бірнеше есеге жоғары болды. Актрисаға психологиялық тұрғыда жіті іздену
жауапкершілігі жүктелді. Оның үстіне, отбасын құрып, әлі ана атанып үлгермеген
бойжеткенге баласын өмірге әкеле салып, тұрмыс тауқыметінің салдарынан одан бас
тартуға мәжбүр болған қырғыз қызының шарасыз һәм трагедиялы күйін шегіне жеткізе
ойна деп талап қоюым да менің тарапымнан әділетсіздік болар еді. Тіпті өзгені
айтпағанда, жұмысымның шынайы шығуын ойлап, басты рөлге қазақты емес, қырғыздың
актрисасын бекітуді ойладым. Бірақ тағы да режиссерлік ішкі түйсігім Самалды таңдады.
– Жалпы, өзіңіз бұл жеңісті қалай бағалайсыз?
– Мұндайда ауызға сөз түспейді екен. Талас жоқ, бұл – үлкен марапат, кино
өнерінің жаңа бір белесі деп білемін. Сіз білесіз бе, әлемде қанша фильм түсіріліп жатыр?
Қанша актер бар? Соның ішінен суырылып шығып, қазақстандық актриса үздік атанды.
Мұндай талантты қазақ топырағы өмірге әкелді, тәрбиеледі. Сондықтан да бұл жеңіспен
мақтану керек. Самал Еслямова – талантты ғана емес, кәсіби деңгейде білім алып,
шыңдалған өнер иесі. Ол Мәскеудің ең үздік оқу орындарының бірі – Ресей театр өнері
университетінде (ГИТИС) оқыды. Біз қарбаласта жүріп, кейде өмірлік маңызы бар
дүниелерге мән бермей жатамыз. Кино саласында ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқан
адам ретінде айтамын. Бұған қуану керек және қазақ киносының болашағы туралы
ойлануымыз қажет. Мен қазір де Самалға жалғыз ғана дүниені айтамын: сол алған
біліміңді Қазақстанға алып келіп, кәсіби мектептер ашып, сол арқылы еліңдегі өнерге
құштар жастарға әлемдік деңгейдегі актерлік мектепті үйретіп, жаһандық кино мен театр
мәдениетінің талаптарын солардың бойына сіңіруге күш салсаң, Отаныңа бүгінгіден де
көбірек пайда келтіресің деймін. Өйткені, Самалдың өте ұлтжанды қыз екенін білемін.
Жүрген жерінде үнемі Қазақстанды айтып жүреді
– Әңгімеңізге рахмет.
Назерке Жұмабай
https://egemen.kz/article/169281
Достарыңызбен бөлісу: