109-бап. Бала асырап алудың күшін жоюдың салдары
1. Сот бала асырап алудың күшiн жойған кезде, егер бұл баланың мүдделерi үшін қажет болса, асырап алынған баланың және бала асырап алушылардың, бала асырап алушылардың туыстарының өзара құқықтары мен мiндеттерi тоқтатылады және бала мен оның ата-аналарының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен мiндеттерi қалпына келтiрiледi.
2. Бала асырап алудың күшi жойылған кезде бала сот шешiмi бойынша ата-аналарына берiледi. Ата-аналары болмаған кезде, сондай-ақ баланы ата-аналарына беру оның мүдделерiне қайшы келсе, бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқоршылығына берiледi.
3. Сот сондай-ақ баланың асырап алынуына байланысты оған берiлген аты, әкесiнiң аты (егер бар болса) және тегi сақталды ма, сондай-ақ бала асырап алу кезінде өзгерген туған күні, айы, жылы мен туған жері қалпына келтірілді ме деген мәселені шешеді.
Он жасқа толған баланың аты, әкесiнiң аты немесе тегi оның келiсiмiмен ғана өзгертілуі мүмкiн.
4. Сот баланың мүдделерiн негiзге ала отырып, осы Кодекстің 139 және 141-баптарында белгiленген мөлшерде бұрынғы бала асырап алушыны баланы күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуге мiндеттеуге құқылы.
110-бап. Асырап алынған бала кәмелетке толған соң бала асырап алудың күшін жоюға жол бермеу
Бала асырап алудың күшiн жоюға бала асырап алушы мен асырап алынған баланың, сондай-ақ егер ата-ана құқықтарынан айырылмаған не олар шектелмеген немесе сот әрекетке қабiлетсiз деп танымаған асырап алынған баланың ата-аналары тiрi болса, олардың өзара келiсiмi болған жағдайларды қоспағанда, егер бала асырап алудың күшiн жою туралы талап қойылған кезде асырап алынған бала кәмелетке толса, бала асырап алудың күшiн жоюға жол берiлмейдi.
14-тарау. Бала асырап алу жөніндегі агенттіктерге және жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдарға аккредиттеу жүргізу
Ескерту. 14-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |