Наурыз сыйы тыныштық
Әли Ысқақбай
Жадырап күннің жанары,
Бетті өпсе жылы самалы.
Сай - сайға ақса жылғалар,
Бұл Наурыз хабары.
Ашылып аспан шүмегі,
Жауынмен құм да түледі.
Көкмайса жұмсақ құлпырған,
Бұл Наурыз кілемі.
Бусанып тарғыл атырап,
Нәрленіп торғын топырақ.
Жауқазын өссе күнеске,
Бұл Наурыз – жапырақ.
Көз тігіп Күнге барлығы,
Бүршігін жарса әр гүлі.
Халыққа бақыт тілеген,
Бұл Наурыздың жарлығы.
Бөктіріп көктем жаңбыры,
Тіріліп шөптің тамыры.
Бүрленсе жусан бұрқырап,
Бұл Наурыздың таң нұры.
Қауымға қалың дүр болған,
Шаттыққа бөлер жыр болған.
Шапағат төккен мейірлі,
Бұл Наурыз ғой нұр болған.
Себелеп жаңбыр жауып тұр,
Емшегін бұлттың сауып тұр.
Жақсылық нәрін мол сепкен,
Бұл Наурыз сауық - жыр.
Тілегін айтып ұнаған,
Арылса туыс күнәдан.
Көңілде күдік қалдырмас,
Бұл Наурыз – шын адам.
Тұқымын сеуіп ырыс - құт,
Дем алса диқан тыныс қып.
Тірлік пен байлық бастауы,
Наурыз сыйы тыныштық.
Тәуелсіз елдің адамы,
Бейбіт күн берік қамалы.
Құт болсын дейік ағайын,
Жаңа күн Наурыз қадамы.
Достарыңызбен бөлісу: |