Операцияға қажетті жалпыхирургиялық және арнаулы құрал-саймандар
Әртүрлі көлемді, трахеостомиялық канюлялар, біртісті өткір ілмектер, кеңірдек кеңейткіштері (Труссо, Лобарт), скальпельдер, 2-4 пинцеттер, 2-5 қантоқтатқыш қысқыштар, науашалы сүңгі (зонд), қайшылар, стерилді жібек жіптер, кетгут, 0,5% новокаин ерітіндісі, 2% дикаин ерітіндісі, канюляларды мойынға бекітуге арналған дәкелік жалпақша жолақтар, таңу және тігу материалдары.
Есте сақтайтын жағдай, егер басқадай арнаулы көрсетілімдер болмаса, теріге қалқанша шеміршектің төменгі шетінен жоғары деңгейде тілік жасауға болмайды. Қалқанша шеміршектің төменгі шетінен жоғары деңгейде тілік жасалса, дауыс байламдары зақымданып, оның нәтижесінде дауыс байламдары зақымданып, оның нәтижесінде дауыс қызметінің ұзақ және тұрақты бұзылуына ұшырауы мүмкін. Дәрігер мұндай операцияны, дауыстың бұзылатындығын алдын-ала білген жағдайда (мысалға, көмейдің қатерлі ісігі себебімен көрсетілім болғанда) ғана жасауға құқығы бар. Сондай-ақ операция жасаушы хирург операция барысында төссүйектің мойындырық ойығынан төмен түсуге және бұл тұста кеңірдекке тілік жасауға болмайтығын қатаң білуі қажет, себебі бұл жағдайда алдыңғы көкірекаралықта кеңірдектің алдында орналасқан ірі қантамырларды кесіп алып, қатты қанкетуден науқасты жоғалтып алу қаупі туындайды. Қорыта келгенде, мойынның ортаңғы сызығы бойымен кеңірдекті ашу үшін қалқанша шеміршектің төменгі шеті мен төссүйектің жоғарғы шетіне дейінгі аралықта бірнеше учаскеде тілік жасауға болады.
Мойынға жасалатын операциялар көмей мен кеңірдектің қандай деңгейде тілінетіндігіне байланысты әртүрлі аталады.
Қалқанша бездің мойнағынан жоғары деңгейде кеңірдектің екі-үш сақинасын кессе, операция жоғарғы трахеотомия деп аталады, (егер кеңірдекке канюля қойылса) онда – трахеостомия жасалады деген сөз.
Егер кеңірдекке қалқанша бездің мойнағының артында (CVII - деңгейі) орналасқан сақиналарын кесуге мәжбүр болып, жасалатын операция әдісін ортаңғы трахеостомия деп атайды. Бездің мойнағының қалыңдығы мен жалпақтығы әртүрлі болып келеді, кейде мойнақтан жоғары қарай өсінді (пирамидалық бөлік) болуы мүмкін, бұл жағдайда көмей мен кеңірдекке операция жасау қиындыққа соғады.
Егер кеңірдекті ашу және оған канюля қою операциясы қалқанша без мойнағынан төмен деңгейде жасалса – бұл төменгі трахеостомия деген атпен белгілі.
Қалқанша – сақиналық байламға пункция жасап, артынша канюля енгізсе-микротрахеостомия операциясы жасалғаны.
Кеңірдекті ашу және оған канюля қою қалқанша – сақиналық байламның (бұрынғы аты - lig.conicam) орта тұсынан жасалса – онда операция коникостомия деп аталады.
Егер кеңірдекті ашу мен канюля қою lig.conicam арқылы және сонымен қоса сақина тәрізді шеміршектің доғасын кесумен жүргізілсе –операция конико-кракостомия деген атпен аталады.
Егер хирург қалқанша шеміршекті кесуге мәжбүр болса – ол тиреотомия деп белгіленеді.
Жұтқыншақты ашу операциясы – фаринготомия деген атпен белгілі.
Хирургиялық тәжірибе жұмысында операцияның пациентке (емделушіге) барынша пайдалы түрін таңдауға тура келеді. Науқасқа операцияның ең қолайлысы – төменгі трахеостомия болып табылады және бұл әдісті қолдануда сақина тәрізді шеміршектің бүтіндігі сақталады. Неге десеңіз, әдетте, сақина тәрізді шеміршектің азғантай ғана зақымдануы, тіпті оның доғасының канюля қоюдан қажалған жағдайдың өзінде – көмейдің кілегейлі және кілегей асты қабаттарының тітіркенуінен және қатты ісінуінен едәуір қолайсыздықтар тууы мүмкін, себебі, кілегей асты қабаттың байламасты бөлігіндегі кеңістікте дәнекер тін өте жақсы дамыған және ол кездейсоқ әсерлерден өте тез ісінеді.
Аталмыш операцияны ерте жастағы балаларға жасау өте үлкен қиындықтар туғызады. Балаларда қалқанша бездің мойнағы кеңірдектің барлық жоғарғы сақиналарын жауып тұрады және фасция арқылы сақина тәрізді шеміршектің төменгі шетіне берік бекінеді.
Кеңірдектің жоғарғы сақиналарын босату үшін қалқанша бездің мойнағын төмен қарай тартуға тура кетеді, ал фасция безді берік ұстап тұрады. Мойнақты тарту кезінде жоғарғы қалқанша артериясының тармақтары зақымдануы мүмкін. Бұл артерия фасция астында өтеді, оның зақымдануы керексіз қан кетуге әкеп соғады.
Қорыта келгенде, жоғарғы трахеостомияны ересектерге жасаған жеңілдеу және қан кетусіз өтеді. Алайда, төменгі трахеостомия да асқынусыз болмауы мүмкін, сондықтан дәрігер операцияға кіріспес бұрын аталған аймақтың клиникалық анатомиясы мен операциялық хирургиясын терең оқып – зерттеп, өте ұқыпты және тиянақты дайындық жұмыстарын жүргізуі қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |