Монография оқытушы-ұстаздарға, студенттер, магистранттар, докторанттар мен ғылыми зерттеушілерге, тәрбиешілерге, спорт жаттықтырушыларына және жалпы ұлттық халық ойындары мен спорты туралы білгісі келетін көпшілікке арналған



бет4/240
Дата21.02.2022
өлшемі481,78 Kb.
#132651
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   240
Байланысты:
ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ойындары

Кімдер

Адамдар саны

Қажет

Қажет емес

Білмеймін

% пайыз

1

Мектеп оқушылары 5-11 сынып

132

102

12

18

70

2

Студенттер

240

232

2

6

96

3

Үлкен адамдар 25-90 жас

65

65

---

---

100

4

Барлығы




399

14

20

88

Ұлттық ойындар мен спортты білуге оны үйренуге деген ынтаның арту себебін қазіргі кезде ұлттық ойындар арқылы дене тәрбиесімен шұғылдануға, халықтың тарихи қалыптасқан салт-дәстүрлерін білуге деген ұмтылыстың, салауатты өмір сүруге бейімделуге деген көзқарастың халық арасында артуымен түсіндіруге болады.


Қазақстан өзінің Егемендігін алысымен тарих толқынында жоғалтқан, саяси-идеология салдарынан дамуына кедергілер келтірілген ұлттық мәдени мұраларымызды қайтару, қалпына келтіру жұмыстарын қолға алуда, осы жұмыстар аясына ұлттық ойындар мен спорт түрлері де кіреді.
Кеңестік дәуірдегі педагогикалық ғылым сол кездегі идеологиялық бағытты іске асырушы ретінде «кіші, ұсақ халықтардың» тарихы мен мәдениетін, әсіресе, халықтық дене тәрбиесін жас ұрпақ тәрбиесінде қолдануды шеттетуі болғандығын көруге болады.
Ұлттық ойындар мен спорт тарихын Кеңес Одағы кезінде зерттеген ғалым Мұратхан Таникеев «...халықтық педагогика ұлттар арасында рухани байлықты сақтаушы ғана емес, ол әркезде халқын сүюге, еңбек етуге, шындыққа жетуге шақырады» деп, тәрбие жұмыстарындағы маңызды құрал екендігін көрсетеді [139, Б.46-47].
Ғалым зерттеуші Б. Досқараев «Историко-педагогические основы становление и развития системы физической культуры в Казахстане» атты докторлық диссертациясында «Халықтық ойындар мен спорт түрлері өзінің жан-жақты әсерімен ерекшеленеді, оларды әртүрлі жастағы адамдарға қолдануға болады. Халық ойындарын спортшы дайындауда жалпы дайындық құралы ретінде пайдалану тиімді. Түркі халықтарының ойындары әскери дайындыққа қолайлы болып келеді» деп қорытынды жасай келіп, ұлттық ойындар мен спорт түрлерін кеңінен насихаттауды қолға алу керектігін көрсетеді [49, Б.64].
Орталық Азия және Қазақстан жерінде мекендеген халықтар оның ішінде Қырғыз халқының дене тәрбиесін зерттеген ғалым Х. Анаркулов осы регионды мекендеген елдер ойындары бір-бірімен ұқсастықтары көп екендігін атай келе, олар ер балалармен қатар қыз балалардың дене тәрбиесіне де көп көңіл бөлетіндігін көрсетеді [4, Б.42].
Кеңестік уақытта ұлттық тәрбие түрлері балабақшалардан бастап мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу тәрбие-бағдарламасынан орынсыз қысқартылды. Осының салдарынан көптеген ұлттық тәрбие түрлері ұмыт болды, тіпті көптеген ұлттар мен ұлыстар жойылып кетті.
Қазақстан Егеменді ел болысымен халықтың денсаулығын сақтауды дене тәрбиесі арқылы іске асыру, адамдарды салауатты өмір сүруге бейімдеу тарапынан көптеген іс-шараларды қолға алуда. Қазақстан халқының салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулығын сақтау жолында дене тәрбиесінің маңызы туралы «Қазақстан -2030 Стратегиялық жоспарында»:
«Біздің адам ауруымен күресіміз қазіргі жағдайда алдымен халықты салауаттық өмір сүруге тарту арқылы басталады. Салауатты өмір сүруді қолдау алдымен дене тәрбиесімен шұғылданудан, дұрыс тамақтанудан, гигиеналық талаптар мен санитарлық нормаларды сақтаудан басталады» деп көрсетілген [81, Б.96-97].
Қазақтың ұлттық ойындары туралы көптеген деректер зерттеліп ғылыми айналысқа енген жоқ. Тәрбие тұрғысынан ұлттық ойындар мен спорт өскелең ұрпақтың денесін шынықтырып, еңбекке баулуда қолайлы құрал екендігі ғасырлар бойы дәлелденіп келе жатса да, білім беру мен спорт саласында қолданылуы әлі де жеткіліксіз болып отыр.
Бүгінгі күнге дейінгі ұлттық ойындар мен спорт түрлеріне арналып жүргізілген қазақстандық ғылыми зерттеулер төмендегідей бағыттарды қамтығандықтарын көруге болады, оларға:
– ұлттық ойындар мен спорт түрлерінің даму тарихы;
– ұлттық ойындарды спорттық оқу - жаттығу жұмыстарында қолдану;
– ұлттық ойындарды патриоттық тәрбие жұмыстарында қолдану;

  • ұлттық ойындарды балалардың, оқушылардың, студент жастардың дене шынықтыруында қолдану.

Мамандандырылған 13.00.04 – «Дене тәрбиесi, спорттық жаттығулар, сауықтыру және бейiмдеу дене тәрбиесi теориясы мен әдiстемесi» бағытындағы ғылыми диссертациялық кеңесте (2011 жылғы дерек бойынша) барлығы 121 педагогика ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін қорғалған диссертациялардың ішінде 10 жұмыс ұлттық ойындар мен спортқа арналған, оның ішінде 5-еуі қазақ тілінде, ал қорғалған 18 докторлық диссертацияның ішінде М. Таникеевтің «Теория и практика взаймовлияния национальных и интернациональных факторов в развитии физического развития и спорта в Казахстане» [140], Б. Досқараевтың «Историко-педагогические основы становление и развития системы физической культуры в Казахстане» [49], атты еңбегі және Е. Алимхановтың «Ұлттық спорт пен ойындардың теориялық және педагогикалық негіздері»[2] атты еңбектері бар.
М. Таникеев «Игры в народной педагогике физического воспитания выполняет важную роль при освоении тех сфер воспитания где существующие профессиональные дисциплины не нашли себя» деп ұлттық ойындардың Кеңес Одағы кезіндегі қолданысы жағдайының төмен болғанын анық көрсетеді және ұлттық спорт түрлерінің даму тарихын әлем халықтарының және олимпиадалық ойындардың даму барысымен байланыстыра отырып, адамзат тарихындағы ұлттық ойындардың халықтардың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланыста болғандығын тарихи тұрғыдан негіздеп көрсетеді. Ол өз зерттеулерінде «тоғыз құмалақ», «түйе жарыс», «қыз қуу», «көкпар», «күміс алу», «жаяу жарыс», «жамбы ату», тағы да басқа ойындардың жастар арасындағы тәрбиелік ролімен қоса, халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуда атқаратын орны туралы да тұжырымдар жасайды[141, Б-180].
М. Тәнекеевтің «Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанның дене тәрбиесі тарихы»[140], «От байги до Олимпиады» [138], «Мир народного спорта»[143] атты еңбектерінде ұлттық ойындар мен спорт түрлеріне қатысты мол мағлұматтар беріледі және ұлттық ойындардың дамуына кедергі болып отырған жағдайлар да көрсетіледі.
Б. Доскараевтың педагогика ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін қорғаған «Историко-педагогические основы становления и развития системы физической культуры в Казахстане» атты еңбегінде Қазақстан жеріндегі ертедәуірден бастап, қазіргі Қазақстанның Егеменді ел болған кезең аралығындағы дене тәрбиесінің даму тарихын зерттей келе, ұлттық спорттың дамуына байланысты қазіргі Қазақстан территориясында әр тарихи кезеңдерде өмір сүрген Гүндер, Сақтар, Құшандықтар, Түркілер сияқты үлкен бірлестіктер кезіндегі дене тәрбиесінің ерекшеліктеріне тоқтай келе, қазіргі кездегі ұлттық ойындар мен спорт түрлері туралы «Қазақстан Егеменді ел болғаннан соң ұлттық спорт пен ойындарға деген құлшыныс арта түсті. Студенттердің 70% ұлттық спорт түрлерімен шұғылданғысы келетіндіктерін көрсетті» деп атап өтеді [49, Б.182].
Е. Алимхановтың «Совершенствование национальной борьбы казахша курес путем изменения модели одежды» атты педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін 1996 жылы қорғаған диссертациясында қазақ күресінің даму ерекшелігіне тоқтай келіп, күрестегі әдіс-айла жасау түрлерін және балуанның киімінің күресу кезінде тигізетін әсерін зерттейді. Сол кездегі қазақ күресінде қолданылып жүрген самбо және дзюдо киімдерінің қазақ күресіне жарамсыз екендігін дәлелдейді. Ол қазақ күресінің өзіндік әдіс-айла ерекшеліктері бар екендігін ескере келіп, балуан киімінің жаңа үлгісін ұсынады. Е. Алимханов ұсынған күрес киімі қазақ күресінің өзіндік ұлттық ерекшелігін айқындаумен қатар, күрестегі әдіс-айланы орындауға басқаша тәсілдермен келуге мәжбүрлейді. Қазір осы киім үлгісі арқылы қазақ күресін бүкіл әлем таныды. Күрес киіміне арналып патент алынған[3, Б.48-56].
Е. Мухиддиновтың педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі үшін қорғаған «Использование казахских национальных игр в физическом воспитании» атты еңбегінде «ұлттық ойындар туралы ғылыми еңбектерді және үлгілі алдыңғы қатарлы тәжірибелерді зерттеу баланың дене тәрбиесіне ғана емес, сонымен қатар оларға интеллектуалды және адамгершілік жағынан да пайдалы әсері бар» деп көрсетеді[115, -Б.-27].
Е. Канағатов «Ұлттық спорт түрлерінің тәсілдері арқылы жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыру әдістемесі» атты педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесіне арналған еңбегін денсаулық пен салауатты өмір салтын сақтау проблемаларына халықтық педагогика тәсілдері арқылы қалыптастыруға болатындығын көрсете келіп, ұлттық ат спортының пайдалы жақтарын көрсетеді, ол «Қазақстанның көне халықтарының өмір салты туралы тарихи мәліметтер жеке тұлғаның жағымды сапаларын сақтау негізінде жинақталған өмірлік тәжірибеден келіп шыққан және толыққанды дені сау адам тәрбиелеуге бағытталған қазақтардың денсаулық сақтау мен салауатты өмір салтына деген қарым-қатынастарын көруге болады» деп қорытындылап, салауатты өмір салты туралы түсінікке өз анықтамасын ұсынады. «Салауатты өмір салты дегеніміз – адам бойында зиянды әдет-ғұрыптардың болмауы, өз денсаулығына деген құндылықты қатынас, науқастану тәуекелінің алдын алу, тиімді тамақтануын, оңтайлы қарым-қатынасын, кәсіптік құзырлығы, қозғалыс белсенділігін, генетикалық тұрғыдан тұқым қуалаумен келген күш-қуаты арқылы және әлеуметтік тұрғыдан жетілген адам күшін дамытуды көздейді» деп өз тарапынан анықтама ұсынады [65, Б.101-112].
А. Караков «Студенттердің дене тәрбиесінде спорттық күрестің ұлттық түрлерін пайдалану» атты педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесі үшін қорғаған диссертациясында: Спорттық күрестің ұлттық түрлерін (дзюдо, самбо, қазақша күрес) дене тәрбиесінде КСРО жоғары білім жүйесінде қолдау бойынша зерттеулердің жүргендігін айта келіп, Қазақстанның оқу жүйесінде оның қолданылмағандығын көрсете келіп, ЖОО орындарындағы студенттердің дене дайындықтары төмендеп келе жатқандығын, осы проблеманы шешуге күрестің ұлттық түрлерін пайдалану тиімді екендігін көрсетеді [68, Б. 87].
Б. Мендалиев «Ұлттық халық ойындарын мектеп жасына дейінгі балалардың дене шынықтыру сабағында қолдану» атты еңбегінде балабақшалардағы дене шынықтыру сабақтарында ұлттық ойындарды қолданудың тиімділігін, жолдарын көрсете келіп, ойындарды бала жасының ерекшелігін ескеріп қолдануды және ойындар түрін іріктеудің қажеттігін көрсетеді. Ол балаларға қажетті ойындарды баланың жас ерекшеліктеріне байланысты нәрестелерге, 3-4, 5-6, 7-8 жастағы балаларға арналған ойындар деп бөліп береді [109, Б.67-81].
Ж.К. Оңалбеков «Дене тәрбиесі мен спорттың жеке адамдар арасындағы ұлттық қарым-қатынастарды дамытудағы орны» атты кандидаттық диссертациясында Кеңес дәуіріне дейінгі түрлі ұлттық ортадағы дене тәрбиесінің әлеуметтік қызметі, әлеуметтік құбылыс ретіндегі дене тәрбиесінің тарихи түп тамыры, дене шынықтырудың руаралық және тайпааралық қатынастардағы ролі, ұлтаралық және этноаймақтық қатынастардағы дене тәрбиесі мен спорттың әлеуметтік қызметі, жеке тұлғалардың ұлттық қатынастарының дамуындағы дене тәрбиесі мен спорттың әлеуметтік ролі мәселелерін қарастырған [117, Б.79-81].
Дәстүрлі ұлттық ойындардың тарихы, ел арасында тарауы, қоғамдағы ролі, ұрпақты тәрбиелеудегі қажеттілігі сияқты тақырыптар төңірегінде отандық және шет ел ғалымдары көптеген ізденістер жасаған.
Көрнекті орыс ғалымы, географ, тарихшы А.И. Левшиннің қазақтар туралы «Описание киргиз-казачьи или киргиз-кайсацких орд и степей» деп аталатын еңбегінде қазақтар арасында өтетін ат жарыс, теңге алу, қыз қуу, балуан күресіне тоқталып, қазақ балаларының жастайынан қимыл-әрекет дағдысына қарай қалыптасып еңбек ететіндігін, қазақтардың шыдамды, мықты болып өсетінін суреттей келе: «Халықтың өмірі үнемі мал бағумен, табиғатпен, таза ауада тіршілік етумен өмір өткізуі олардың дене бітімінің зор, күшті болып өсуіне себепкер болған. Сондықтан да олар ыстыққа, суыққа төзімді, көп жасайды, бас ауруы дегендер сирек кездеседі. Олардың көзі қырағы болып келеді. Алыстағы көрінген малдың түсін айнытпай дәл ажыратады. Атқа мініп жүруді балалары жастайынан үйренген. Олар үшін атқа шабу гимнастикалық жаттығудың бір түрі сияқты болып кеткен» деп жазады [98].
Қазақ халқының этнографиялық құндылықтарын жинап, зерттеген В.В. Радлов қазақтың қыз ұзату, баланы бесікке салу, атқа мінгізу, сүндетке отырғызу сияқты салт-дәстүрлерін жаза келе «қазақтар баланы жастайынан тәрбиелеуге үлкен көңіл бөледі» дей келе: «қазақ әйелдері еңбексүйгіш, қолөнерге шебер, төзімді» деп жазады [126].
Қазақ халқының өмірі жайында көптеген материалдар жинаған орыс ғалымдарының бірі И.С. Паллас өз зерттеулерінде қазақ халқының тыныс-тіршілігін бақылай келе, ұлттық ойындарға сипаттама беріп, қазақ қоғамындағы аңға шығу мен аңшылықты суреттейді [120].
Дүние есігін алғаш ашқан баланың алғашқы күндерінен бастап әр ананың істейтін жұмысы туралы «Жас туған нәрестені анасы суға түсіріп сылаумен қатар, оның қол-аяғын, денесін созып, аунатып әртүрлі жаттығулар жасатады. Балаға туа салысымен сөйлеп, өлең айтып назарын аудартады. Жас нәресте денесін таза ұстап, таза ауада көбірек ұстау оның жергілікті жердің ауа райына бейімделуіне жағдай жасайды» деп, әр ауыл балаларының алғашқы күндерін Х. Кустанаев суреттейді [76].
Бала жас күндерінде ойнаған ойындарын есінде ұмытпай сақтайтынын біз көптеген адамдар арасында әңгіме, сауалдар жүргізу кезінде үлкен жасқа келген адамдардың бала кездерінде ойнаған ойындарын әлі ұмытпағандарын, ойынның әрбір сәттерін дәлме-дәл жеткізіп бере алатындығын көрсетті.
Бұл жағдайдан төмендегідей қорытынды шығаруға болады, адамның есінде қалу, жатталу дәрежесі ойын дене қимылы арқылы қосымша бекітілетін болса, ол соғырлым адам жадында ұзақ сақталады. Осындай жағдайларды ғалымдар «Бұлшық ет арқылы есте сақталу» деп атайды [59].
Қазақтың ұлттық ойындарына мән беріп, оны жинақтап, топтап, жарыққа шығарған ғалымы А. Диваев өзінің «Игры киргизских детей» атты еңбегінде автор тарихта алғаш рет қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырады: «бірінші, кішкентай балалар ойыны, екінші, ересек балалар ойыны, үшінші жігіттер ойыны» деп бөлді және Шымкент уезіндегі қырғыз балаларының «бес саусақ» ойыны, саусақ атаулары, оның діни сенімділік, дәстүр және табиғат пен күнделікті мал шаруашылығымен байланысын жақсы суреттеген. Мысалы ол «баланың бас бармағын көтеріп малды барымталаймыз, ортан саусақты көтеріп оған пайғамбарымыз не дейді» деп көк аспанға қарап құдай тәңірінен рұқсат сұрағаны айтылады[46, Б.169].
Баланың саусақтарын бүгіп-жазып ойнауы арқылы халықтың мал мен құдайшылдықты бала санасына күнделікті сіңіруде үлкен далалық философиялық мағына жатқандығын көрсете келе Еуропалық фабрикада жасалған ойыншықтардан қазақ балаларының өздері қолынан жасаған қуыршақтар мен саз балшықтан жасалған ат пен түйе, қой сияқты ойыншықтардың артықшылығын сөз ете келе, олардың баланың қиялдау қабілетін дамытудағы шығармашылық мәнін ашып көрсетеді, сонымен қатар ол Потанин еңбектеріне сүйене отырып, қазақ ойындарының мазмұны Орал-Алтай халықтарының ойындарымен үндес келетіндігін де сөз етеді [47, Б.79-82].
Қазақтың ұлттық ойындарының дамуы қазақ халқының жүріп өткен тарихи жолымен тығыз байланыста екендігі белгілі. «Осы кезеңдерде біздің тарихымыз қазіргі зерттеулер бойынша кемінде бес мың жылды қамтиды» деп жазады тарихшы Беймбет Ирмуханов [61, Б. 40].
Қазақ даласында жыл сайын өткізілетін жәрмеңкелер орыс көпестері мен қазақ халқы арасындағы сауда қатынасын ғана дамытып қоймай, мәдени бағыттардың араласуына себепкер болды, осы кезде ұлттық ойындар ішінде жарыс сайысының көптеп өткізілуіне себепкер болды.
Орыс ғалымы А. Алекторов «О рождении и воспитании детей киргизов, о правилах и власти родителей» атты еңбегінде көшпенді қазақтардың өмір сүру салтындағы баланың дүниеге келген сәтінен өсуінде ұлттық ойын мен қимыл-қозғалыс әрекетінің алатын орны мен дене мүшесінің қалыптасып дамуындағы халық ойындарының қажетті жақтарын ашады [13, Б. 82].
Абай Құнанбаев халық ойындарының балаларға беретін тәрбиелік мәнін жоғары бағалап, халық дәстүрі мен салтын құрметтеп, ойы мен іс-әрекетін қалыптастыруда атқаратын қызметін жоғары бағалайды [1, Б. 177].
Ш. Уәлиханов халықтың салт-дәстүрлері мен діні, наным-сенімдерін зерттей отырып, қазақ мәдениетін өзбек, қырғыз, түрікмен, қарақалпақтардың өмір сүру әдісімен байланысты қарастырып, олардың бір-біріне тигізетін әсерін жан-жақты сөз еткен. Ол қай халықтың болмасын жалғыз өзіне ғана тән салт-дәстүрінің болмайтынын, шаруашылық кәсібі мен мәдени тұрмыс-тіршілігі аралас елдердің бір-біріне тигізер әсерінің сөзсіз болатынын дәлелдеген [159, Б-109].
Балалардың дене тәрбиесі күрделі педагогикалық жұмыс екендігін п.ғ.д. С. Қасымбекова көрсете келе, осы жұмыстар ғылыми тұрғыдан зерттелуі қазіргі кезде жақсы жолға қойылғанын атай отырып, осы маңызды жұмысқа халықтық педагогика тәжірибелерін енгізу бала тәрбиелеудің сапасын арттыратындығын көрсетеді [88, Б. 284-286].
Этнограф, ұстаздар М. Гуннер мен М. Рахимгуловтың 1949 жылы жазған «Краткий сборник казахских народно-национальных видов спорта» атты еңбектерінде «...социализмнің жетістіктері арқасында ұлттық мәдениет, оның ішінде ұлттық ойындардың дамуына жол ашылды, қазіргі мәдени жетістіктердің барлығы ұлттық формада болғанымен мазмұны социалистік болуы керек» дей келе, қазақтың ұлттық ойындарын төмендегідей топтарға бөледі: 1-ші жалпы ойындар, 2-ші қарсыласу мен күресу сипатындағы ойындар, 3-ші ашық алаңқайдағы ойындар, 4-ші қыс мезгіліндегі ойындар, 5-ші демалыс ойындары, 6-шы ат үстіндегі ойындар, 7-ші аттракциондық-көрініс ойындары деп бөледі. Осы еңбекте қазақ күресі, ат спорты, тоғызқұмалақ сияқты ойындарды өткізу ережелері берілген [44].
Қазақтың «Тоғыз құмалақ» ойынының суреті мен ойнау тәртібін қағаз бетіне түсірген этнограф Н. Пантусов өз еңбегінде «бұл ойын өте көне және кім ойлап тапқаны белгісіз. Ол қазақтың үш ордасының барлығына тегіс тараған» – Е. Мухитдинов деп жазады [121].
Орыс халқының белгілі педагогі К.Д. Ушинский балаға берілетін білім ең алдымен, ойын арқылы іске асатынын нақтылап, оған үлкен мән берді: «ойын үстінде балалардың ұжымдық мінез-құлқы қалыптасады» – деп, ойынның әлеуметтік-педагогикалық негіздерін көрсетеді. Өзінің пікірін дәлелдей келе ғалым былай деді: «Ойынның бала қабілетін дамытуға үлкен әсері бар, олай болса ойын баланың келешек тағдырына өз ықпалын тигізеді» дей келе, ол халықтық тәрбиенің мақсаты мен мазмұнына және тәрбие мен оқыту әдістеріне тоқтала келе өз ойын былай сабақтайды: «Халықтың бала тәрбиесі сол халықтың сан ғасырлық тарихымен тығыз байланысты, тәрбиенің негізін халықтың жақсы-жаман дәстүрінен іздестіру керек» деп жазады [156].
Кеңес дәуірі жылдарында қазақтың ұлттық дәстүрлі халық ойындары күн тәртібіндегі өзекті мәселе болмағанына қарамастан, Қазақстан ғалымдарының бір тобы тақырып төңірегінде үлкен жұмыстар атқарды, ғылыми еңбектер жазды, сол кезеңде дәстүрлі ұлттық ойындарды зерттеген авторлар қатарына М. Рахимгулов, М. Гуннер, М. Тәнекеев, Б. Төтенаев, М. Болғамбаев, Ә. Бүркітбаев, тағы да басқа ғалымдарды атауға болады.
Қазақтың ұлттық ойындары туралы үлкен зерттеу жүргізген ғалым Б. Төтенаев «Қазақтың ұлттық ойындары» атты еңбегінде ойындарының дамуына баға бере келіп, ұлттық ойындар түрлерін үлкен төрт топқа бөліп қарастырады:

  • салт-дәстүр негізінде дүниеге келген ұлттық ойындар;

  • жастар ойыны;

  • қозғалмалы ойындар деп бөледі. Алғашқы топтағы ойындардың өзін бірнеше топтамаға бөле келіп, оларға қарапайым халықтың еңбек үрдісімен байланысты мерекелік ойындар, мысалы, «ақ боран», «қалтырауық», «қамыр кемпір» ойындарын кіргізсе, келесі екінші топтамадағы ойындарды дәстүрлі халық ойындары деп атап, олардың қатарына «қазақша күрес», «жаяу жарыс», «жамбы ату», «күміс алу», «қыз қуу», «көкпар тарту», «жорға жарыс» ойындарын енгізеді. Үшінші топтамаға халықтың жерге байланысты әдет-ғұрып, дәстүрімен ұштасқан ұлттық ойындарын енгізеді.

Бұдан кейінгі топтамадағы ұлттық ойындарға табиғат аясында ойналатын ұлттық ойындарды енгізіп, Базарбек Төтенаев Кеңес Одағы кезеңінде қазақтың ұлттық ойындары туралы жазып, үлкен еңбек сіңіреді және этнопедагогика мен ұлттық ойындар арасындағы байланысты зерттей отырып ұлттық ойындардың болашаққа керектігін дәлелдеген басқа да қомақты зерттеу ізденістерін дүниеге әкеледі [149,150].
Е. Сағындықов «Ұлттық ойындарды оқу-тәрбие ісінде пайдалану» деп аталатын еңбегінде қазақ мектептеріндегі 1-4 сыныптардағы сабақтарда және сабақтан тыс тәрбие жұмыстарында қолдану әдістемелерін беріп, ұлттық ойындарды әр пәннің өз ерекшеліктеріне негіздеп қалай қолдану жолдарын ұтымды береді. Ұлттық ойындарды оқу үрдісінде пайдалану қажеттілігі негізделеді [127].
Ә. Бүркітбаевтың авторлығымен 1985 жылы жазған «Спорттық ұлттық ойын түрлері және оның тәрбиелік мәні» жинағында ұлт спорты түрлері мен ұлттық спорт ойындарының балалардың күнделікті тіршілігіндегі алатын орны, тәрбиелік маңызы және ат спорты мен ұлттық ойындар ережесі қарастырылған [39].
Жастар мен балаларды ұлттық дәстүрде тәрбиелеудің маңыздылығын көрсете келіп осы жұмыста ұлттық ойындардағы кеңінен қолданылатын ат баптау, құс салу, аңшылық кездерде сақталатын ырымдар мен дәстүрлер туралы «Ата салтыңды аяла» кітабында кеңінен баяндалады [15].
М. Болғамбаевтың «Қазақтың ұлттық спорт түрлері» атты кітабы халық арасында кең тараған ат спортына қатысты бәйгеден бастап жорға жарыс, аударыспақ, жамбы ату, аламан бәйгемен қоса қазақша күрес спорт түрлеріне арналып, осы спорт түрлеріне қажетті жаттықтыру, тәрбиелеу әдістемелері берілген алғашқы қазақ тілінде жазған оқу құралы болып табылады [38].
Ж.М. Төлегенов Кеңес Одағы кезінде Қазақстан жағдайына бейімдеп ұлттық дене тәрбиесін педагогикалық құрал ретінде қолдану жолдарын зерттейді. Ол «қазіргі дене тәрбиесінің бір әлсіз жағы ұлттық дене тәрбиесі құралдарын сабақтарда барған сайын аз қолдана бастауы болып табылады, егер де ұтымды пайдалана білсек, оның жан-жақты әсері бар екендігін көруге болады», – деп тұжырымдайды [152, Б.13-15].
Жалпы психология мен педагогика ғылымдарының теориялық тұжырымдамасы бойынша ойынды баланың дербес белсенділігінің айналадағы дүниемен араласуы, жан-жағын, өзін тануының, өзінің көп қырлы мүмкіндіктерін сынап көруінің алғашқы бір көрінісі деп қарайды.
Ғалым А.П. Усова еңбегінде ойынның мәнін баланың дербес іс-әрекеті айналасындағы өзгерістерді танып білуде, белсенді әрекет етуге жол ашушы ретінде түсіндіреді. Автордың ойынша: «шынайы өмірде баланың аты – бала, өз бетінше әлі ештеңе тындырып жарытпайтын жан. Қам-қарекетсіз өмір ағысына ілесіп кете барады, ал ойын үстінде ол бейнебір ересек адам тәрізді, өз күшін сынап көреді» деп көрсетеді [155].
М. Тұрыскелдина қазақ ғалымдарының ішінде дене шынықтыру пәні бойынша бастауыш сыныптарға (1-4 сыныптар) оқулық, оқыту әдістемесін жазған ғалымдар қатарына жатады. Автор бастауыш сыныптағы дене шынықтыру сабағының теориялық мазмұны мен дене жаттығуларының орындалу әдістерін оқулықта ашып көрсеткен, әдістемелік оқу құралдарында дене шынықтыру сабақтарын іс жүзінде қалай өткізу жолдары қарастырылған. Тұрыскелдина еңбектерінде бастауыш сыныптың сабақ жоспарларына сай оқушыларға дене шынықтыруға қажетті негізгі құралдар мен спорттық жаттығуларды гимнастика, жеңіл атлетика, қимыл-қозғалыстар, спорт ойындарын меңгерту мақсаттарын көздеген.
Ғалым дене шынықтыру пәнінен гимнастикалық жаттығулар бойынша өткізілетін сабақтар, жеңіл атлетика бойынша өткізілетін жаттығулар, ойындар бойынша өткізілетін сабақтар, спорттық жаттығулар бойынша өткізілетін сабақтар, үй тапсырмасының ерекшеліктері мен пайдасы, сауықтыру шаралары деп бөліп, бастауыштың дене шынықтыру пәнін оқыту әдістемесіне жеке-жеке тоқталып, әр сабақтың мақсатын, керекті құралдарды, ойналатын ойындарды келтірген [153].
Е. Мұхитдиновтің «Использование казахских народных игр в физическом воспитании учащихся» атты кандидаттық диссертациясында қазақтың ұлттық ойындарын дамыған қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық құрылыммен байланысты қарастырылады. Автор өз зерттеуінде дене шынықтыру пәнінің теориялық дәлелдемесін қазақтың ұлттық ойындарының практикалық жағымен біртұтас алып қарайды [115,Б. 85-88.].
А. Құралбекұлы, С. Әкімбайұлының «Оқушылар дене шынықтыруының этнопедагогикалық негіздері» атты монографияларында жалпы білім беретін қазақ мектептерінің дене шынықтыру сабағына, қазақ этнопедагогикасы материалдарын, оның ішінде ұлттық ойындарды тиімді пайдаланудың ғылыми теориялық-әдістемелік жағынан қарастырған еңбек болып табылады [92, Б. 151].
«Бастауыш мектеп оқушыларына дене тәрбиесін беруде халықтық педагогика элементтерін пайдалану» атты Б.А. Тойлыбаевтың кандидаттық диссертациясында бастауыш мектеп тәжірибесін жетілдіріп, баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін халықтық педагогика элементтерін дұрыс пайдаланудың бағыты айқындалған. Бастауыш мектепте дене тәрбиесінің жүйесін жақсартуға негізделген «Дене салауаттылығы» бағдарламасының психологиялық ерекшеліктері көрсетіліп, оқушыларға дене тәрбиесінің мәнін, мазмұнын анықтауда түсініктер берілген [148].
Т.Ш. Қуанышовтың «Болашақ дене тәрбиесі мұғалімдерін ұлттық ойын құралдары арқылы даярлау» атты кандидаттық диссертациясында болашақ дене тәрбиесі мұғалімдерін оқу сабақтарын қазақтың халық ойындарын пайдалану арқылы жүргізуге даярлаудың педагогикалық және практикалық мәселелері қаралып, болашақ мұғалімдердің оқу үрдісін халықтың қимыл-қозғалыс ойындарын пайдалану арқылы ұйымдастыру және оны өткізу нақты көрсеткіштерімен таразыланады [71].
Н. Мыңжан дәстүрлі халық ойындары туралы былай дейді: «Халық тұрмысындағы ойын-сауықтар да өзіндік өзгешелігімен парықталған ұлттық мәнердегі әсемдік мәні зор құбылыстар. Ол да ойды оятып, көңілді ашуға қызмет етеді. Ендеше ұлт тұлғасын, сипатын таныту да осы ұлттық ойын түрлерін жан-жақты қолдауға байланысты», – деп тұжырым жасайды [110].
Ғалымдар С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылованың авторлығымен шыққан «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты оқу құралында той ойындары, аң аулап саят құру, балық ұстау, атқа мінгізу сияқты бала тәрбиесіне қажетті мағлұматтар ережесімен көрсетілген [78].
Педагог-ғалым С. Қалиұлының «Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы» атты еңбегі болашақ ұрпақты имандылық, қарапайымдылық, әдептілік, кішіпейілділік сияқты ұлттық қасиеттерге тәрбиелеудің сан ғасырлық қалыптасқан халықтық дәстүрі негізінде көне заманнан бергі көрнекті ойшылдардың еңбектеріне сүйене отырып, тәлім-тәрбиенің ұлттық сипатын, қазақ этнопедагогикасының қалыптасу тарихын зерттеген [79].
Қазақтың ұлттық ойындарын ғылыми тұрғыда зерттеу ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан кейін қолға алына бастады. Ең алғашқы зерттеулерге ленинградтық ғалымдар Д. Ещен мен А. Пуставаловтардың «Национальный вопрос в физкультурном движении» атты 1932 жылғы еңбектерін жатқызуға болады. Бұл еңбек сол кездегі Кеңестік идеология тапсырмасы бойынша жазылып, іске асырылғандығын, ондағы «қазақ халқының көптеген спорт түрлеріне бейімдері жоқ» деген қате пікірлердің болғандығын көруге болады [56].
Кеңестік дәуірдегі Қазақстандағы ұлттық ойындар мен спорт түрлерінің дамуы басқа спорт түрлерімен салыстырғанда баяу дамығандығын байқап, ұлттық спорт түрлерінің қазақ күресі, ат спорты, тоғызқұмалақ түрлеріне назар аударылып, басқа түрлерінің дамуы тежелгендігін көруге болады. Мемлекет тарапынан арнайы зерттеу бағдарламаларына сәйкес Қажымұқан Мұңайтпасов туралы деректер жинау мақсатында 1960-1970 жылдары М. Таникеев пен М. Кизекеновты арнайы Ленинград, Москва, Омбы қалаларына жіберіп, архивтік деректер алынды.
Қазақстан Егеменді ел болғанға дейінгі кезеңде ұлттық спорт пен ойындарға арналып арнайы жекелей ғылыми конференциялар өткізілмегендігін айта келіп, ұлттық ойындар мен спортқа арналған тақырыптар басқа дене тәрбиесі және спорт саласы бойынша өткізілген конференциялар жанынан секциялық түрде өткізілгендігін көруге болады.
Алғаш рет ұлттық спорт пен ойындарға арналған жеке арнайы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция 2010 жылы 20-21 мамырда Қазақтың спорт және туризм академиясында өткізілді. Осы конференция қазіргі уақыттағы ұлттық спорттың даму деңгейін көрсетіп, алдағы атқарылуға қажетті жұмыстар бағдарламасын айқындады.
Егемен Қазақстан жағдайында алғаш рет өткізілген «Ұлттық ойындар мен спорттың бүгінгісі мен болашағы» атты ғылыми тәжірибелік конференция 20-21мамыр 2010 жылы Қазақтың спорт және туризм академиясында өткізілді. Осы конференция материалдарында «Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында ұлттық спорт пен ойындарды дамытуға мемлекеттік деңгейде мән беріліп келе жатқандығы атап өтілді. Республикада бірінші болып Қазақтың спорт және туризм академиясында 2010 жылы ұлттық спорт түрлерінен жеке мамандандырылған кафедра ашылғандығы үлкен жетістік деп қабылданды.
2010 жылғы дерек бойынша республикада барлық 425 спорт мектептерінің арасында 14 мектеп ұлттық спортқа арналған, 150-ден астам мектептерде ұлттық спорт бөлімшелері бар, 4 спорт клубы жұмыс жасайтындығы көрсетіле келе, әлі де болса бұл көрсеткіштер аз екендігі атап өтілді. Сол кезең бойынша жалпы республикада ұлттық спорт түрлерімен шұғылданушылардың саны – 95 087 адам, оның ішінде ұлттық ат спорты түрлерімен – 15 111 адам (ауылдық жерде – 9 605 адам), қазақ күресімен – 36 102 адам (ауылдық жерде – 25 460 адам), тоғызқұмалақпен – 36 643 адам, (ауылдық жерде – 23 009 адам), сонымен қатар, арқан тарту, асық ату, бес тас және «Құсбегі», «Саят» атты аңшылық құстары спортымен – 7231 адам айналысатындығы атап өтілді.
Орта есеппен алғанда, ұлттық спорт түрлерін насихаттау үшін жыл сайын 100-ден астам халықаралық және республикалық жарыстар ұйымдастырылады. Мәселен, 2007 жылы қазақ күресінен – 30, тоғызқұмалақтан – 40, көкпар, теңге алу, аударыспақтан – 19, ал қалған ұлттық спорт түрлерінен 20-ға жуық спорттық шара өткізілді. Тек өткен жылдың ішінде, көрсетілген ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатысушылардың саны – 11 000-нан асты» дей келе, республика бойынша осыншама іс-шаралар өткізілгенімен, ұлттық спорттың бұқаралық сипат алуы, жас балалар арасында дамуы, насихатталуы, әсіресе ғылыми түрде зерттеліп ұтымды ұсыныстар мен тәжірибелік сынақтардан өтуі заман сұранысына жете алмай келеді деп кемшіліктері де көрсетілді [66].
Конференция жұмысына ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР ұлттық спорт түрлері ассоциациясы, ҚР «Қыран» федерациясы, ҚР және халықаралық тоғызқұмалақ қауымдастығы, ҚР ұлттық ат спорты федерациясы, Алматы қаласы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Жалайыр Шора» құсбегілер орталығы, Алматы қаласы «Алтын Жебе» садақ ату федерациясы, «Хан дойбысы» қауымдастығымен қатар 8 ғылым докторы, 11 ғылым кандидаты, 16 профессор, доценттермен қоса, ҚР парламент депутаты, федерация, ассоциация жетекшілері, спорт мектептері, колледждер, ЖОО қызметкерлері, бұқаралық ақпарат өкілдері, ғылыми зерттеу институттары, мұражай қызметкерлері, магистранттар, студенттер, жаттықтырушылар, атбегілер, құсбегілер, зияткерлік ойын шеберлері, садақшылар қатысты.
Конференция бес ғылыми бағытта жұмыс істеді:

  1. Ұлттық ойындар (тарихы, педагогикасы, этнографиясы, психология, т.б.).

  2. Ат спорты;

  3. Зияткерлік;

  4. Саятшылық;

  5. Балуандық өнер, күш өнері.

Конференция аясында ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен көрме-конкурс өткізілді, оған саятшылық бағыттан «Қыран федерациясы», «Жалайыр Шора» құсбегілер орталығы бүркіт, қаршығаларды және осы өнерге қажетті құрал-жабдықтарды көрсетті, саятшылыққа байланысты көрнекі стенділер қойылды. Көрмеде «Зияткерлік» тарауы бойынша «Тоғызқұмалақ» және «Хан дойбысы» ойындары көрсетілді. Қазақтың спорт және туризм академиясы ұлттық ойындар және спорт саласы бойынша үлкен кітап көрмесін ұйымдастырды.
«Ат спорты» федерациясы, «Алтын жебе» Алматы қалалық садақ ату федерациялары және Мемлекеттік орталық музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен садақ ату, «жамбы ату» ойындарынан Қазақтың спорт және туризм академиясының таудағы шаңғы базасында тәжірибелік сабақ өткізілді. Тәжірибелік сабақта садақшылар мен конференцияға қатысушылар жерден және ат үстінен садақ атып шеберліктерін көрсетті.
Конференцияның пленарлық жұмыстарында 8 – негізгі баяндамалар, секциялық отырыстарда – 53 баяндама жасалды. Конференция материалдары п.ғ.к., профессор Е. Алимхановтың жалпы редакциясымен 248 беттік жеке жинақ болып шығарылды.
Конференция қорытындылары мен ұсыныстары бірауыздан қабылданды.
Ғылыми конференция ұлттық спорт саласындағы бүгінгі күнгі жетістіктермен қатар көптеген шешімін таппаған сұрақтардың бар екендігін анықтады. Осындай конференцияларды жүйелі түрде өткізу пайдалы екендігі аталып өтілді.
Қазақтың ұлттық ойындары мен спортының ғылыми тұрғыдан зерттелуін сараптай келе төмендегідей қорытынды шығаруға болады:
– қазақ халқының ұлттық ойындары туралы деректер тамыры өте ерте тарихи кезеңдерден бастау алатындығын көрсете отырып, оны адамдар дене тәрбиесі құралы ретінде кеңінен қолданылғандығын, ұлттық ойындар түрлерінің өте көп болғандығын, бірақ осы сала бойынша арнайы мамандардың болмағандығын, үйрету атадан балаға берілу арқылы іске асырылғандығын көруге болады;
– қазақтың ұлттық ойындарын ғылыми зерттеуге дейін ол туралы пікір айтқан ойшылдардың, ағартушылардың, тарихшылардың үлкен мағлұматтар қалдырғандығын, олардың ішінде халықтың рухани-тәрбие көсемдері Асанқайғы, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар жырау, Тәуке, Әйтеке, Қазыбек, Төле би т.б. ойшылдарымен қатар, әл-Фараби, А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, Ә. Диваев, С. Торайғыров, Ы. Алтынсарин, Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Х. Досмұхамедов, М. Шоқай т.б. халық арасындағы дене тәрбиесіне байланысты үлкен еңбек жазғандықтарын көрсете отырып, қазақтың ұлттық ойындарының дамуына байланысты теориялық ойлардың негізін салушы адамдардың халық арасында көп болғандықтарын атап өтеміз.
Қазақ халқының патшалық Ресей қоластында 300 жылдан астам бодандықта болуы қазақ жерін, оның тұрмыс-тіршілігін орыс саяхатшылары мен ғалымдарының терең зерттеуіне жол ашты. Олардың арасында ұлттық ойындар мен дене тәрбиесіне назар аударғандарға Левшин, Аллекторов, Потанин, Радлов, т.б. қазақ халқының ұлттық ойындарын суреттеп қана қоймай, оларды топтап, жыл мезгілдеріне, қолдану құралдарына т.б. ерекшеліктеріне көңіл аударғандықтарын көруге болады. Осы еңбектер арқылы қазіргі заманымызға кейбір ойындардың аттары мен ойналу тәртіптері жетті.



  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   240




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет