СӨЗ ӘСЕРЛІЛІГІ
Кейбір адамдардың сөйлеген сөзі жұртты ұйытып, тыңдаушының
айызын қандырады. Ой мен сөзімге бірдей әсер етіп жатқан топ
алдыңдағы сөзді (публичная речь) тыңдай беруден еш жалықпайсыз.
Ал кайсыбір сөйлеушілердің сөзі әсерсіз болып, отырған жұрт
ықылассыз тыңдайды. Енді бұл екі сөзді іштей салыстырсаңыз,
әсерлі сөйлеген шешеннің сөзінде нанымды фактілер, соны деректер,
логикалық жүйе барлығын байқайсыз. Ол жұрт білетін жайды
тәптіштеп жатпайды. Бұлар – әсерлі сейлеудің тілден тыс шарттары.
Әсерлі сөйлеудің тілге тікелей байланысты шарттары бар. Сол
шарттардың бірі зерттеушілердің көрсетуінше, алдымен сөзді сазына
келтіріп айтуға (сөз сазына) байланысты.
Басқаша айтқанда, әдеби тілдің көпшілікке ортақ орфоэпиялық
(сөздерді дұрыс айту) қағидасының бұзылмауын естен бір сәт
шығармау керек. Әр тілдің өзіне тән дыбыстық заңдылығы бар. Оны
сақтамай, бұзып сөйлеу тыңдаушының құлағына түрпідей тиеді.
Мысалы, қазақ тілі үшін ондай заңдылық дауыстылардың үндесіп,
дауыссыздардың бір-біріне ықпалын тигізе айтылуында көрінеді.
Дауыстылардың үндесуін сақтамаған адамның сөзі кедір-бұдыр
шығып жатады, әрі сөз сазы бұзылады. Ондайда сөздің кей буыны
жіңішке, келесі буыны жуандап
(сійыр, тиын
т. б.) жағымсыздау
естіледі (ал дұрысы:
сыйыр, тыйын).
Ерін үндестігімен айтылатын
сөздердің екінші буынын «жазылуынша» бұлжытпай езулетіп айту да
(үкі,
дұрысы –
үкү; көңіл,
дұрысы –
көңүл
т. б.); ритмикалық
мелодикалық ерекшелігін ескермеу де сөз сазына сызат түсіреді.
Әдеби тілдің орфоэпиялық қағидасын сақтамай, диалекті
ыңғайында сөйлеу де сөздің әсерлі естілуін күрт төмендетеді.
Кейбіреулердің сөз басындағы, сөз ортасындағы
ш
дыбысын
ч
-мен
айтуы да
(чам, чаш; бірінчі, екінчі
т. б.), «д»-ның орнына қолдануы
да
(маңлай,
дұрысы
маңдай
т. б.) оның әдеби тіл нормасына
дағдыланбағандығын байқатады. Сонымен, сөзді сазына келтіріп,
нақыш өрнегін сақтап айту, сөйлейтін сөзіне (жазатын сөзіне де),
тыңдаушысына селқос қарамау, әдеби тіл нормаларын сақтап
сөйлеуді мақсат ету т. б. сөз әсерлілігінің кіріспесі іспетті. Ал сөзді
әсерлі ететін амал-тәсілдердің өзге түрлері де аз емес.
Кейде белгілі бір тексті окып отырсақ, автордың сөйлем
құрауында, грамматикалық амалтәсілдерді қолдануында «дұрыс
емес-ау» дейтіндей мін байқалмауы ықтимал. Сөйлемдегі сөздер өз
мағынасына сай қолданылған сияқты болып көрінеді. Енді сол
текстен мынадай үзіндіңі оқып көрейік:
«Ауылдың жан-жағы таумен шектеліп жатыр. Онда неше түрлі
аң,
құс
кездеседі. Егер тауға шыға қалсаң, неше алуан
гүл
аралас өскен
өсімдіктің
жұпар исі танауыңды қытықтап, тынысыңды кеңейтеді...»
(студент дәптерінен). Автордың, бұл жерде алдымен, сөзді көркем
тіл кестесіне лайық талғай білуге назар аудармағандығы байқалады.
Көркем әдебиет стилінде дерексіз ұғымдағы сөздерге қарағанда
деректі ұғымдағы сөздерді қолдану орынды болып есептеледі. Бұлай
болу себебі көркем шығарма табиғатының ерекшелігіне байланысты.
Көркем шығармада баяндалған нәрсені оқушы елестету арқылы
қабылдайды. Сондықтан деректі ұғымды білдіретін лексика арқылы
затты көзбен көріп, қолмен ұстауға болатындай, шындық өмірдегідей
сөзінуге болады. Мысалы, «аң», «құс» дегенді «көруге» болмайды,
қасқыр, түлкі, қоян
немесе
бүркіт, жапалақ, тазқара, шәулі
дегендерді «көруге» болады. Міне, осындай «көруге» болатын
нәрсені оқушы көркем шығарма тілінен елестету арқылы
кабылдайды. Ал
аң, құс, өсімдік
тәрізді дерексіз ұғымдар ой-сана
арқылы қабылдауға бағытталған. Көркем шығарманы тек бірынғай
дерексіз ұғымдағы сөздермен құру – оқушынын елестету арқылы
қабылдауына кедергі болып, текстін көркем тіл стиліне тән жігі
бұзылады. Егер көркем текст пен ғылыми тексті салыстырсақ,
алдыңғысында деректі ұғымдағы сөздер жиі қолданылады да,
соңғысында дерексіз ұғымды білдіретін сөздер жиі ұшырайды.
Көркем тексте тіпті деректі ұғымдағы сөзді әдеттегідей бәрімізге
үйреншікті қалпында қолдану жеткіліксіз.
Жел соқты, қар жауып,
боран болды
деп айтудың ешкімге қиындығы жоқ, таңсық та емес.
Шығарма тілі (текст) бастанаяқ осындай дағдылы сүрлеуден шықпай,
үйреншікті қолданыска құрылса, ешкімді қызықтырмайтындығы,
әсерсіз болатындығы айдан анық. «Тілі тартымсыз», «сөзі бедерсіз»
деген үлкен мін тағылып, ондай шығарманың сыналып та
жататындығы белгілі. Сөз шеберлерінің қолданысында сөз әдеттегі
қызметінен басқа күйге көшіп, тосын құбылысқа тап болады.
Мұндай тосын қолданыстың әсері айрықша болып, шығарма тіліне
шырай беріп отырады.
«Боран үскіріп соғып тұр.
Асау жел ащы күйінен жаңылған жоқ,
ойнақ салып ысқырып тұр.
Ақ дала меңіреу болып түнеруде.
Қайғылы сары бел боран әкеліп тұрған
ақ киімін қымтай түсіп, жата
берді»
(М. Әуезов).
Өздеріңіз байқағандай, алғашқы сөйлемдегі сөздер әдеттегі
мағынасына сай, үйреншікті қалыпта жұмсалса, оған ілесе айтылған
сөйлемдегі сөздер өзгеше күйге түскен. Арнайы назар аударған
оқушы
асау
сөзінің тосын сипат алғандығын бірден аңғарады.
Өйткені әдеттегі тіл жұмсалуымызда
асау
жел деп ешкім
қолданбайды. Сондай-ак сөз арасында бір-бірімізге
сары бел киімін
қымтады
десек, түсініксіз болып шығар еді. Бұлай болуы сөздің
әдеттегі күйін өзгертіп (контексте) тосын сипат алуына байланысты.
Алайда жансызға жан бітіру немесе сөзді тосын қолдану күр мақсат
емес. Сөзді әдемілеп, әшекейлеу де емес. Бұл – болмысты нақты, дәл
бейнелеудің айрықша тәсілі. Осылайша нақтылы, дәлме-дәл
бейнелеген зат, құбылысты оқушы елестету арқылы қабылдап,
«көзбен көріп, қолмен ұстағандай» күй кешеді. Суреткер қаламының
оқушыны әсерге бөлейтіндей сиқырлы болатыны да сондықтан.
Осылайша тіл әсерлілігін арттыратын бейнелеуіш тәсілдердің
метафора, эпитет, теңеу тәрізді небір айшықты үлгілері сөзді
әдеттегіден тыс тосын қолдану арқылы жасалады.
Жаңа жыл. Қар аппақ.
Талаурап, талмаусырап күн шықты.
Тиісерге қара таппай жалақтап,
Тентек аяз өз деміне тұншықты.
Достарыңызбен бөлісу: |