Байланысты: Н рболат Альфина 101 топ аза тілі мен дебиеті
2. Қазақ елі «ақтар» мен «қызылдар» күрестері жылдарында
Азамат соғысы — мемлекет ішіндегі әлеуметтік топтар мен таптар, діни ағымдар мен кландар арасындағы өкімет билігі жолында жүргізетін қарулы күрес.
Тарихта белгілі бір ел шеңберінде халықтың демократиялық бостандықтар жолындағы ұйымдасқан күресінің не болмаса көпұлтты елдерде ұлттық езгіге қарсы қарулы көтерілістерінің азмат соғысына ұласқаны белгілі. Мысалы: Англияда “Алқызыл және ақ раушан” (1455 — 58), АҚШ-та буржуазиялық Солтүсітік пен құл иеленуші Оңтүстік (1861 — 1865 жылдары), Францияда монархистер мен республикашылдар (1871 жылы), Испанияда фашистер мен демократтар (1936 — 1939 жылдары) арасындағы азамат соғыстары болып өтті. 1918 — 1920 жылдары Кеңестік Ресейде орын алған азмат соғысы Қазақстанды да қамтиды. Ол іс жүзінде 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жалғасы болды. Азамат соғысы жылдарында қарулы күрестің бір жағында Қазан төңкерісі жеңісі нәтижесінде жеңіліс тауып, саяси және экономикалық биліктен айырылған күштер тұрды. Оларға АҚШ, Англия, Франция, Жапония сияқты мемлекеттер үкіметтері жан-жақты көмек көрсетті. Күрестің екінші жағында Қазан төңкерісі нәтижесінде өкіметті өз қолына алған большевиктер партиясы бастаған күштер тұрды. Олар большевиктік ұрандар мен Кеңес өкіметі жариялаған социализм идеяларына сенген жұмысшылар мен шаруалардың айтарлықтай бөлігінен қолдау тапты. Большевиктер мен Кеңес өкіметін жақтаушылар “қызылдар” деп аталса, оларға қарсы тұрғандар “ақтар” деп аталды.
[өңдеу] Қазақстандағы азамат соғысы Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрестің негізгі күштері Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казак әскерлері, өнеркәсіп орындарының бұрынғы қожалары, кезінде Ресейден қоныс аударып келушілердің ауқатты топтары, қазақ ауылының бай-шонжарлары және солардың мүдделерін қорғайтын саяси партиялар мен ұйымдар болды (кадеттер, эсерлер, ұлттық және діни саяси ұйымдар). Алашорда үкіметі азамат соғысының алғашқы кезінде Кеңес өкіметіне қарсы күштермен байланысып, қазақ халқының мүддесін қорғауға тырысты. Үкімет мүшелері Қазақстанға жақын қалаларға орналасқан Кеңес үкіметіне қарсы құрылған үкіметтермен — Самарадағы құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетімен (Комуч), Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен, одан кейін Колчак диктатурасымен, Орынбор және Орал казак әскерлерінің басшылығымен келісімге келуге ұмтылды.
1918 жылы жазда төңкеріске қарсы күштер Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарының көптеген аудандарын, соңынан Жетісу облысының бірқатар аудандарын басып алып, Кеңес өкіметін құлатты. Кеңес өкіметі Батыс Қазақстанның кейбір аудандары мен оңт. өлкесінде сақталды. Қазақстанда азамат соғысының Ақтөбе (немесе Солтүстік Түркістан), Орал және Жетісу майдандары құрылды, олардағы соғыс әрекеттері А.с-ның ірі майдандарындағы, ең алдымен Колчак әскерлеріне қарсы құрылған Шығыс майдандағы қимылдарға тығыз байланысты жүргізілді. Сондықтан Қазақстандағы азамат соғысының тағдыры негізінен Қызыл Армияның Шығыс майданындағы күресіне тәуелді болды. Қазақстан жеріндегі соғыс қимылдары өз кезегінде Кеңес еліндегі жалпы жағдайға әсер етті. Қазақстан азаматтары Қызыл Армия қатарында да, “ақтар” басып алған аудандарда жасақталған партизандық жасақтар құрамында да азамат соғсына қатысуға мәжбүр болды. Қазақстандағы шешуші соғыс қимылдарына “қызылдар” жағынан М.В. Фрунзе, В.В. Куйбышев, В.И. Чапаев, И.П. Белов, И.С. Кутяков т.б., ал “ақтар” жағына А.И. Дутов, С.П. Толстов, Б.В.Анненков т.б. басшылық етті. Торғай далаларында “ақтарға” қарсы күресте А. Иманов, Батыс Қазақстанда Хамит Чурин, Бейсен Жәнекешев т.б. көзге түсті. Ал Әліби Жангелдин азамат соғысы қызу жүріп жатқан кезде (1918 ж. күзі) Мәскеуде жасақталған қару-жарақ керуенін Түркістан майданына жеткізді.
1920 жылдың көктемінде Қазақстандағы азамат соғысы Кеңес өкіметінің жеңісімен аяқталды.