Халықтың қой бағуға байланысты еңбегін бейнелейтін мерекеге ұласатын ойын-сауық ойындарының бірі – «Күзем алу». Бұрынырақта «Күзем алып» жатқан ауыл кәдімгідей мерекелік ойын-сауық жағдайын басынан кешіреді, біреуі ән салып, бірі күй шертіп, енді біреулерінің айтысып жатқанын естисің. Жүнді шаңырақтан шығара көтере сабаған жастар, киізді шиге орап аяқпен тепкілей жон асырып, бір ауыл мен екінші ауылдың арасында домалатып әзіл мен айтыс өлеңдерді, киізді басуға арналған ән-жырларды айтады. Киіз басып жүргендер «Қой басты, қой басты», – деп домалатқан киіздерін үлкен үйлердің алдына әкеліп – ырымын алады. Қазіргі «Өрмек биі» осындай халық ойындарынан алынған.