АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛЫ АҒАРТУШЫ ҒАЛЫМЫ
Ы.М.Ибадуллаева –
М.Тынышпаев атындағы Қазақ ККА тарих пəнінің оқытушысы
Отызыншы жылдары сталиндік озбырлықтың құрбаны болған ұлы ғалым- лингвист,
реформатор, саясаткер, əдебиет зерттеуші, ақын –аудармашы, публицист Ахмет Байтұрсыновтың
еңбегі, қазақ жұртын өнер- білім шұғыласына, рухани жетілуге үндеген көсем сөздері, артына
қалдырған асыл мұрасының тарихта алатын орны зор.
Ахмет Байтұрсыновтың ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері өз заманында аса
жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі əлемі , орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың орны
ерекше. Кезінде А. Байтұрсынов, оның ғылыми еңбектері туралы профессор А. Самойлович
(Литература турецких народов, «Литература Востока», вып.I.П.1919), Е.Поливанов( О киргизско-
казахской орфографии. «Бюллетень СГУ», вып.7. Ташкент, 1924) бағалы пікірлер айтқан. Москвада
1929 жылы «Коммунистік академия» баспасынан шыққан «Əдебиет энциклопедиясының» 1-томында
(305-306беттер) А. Байтұрсынов «аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі жəне педагогі... Ол –қазақ тілі
емлесінің реформаторы, грамматиканың жəне қазақ əдебиеті теориясының негізін салушы» деп
бағалаған. М.Əуезов : Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған əдебиеттегі
елшілдік ұраны, «Қырық мысал», «Маса» еңбегі, «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ
баласына істеген еңбегі , өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытқанда да, тарих
ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бəрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды» деген
(«Ақ жол», 1923, 4 ақпан). Ақаңның тарихтағы орнын, оның əлеуметтік- қоғамдық істерін, əділін
89
айтқан адамдардың бірі – Сəкен Сейфуллин. Ол «Еңбекші қазақ» газетіне (1919 жыл,19 қаңтар) «Ахмет
Байтұрсынұлы елуге толды» деген мақаласында былай дейді: «А.Байтұрсынұлы оқыған кісі.
Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандардың
қорлығына шыдамай, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге
оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп , ұйқы басқан қалың қазақтың
ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол
кезде кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбірі арларын сатып
ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды. Қалай болса да,
жазушысы аз, əдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу һəм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай...
Елуге келген Ақаңды шын көңілмен құттықтап, өмірінің ұзақ болуын тілеймін».
Түркістан республикасы Орталық атқару комитеті мен Түркістан Орталық партия комитетінің
газеті «Ақ жол» 1923 жылғы 4-ақпанда шыққан 270-санында:Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап əліппе
шығарып, тіл һəм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ақаң еді. Ұлт
қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда, бостандыққа жол көрсеткен Ақаң
еді»,- деп жазылған. Бұдан кейін сталинизм қылышынан қан тамған зұлмат жылдар, нəубат, селебе,
қанқырғын-репрессиялар басталған кезде, шындық бұрмаланып, «байтал түгіл, бас қайғы» дейтін
күндер туған. Ол кезде Ақаңның еңбектерін талдап, тарихтағы орнын көрсетпек түгіл, атын атаудың өзі
қылмыс, азамат басын жұтатын, абақтыға апарар жолға айналды. Бірақ сонда да ескі газет,
журналдарды, архивтерді ақтарған, көне кітаптарды оқыған сұңғыла жандар алдынан тұтас тау
сілеміндей болып Ахмет Байтұрсынов мұрасы шығар еді; көзі қарақты, қайрат –жігерінен,
азаматтығынан айрылмаған аға буынның кейбір есті өкілдері, кейде оңашада, алды-артына бір қарап
қойып, «Ақаң былай деген ғой» деп суырыла жөнелер еді. Профессор Бейсенбай Кенжебаев Ақаңның
еңбегін 40 жыл сақтап, шəкіртіне берген. Академик А.Н.Кононовтың еңбегі, тілші –ғалымның
редакциясымен жəне алғы сөзімен Мəскеуде 1974 жылы шыққан «Отандық түркологтардың
биобиблиографиялық сөздігі» кітабында Ахмет Байтұрсыновтың туған жылы, өскен ортасы, білімі,
мектебі, қызмет еткен орындары, əлеуметтік-қоғамдық қызметі, басты еңбектері нақты айтылып, ол
«араб алфавиті негізінде жетілдірілген қазақ əліппесінің авторы, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі,
этимологиясы, əдебиет теориясы мен мəдениет тарихы оқулықтарын жазды»(115 бет) деп тарихи
тұрғыдан əділ көрсетілді. Қазақстан КОКБ мақұлдағанға дейінгі Ақаңның творчествосы туралы
жазылған пікірлер осылай болды. Алып тұлғаның өмірі, ғылыми, əдеби мұрасы жайлы тілшілер
Ə.Қайдаров ( «Социалистік Қазақстан»), Т.Қордабаев(«Орталық Қазақстан»), Р.Сыздықова («Қазақ
əдебиеті»), С.Кеңесбаев («Каз.правда»), əдебиетшілер: Қ. Мұқаметханов («Семей таңы»), Р. Нұрғалиев
(«Социалистік Қазақстан»), ғалымдар А. Мектепов Ғ.Əнесов («Өркен»), Б. Байғалиев («Жетісу»), С.
Негимов («Лениншіл жас») т.б. мақалалары шыға бастады.
А. Байтұрсынов мұрасының негізіне тоқталайық. Қалай да қазақ халқын ояту үшін оның
санасына, жүрегіне, сезіміне əсер ету үшін И.А.Крыловтың туындыларын аударып, «Қырық мысал»
деген атпен 1909 жылы Петербургте бастырып шығарды. Аудара отырып, оқырманына қатысты жаңа
ой, соны пікір, толғаулы сөзді өз жанынан қосып отырған :
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Əуелі бірлік керек болса жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас,-
деп елді тұтастық, ынтымақ жалауының астына шақырды. Кісілердің мінезі, өмір ағысы,
тағдыр сабағы, заман қабағына байланысты патша отаршыларының зорлық-зомбылығы, жуандардың,
байлардың тепкісі, елдің азып-тозуына байланысты сарындарын жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, дəл
айтатын ойлары да бар:
Қасқырдың зорлық болды еткен ісі,
Ойлаймын: оны мақтар шықпас кісі.
Нашарды талай адам талап жеп жүр,
Бөріден артық дейміз оның несі.
Ал «Жиған- терген» өлеңінде
Қазағым, елім,
Қайқайып белің
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
90
Аш көзіңді, оянып.-
деген сөздерін патша цензурасы өткізбей тастаған. Ақаң ашынып, тартыс, қайшылықтарды
көрсеткен.
Бұл бір сөз қасірет айтып хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.
Байға мал, оқағанға шен мақсат боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан.
Келешек қамы үшін арпалысу, күрес идеясы, ел болу мақсатын барлығынан жоғары қойған.
Бұл жерде А. Байтұрсыновтың елі үшін аянбай күрескен саясаткер екенін көреміз.
Ақаң оқу- ағарту, оқулықтар жасау, əліппе, емле, грамматика, жер игеру, кəсіп істеу, қоғамдық
күрестер, мəдениет, əдебиет, эстетика проблемаларын тереңінен қозғап, өз кезінде қоғамдық-
əлеуметтік ойға мұрындық, ұйтқы болған пікірлер айтып, тұжырымдар жасаған.
«Қазақ өкпесі» мақаласында («Айқап», 1911,№2) қазақ хандығы неліктен құлады, себебі,
Ресейге қосылудың негізгі жағдайлары деген проблемалардың жауабы айтылады. «Олжалы жерде
үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз-
бəрі надандық кесапаты»,-дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңгеретін ғылым, өнер екенін айтып,
оқуға, ағартушылыққа ден қояды. Бұл бағытта жазылған мақалалары өте көп. «Оқу жайы» («Қазақ»,
1913, №11) мақаласында Қостанай уезіндегі сауаттылық мəселелерін қозғайды, əрбір жүзден 6 еркек
қазақша, əрбір мыңнан 6 еркек орысша, əрбір үш жүзден 1 əйел қазақша, төрт мыңнан 1 əйел орысша
хат таныды деп дерек келтіреді. «Қазақша оқу əлі белгілі тəртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз
көп. Қазақша оқу кітаптары жоқтың қасы. Тəртіппен оқытатын мұғалімдер аз, оқу программасы жоқ,
белгілі оқу жолы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық жоқ, оқыту ғылымын
үйрететін даримұғалимун (педучилище) жоқ»,- деп күйзеледі. «Қазақша оқу жайынан»(1913)
мақаласында былай деп жазады: «Бала оқытуын жақсы білейін деген адам, əуелі, балаларға үйрететін
нəрселерін өзі жақсы білу керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға
керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткенше тəнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын
білерге керек. Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі халінен хабар аларлық болу керек». «Қазақша оқи, жаза
білген соң, шама келсе, орысша білу қажет»,- дейді. Мұғалім мəдениеті, білімі, оқыту əдісінің жолдары
талданады. «Тəні саудың – жаны сау» мақаласында адам тəрбиелеудің жан- жақтылық тəсілдері, келісті
кісі қалыптастырып шығару мəселелеріне арналған ойлардың тоғысқан тұсы болды.
Ахмет Байтұрсыновтың қазақша əліппе жасауы, араб жазуына кіргізген реформасы, қазақ тілі
білімінің негізгі терминдерін халқымыздың ойлау мүнкіндігімен сабақтастырып, оларға тұңғыш
анықтама бергені, дыбыс жүйесін (фонетика), сөз жүйесін (морфология), сөйлем жүйесін (грамматика)
қалыптастырып шығарған ұлы еңбегі өз кезінде де айтылған болатын. «Ахметтің Октябрь төңкерісіне
дейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді. Қазақ мектебі, қазақ тілі орындарында оның еңбегі
мол. Əр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілінде кітап жазған, қазақ тілінің негізін
жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам-Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай
қалмақ емес. Бұны пролетариат та бағалайды»,- деп жазды Сəбит Мұқанов. Ғаббас Тоқжанов пікірі де
осымен сабақтас: « Бір кезде сары маса болып ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де қадірлей
біледі, сөзін оқып сүйсінеді».
Өз қолымен жазған «Өмірбаянында»( 1929, 8 март) А. Байтұрсынов былай дейді: «Орынборға
келгеннен кейін,біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық жəне синтаксистік тұрғыдан
зерттеумен, екіншіден, қазақ алфавитін (шрифтін емес), орфографиясын жеңілдету жəне реттеу үшін
реформа жасаумен; үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің
синтаксистік ықпалынан тазартумен, ақыры, ең соңында, төртіншіден, проза (іс-қағаз, публистика,
ғылыми жазба тіл) тілін кітаби тіл арнасынан стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерінен термин жасау
арқылы халықтың жанды тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым. Бұлар өзім жасаған
оқулықтар жəне өзім редакциялаған “Қазақ” газеті арқылы іске асты».
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бəрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны, - деген жолдарда өз уақытының сыры айтылса:
Тəн көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса- ұқпасын, жабықпаймын,
Ел біркүншіл, менікі ертеңгі үшін,-
91
деген уақытта ақын болашақпен сырласқандай, еңбегінің мəңгілік мұра болатынына сенеді.
Əр түрлі оқиғаларға, халықаралық жағдайға, заң, жер мəселесіне арналған «Бұл заманның
соғысы» (1914), «Жəрдем комитеті»(1915), «Закон жобасының баяндамасы»(1914), «Қазақ халқын
билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение»(1914), «Губернатор өзгертілуі» (1914),
«Соғысушы патшалар» (1914), «Қазақ жерін алу турасындағы низам» (1913), «Қазаққа ашық хат»
(1916) сияқты көптеген мақалалар публицист Ахмет Байтұрсыновтың көзқарасын , тарихи білігін,
ойшылдық деңгейін, рухани дамуынан мол хабар береді. «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге
мəдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен əдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел
болуға өзінің тілі, əдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мəселеде біздің
халымыз оңды емес. Осы күні орыс школы мен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін
елеусіз қылып, хат жазса өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, əрине, жаман əдет. Егер
тілге осы көзқараспен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол
уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мəңгі қоштасқанымыз деп білу керек. Егер оны
істегіміз келмесе, осы бастан тіл, əдебиет жұмысын қолға алып, өркендететін уақытымыз жетті», деген.
Сонымен Ақаң қазақ əдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш əдебиет теориясын жазған
ғалым, жан-жақты өнерпаз, ұлт мəдениетінің алып бəйтерегі.
Ахмет Байтұрсыновтың ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері ретінде жасаған барлық
еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы- баршасы осы ұлы миссияны
орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған.
Достарыңызбен бөлісу: |