Нығыметолла Кенжегүл
Балабақша 96 разъезд
Ақмола облысы
«Жарқын елдің шамшырағы - жас маман»
(эссе)
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!
Мағжан Жұмабаев
Адамзат өркениетінде «жас маман» деген сөздің мағынасына өзінше бір талап қояды. Сондай-ақ бұл сөз қоғамда әрдайым пікірталас тудырып жатады. Оның себебі, жас маманға деген қатынас жасаушылар оларға сенімді тұлға ретінде бірден қарай қоймайды. Осы жерде «жас маман» деген сөздің өзін талдап көрейік.
«Жас» деген ұғым адамның жасерекшелігіне қарай дамып, әлі де қалыптасу үстіндегі өсіп келе жатқан шағы, ал «маман» деген ұғым бір кәсіптің тізгінін ұстаған, арнайы білімі бар, сол салада біршама ізденген, әлі де кәсіби білімін жетілдіретін, белгілі-бір салада кәсіби бағыт-бағдары жазылған дипломы бар жаңадан қызметке орналасқан, өзбетінше өмір сүруге бет алған адамды айтамыз.
Дегенмен, «жас маман» үшін «тәжірибесіз», «еңбек өтілі жоқ», «кәсіби біліктілігі жоқ» деген көзқарастар өз күшінде қала береді. Ол белгілі бір өмір сүру заңдылығы іспеттес.
«Мен жас маманмын!». Демек тәжірибелі маман болу үшін маған не істеу керек?
Әрине «жас маман» - деген сөзді естісек, оның тәжірибесі жоқ немесе аз, қолынан көп іс келе бермейтін, зейінсіз, өз-өзіне сенбейтін, кәсібіне күдіктене қарайтын адам ретінде қарайды. Бұл жерде, мені тым әсерелеп жіберді демеңіздер, «жас маманға» деген көзқарас қоғамда әлі де болса сенімсіздікті оятады, жас маманды қызметке жаңадан орналасқан, еңбек өтілі жоқ, кәсіби қабілеті шыңдалмағын тәжірибесіз деп қарайды. Себебі, жас маманның бойындағы қасиеттерін жарыққа шығарып көрсету үшін кезінде мүмкіндіктер аз болған, бір еңбек саласында көптің бірі болып жүрген.
Ал енді, «ХХІ ғасыр – Білім ғасыры» деп қарайтын болсақ, еңсесі биік егеменді еліміздің адалдығын ту еткен алғыр ойлы, адал азаматы ұл - қыздарына еліміздің білім беру саясаты мен жүйесі әлемдік стандарттарға сәйкес саналы тәрбие, сапалы білім беріп жатқанын ескерсек жоғарыдағы сенімсіздікті жойған болар едік! Оған қоса, өткен ғасыр ғұлама бабаларымыз өздерінің жетпеген жеңісіне, орындай алмаған арманына артында қалған жастардың жететініне нық сенім білдіріп отырған.
Әрбір мемлекеттің болашағы ол жастардың қолында. Ол жайында аз айтылып жүрген жоқ. Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар ол, бүгінгі жастар. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт болашағы - білімді ұрпақ қолында» дегені біздерге жарқын болашаққа апарар жолды меңзеп тұрғандай.
Расында, бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, келешектің келбеті емес пе? Сол себепті олардың саналы да білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті болып өсуі еліміздің қарқындап дамуындағы аса маңызды фактор болып табылады.
Қазіргі жас маманға «Талпынған бала - талпынған құстай, құмары қанбас аспанға ұшпай», - деп бабаларымыз айтқандай, бойындағы ерік күшін жинап, білек сыбана өзін жан-жақты әрі талап қойғыш, өз-өзіне сыншыл ретінде қарап әрдайым ізденпаздығын шыңдап отыруы тиіс. Бұл қасиеттерді қалыптастыру жолы біздің елде барынша жолға қойылған, талаптансаң мүмкіндіктер алаңы жеткілікті дәрежеде.
Атап айтатын болсақ, өзіміздің балабақшамызда жас мамандар үшін барынша жағдайлар жасалған, яғни оның жұмыс уақытында тек қана кәсіби міндетін атқарып тәжірибе жинақтап қана қоймай, онымен қоса өзінің тұлғалық кәсіби сапаларын да үнемі шыңдап жүру жүйесі қалыптасқан.
«Кәсібім-нәсібім» дегендей ол маған өзімнің жаңа қырымды ашуға, таңырқауыма, қызығуыма дағдымды оятады, және бір жерде тұрып қалмауымды, өзгелерді қызықтыра алуымды үйретеді. Сондай-ақ, жаңа іс әрекеттерді орындауды және білмейтін тәсілмен байқап көруімді, қателесіп оны жоя білуімді ұсынады.
Балабақшада жұмыс барысында мен жай ғана жас маман емеспін, оған қоса жас ұстазбын, ал бұл мен үшін ұтымды жақ. Менің жұмысым бәрінен бұрын балалармен байланысты, сабақ беремін және олармен өзара қатынас жасаймын, өз беделім мен үлкендігімді пайдаланбаймын, керісінше балалармен тең дәрежеде байланыс орнатып олардың бойындағы қызығушылық пен еліктеулері маған да тән қасиет деп білемін.
Өзім жас маман болсам да кәсіби талап бәріне ортақ деп есептеймін, себебі жас маманмын деп жауапкершілікті ойламай, талпыныссыз жұмыс істесем қоғам дамуына өз үлесімді қоса алмаймын ғой. Ал менің кәсіби міндетім болашақ ұрпақты тәрбиелеу болып табылады. Өз жұмыс орныма, ұжымыма кәсіби біліктілігімді көрсете алсам, балалар алдында жауапкершілігімді сезінсем, олардың ата-аналарының құрметіне бөленсем, бұл жетістіктің өзі әр жас тәрбиеші үшін үлкен мотивация және ұжымның әлеуметтік-психологиялық ахуалының жағымды болуына да үлес қосқаным деп білемін.
Балабақшада тәрбиеші болып жұмысқа орналасқанда жас маман ретінде қоғамның және балабақша мекемесінің қамқорында екенімді сезіндім, бұл дегенміз жас маманға мемлекеттік басқару жүйесіндегі салиқалы саясаттың басшылығымен қамқорлық көрсету. Демек, жас маман ретінде айтайын дегенім, әр маман қоғамның, мемлекеттің, ұжымның бізге көрсеткен қамқорлығына бөлене отырып, өзімізді елдің болашағын баянды етіп, өз елінің шамшырағы болып жауапкершілікпен қызмет атқаруы тиіс.
Әрбір мекеме өз басқару жүйесін жас мамандардың біліктілігін, жан-жақты өз кәсібінің шебері екендігін сынау арқылы, оларды іскерлікке, мәдениеттілікке, өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарауға бар күш жігерін жұмсауға, баулуға үйрететін болса, онда біз сияқты жас мамандар тәжірбиелі мамандардың жолдарымен жүріп, үйреніп осы жүйеге лайықты болуды ескерейік.
Жас мамандардың ұраны мынадай болғаны дұрыс: «Білсе білім - күнде бақыт кісіге, үлкен атақ содан келер кішіге!»
Бүгінде жан-жақты білім аламын деген жастарға мемлекет барынша жағдай жасап отыр. Кез-келген ата-ана өз баласының білімді меңгеріп, болашақта білікті маман болғанын қалайды. Ал мұндай жетістікке жетер жолдың бастауы – балабақша, сол балабақшада қаланған тәрбие бастауы мен білім негізі бүлдіршіндердің бар тірлігінің қайнар бастауы болып табылады.
Мен өзіме күнде: «Сен жас мамансың, демек өзіңнің жас жалыныңды пайдалан, дамыт, тәжірибе жинақта, кейін болашақта алдыңа келген жас маманға сенің де айтар ақылың, бөлісетін тәжірибең болсын... Тек алға! Жаңа білімдерді оқып үйрен, жаңа ойлармен қуаттанып жаңа белестерге жол аш!», –деп айтамын.
«Жарқын елдің шамшырағы - жас маман» дегенге сипататтаманы беруде келесідей ой қорытындысы шығады: ол жігерлі, алғыр, сұлу да сымбатты, мақсатқа ұмтылғыш, айтқанын екі етпейтін, мінезі жайсаң, арманшыл, насихатты дұрыс қабылдайтын өз елінің ұлтжанды, патриотты тұлғасы. Мұндай сипаттама арқылы кез-келген елдің болашағы айқын да, ғұмыры ұзақ ел болатынына сенім білдіремін!
Достарыңызбен бөлісу: |