5.3 Көне заманнан қалған сенімдер
Көне заманның наным-сенімдер бөлімінің алғашқы діни наным-сенімдер туралы біз негізінен С. Әмірғазиннің «Дін және жауапкершілік» атты монографиясына арқа сүйедік.
Тотемизм. Қазақ халқының діни сенімінде тотемистік сенім болды және олардың әдет-ғұрпының қалыптасуында, тұрмысында жан-жақты рөл атқарды деп ойлауға негіз бар. Мысалы, ескі жыл есебіндегі он екі жануардың атымен байланысты атаулар. Оған қоса үй жануарларының әрқайсының иесі бар деп біліп, ат қойып айдар таққан: Зеңгі баба, Ойсыл қара, Шопан ата, Жылқышы немесе Қамбар ата т.б. оған байланысты аңызды да бәріміз бала кезімізден біліп өстік. "Хайуанаттарға байланысты ертегілерді аңдап отырсаң, жан-жануарлар турасындағы бұлдыр көріністерді көреміз. Одан мифтік, діни түсініктерді, әр хайуанды ғажайып сиқырлы сыры бар деп таныған тотемдік түсініктерді аңғарамыз" (Әуезов). Сонымен бірге, Қазақ халқындағы тотемизмдік элементтерінің бір түрі "табу" болып табылады, яғни, бір нәрсеге тиым салу мағынасын білдіреді. Егер тотемдік түсініктерде жануарлар мен өсімдіктердің адамға қандас туыстық қатынасы бар деп түсіндірілетін болса, табуда кейбір жануарлар мен өсімдіктер "қасиетті" деп ұғынылып, олардың өз атын атауға тыйым салынған. Егер өз атын атаса, зиян келтіреді деп түсінген. Мысалы. қасқырдың атын қасқыр демей "ит-құс", "ұзынқұлақ" сияқты атаулар берген. Басқа ешбір халықта кездеспейтін, қазақ әйелдерінің ата-енесін, қайын-қайнаға, абысын-ажын, қайын сіңілі, өз ерінің аты т.б. атамауының негізі де осы табуда деп жорамалдауға болады. Өмірде болатын түрлі жағымды-жағымсыз құбылыстардың бәрі де тылсым күштер әрекетінің нәтижесі деп түсінгендіктен, олардың киесіне ұшырамас үшін әр түрлі жол-жоралғылар, қағидалар, құрбан шалу, көпшілік болып түрлі ырымдарды орындау қалыптасқан. Қазақ арасында "Сақтансаң сақтаймын" деп Құдай айтыпты деген сөздің төркіні де өте тереңде жатыр. Мүмкіндігінше адамның сақтануға тиісті құбылыс-нысаналарын атап кетейік: жын, пері, дию, шайтан, обыр, албасты, күлдіргіш, әбілет, монтаны, матру, сұқ, уббе, бәдік, жезтырнақ, шимұрын, қарғу, аусыл, шешек, жалмауыз (Амантурлин). т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |