256. Түйілген орамал Ойынға қатысушылардың санына шек қойылмайды. Ойынға ортасынан бірнеше жерінен түйілген орамал немесе белдік дайындалады. Ойынды түнде ойнаған кезде ақ орамал болғаны жөн.
Жеребі бойынша жүргізуші тағайындалады. Бір ойыншыға түйілген орамал беріледі. Жүргізуші барлық ойыншыларды қасына жинап алады да, «бір, екі, үш» деп дауыстайды. Осы кезде ойнаушылар жан-жаққа бытырап кетеді. Ал жүргізуші қолында түйілген орамалы бар ойыншыны қуалайды, мақсаты орамалды алу. Орамалды ұстаған ойыншы жүргізуші жете бергенде, қолындағы орамалды басқа ойыншыға лақтырады, орамалды қағып алған ойыншы оны келесі ойыншыға лақтырады. Ойыншылар орамалды жерге түсірмеулері қажет. Осылайша жүргізуші түйілген орамалды ұстап алғанша ойын жалғаса береді. Ұсталған ойыншыны көпшіліктің ұйғаруымен түйілген орамалмен арқасынан соғады, көбіне орамалмен соғу саны ойнаушылар санымен тең болады.
257. Ортаға түспек Ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді. Ойын алаңда өтеді. Жерге бір топ балалары еркін сиятындай үлкен төрт бұрыш сызылады. Жеребі бойынша бір топ ойыншылары төртбұрыш ішіне кіріп тұрады. Ойын басталған соң сырттағы ойыншылар тік төртбұрыштың ішіндегі ойыншыларды бір доппен дәлдеп ұра бастайды. Доп тиген бала сызықтың сыртына шығарылады. Егер іштегі ойыншы денесіне дарытпай, әрі жерге түсірмей өзіне лақтырылған допты қағып алса, сыртқа шығарылған өз тобының біреуін ішке кіргізіп алады. Тік төртбұрыштың ішінде жалғыз ойыншы қалғанда, ұтып жатқан топ оған 10 рет өзіне допты дарытпауға мүмкіндік береді. Ол бұл сыннан өтсе, сырттағы өз тобын түгел ішке кіргізіп алады. Егер допты тигізіп алса, ішке сырттағы ұтқан топ кіреді.
258. Қамалды қорғау Ойын көгалда, алаңда өткізіледі. Ойынға орындық және бірнеше доп керек. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойнаушылар шеңбердің бойына тұрады. Шеңбердің ортасына «қамал», яғни орындықты қояды да, ойыншы оны қорғаушы болады. Шеңбер бойында тұрған ойыншылар доппен қамалды атқылай бастайды, ал қорғаушы болса, допты «қамалға» тигізбеуге тырысады. Кімде-кім допты «қамалға» тигізсе, сол қорғаушымен орнын алмастырады. Ойын осылайша жалғаса береді.
259. Бұрыш Ойынға қатысушылардың саны 5-10 бала болады. Ойнаушылар жүргізушінің бұйрығымен белгілі бір арақашықтықты сақтап (3-5 м) 4 ойыншы төрт бұрышқа тұрады. Жүргізушінің мақсаты осы екеуінің ортасында тұрып, олар орындарын ауыстырып тұрған кезде тезірек бос орынға тұра қалу. Әрбір ойыншының тұрған жерін сызып белгілеп қойса болады. Сөйтіп, орнынан айрылған ойыншы ойын жүргізуші болады да, өзіне бос орын іздейді. 10 ойыншы болғанда екі топқа бөлініп ойнайды.