаж жоқ.»

Осы жағдай Шалқар болысы Жарасбайдың қолтығына тығылуға мәжбүр етеді.

Шығармада Бақтығұл бейнесі Бақтығұлдың портреті арқылы ерекшеленіп,

даралана түседі.

«Мұның інісі Тектіғұл анығында бойы биік,кеудесі талыстай дейтін,қол-сирағы ұзын да сом біткен атан жілік азамат еді.Бақтығұл өзі де кесек,балуан денелі,иықты,кеуделі келген де,інісі Тектіғұл бұдан бойға биік,бар сүйегі балғын болатын.»

Осы салыстырулардан Бақтығұлдың қандай адам екенін оқушылар білгендей болады.

Мұнан әрі «Дөң жайлаудың кер белеңін өрмелеп келе жатқанда Бақтығұлдың бойына тың қайрат жиналады.Шаршаған,қажыған,тоңған денесі ширыға сілкініп алды ... Бойы сергіп алған соң,Бақтығұл ер үстінде көтеріліп,етегін жинап,

түзеліңкіреп отырады».

«Қой торыған бөрідей енді жұтынып алған дөңгелек денесі анда-санда

маңайды болжағанда алды-арты,жан-жағына шапшаң бұрылды. Барлық қозғалысына ұршықтай үйірілген жіті сергектік пайда болған.Кішкене қысық көздері жауынды түнді тіліп өткендей.Енді жылқыға оқ бойындай жақындап келеді.

Басынан бөркін алып,шошақ ердің қасына ілді,»-деп жазушы Бақтығұлдың іс-әрекетін суыртпақтап суреттеп береді.

Оқушыларға Бақтығұл портретін оқулықтан өздеріне таптыртып, оқытып,

әдебиет дәптерлеріне түсіртіп отырамын .

Бақтығұл бейнесі Бақтығұл портреті арқылы өсіп дами түседі.

«Қалың тік қара мұрттың астынан сәл сүйсінгендей жымияды да үндемейді.

Бақтығұл бойын мең-зең ғып ауыр салмақпен басқан ұйқыдан көзін зорға ашты.Екі көзі қып-қызыл болып қанталап,жақындағы қызыл жалынмен ірең салыстырғандай жалт-жұлт етті.»

Оқушыларға жүрістен қажып ат үстінде соғылған Бақтығұлдың қазіргі күйі өз-өзінен түсінікті болу үшін сұрақтар қою арқылы түсіндіріп отырдым.

1. Бақтығұл портретінен біз оның қандай адам екенін,қандай іс-әрекетпен айналысқанын біле аламыз?

2.Бақтығұл портретін толықтыра түсетін тағы қандай жанама кейіпкерлердің портретін табуға болады?

Оқушылар дағдысы бойынша оқулықтан «Түстері суық.Қозыбақ аулының жігіттері.Сырт ажары.Сызданған жүздерінен өңшең нағыз асқақ содыр топтай.

Солардың арасында теке сары сақалды,бітік көзді ұзын тәйтек сөздер сөйлеп кірді.

Келген топтың басшысы Сәлменнің белдігі бар. Өзі қиылған қара мұртты,

танауы,ежірейген үлкен қара көздері шаншыла қарайтын,аласа бойлы қара жігіт көп іркілмей сөз бастады» деген жолдарды оқып беріп,түсініктерін айтып жауап берді.

Шығарманы оқытқанда кейіпкер портреті оның әрбір іс-әрекетін толық

баяндап,жанды суреттеу оқушыларды өзіне тарта түседі.

«Ыңқылдап көзін ашқанда қасында бүкшейіп,екі көзін ыстық жаспен ісірген күйде өзіне үңіле қарап отырған әйелін көрді.Түсі сұрланып жүдей түскен.

Бақтығұлдың екі көзі ісіп кеткен.Бетінің әр жері көгеріпті.Шекесі жарылған екен.Сейіт жылап отыр».

Бұл үзіндіден Сәлменнің салған ылаңы айқын көрінеді.

Мұнан басқа оқушыларға кейіпкер бейнесін ашу үшін табиғат суреттерін түсіндіруге үнемі көңіл бөліп отырамын.

«Күн ұлы сәске кезі.Тауды жүндес бөстектей орай басқан көкшіл қалың қарағай.Ар жағы қалың-қалың заңғар биік,серейген тектұр қызыл тастар.Тылсым буғандай жым-жырт күйде мелшиіп қатып тұр.

Буалдыр күңгірт күздің қазіргі күні кірлегендей болып салбырап,кіржиіп тұр.

Сұр тонды,сұр түсті жүдеу мерген сұр тас пен түнерген аспанның түсіне боялып қалың жым-жырттыққа қоса батқандай.Бұғады да ақырын ғана қыбырлайды.

Дәл тамағынның астындағы бір жеке шоқша басында үш арқар секиіп тұр екен.Бірі құлжа,екеуі ешкі.

Төселе қадалып келе жатқан қара шиті қарауылы құлжаның көк желкесіне іліне бере-ақ гүрс етті.Тастың басында көк түтін бұрқ етті де,ырғалып толқып қалып серпіле берді.Сол кезде ақ таңдақ қоңыр құлжаның қиралаң етіп,алдындағы тастан кеудесін асыра алмай,сүйретіле құлап түскені көрінді».

Осы табиғат көрінісінде шығарма оқиғасының шешіміне байланыстылық туындап жатқанын оқушыларға айтып түсіндіре отырып,оқулықтағы мәтіннен үзінділерді таптыру арқылы дәлелдеп отырдым.

«Күз аспаны кірлеп,мұнартып,алыстағы қарлы биіктердің басына сәлдедей бұлт оралып,томсарып,сұрланып тұр.Дүние иесіз-елсіз жым-жырт.Сарымсақтының қарағайлы шоқысы үрпейіп тұр.Соның күн батысынан оның ернеу жолы көрінді.

Орта Қараштың Асы жақтағы кезеңінен асып келе жатқан 10-15 атты көрінді.

Араларында жақсы киінген әйелдер бар.Ақ күміс ер-тоқымдар жарқ-жұрқ етеді.

Үлкен топтың қалың ортасында ақжал шабдарға мінген толық денелі біреу келеді.

Бақтығұл керек кісісін әбден көріп,белгілеп алды.

Енді азғана уақыт қалды.Әлденеден денесі тоңазып, демі дірілдеп,қабағын түйіп түксиіп,Ожардың басына қарады.Мұз тау мұның ішіне мұздай қайрат

кіргізді.Асыққан қол дайындап ұстап отырған қаруды сығымдап қысып қойды. Күздің салқын күнінде тоңазып,көк темір суық күйге тіл қосқандай болды.

Шабдар қатарға келіп,енді ырғалып қиыс өте берді.

Сол уақытта асығып тұрған саусақ жіңішке суық темірді нығыздап қысып қалғанда,қарғыс оғы гүрс етті.Көк шұғамен тысталған түлкі ішіктің жонында

теңгедей жерде селдір көк түтін үйіліп бықсып қалды.

Шабдар мылтық даусынан үркіп атып кеткенде денелі болыс шіреніп барып шалқасынан құлап түсті.

«Мен бүгін бір бұғы атып келемін»,- деп мұрт астынан нығыз жымиып өте берді...»

Осы табиғаттың шығармада берген екі суретінде кейіпкердің ішкі сезімімен, жан дүниесімен бірге соққан жүрек лүпілінің,тұрмыс-тіршілігінің сабақтасып

жатқанын айтып түсіндіремін.

Табиғатты адам психологиясымен,мінез-құлқымен,ішкі сезім дүниесімен байланыстыру Әуезовтің мектеп көлемінде оқыған барлық шығармаларында жүйелілікпен беріліп отырады.

«Көксерек» әңгімесінде «Күздің бір қара дауылды қара түнінде Көксерек тағы жоқ болып шықты.Бұл жолғысы шын болды.

Жарық айлы түнде тұмсығынан бұрқырап бу шығады.

Жотадан жотаға тартты.Тау желкесіндегі боз қарағанды қарлы адырдан әрлі-берлі жүріп көп аңдыды.

Күдірейген жоталы,ашулы Көксерек тағы да жортуылға шықты.Белгілі

жемтік біткеніне екі күн болған. Содан бері аш еді.Жорта-жорта баяғы Қараадырдан шықты».

Осы суреттеуден Көксеректің ауылдан кеткен тұсы мен соңғы кезгі тұсын оқушылар ажыратып,екеуінде екі түрлі әрекет жатқанын баяндайды.

Ал жоғарғы «Қараш-қараш оқиғасы» хикаятындағы екі табиғат суреті Бақтығұлдың Жарасбаймен арадағы қарым-қатынасын көрсетіп,сенген адамының опасыздығы мен қиянатына қарсы жасалған қимылы екенін оқушыларға салыстыра баяндадым.Бірінде жыртқыш айуан көрсетілсе,бірінде кек қайтарудан басқа жолы қалмаған Бақтығұлды көрсетеді.Мұнан соң оқушыларға Жарасбайдың мінезін таныту үшін Жарасбайдың портретін пайдаландым.

«Жарасбай - құр ғана болыс емес.Әрі бай,ерте күннен ұлыққа беделді,

саудасы да бар; «ер,мықты» деп көпке аты жайылған адам.

Арқар өңгерген Бақтығұл қораның алдына келіп сәлем бергенде,болыс арқарға көз салып,сәлемді жылы шыраймен алды.

Ұзын бойлы,қызыл жүзді семіз болыс,басына сусар бөркін киіп,ақ елтірі ішікпен,қыж-қыж қайнап,қызара бөртіп,ажарланып тұр екен.

Мұның жасы Бақтығұлмен шамалас: 35-37 мөлшерінде.Қасында қошеметші екі ақсақал мен жеті жасар үлкен баласы,бірен-саран кедей-кепшік,малшы-көрші тұр.»

Бақтығұлды басында осылай қабылдаған Жарасбай мұнан әрі жылылық

таныта түседі.

«Болыс отырған үлкен тамға шам жағылған.Іші жылы,жарастығы жайлы екен.Есіктен төрге шейін жайылған қызыл кілем.Жыртық киіз үйде арқасынан суық өтіп,бүрсеңдеп жүретін Бақтығұлға мынау үй,бір қонып кетер болса да,үлкен сый сияқтанды.

Жарасбай бұған сәл жылы ұшырай түсті.

-Жарайды,сөз жетерлік болды.Бұл дегеніңнің бәрін мен мақұл көрдім.

Қозыбақ аулы сенің ғана дұшпаның емес.Қорықпа,Қозықбақ алмайды,құдай алады жаныңды,-деді.

Сонымен болыс аулынан тапқан олжасына ырза болған Бақтығұл аяңдап үйіне қайтты».

Қалтарысы да айла әрекеті мол зымиян Жарасбай Бақтығұлдың аңқаулығын, сенгіштігін осындай алдамшы шырай танытып бауырына тартқанын оқушыларға айтып түсіндірдім.Бұл Жарасбайдың бір қыры екендігін таныттым.

Жарасбайдың екінші қырын тану үшін Жарасбайдың мына сөздерін оқушылардың дәптеріне жаздыртып,түсіндіріп отырдым.

«Мынау елдің пәлесі тыйылар түрі жоқ.Сен қасыңа он жігітті таңдап ал да,

бүгін кешке барымтаға аттанып барып,тапсаң,Сәлмен мен Сәттің дәл өзінен,

ұшыраса алмасаң,иісі Қозыбақтың бірінен,әйтеуір,бір айғыр үйір жылқы айдап кел,-деді.

- Батыр-батыр-ау,бірақ,болыс,мені осы жолға жұмсамасаң қайтеді?Көргенім аз емес еді ғой.Сақтансам ба деп едім.Менің Сәт,Сәлменмен ұстасар шамам бар ма еді,- деп тартынып көріп еді.

Бірақ болыс бұған ырық берген жоқ .

- Сәт ата жауың еді,бабыңа келтіріп қосқалы тұрғам жоқ па? Және түбінің жауабы сенде ме,менде емес пе еді? Сен іркілетін қисын жоқ.Саған келген пәле –менікі».

Бақтығұлға осылай уәде беріп,бұзық жолға қайта салып,адал жанды қайта адастырса,кейінен Бақтығұлды қылмысты етіп,жанған отқа қарай өз қолымен

итереді.Бақтығұлдың бұл тірлікте қорқатын тажалы абақтыға өз қолымен кесік кеседі.

Жарасбайдың осы екі жүзділігі Жарасбай өлімінің негізгі түйіні болып табылады.

Жарасбайға мінездеме жасағанда оқулықтағы Жарасбайдың қаталдығын аша түсетін жерлерін тауып жаздырттым.

«Бірақ бұрынғыдай емес көп ортасындағы болыстың түсі Бақтығұлға

суықтау.Сырт қарап қалған тәрізді.Сәлемін зорға алды,амандықты дауыстап сұраған да жоқ.Ендігі сөзін бастар жерден қатаң тастап,ұрыса келіп,аяғында айтқаны:

- Әй,Бақтығұл,сен шек білмей,асып кетіпсің.Жамандықты жақтамас деп сенген мен жүрсем,сыртымнан мені былғап жүріпсің.Мен саған не қылған кісімін?-деді.

Енді Бақтығұл шынын айтса да,болыстың өңі жылымай отыр.

Аяғында болыс аз үнсіз томсарып отырды да,жаңағы қатаң үнмен әмір етті:

- Қазір мына мал иесі аулыңа барады.Төрт жылқысына төрт жуан татымды төлеу бересің де,соған қосып: басына-қосақ,артына-тіркеу есебінде айыбыңа тағы бір ат,бір түйе тартасың,-деді.

Бақтығұлға кесік батып кетті.» Бұл Жарасбайдың жауыздығының алғашқы көрінісі ғана болатын.Мұнан әрі шығармадан Жарасбайдың қол шоқпарлары Тоқбаев,Сәрсен,Қоқыш,Қайранбай сияқты атқа мінер жуандардың іс-әрекеттерін,

сөйлеген сөздерін таптыртып,Жарасбайға берілген мінездемені тереңірек аштыра түстім.

Қара бұжыр,күжірейген жуан мойын Қоқышты Жарасбай Бақтығұлдың ұры екендігін айтуға арнайы жібереді.Қоқыштың куәгерлігімен Бақтығұлға билер бес қараға жуан қара кесік айтып,артынан үш жыл абақтыға кеседі.

Бақтығұл Жарасбай,Сәрсен,Қоқыш,Қайранбайдың қылмысына ақтаушы болып,азапты сапардың құрығы мойнына түседі.

Міне,Бақтығұл бейнесін,мінезін ашуға осындай жанама кейіпкерлердің іс-әрекетін талдау оқушылардың танымдық білімін жетілдіруге көмектеседі.

Бақтығұлға мінездеме жасағанда оның ішкі дүниесін аша түсетін жағдай –монолог.

«Пана таптым,адал жолда еңбекке салындым,соған себеп болды деп сенген кісім бұл еді.Бұл мені қайда,қалай жұмсап отыр?!-деп ұға алмай отыр еді».

«Болыс неге бүйтіп құбылады.Әлде нені сылтау қылып,құйрығын сыртқа салғаны ма? Жоқ,жұртқа әдейі көз қылып отыр ма? Әлде ел көзінше осылай деп,

Бақтығұлға жаман атын аударып,мұны тентек қып қойып,өз басын

жаманшылықтан ақтамақ бола ма? Олай болса,артынан Бақтығұлды өзі арашалап алмақ шығар.

Солай ету атқамінер-жуанның әдеті еді ғой.Ендеше бетінен алмайын.Қарсы келмей,дегеніне үндемей ғана көнейін деген байлауға келді».

Осы оқулықтан алынған үзінділерден Бақтығұлдың іштей толғанысын,

сыртқы тірлігінде іске асыратын мақсаттарын оқушыларға оқытып,ауызша айтқызу арқылы түсіндіріп отырамын.

Бас кейіпкердің тұлғасын толықтыра түсу үшін оның отбасын Жарасбайдың отбасымен салыстырып,оқушыларға жеткіздім.

Қатшаның портреті арқылы,оның ұстап тұтқан затынан Бақтығұл

тұрмысының қаншалықты ауыр екендігі көрінеді.Болыс үйіне Бақтығұлдың қонғандағы жағдайы осы салыстыруда анықтай түседі.

Бұл жерде біз кедей мен байдың айырмашылығын,жоқшылық пен

тоқшылықтың нақты бейнесін көргендей боламыз.

«Қараш-қараш оқиғасы» хикаятын оқытқанда тек қана тақырыбы мен идеясын ғана ашып қоймай,шығарманың әдеби теориялық ұғымдарын да оқушыларға оқулық арқылы осылай танытып отырдым.

Мұхтар Әуезов көркем әдебиеттің сөз зергері болумен қатар «Қараш-қараш оқиғасы»хикаяты арқылы қазақ даласының тарихи шындығын Бақтығұл бейнесінде бере білді.

Бақтығұл –Тұрар Рысқұловтың әкесі.Рысқұлдың өмірдегі тұлғасы болатын.



Он жасар Сейіт Тұрардың өзі еді.Тұрар Рысқұлов жайлы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы дүниеге келді.Бұл қазақ халқының кемеңгер ұлы Тұрар Рысқұловқа соғылған көркем әдебиеттегі мәңгі ескерткіш болып қала береді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет