Ет асып, пышақ қайрап, малды қырған
Кедейге сонда риза емес, бай антұрған!
Жалғыз-ақ бұл жиында малшылар жоқ,
Аңсаған ас етіне қойшы қырдан68, –
десе, енді бірде:
Мырзалар күміс тұрман, шалқалап жүр,
Кедейлер отын шауып арқалап жүр, –
деп мырзалар мен кедейлерді шендестіре береді.
I.Жансүгіров әр үйге түскен жуандардың іс-әрекеті, тілегі мен пиғылдарын көбіне мысқылдай отырып жеткізеді. Ілияс бұл поэмасында да адам портреттері мен мінездерін бейнелеуде өткір сатирасымен бой көрсетіп отырады.
Жиылған көп күшіген әрбір тұстан,
Қалмастан қарға, құзғын түгел ұшқан.
Тояттап қазы, қарта – түйе кекрек
Қып-қызыл билер жатыр қымыз құсқан.
Қап қарын үйелмендер тісі шыққан
Ішіне ет пен майды істеп тыққан,
Желпініп, алды-артынан жел соқтырып,
Тер сасып, қарнын қасып, битін сыққан69.
Ақын ирониясы мен сарказмі тек бұл ғана емес, ол үстем тап өкілдерінің мінез-құлқын шенегенде де үнемі қайталап отырады.
Біреуді білмесе де нән деседі
Шіреніп насыбайды атуынан70, –
деп кейбіреуінің қимылымен екіншісінің нанымдарын кекетеді. Бұл шумақтарда кейбір жадағай натуралистік бояулар араласқан демесек, ажуа, күлкі арқылы ақынның ескі әдет-ғұрыпқа деген көзқарасы айқын көрінеді. Ақын бұл жерде де реалист.
Адамдар арасындағы осындай қарым-қатынастар мен тартыстың әлеуметтік астары ашылып, әрбір деталдар реалистік тұрғыда бейнеленеді.
Сағынайдың асына әдейі бәйгіге қосуға әкелген Құлагерді жұрт ортаға алып, әркім оған өз бағасын береді, әсіресе «мықтылар» тобы күлкі етіседі. Мысал келтірейік:
Осы ма, Құлагерің? – деді жұрт,
Жүйрігі жанаурдың қай жағында?
Салпы ерін, сала сүйек, салбыр тірсек.
Қатыбас, қашыр мойын, ит өңіршек.
Бітімі ойқы-шойқы, орда-шорқы,
Пішкендей жануарды олақ өлшеп.
Алмайды мынау бәйге жылқы көрсек,
Көк еті кедір-бұдыр, бөлшек-бөлшек.
Көкшетау шолағын да мақтайтын ел,
Осыған ит болайық бәйге берсек.
Құлаға мініп қоян атар едім.
Мен мұны жүргіншіге сатар едім,
Болғанша асқа күлкі «ат қостым» деп,
Үйімде тыныш қана жатар едім.
Қойшыға мен мінгізіп қояр едім.
Семіртіп мен соғымға сояр едім.
Кемпірдің азасына әкеп салып,
Бата оқып, ет, қымызға тояр едім.
Сүйегі сиыр сүйек, қиқы-жиқы,
Сал бөксе, жазық бауыр, ұзын тұрқы...71.
Сыншылардың кемсіте берген бағасына қарамай, Құлагердің осыншама көп аттың ішінде озып келуі арқылы ақын поэмасында үлкен контрастыққа барып отыр.
Әлгі сыншылардың сындары, қалжыңдары, бұдан кейінгі Күреңбай сыншының берген сындары да реалистік түрде өте нанымды да қонымды.
Қазақ әдебиетінде аттың мүсінін, қасиетін, шабысын суреттеген өлеңдер аз кездеспейді. Қазақ эпостарындағы батырдың жан серігі, қанаты болып аты (тұлпары) жүреді де, олар шығарманың басты бір геройы ретінде көрінеді. Айталық, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Төлегеннің Көк жорғасы т. б. бірін-бір тек сырт мүсіні емес, өздеріне тән қадір-қасиеттерімен де қайталамайтын аттардың образы.
Ер серігі болған мұндай жылқыларды халық ерекше ардақтап, олардың бейнелерін ерекше суреттеген. Асыра, көтере, гиперболаға жеткізе бейнелейтіні де сондықтан. Халық ол аттардың бейнесін жасауда барынша жақсы теңеу, метафора, эпитеттерді қолданады.
Жақсы ат туралы өлең тек ауыз әдебиетінде ғана емес, XIX ғасырда өмір сүріп, аты тарихта белгілі болған ақын, жыршылардың да творчествосында аз кездеспейді. Соның ішінде бұқараға мол тарағаны Абайдың «Аттың сыны» өлеңі. Абайдан кейін ат тұлғасын өлеңмен суреттеген С.Сейфуллин еді. Ол «Чжан Цзо-Лин» поэмасында Ақбестінің тұлғасын сипаттады.
Ат сынын Абайдан кейін көлемдірек, қомақтырақ суреттеген I.Жансүгіров. «Мұнда Күреңбай сыншының сөзімен берілген Құлагер аттың сипатын Абайдан кейінгі теңдесі жоқ классикалық сипат деп тану керек»72, - деп жазады М.Қаратаев.
Ілияс сипаттаған ат мүсіндерінің көбісі Абай суреттеген аттың мүсін тұлғасымен бірдей шығып жатады. Дегенмен көптеген теңеулері ұқсамай келетін жерлері де ұшырайды, оны біз төмендегі салыстырудан байқаймыз:
А б а й д а:
Қамыс құлақ,
Қой мойын.
Қоян жақ
Ой желкелі үңірейген болса сағақ
Тояттаған бүркіттей салқы төсті.
Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ
Жер соғарлы, сіңірлі, аяғы тік.
Жауырыны етсіз жалпақ...
Кең сауырлы, тар мықын қалбағайлы
...Кең сауырлы.
Күлте құйрық...
Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті.
Өзі санды...
Арты талтақ...
Шідерлігі жуандау...
... Бота тірсек
Бейне жел, тынышты мініп жүрсек,
Шапша жүйрік, мінсе берік, жуан жуас.
Белдеуге тыныш тұрса
Майда жалды
|
Ілияста:
Қамыс құлақ,
Бұлан мойын
... Қуарған жақ
Қақпан бел, қалбағайлы, үңгір сағақ.
. ... Түлкі төс
Сом аяқ, быртық бақай, болат тұяқ.
Құс топшы, қос шыптағы қалқыңқырақ.
Сіңірлі, жер соғарлы аяғы тік.
Қоян жон, жазық жая, жауырынды.
Қақпан бел, қалбағайлы...
Жазық жая...
Қоқанның жібегіндей жеңіл құйрық.
Шашақты, шақпақ етті, аласа ұршық.
Серке сан...
Бұтының арасынан ел көшкендей.
Шоқтығы өрген, шідерлігі...
... Желмаядай тілерсегі
Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ.
... Тұрса селсоқ
Құлан жал...
|
Жылқы малының дене бітімі мен мінезіне қарап оның жақсы-жаман қасиетін, тегін танитын сыншылардың бары ертеден аян. Мысалы, «Көрұғлы» дастанындағы жылқының тұлпар екенін айырған Толыбай сыншының бейнесі қазақ даласында да құрмет тапқан. Сондай-ақ «Құлагер» поэмасындағы Күреңбай да сол Толыбай тәріздес сыншы. Олар жылқы малының қасиетін мүсінінен айыратын қырағы жандар. Олай болса, тәуір жылқының мүсіндері қандай болады деген мәселе Абайдан бұрын көтерілген. Демек, жылқының қамыс құлақ, бота тірсек, кесе тұяқ, аяғы тік, жаялы болып келуі сияқты толып жатқан сипаттар жүйрік жылқы туралы қалыптасқан халықтық пікір. Абай ат сынын жазарда осы сипаттарды өлеңмен жазып, нағыз поэзия жасады. Ал, I.Жансүгіров те осы халықтық сипат пен Абай өлеңінен үйреніп, кейбір үлгілерін пайдаланады.
Бұл, оның ең алдымен, ат мүшелерін екінші бір нәрсемен теңей беруден, өлең жолдарының ішкі ритмикасын сақтаудан байқалады. Мысалы, Абай: «Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» деп бір жолда аттың үш мүшесін «қой, қоян, бөкенмен» салыстыра берсе, Ілияс: «Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ», деп бір жолда аттың үш мүшесін теңей суреттейді. Бұл жерде Ілияс Абайдың өлеңдік формасын толығымен сақтайды. Ілияс жазған ат сынының Абай жазған ат сынына ұқсастығы осы. Бұған қарап Ілияс Абай өлеңін өзгертіп қана жазыпты десек, әділетсіздік болар еді. Өйткені Ілиястың жазған ат сыны оның өз қаламынан туған төл шығармасы. Ілияс Абай пайдаланған теңеулерді ғана алмай, басқа да теңеулерді алып отырады. Мысалы, Абай аттың «артқы аяғы талтақ келсін» десе, Ілияс «аяғының арасынан ел көшкендей» болсын деп тың образ жасайды. Сонымен қатар Ілияс Абай өлеңінің ұйқастарын да алған жоқ, тың ұйқастар жасады. Бірақ, Абай жазған аттың сынындағы өлеңнің ұйқастары бастан-аяқ жымдасып келіп отырса, Ілияс өлеңінің ұйқасы аракідік арқауы ыдыраңқыраған кінәрат байқалады.
шідерлігі
тілерсегі
кеңірдегі
деген ұйқастар оған мысал бола алады.
Жүйрік жылқының шабысы қазақтың ауыз әдебиетінде тамаша суреттелген. Басқасын былай қойғанда, «Қобыланды» жырындағы Тайбурыл аттың шабысы суреттелетін жерлері қазақ әдебиетіндегі теңдесі жоқ асыл үлгілер болып саналады:
Сонда Бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі...73.
Мұндағы Тайбурыл – батырдың аты. Жырдың өзі батырлық, ерлік істер, қимылдар туралы болғандықтан ат шабысы да соған лайықты, сол рухта суреттеледі. «Бір төбенің тозаңын бір төбеге қосады» деген жолдар батыр атының тек жүйріктігін ғана көрсетіп тұрған жоқ, сонымен бірге ат үстінде отырған Қобыланды батырға лайықты ат күшінің бары да байқалып тұр.
Ал, Ілияс суреттеп отырған «Құлагер» де жүйрік. Бірақ Құлагер батыр аты емес, домбыра тартып, ән салған серінің аты. Сондықтан да Ілияс Құлагердің шабысын Тайбурылдай екпіндетіп, күшейтпейді. Ақын мұнда гиперболамен суреттемей, теңеулер тауып отырады:
Достарыңызбен бөлісу: |