269
ақындармен, диқандармен, сатушылармен, малшылармен, қолөнершілермен,
кедей-
пақырлармен қалай қатысу керектігін айтып отырады. Барлығына жеке-жеке тоқталмай-ақ,
«жақсы көріп, құрмет көрсет басына, шаң тигізбе хақына да, атына» [4, 407 б.] деген Жүсіптің
пікірімен түсіндірме жасағым келеді, өйткені олардың барлығы қоғам қабатының қажетті
өкілдері. Қайырымды қала тұрғындарының арасынан философтар санын көбейту керек.
Әділетті әкім соған алғы шарттылықтар тудырады. Бақыт дегеніміздің өзі – адам фәлсафаның
көмегімен ұғынатын абсолютті қайырымдылық. Жер бетіндегі адамзат адамзат атаулының
әртүрлілігіне байланысты, олардың рухани заттарды ашуға да қабілеттері бір-біріне қарама-
қайшы. Алайда қайырымды қала тұрғындары қайырымдылық жасауға, бақытты талаптанып
табуға және кемелденуге қол жеткізу үшін табиғи диспозицияны ерік жігер мен тәртіптің
көмегі арқылы дағдыландырады. Үнемі жүргізілетін еңбектің арқасында нығаятын және
көрінетін әртүрлі өнер мен ғылымдағы байқалатын бір-біріне қарама-қарсы қабілеттеріне
байланысты адамдар үнемі ерекшеленіп отырады. Қайырымды қаладағы кез-келген адам
өзінің қабілеті мен дайындығына байланысты әрекет етеді. Бақытқа қол жеткізудегі тұтыну
талабын адамдар даралықта емес әділетті әкім ұйымдастырған көпшілік арасында яғни
қоғамда жүзеге асырады. Ал осы қайырымды қаладағы нағыз билеуші дегеніміз – әрекет
етуші интеллектіге мүлтіксіз жақындауша адам. Ол ақиқатты таниды. «Ел
басқарудың
алғашқы ізгілікті сабағы қалалар мен халықтар арсындағы ізгілікті тұрмыс салты мен ізгілікті
қабілеттерді орнықтыруды, оларды жан-жақт насихаттауды және мәдениетсіз өмір салтының
келеңсіз көріністерінен сақтануды қамтамасыз ететін іс-әрекеттерден тұрады» [5, 59 б.].
Қайырымды қаладағы азаматтардың қол жеткізген бақыт деңгейі саны мен сапасы
жөнінен әр түрлі. Жойылуға душар болған мінсіз адамдардың жаны уақыт өткен сайын
тәнінен алшақтай түсіп, рухтың болмысын қалыптастырады. Бірінен соң бірі ұрпақ
осылайша өте береді. Барлық жақсы адамдардың жаны көп мөлшерде бір-бірімен кездесіп,
олардың бақыты өзара танымның арқасында көбейе түседі. «Тек тамаша көркемдікке жетуді
мақсат ететін өнер философия немесе абсолюттік мағынада айтқанда, «даналық» деп
аталады». Адам бақытқа тек көркемдікті меңгергеннен кейін ғана жетеді. Философия
ғылымы болмайынша, ғаламның бағынысты үйлесімін, құрылысының сұлулығын
түсінбейінше шын бақытқа жету мақсаты сағым іспеттес. Белгілі философ А.Х. Қасымжанов
Фарабидің бұл көзқарасын жоғары бағалап өтті: «Теориялық философияның курсын түгел
өту адамға жоғары бақытқа жету үшін қажет. Бақыттың не екенін білмей тұрып оған жету
мүмкін емес, бақытты нақты және
нақтылайтындай мақсат етіп, одан шеттемеу керек.
Сондай-ақ бақытқа жету үшін не істеу керек екенін білу қажет. Бұған байланысты мәліметтер
мен нұсқаулар практикалық философияда жасалады» [6, 142 б.]. Даналық бақытқа жетелейді.
«Даналықтың тақ-тәжі сатылмайды ақшаға» десе енді бірде «даналардың әр сөзі тең ғой
бейіш үнімен, даналықтың мәуесі – қайырымдылықтың бағы да» [4, 597 б.] дейді Жүсіп
Баласағұн.
Әбу Наср пайымында бақытқа қол жеткізудің алғашқы құралының бірі – дін. Жер
бетінде әртүрлі қайырымды қалалар мен ізгі ұлттар, ұйымдар, тайпалар өмір сүреді. Олардың
діни сенімдері де әртүрлі болу шарттылығын қарастыра отырып Фараби, барлық адамзаттың
ұмтылысы бірақ нәрсе, ол – бақытқа қол жеткізу деп дәлелдейді. Діни ілімдер, мемлекет пен
адамдардың бірігуі бір қоғамда жүргізіле береді, ең ақырында барлығының мақсаты бақытты
болу деп тұжырымдайды әл-Фараби. «Бір сөзбен айтқанда, бұл дүниені Жаратушының салып
берген қасиетті жолымен дұрыс жүре отырып, құдіретті күшті Алла Тағалаға барынша
еліктеу және жаратқан ием дарытқан өзіндік ерекшеліктер мен инстинктері, табиғи
түрлерімен сипатталатын болмыстың сан-алуандығына арқа сүйеп отыру қажет. Ал мұндай
жағдайда дүниенің барлық түрлері олардың өз сатыларына сәйкес табиғи игілікпен өзара
үндестік табады» [5, 69 б.]. «Қайырымда қалада»
әл-Фараби материядан тыс болмыс, мәңгі
жаратылыс құбылысының бастауы болып табылатын алғашқы себеп – Алла туралы өте терең
талдау жасағанын көруге болады. Бұл теория ислам философиясының маңызды бір бөлігін
құрайды. Ай үсті және ай астындағы деп әлемді екіге бөледі. Бұл әлемдер әрдайым қозғалыс