Н. К. Крупская «Қандай ойын болмасын баланы бір нәрсеге үйретеді. Ең бастысы, баланы мұқияттылыққа, еңбекке, жолдасымен ынтымақты болуға үйретеді» дейді Ойын балалар үшін оқу да, еңбек те. Ойын айналадағы дүниені
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдауда көп нұсқалық қағидасы бекітілген. Бұл білім мекемелерінің мұғалімдеріне, педагогтарына өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануға мүмкіндік береді.
Бастауыш мектепте оқыту процесінде дидактикалық ойындар әрі оқу, әрі ойын қызметін қатар атқарумен ерекше орын алады. Ойын – балалар әрекетінің бір түрі. Оқушыларды оқыту және тәрбиелеу мақсатындағы қарым-қатынастың әдісі мен құралы.Ойын әрекеті естің, ойлау мен қиялға, барлық таным процесіне әсерін тигізеді.
Н.К.Крупская «Қандай ойын болмасын баланы бір нәрсеге үйретеді. Ең бастысы, баланы мұқияттылыққа, еңбекке, жолдасымен ынтымақты болуға үйретеді» - дейді
Ойын балалар үшін оқу да, еңбек те. Ойын айналадағы дүниені танудың тәсілі. Ойын балаларға өмірде кездесетін қиыншылықтарды жеңудің жолын үйретіп қана қоймайды, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады дегенді айтуда ғалымдар.
Н.Ф.Талызина «Алты жасарлар ойнай отырып, логикалық қабылдау арқылы оқуды және математиканы таным қызығушылығын меңгереді. Бұдан бірте-бірте ойыннан кейін оқу әрекеті орын алады» - деген пікір айтты.
В.В.Давыдов оқушыларда танымдақ проблемалық міндеттерді шештірудің жолдарын іздестіру арқылы шығармашылық тәжірибені меңгертуге болады, яғни соның нәтижесінде білім-білік, дағды дүниеге көзқарасын қалыптастыруды көздейді.
Н.К.Крупская өз еңбектерінде бала өмірінде ойынның маңызының зор екенін көрсеткен.
Балалар бір-бірімен ойнау арқылы қарым-қатынас жасауға, ұйымшылдыққа, еңбекке, мұқиятшылдық жағдайы ойын мазмұнына қарай шамалы уақытта ғана көрінетін дәлелдер.
Психолог А.С.Выготский: «бала ойнау барысында өзінің кішкентай екеніне қарамастан оның ойлауы, іс-әрекеттері көп жағдайда ересек адам сияқты көрінеді» - дейді.
Я.А.Каменский «ойынды рухани және дененің даму қозғалысы» - деді. Ойындар баланың жасына, халықтың әдет-ғұрпына сәйкес болу керектігін айтты.
К.Д.Ушинский сабақ үйрету барысында ойын элементтерін орынды қолдану оқушылардың білім алу процессін жеңілдетеді – деді.
Жоғарыда айтылған мәселелерді теория және практика жүзінде ұлы педагог Сухомлинский В.А. терең және жан-жақты қарастырған.
Қазіргі таңда оқыту процесінде бастауыш сынып оқушыларының оқу-танымдық іс-әрекетін белсендірудің тиімді жолдары мынандай:
1. Танымдық дидактикалық ойындар.
2. Сұрақ-жауап, тапқырлар клубы, викторина, қызықты математика.
3. Пәндік олимпиада апталығы.
4. Көрнекіліктер.
5. Ғылымның, өнердің, мәдениеттің жаңалықтары өтетін сабақтар.
6. Қызықты газет, журналдар, әдеби кітаптар оқуға жағдай туғызу.
7. Педагогикалық технологиялар.
Оқыту әдістерінің үш міндеті бар.
1. Дидактикалық міндет.
2. Танымдық қабілетін арттыру.
3. Оқудың тиімділігін арттыру.
Оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыруда жүргізілетін жеке жұмыстар әр пән бойынша жүргізіледі. Домбыра үйрету арқылы музыка үйрету, әртүрлі қызықты әңгіме оқу арқылы оқуға қызығушылығын ояту. Бастауыш сынып оқушылары ғылыми зерттеулерді іс-тәжірибелерді қолдана отырып, міндеттерді шешуге сүйенеді. Сондай-ақ оқушының танымы тек таным қызметінде ғана емес, сонымен бірге еңбек ойын әрекетінде, әдеби және қоғамдық қызметтерде орын алады. Әрекеттердің әртүрлілігі мен әдіс тәсілдері оқушының оқу барысында қабілетін арттуымен танымдық қызығушылықтың кеңеюіне әсерін тигізеді. Осыдан келіп оқушылардың қызығушылық, сұрақтар қою, қажеттіліктер, білімге деген құштарлық пайда болып, олардың жалпы дамуына әсерін тигізеді. Оқушы мен мұғалім қызметіндегі қызығушылық мынаған сүйенеді.
- Сабақтың шығармашылық бастамасы.
- Дұрыс ұйымдастырылған сабақтардың тақырыбы.
- Сабақ түрлері, өз бетімен жасалатын жұмыстар мен мәтіндердің әртүрлілігі, маңызды жолдарды іздестіре отырып, оқушының оқуға талаптануы.
Осы жолдарды, әдістерді қолдана отырып, оқушылардың білімге қызығуына, зерттеуіне атмосфера туғызу қажет, жоғарыда айтылған қызығушылықты қалыптастыру жолдары мен әдістерін қолдану үшін төмендегідей жағдайларды ескеру керек.
- Оқу процесіндегі сабаққа қойылатын дидактикалық міндеттер.
- Білім мазмұнының көлемі, маңызы.
- Білімді меңгеру деңгейі.
- Білімді қабылдауы.
- Білімді қолдана білуі.
Ойын үстінде оқушылар өзі үшін жаттығулар орындап, оқумен жаттығады және ойын үстінде салыстыру арқасында тапсырмаларды орындауға тырысады, ойын оқушыларды ізденуге, жеңіске жетуге ынталандырып бұдан оларды тез қимылдауға, тез ойлауға, тез шешім қабылдауға және тапсырманы нақты орындауға әкеледі. Әрине, бұл жерде ойын ережесі сақталуы керек.
Жарыс элементі ойында әрқашанда маңызды болып келеді. Жарыста балалардың белсенділігі, жеңіске жету еркіндігі жоғарлай түседі.
Я.А.Каменский: «ойында рухани және дененің даму қозғалысын көреміз, оларды саналы түрде пайда келтіретіндей жүргізуіміз керек. Ойын- жасына және халықтық ғұрпына сәйкес болуы керек» - деп аттап көрсетеді. [7,101]
Ойынды таңдау кезінде оқушылардың техникалық деңгейін, сапасына қарай белгілі бір жүйеде жүргізілуін есте ұстаған дұрыс.
Ұлы класик педагогтар Я.А.Каменский, И.Песталоцци, А.Макаренко, Н.К.Крупская, В.А.Сухомлинский және қазақ халқының ағартушы педагогтары А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаевтар, ойынның маңызын айта келе, ойын дегеніміз -айқын, білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты. Міне, ойын тынысы кең, алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиялы қанат бітіретін осындай ғажайып нәрсе, өмір тынысы дейді [8,15].
Оқытудың ойындық әдісі ерте кезден бастап күні бүгінге дейін қолданылып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Ойын технологиялары негізінде мұғалім жұмысының мазмұны қандай болуы керек?
Зерттеу барысында бастауыш сынып оқушылырының ойын технологиялары негізінде оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіру бойынша тәжірибелік-экспериментік жұмыс жүргізілді. Эксперимент Қарағанды қаласы №7 Жамбыл атындағы облыстық мектеп-интернат гимназиясында қазақ тілі, ана тілі, дүниетану, математика пәндерін қамтыды.
Алға қойылған мақсатқа жету үшін біз оқу материалының мәнділігі мен құндылығын көрсетуге, пәнаралық және пән ішіндегі байланысты орнатуға, қоршаған орта болмысын материалдарымен оқуды байланыстыруға, оқушылардың өз бақылаулары мен тәжірибесіне сүйенуге тырыстық.
Инновациялық оқу, оқудың дәстүрлі түріне әрекетшілікдікке ауысу арқылы жүзеге аса отырып, оқушының оқу әрекетінің белсенді субъектісі болуына мүмкіндік береді. Оның өзі сабақты әртүрлі технологиялар бойынша жобалауды қажет етеді. Біз тәжірибелік-экспериментік жұмыс барысында ойын жаңа технологиясын қолдана отырып, олардың бастауыш сынып оқушыларының танымдық іс-әрекетін белсендіруде тиімділігін айқындадық.
Ойындарға материалды таңдап алуда біз төмендегідей жайттарды есепке алдық.
) Ойындарды пайдалануға оқу материалы мазмұнының мүмкіндіктері.
) Білім көлемі мен сипаты, оларды меңгерудің қолайлығы.
) Ақыл-ой іс-әрекеті тәсілдерін қалыптастырудың алғы шарттары.
Ойынның құрамына қойылатын талаптар, ойынның мақсаты, мазмұны және формасы арқылы анықталады. Бұл жағдайда ойынға қатысты әрбір озат оқушыларға жақсы таныс болуы керек.
Дидактикалық ойындарды ұйымдастыру мен жүргізу педагогикалық тұрғыдан бірқатар шарттарға байланысты:
1. Ойынның сабақтың дидактикалық мақсатына сәйкестігі.
2. Ойындардың мазмұны мен формасына қарай әртүрлілігі.
3. Ойынның балаларға түсінікті және тартымды болуы.
4. Ойынға қатысушылардың белсенді шығармашылық позициясы.
5. Ойынның эмоциональды болуы.
Осы шарттардан ойынды ұйымдастыруға мынадай әдістемелік талаптар қойылады.
1. Ойынның мақсаты және керекті көрнекті құралдар мен материалдар күні бұрын дайындалып отыруы тиіс.
2. Ойынға кірісер алдында оның жүргізілу тәртібі оқушыларға әбден түсіндірілуі қажет.
3. Ойынға сыныптағы оқушылардың барлығының қатысуын қамтамасыз ету керек.
4. Оларды ойын үстінде ойлай білуге, шешім қабылдай білуіне жетелеу керек.
Ойындардың жіктемесін жасауда біз оқытудың білімділік, тәрбиелік және дамытушылық мақсаттарына жетуге бағытталған мазмұндық мотивациялық аспектісін негізге алдық.
Енді, біз әрбір сабақта оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіру үшін ойын технологиясының осы түрлерімен жіктеп жүргізілген жұмыс мазмұнына тоқталайық.
Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіруде мынадай жұмыстар жүргізіледі.
«Сөйлем» тақырыбын өту барысында «Сөз қуаласпақ», «Ұйқасын тап», «Жалғасын тап», «Жоғалған сөз», т.б. дидактикалық ойындар қолдану оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Сөз таптары», «Сөйлем түрлері» тақырыптарын өту барысында тірек сызбалар да балаларға ерекше әсер етіп, оқуға деген құштарлықтарын,танымдық белсенділіктерін арттыруға себепші болады.
«Сөз құрамы» тақырыптарын қорыту барысында «Білім биржасы», «Брейн ринг» оқыта үйрету ойындары оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, танымдық белсенділігін арттырады.
Ана тілі сабақтарында оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыруда шығармашылық сипаттағы тапсырмалар ерекше мәнге ие болады.
Бұл тапсырмалардың ішінде оқушыларға түрлі тақырыпта, мазмұны қысқаша шығарма жаздырту жұмысы маңызды роль атқарады. Оқушыға біріншіден шығарманың үлгісін көрсету немесе тірек схемаларды беру ұйғарылды. Себебі, кез- келген оқушы бірден шығарма жазуға қиналатыны сөзсіз. Екіншіден, ересектердің ықпалынан құтқару мақсатында, оқушыларға алдын-ала осы бағытта ізденуіне жағдай жасай отырып, шығарманы сыныпта жаздыртуға көңіл бөлінеді. Үшіншіден, оқушының еңбегін бағалауға ерекше мән беріледі.
Оқушылардың ой шапшаңдығын, сөз байлықтарын дамытып, шығармашылыққа баулитын тапсырмалардың екінші түрі – бұл өлең құрастыру. Мұнда өлеңдегі ұйқастарды табу, ұйқас нұсқаларды ойлау, өз бетімен өлең құрастыру сияқты жұмыс түрлері қолданылады.
Шығармашылық сипаттағы тапсырмалардың тағы бір түрі – ертегі, әңгіме құрастыру. Алдымен бұл жұмыс түрі ауызша жұргізіледі, содан кейін оқушылар өз ойын, қиялын қағаз бетіне түсіреді. Әңгіме мазмұны күнделікті қоршаған орта құбылыстарынан басталып, оқушылардың қиялын, арманын суреттейтін тақырыптарды қамтиды. Мұнда оқушыға әңгіменің тақырыбын тандауға бағыт беріп, оның қиялын дамытуға көңіл бөлінді.
Ал ертегі құрастыруда, ең алдымен, оқушылардың білетін, оқыған ертегілерінің мазмұнын жаңа түрде жаңарта отырып, ертегінің соңын өздерінше аяқтаулары талап етіледі. Кейін оқушылар түрлі мазмұнда ертегілер құрастыруды еркін меңгеріп, өз бетімен шығармашылық бағытта ізденіп, жұмыс істей алатын болады. Сонымен бірге, әрбір сабақта оқушының ойын дамытып, оны шапшаңдыққа, тапқырлыққа баулуда жұмбақтар, ребустар, сөз жұмбақтар, анаграммалар, сконвордттар құрастыру тапсырмасын орындау ерекше мәнге ие болады. Бұл оқушыдан салыстыру, жоспарлау сияқты тәсілдерді қолдануды талап етеді. Сондықтан да біз үнемі үлгі, тірек схемасын пайдаланып отырдық.
Сонымен, ана тілі сабақтарында оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру үшін басты назарға алатын нәрсе:
- өлең шығаруға үйрету;
- ұйқасын тапқызу, сөзбен-сөзді байланыстыру;
- ой тастау.
Дүниетану сабақтарында оқушылардың танымдық қызығушылықтарын қалыптастыруда хрестоматиялық материалды пайдаланудың мәні өте зор.
Оқушылар тақырыпқа сәйкес көркем әңгімелерді, өлеңдерді, ғылыми-көпшілік кітаптарынан алынған сипаттамаларды, қызықты деректерді ықылас қойып, зор ынтамен қабылдайды. Соның арқасында олардың пәнге деген қызығушылығы артады, ой-өрісі кеңейіп, қоршаған орта туралы білімдері жаңа деректермен молая түседі.
«Адам» бөліміндегі «Өнер, мәдениет-ақыл-ойдың-жемісі» тақырыбы бойынша оқушыларға «Әлемнің жеті кереметі» туралы жалпы мәліметтер берді, бұл оқушылардың тақырыпты меңгеруге қызығушылықтарын оятып, оқушылардың танымына ерекше ықпал етті.
Туған өлкенің жер бедері туралы сөз қозғағанда оқушыларға таулар мен табиғаттың әсемдігі жайында білетін өлеңдерін айту өте пайдалы.
Қоғамдық құбылыстар мен табиғат құбылыстары жайында белгілі бір тақырып бойынша қызықты деректер, әңгімелер, өлең-жырлар, мақал-мәтелдер іздестіруге арналған тапсырма беру де оқушылардың танымдық қызығушылын арттыруға мүмкіндік берді. «Адам», «Табиғат», «Қоғам» бөлімдерінде «Зоопарк», «Ботаникалық бақ», «Табиғатқа саяхат», «Қала мен қала маңы», «Ертегілер театры» т.б. ойындарды пайдалануға болады.
Сонымен, дүниетану сабақтарында мынадай жұмыс түрлері пайдаланылады:
- танымдық сипаттағы көркем мақалалар;
- қызықты тапсырмалар: жұмбақтар, сөзжұмбақтар, сканвордтар, ребустар, мақал-мәтелдер;
- проблемалық сұрақтар мен тапсырмалар;
- материалдың қоршаған ортамен байланысы, байланыстың бақылаулар мен тәжірибелерге негізделуі;
- дидактикалық ойындар «Жануарлар бағы», «Ботаникалық бақ», т.б.;
- тәжірибелер, бақылаулар, практикалық жұмыстар;
- көрнекі материалдар.
Математиканы оқыту процесінде жұмыстың әртүрін пайдалану бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын арттырумен қатар, олардың математикалық қабілеттерін дамытуға септігін тигізеді. Осының негізінде математика сабақтарында оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру үшін төмендегідей жұмыс түрлері пайдаланылады:
Бұл дидактикалық мақсаттағы ойындар- оқушылардың жан-жақты дамуына қызмет етеді. Олар сөздік ойындар, столда ойналатын ойындар, «Жұп картинкалар», «Лот», «Домино» балалардың ойлау қабілеттерін дамытады. Тіл сабақтарда зейінін, ойлауын, байланыстыра сөйлеуін дамытуда сөздік ойындардың маңызы зор. Мысалы, «Ұйқасын тап», «Жалғасын тап», «Жалған сөз».
Ал, математика сабақтарындағы ойындардың негізгі міндеті – есептеу дағдыларын қалыптастырып, жетілдіру. Осы мақсатта біз мынадай ойындарды пайдаландық. Мысалы, «Қара белгі», «Сиқырлы карта», «16-дан бастаймыз», «Цифрлар жарылысы», «Бизнесмен», «Көбейту тауы», «Асқарпаздар».
Көп танбалы сандардын кұрамын өткенде оқуға, жазуға төселдіру үшін «Сиқырлы карта», «Аздан көпке қарай» ойындарын пайдаланған абзал.
Математика сабақтарында тағы бір тиімді пайдаланылатын ойын-сергіту логикалық ойын есептер. Бұл логикалық есептерді ұсыну балалардың ойының ұшқырлығына, тез есептеуге төселдіруге өте үлкен әсер етеді. Қазір математика сабақтарында «Қазақтың байырғы қара есептері» деген кітаптан көптеген логикалық құрылымды ойындарды пайдалануға болады. Мысалы, ұзындық өлшем бірліктері тақырыбына байланысты «Ұлу мен қырғауыл», «Қырсық жолаушы» туралы есептер берілсе, оқушы өз тіліміздегі өлшем бірліктерін де меңгереді. Ал салмақ өлшемін өткенде « Жеңіл сақина», уақыт өлшеміне байланысты «Дыбысты сағат», есептерін ұсынуға болады. Есептеуге байланысты «Асық саны», «Шыпта», «Тауық нешеу саналған!» т.б. ойын-есептерді бере отырып балаларға «Қиял қыр асырады», «Тұяқты тұяқ жібермейді» сияқты нақыл даналықты меңгеруге болады.
Тапқырлыққа берілетін материалдардың негізгі мақсаты оқушылардың қызығушылығын ояту, ойлау әрекетін белсендіру, ой-өрісін кеңейту болып табылады. Олардың түрлері әртүрлі болып келуі мүмкін: ребустар, қазақ халқының ауызша есептері, өлең-есептер, викториналар т.б.
Бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыруда сабақты түрлендіріп өткізудің мәні ерекше. Зерттеу барысында біз танымдық бағыттағы сабақтарды жүргізе отырып, ірі жетістіктерге жеттік. Мысалы, математикадан «Көп таңбалы сандарды көбейту және бөлу» тақырыбында өткізілген сабақты «Жыл басына таласқан хайуанаттар» ертегісінің сюжетіне құрдық. Бұл сабақта оқушылар ертегі мазмұнымен таныса отырып, әртүрлі тапсырмалар орындайды. Мұндай сабақтың баланың танымдық қызығушылығын арттырумен қатар, тәрбиелік мәні зор.
Танымдық бағыттағы сабақтың әртүрлері оқушылардың оқу материалына деген қызығушылығын арттырады, ой-өрісін кеңейтеді, танымдық процестерін дамытуға септігін тигізеді, сонымен бірге олардың бойында адамгершілік асыл қасиеттерді қалыптастыруға көмектеседі.
Оқыту процесінде бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыру үшін жұмыстың әртүрлі формаларын таңдап ала отырып, оларды тиімді ұйымдастыруға көңіл бөлінуі шарт. Жүргізілетін жұмыс түрлері оқушылардың жас және дербес ерекшеліктеріне, оқу материалдарының мазмұны мен оқытудың мақсатына сай болуы қажет.
Бастауыш сынып сабақтарын қызықты да, әсерлі етіп, түрлендіріп өткізу мұғалімнен шығармашылық ізденісті, педагогикалық шеберлікті талап етері сөзсіз.