Нұрышева Г.Ж.
философия ғылымдарының
докторы, профессор
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«Философия» кафедрасының
меңгерушісі
ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛ ӨНЕРІНІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ СИПАТЫ
Қазақ халқы ежелден араласуға құмар. Араласу – қазақ үшін өмірдің мәні, өмірдің басты құндылықтарының бірі болды және қазіргі заманға дейін солай болып қалып отыр. Араласудың мәні қазақ үшін тереңірек, ол жай ғана хабар алмасу емес, өмір кеңістігінде өзінің туысқандарымен, отандастарымен және адамзаттың басқа өкілдерімен бірге өмір сүру тәсілі.
Араласудың функциясын қазақтарда да тіл атқарды және араласудың өзі вербалдық мәдениеттің өзегі болды. Бұл жерде батыс философы Ю.Хабермастың коммуникация теориясының қазақ мәдениетінде әлдеқашан көрініс тапқанын көреміз. Хабермастың ойынша, дискурс араласудың формасы ретінде адамның ақыл-ойының «индивидтер мен қоғамдың топтардың әрекеттерін рационализациялау мен модернизациялауда, адам қоғамының құрылуының негізгі мақсаты бірлесіп әрекет ету, араласу, яғни коммуникацияны қалыптастыру мен рационалды жетілдіруде көрінетін» мол мүмкіндіктерін көрсетеді. Басқаша айтсақ, дискурс адамдар арасында туындайтын мәселелерді күштің көмегімен емес, ақылға құлақ түре отырып, пікір алысу мен пайымдауға жүгіну арқылы шешіп, субъектілер арасында түсіністік орнатады, өзара келісімге, жай келісім емес, әлеуметтік келісімге қол жеткізеді.
Бұл ерекшелік әсіресе қазақ халқының шешендік өнерінен, әсіресе мал мен жан, жер мен жесір, ар мен намыс дауын қара қылды қақ жарып әділ шешкен дала соттары – билердің қызметінен мықты байқалады. Бидің шешімі дауласқан жақтардың қай-қайсысы да күмән келтірмейтіндей әділ болуы үшін оның ішкі ойын бейнелейтін сөзі де логикалық құрылымы мықты, бұлтартпайтын дәлелді философиялық мазмұнда болуы керек еді. Бізге жеткен билер сөзінің бәрінен дерлік осы ерекшелікті байқауға болады.
Шешендік сөзді күнделікті қызметінде пайдаланған Төле, Әйтеке, Қазыбек билердің сұхбат тәсілі арқылы тыңдаушысына ой салуы, ойды қозғалысқа түсіруі, логикалық тұжырым жасауы, тосын ой туғызудағы тапқырлығы, қарама-қарсы пікірлер арқылы ақиқат үкімге қол жеткізуі көне грек философтары Сократ, Платон, Цицерон қолданған логикалық-философиялық тәсілдерден асып түспесе, кем емес.
Дискурстің вербалдық түріне ойлай білу, өз ойын сөзбен жеткізу және басқа адамды түсіне білу тән. Бұл қасиеттер философ адамның бойынан табылады, яғни дискурсті жүргізуші адам философиялық ойлау өнерін игерген болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың көрнекті шешендерін, билерін, ақындарын дала философтары деп атауға толық негіз бар. Бұл ойымыздың дәлелдері ретінде төмендегі ерекшеліктерді атауға болады:
1) Өз ойын сөзбен өрнектеу қарапайым адам үшін оңай шаруа емес, ал философ адам бұл істе еш қиындық көрмейді. Қазақтың шешен адамы да сөздің небір шұрайлысын тауып сөйлейді және оның сөз легі тоқтамастан, үлкен жылдамдықпен төгілетіні соншалық, сөзі ойына ілесіп қана қоймайды, осы екі үрдіс қатар жүріп отырады. Мұндай шешендік билер мен ақын-жырауларға ғана емес, қазақтың басым көпшілігіне тән болды десек, артық айтпаспыз.
2) Қарапайым адам екі сөздің басын құрастыра алмай, ойы бытырап, әр нәрсенің басын бір шалып, өзін де, тыңдаушысын да шаршатып бітеді. Шешендік сөздің иесінде бұл құбылыс атымен жоқ. Философ адамның сөзі секілді, оның ойы да, сөзі де мықты логикаға негізделген. Ол ойын жүйелеп, белгілі бір ретпен, анық, түсінікті етіп баяндайды, артық сөзге орын бермей, қысқа болса да нұсқа, жеріне жеткізіп айтады.
3) Философтың да, шешен адамның да негізгі құралы – өзінің терең де ұшқыр ақылы. Оларды сөзбен жеңу оңай емес, себебі адамның ойлауы мен іс-әрекетінің заңдылықтары оларға жақсы таныс, адам ойының небір озық үлгілері олардың миында сары алтындай сақтаулы тұрады да, керек кезінде ойға сап ете түседі.
4) Философтардың ойлау мәдениеті ғана емес, мінез-құлық мәдениеті де өте жоғары, философия тарихы бұл ойымызды жақсы дәлелдейді. Олар адамның ойын ғана емес, ішкі сезімдерін де жақсы зерттеп, ұғына біледі, сондықтан да қарсыласын өзіндей сыйлайды, оның нәзік жанын орынсыз жараламауға тырысып бағады. Ежелгі қазақтың шешені мен ақыны да ой таластыру этикасын мейлінше бұзбауға тырысты, өзінен мықтыны мойындауды көргенділіктің, тәрбиеліліктің, ақылдылықтың белгісі деп түсінді. (Қазіргі заманда бұл принциптің жиі бұзылатыны өкінішті.)
Қазақтың рухани мәдениетінің вербалды-дискурстік сипаты қазақ жұртында кең тараған айтыс өнерінен де айқын байқалады. Сөз өнерінің осы көне жанры қазақ халқымен біте қайнасып келе жатқан, әлі күнге дейін өмір сүріп отырған ғажайып құбылыс.
Айтыс та дискурс секілді араласу, коммуникация құралы. Дискурс дегеніміздің өзі диалог-сұхбат, сондықтан да оған қатысушылар жай бақылаушылар емес, қарсыластар. Айтысқа түсушілердің де бір-біріне қатынасы осындай. Күнделікті өмірдегі қарым-қатынас басқаша болуы мүмкін, бірақ айтысқа түскен сәттен бастап оның бәрі ұмыт болады. Дискурс тақырыбының жалпылық маңызы болуы шарт болса, айтыста қозғалатын мәселе де айтыскерлерге де, көпшілікке де ортақ болып таңдалынады. Индивидтік интерпретация болуы мүмкін, бірақ жеке бастың, күйбең тіршіліктің ұсақ-түйегі дискурстің де, айтыстың да тақырыбына айнала алмайды. Дискурсте жеңіске жеткізетін мықты аргумент болса, айтыста ұтымды, ұшқыр ой мен сөз шеберлігін қолданған ақынның мерейі үстем болады. Юрген Хабермас дискурстің мынадай сыртқы шарттарын да атап көрсетеді:
1) Дискурске қатысушыларға сырттан күш көрсетілмеуі керек, оларда құқықтық және әлеуметтік санкцияларға қарсы «иммунитет» болуы қажет, сонда ғана дискурс өзінің негізгі мақсаты – ақиқатқа жету жолындағы ізденіспен айналыса алады.
2) Дискурстің алғы шарты – индивидтердің ақыл-ой деңгейінің сәйкес болуы, бұл онтогенезде көрінеді.
3) Дискурске қатысушылардың тілді игеру дәрежесінің де идеалдылығы талап етіледі .
Осы ерекшеліктердің бәрін айтысқа байланысты да айтуға болады. Ақын айтысқа белгілі бір топтың, көбіне рудың намысын қорғап түскенімен, айтыс барысында өзінің тұлға ретіндегі еркіндігін жоғары ұстады, оған қысымшылық жасауға, ойын қаймықпай айтуға тежеу жасауға рұқсат етілмеді. Осы еркіндік қана нағыз мықтының ақиқат жеңісіне қол жеткізіп отырды. Айтысқа ақын кез-келген адаммен емес, ой тереңдігі жағынан да, тіл шеберлігі деңгейінен де өзіне тең ақынмен түсті, мықты деген ақындармен кейде өзі іздеп барып айтысатын.
Айтыстың адам мен адамның, ру мен рудың, жүз бен жүздің араласуы, іштесуі, ынтымақтасуы функциясын атқаруы оның өміршеңдігінің басты себебі деп ойлаймыз. Қазақ үшін араласусыз өмір жоқ екендігі рас, олай болса, айтыстың да өмірі ұзақ.
Айтыстың өміршеңдігінің тағы бір себебі – тілдің өркениет пен мәдениеттен тәуелсіздігі. Олар дамудың қаншама биік деңгейлеріне жеткенімен, халықтың асқақ рухынан күш алатын тілдің дамуына әсер етуге, оны өзгертуге дәрменсіз. Өзінің даму тарихында талай қиындықтарды басынан кешірген қазақ тілі бұл ойымызға жақсы дәлел. Вильгельм фон Гумбольдт ұлттық тілдің өміршеңдігінің себебін «...әрбір, тіпті өркениетті емес халықтың тілінің ұғымдарының шеңберінде адамның дамуға деген шексіз қабілетіне сай идеялар жиынтығы бар, одан адамға қажетті нәрсені, яғни адам ойының аумағына кіретін кез-келген ұғымды сырттың көмегінсіз табуға болады», - деп түсіндіріп, бұл пікірінің мысалы ретінде миссионерлер көп жылдардан бері айналдырып-өңдеп жүрген филиппиндік және американдық тілдерді атайды.
Дәл осы ойды қазақ тілінің мол мүмкіндіктері туралы айтуға болады. Ұзақ жылдар бойы басқа тілдерден қысым көрген қазақ тілі өзінің тереңдігі мен әдемілігін, сөз қорының байлығын сақтап қалды. Оны рухани мәдениеттің, ғылымның басқа салаларын айтпағанның өзінде, өзіміз айналысып жүрген философиялық терминдерді қазақшаға аудару ісінде байқадық. Өте абстрактілі деген ұғымдардың өзін жат теңеулерді, бөтен сөздерді пайдаланбай-ақ жеткізуге болады екен, себебі тіл – халықтың ойлау қабілетінің айғағы. Тілдің сипаты сана тереңдігінің деңгейімен тығыз байланысты екендігі күмәнсіз нәрсе. Сананы идеалдылық деп қарастырсақ, тіл оның сыртқы материалдық формасы, яғни тілдің әдемілігі, шұрайлылығы ойдың, сананың жоғары деңгейінің, ішкі тереңдігінің дәлелі. Осыдан келіп қазақтың ойлау дәрежесінің асқақ биіктігі және оның жай ойлау еместігі, философиялық ойлау элементтерін қамтыған ойлау екендігі туралы тұжырым жасауға болады. Әрине, Фердинанд де Соссюр ескерткендей, «әрбір халық өз тілінің кереметтігіне сенімді» , бірақ Вильгельм фон Гумбольдтың «дарынды халықтардың тілі де жан-жақты жетілген болады» деген пікірін де естен шығармағанымыз жөн секілді.
Қазіргі таңда қазақ тілінің болашағы туралы мәселе орын алып отыр, ол түсінікті де. Соңғы тоқсан сегіз жылдың ішінде қазақ тілінің көрмеген тепкісі жоқ, бірақ ол бірте-бірте жанданып келеді және әлі де дами береді деген үміттеміз. Фердинанд де Соссюр «күштеп жоймаса, ешбір тілдің өлуі мүмкін емес» деген болатын, сондықтан да осындай күштеп жоюдан аман қалған ұлттық тіліміздің болашағына алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймыз.
Жазба мәдениеті болмаған халықтарға деген көзқарас күні кешеге дейін қандай болғаны белгілі. Бірақ мәдениеттің, оның ішінде тілдің дамуы жазба әдебиеттен тәуелсіз екендігін қазақтың ауыз әдебиетіне негізделген мәдениеті тамаша дәлелдеді. Қазақ даласын зерттеушілерді өзінің құдіретімен, тереңдігімен, шұрайлылығымен тамсандырған қазақтың тілі әлі күнге дейін осы қасиеттерін сақтап қалып отыр.
Әдебиет:
Юрген Хабермас. Демократия. Разум. Ответственность. М., 1992.
Қанат Нұрланова. Человек и мир. Казахская национальная идея. Алматы, 1994.
Вильгельм Гумбольдт. Избранные труды по языкознанию. М., 2010.
Фердинанд де Соссюр. Труды по языкознанию. М.,2012.
Фердинанд де Соссюр. Заметки по общей лингвистике. М., 2012.
Достарыңызбен бөлісу: |