Негізгі орта білім беру деңгейінің 8-сыныбы үшін «Этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихы» курсының типтік оқу бағдарламасы



Дата31.07.2017
өлшемі100,1 Kb.
#22338
Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 3 сәуірдегі   
№ 115 бұйрығына      
110-қосымша        

Негізгі орта білім беру деңгейінің 8-сыныбы үшін
«Этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихы»
курсының типтік оқу бағдарламасы

1. Түсінік хат

      1. Бағдарлама Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» халыққа Жолдауындағы: «Тәрбиенің құрамдасы – патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы заңға мойынұсынушылық. Бұл құндылықтар меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс», - деген ұстанымдарын ескере отырып, әзірленді.


      2. Елдiң табысты дамуының басты шарты – iшкi саяси тұрақтылықты, азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi қамтамасыз ету, әрі қалыптасқан этникалық қауымдастықтардың терең тарихы негізінде этносаралық қатынастар мәдениетiн арттыру болып табылады.
      3. Арнайы курс бағдарламасы жастарымызға тәрбие берудегі басты бағыттардың бірі ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін дамытуды қарастырады. Бағдарламаның болашақ ұрпақты толерантты әрі өзге этностардың құндылықтарын құрметтейтін азамат ретінде тәрбиелеудегі маңызы зор.
      4. Пәнді оқыту мақсаты:
      оқушыларға Қазақстанның көпэтносты қоғам ретінде қалыптасу тарихын белгілі заңдылықтар мен тарихи үдерістер негізінде таныстыру. Қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды жолдары мен шарттарын түсіндіру.
      5. Оқыту міндеттері:
      1) этнос ұғымының адам өміріндегі рөлін, оның басты белгілері мен қызметтерін көрсету;
      2) Қазақстан аумағындағы этномәдени үдерістердің негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктерін түсіндіру;
      3) этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихын кезеңдер арқылы ашып көрсету;
      4) этностардың бай этникалық тарихы, мәдениеті және олардың қоғам өмірін ұйымдастырудағы қызметтерімен таныстыру;
      5) көпэтносты, әрi көпконфессиялы қоғам құрудағы қазақстандық тәжiрибенің ерекшеліктерін айқындау.
      6) Этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихы этностар өмірінің әртүрлі сатыдағы даму деңгейінің барлық қырларын қарастыратындықтан, пәнаралық байланыстар орната білудің мүмкіндігі өте мол. Пәнаралық байланыс белгілі бір этносқа ортақ фактілер, деректер, түсініктер мен идеялар бойынша жүргізіліп, оқушылардың оқу материалдарын шығармашылықпен игеруіне, оқу дағдылары мен икемділіктерін қалыптастыруға септігін тигізеді. Курс тақырыптарына байланысты пәндер тізімінен тек тарих, әдебиет сияқты гуманитарлық пәндерді ғана емес, жаратылыстану-математика цикліндегі пәндерді де көруге болады.
      7) Оқу жүктемесінің көлемі:
      8-сыныпта аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат.

2. Оқу пәнінің 8-сыныптағы базалық білім мазмұны

      8. Курстың білім мазмұны төмендегідей тарауларды қамтиды:


      9. Кіріспе: пән туралы түсінік, мақсат-міндеттері, өзектілігі. Қазақстан халқы, оның күрделі этникалық құрамы. Қазақ этносының ұлт құру және мемлекет құру әлеуеті. Қазақстан Республикасының этносаралық қатынастар саласында ұстанатын саясаты (1 сағат).
      10. «Этнос әлемі» (3 сағат):
      1) Этнос ұғымы: этнос ұғымының мәні. Негізгі түсініктер: этникалық тарих, ұлттық мемлекет, унитарлық мемлекет, федерация, титулдық этнос, көпэтностық қоғам, этносаралық коммуникация, диаспора, интеграция, ассимиляция, консолидация (1 сағат);
      2) Жер – этностар мекені: алғашқы этникалық бірлестіктердің пайда болуы (антропогенез, расогенез және этногенез). Этностардың қалыптасуына ықпал ететін түрлі факторлар (тарихи, географиялық, саяси, мәдени). Ірі миграциялық үдерістердің жер шарының этникалық бет-бейнесінің қалыптасуына тигізген әсері (1 сағат);
      3) Қазіргі замандағы этникалық қарым-қатынастар: Жер бетін мекендеген этностарды тілдік, антропологиялық, шаруашылық, діни ерекшеліктері бойынша жүйелеу. Қазіргі әлемдегі этностардың өзара қарым-қатынастары және негізгі үдерістері (1 сағат).
      11. «Көне және ортағасырлардағы Қазақстанның этносаралық қарым-қатынас мәдениеті» (3 сағат):
      1) Қазақстанның этникалық тарихы: Қазақстан этно-саяси бірлестіктерінің әлем этностарымен қарым-қатынасы тарихынан. Қазақстан территориясын мекендеген халықтардың өзара этногенетикалық және мәдени сабақтастығы (1 сағат);
      2) Қазақтардың өзге халықтармен қалыптасқан қарым-қатынас жүйесі: Қазақ мемлекетінің саяси-дипломатиялық мәдени байланыстары. Қазақ одағына кірген өзге этникалық топтар мен ұлыстар және олардың қоғамға интеграциялануының механизмдері (кірме, ру құрамына ену, төлеңгіттер институты, шалақазақтар). Тамыр болу, қонақжайлылық дәстүрі (1 сағат);
      3) Қазақ халқының мәдениеті. Дәстүрлі рухани және материалдық мәдениет – ұлттық сана-сезімді қалыптастырушы фактор. Ұлттық стереотиптер (1 сағат).
      12. «Көпэтносты Қазақстанның қалыптасу тарихы» (13 сағат):
      1) Өзге этнос өкілдерінің Қазақстанға қоныстануының алғашқы кезеңі: ХVІІІ ғасырдың орта шеніндегі Қазақ хандығының этникалық территориясы мен халқы. Ресей, Қытай, Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасы (1 сағат);
      2) ХІХ ғасырдың басындағы Ресей реформалары және этникалық құрамдағы өзгерістер: ХІХ ғасырдың басындағы Ресей реформаларының қазақ қоғамындағы этносаралық қатынастарға тигізген әсері. Казак-орыстардың жергілікті халықтармен мәдени-тұрмыстық байланыстары. Шаруашылықтағы өзара байланыстар. Дәстүрлі қазақ мәдениетінің үлгілерін қабылдауы. Жайық, Орынбор, Сібір, Жетісу казак-орыстары қоныстарының қалыптасуы. Отырықшы қоныстардың пайда болуы (1 сағат);
      3) XIX ғ. этникалық құрамның күрделенуі: Қазақстанды крестьяндық (қарашекпен) отарлаудың кезеңдері. Ұйғырлар мен дүнгендердің қазақ жеріне қоныс аударуы. Жергілікті халықтармен мәдени тұрмыстық байланыстары. Дәстүрлі қазақ мәдениетінің отырықшы мәдениет үлгілерін қабылдауы (1 сағат);
      4) Қазақ жеріндегі этносаралық қарым-қатынас ХІХ ғасырдың зиялы қауымының назарында: А.И.Левшин, Т.Г.Шевченко, Ш.Ш.Уәлиханов, Г.Н.Потанин, С.Бабаджанов, В.В.Радлов, Ы.Алтынсарин, Н.И.Ядринцев, В.К.Фон Герн, И.Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлы, М.Ж.Көпейұлы, т.б. қазақ жерін мекендеген этностардың мәдени ерекшеліктері және қарым-қатынастары жөнінде (1 сағат);
      5) Алаш зиялыларының этносаралық қатынастарға қатысты ұстанымы: Алаш бағдарламасындағы ұлыс және ұлт саясатының көріністері. Алашорда үкіметінің мемлекет құру және этносаралық мәселелерді шешу үшін жүргізген күресі (1 сағат);
      6) Кеңес үкіметінің орнауы: 1920-1930 жылдардағы саяси-қоғамдық және демографиялық ахуал. КСРО құрамында Қазақ республикасының құрылуы және территорияның межеленуі. 1921-1922, 1932 жылғы аштық. 1929 жылғы переселен басқармасының құрылуы. Демографиялық жағдайдағы өзгерістер (2 сағат);
      7) Қазақстан – үлкен депортациялық лагерь: 1930-1950 жылдардағы тұтас халықтарды елімізге жер аудару тарихынан. Олардың көрген қиыншылықтары мен жаңа жерге орнығуы. Лагерьде азап шеккендер. Қазақ халқы тарапынан қамқорлық (2 сағат);
      8) Тың және тыңайған жерлерді игеру кезіндегі этникалық үдерістер: Тың игеру науқаны кезінде республикаға келген халықтар. Демографиялық жағдайдың күрт өзгеруі (2 сағат);
      9) Кеңес үкіметінің ХХ ғасырдың 2-ші жартысында республикада жүргізген ұлттық саясаты: білім беру, мәдениет салаларындағы саясат. «Халықтар достастығы зертханасы» идеясы. Қазақ тілінің жағдайы. Қазақстандағы кіші этностардың жағдайы (1 сағат);
      10) Қазақстан – егеменді мемлекет: КСРО-ның ыдырауы. КСРО-ның ұлттық саясатының дағдарысы. Қазақстанның егемендік алуы. Алғашқы декларация мен тәуелсіздік туралы заң (1 сағат).
      13.«Тәуелсіз Қазақстан – көпэтносты және көпконфессиялы мемлекеттің жаңа үлгісі» (6 сағат):
      1) Егеменді еліміздің ұлттық саясаттағы алғашқы қадамдары: отарлық жағдайдан шынайы тәуелсіздікке өту үдерісі. Ата заң. Қазақстанды мекендеген этностар мен этникалық топтардың арасында жаңа қатынастардың қалыптасу тарихы. Қазақстанның мемлекеттік және ұлттық рәміз-нышандары (1 сағат);
      2) Қазақ ұлты өзге этникалық топтардың ұйтқысы ретінде: мемлекет және ұлт құрушы қазақ этносы. Мемлекет және тіл саясаты, қазақ мәдениетінің көпэтностыортадағы орны мен қызметі, қазақ халқының саяси-демографиялық ахуалы (1 сағат);
      3) Қазақстанды мекендеген этникалық топтар және олардың қоғамдық-саяси өмірде алатын орны: орыс, өзбек, украин, ұйғыр, кәріс, татар, башқұрт этномәдени қауымдастықтары. Қазақстандағы этносаралық үйлесім, өзге этникалық топтар мен этнос өкілдері туралы ақпарат және демографиялық жағдай. Қазақстанды мекендеген этностардың материалдық ескерткіштері. Қазақ жерін мекендеген этностардың дәстүрлі өнері, ерекше мерекелері (2 сағат);
      4) Қазақстан – этнос және конфессияаралық татулықтың жаңа үлгісі. Қазақстандағы діни конфессиялар мен топтар. Олардың қоғамдық өмірдегі орны. Түрлі этностар мен конфессиялардың арасында үйлесім мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған Қазақстан тәжірибесі. Әлемдік дін өкілдерінің бас қосулары (2 сағат).
      14. «Қазақстан халқының ортақ салт-дәстүрлері мен мерекелері» (3 сағат):
      1) 1 мамыр – Қазақстан халқының достығы мен татулығы мерекесі: Мерекенің маңызы, өткізілу барысы, көріністер. Қазақстанды мекендеген этностардың бейбітшілікті, бірлікті, татулықты дәріптейтін рухани қазыналары мен құндылықтары (1 сағат);
      2) Қазақстан халқының діни-конфессиялық мерекелері: Мұсылмандардың ораза-айт және құрбан айт, христиандардың рождество, т.б. мерекелері (1 сағат);
      3) Наурыз – Қазақстан этностары үшін шынайы жаңғыру мерекесі: Наурыз мерекесінің тарихи бастаулары мен аңыздар. Наурыздың салт-дәстүрлері. Наурыз – табиғат пен адам баласының болашаққа деген үміті (1 сағат).
      15. «Қазақстан халқының ассамблеясы және этносаралық қатынастар» (4 сағат):
      1) Қазақстан халқы Ассамблеясының даму стратегиясы. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы. Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясы – ұлттық келісім, қауіпсіздік, азаматтық білім. Этномәдени орталықтардың ашылуы (2 сағат);
      2) Қазақстан Республикасының ұлттық доктринасы және этностардың өзара ықпалдастығының артуы. Қабылдану қажеттілігі. Негізгі қағидалары (1 сағат);
      3) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тұрақтылық пен татулықты сақтаудағы рөлі. Елбасының этносаралық келісімді нығайту жолындағы саясаты. Этносаралық қатынастар туралы Елбасының сөздері мен шығармаларындағы ойлары (1 сағат).
      16. Қорытынды қайталау (1 сағат).

3. Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

      17. Пәндік нәтижелер бойынша 8-сыныптың соңында оқушылар:


      1) этнос ұғымының адам өміріндегі орнын, оның басты белгілері мен қызметтерін;
      2) Қазақстан аумағындағы этномәдени үдерістердің негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктерін;
      3) этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихының негізгі кезеңдерін;
      4) этностардың этникалық тарихы мен Қазақстан аумағына қоныс аудару себептерін;
      5) этностар этнографиясы мен олардың қоғам өмірін ұйымдастырудағы қызметтерін;
      6) көпэтносты, әрi көпконфессиялы қоғам құрудағы қазақстандық тәжiрибенің ерекшеліктерін білуі тиіс;
      7) этносаралық қатынастардың қоғамның саяси және әлеуметтік өміріндегі рөлін;
      8) Қазақстан этностары тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктерін;
      9) Қазақстан аумағындағы этномәдени үдерістердің негізгі заңдылықтарын;
      10) этнос өміріндегі мәдениеттің рөлін анықтауды;
      11) салт-дәстүрдің жеке тұлғаның дүниетанымының қалыптасуындағы орнын талдауды;
      12) діннің қоғамның мәдени және рухани дамуындағы рөліне баға беруді;
      13) оқытылатын тақырыпқа байланысты толық жоспар құруды;
      14) тарихи құжаттармен өздік жұмыс жасауды;
      15) этникалық топтарға, маңызды тарихи оқиғаларға, тарихи тұлғаларға өзіндік сипаттама беруді;
      16) алған білімін жаңа жағдайға көшіре білуді;
      17) өткен материалдар бойынша жеке пікірін айта алуды және дәйектер негізінде өз көзқарасын қорғай алуды;
      18) баяндама мен хабарламалар жасауды;
      19) жекелеген тақырыптар бойынша тест жасауды;
      20) тест тапсырмаларын орындауды;
      21) қосымша мәліметтерді өз алдына іздестіруді меңгеруі тиіс.
      18. Тұлғалық нәтижелер оқушылардың:
      1) азаматтық, этникалық, мәдени сәйкестілігі мен патриотизмнің қалыптасуынан, өз халқы мен өзге этностарға деген құрметі, көпэтносты өз Отанының кешегі тарихы мен бүгінгі күніне мақтанышпен және келешегіне зор сеніммен қарауынан;
      2) Қазақстан қоғамының белсенді әрі жауапты мүшесі ретінде жалпы адамзатқа тән гуманитарлық және демократиялық, дәстүрлі ұлттық құндылықтарды саналы түрде қабылдап, өз Отанының алдында жауапкершілігін сезінуінен;
      3) қазіргі заманғы қоғамдық құбылыстардың мәні мен көпэтникалық және көпконфессиялы әлемдегі өмірді түсіну үшін тарихи білімді қолдану дағдыларынан;
      4) Қазақстан этностарының тарихи мұрасына деген құрмет, еліміздің көпэтникалық және көпконфессиялы қоғамында тарихи қалыптасқан толеранттылық дәстүрлерін қабылдап, одан әрі жалғастырудан көрініс табуы тиіс.
      19. Жүйелі-әрекеттік нәтижелер бойынша:
      1) оқушының өз көзқарасы негізінде кезкелген жорамалдың өмірсүруге құқы барын дәлелдей алуы;
      2) Қазақстан тарихы, сонымен қатар өзге де гуманитарлық пәндерден жинақтаған білімдерін қолдана білуі;
      3) тарихи және этнографиялық деректерді зерделеуде, тарихи оқиғалардың нұсқалары мен бағалауларын салыстырмалы тәсіл негізінде әртүрлі сабақ түрлерін;
      4) оқытудың бірнеше әдістерін қолдану арқылы көтеріліп отырған мәселелерге байланысты әртүрлі көзқарастарды талдай білуді;
      5) белгілі бір этносқа тән толассыз тарихи уақиғаларды баяндау арқылы мәселелік оқыту әдістерін;
      6) оқушыларды дербес танымдық іс-әрекетке тарту, қызықтыру, жеке тұлға есебіндегі қасиеттері мен шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында өзіндік жұмысты сабақ жүргізудің, ұйымдастырудың формасы ретінде жүзеге асыруда;
      7) тарихи құжаттарды тарихи сюжеттердің мысалы ретінде ғана қолданбай, тарихи танымды қалыптастыратын негізгі білім обьектісі деңгейіне жеткізудің;
      8) тарихи құжаттар, анықтамалармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырып, оларды талқылау мен талдауға үйрететін әдістерді қолдануы тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет