Адамға қарап қолды шошайту әдепсіздік болып саналады.
Саусақты, қолды орынсыз ауызға салуға болмайды, бұл да әдепсіздік белгісі.
Жуған қолды сіліксе, ырыс-несібе кетеді.
Тізені, табанды тартуға болмайды. Ауруға шалдыққанда ғана тізе мен табанды тартады.
Аяқ-қолды жіппен байлауға болмайды. Себебі бұл қол-аяғы байланған тұтқынды еске салады.
Басты шайқауға, тісті қайрай беруге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді.
Таңдай қағуға болмайды. Үй ішінде таңдай қаға беру – жаманшылық (өлім-жітім) шақыру белгісі.
Біреуге қарап ерін шығаруға, үлкен адам алдында аяқты созып отыруға, адамға қарай түшкіруге, түкіруге, үлкен кісінің жолын кесіп өтуге болмайды, бұл қылықтардың бәрі де әдепсіздік болып саналады.
Адамға қарап керілмейді, әдепсіздік болып саналады.
Жатқан кісінің үстінен аттамайды.
Кемтар адамға күлуге болмайды. Кемтар адамға күлсең, өз басыңа келеді.
Екі езуді керуге болмайды, себебі бұл әдепсіздік болып саналады.
Ішекті тартуға болмайды, жаманшылық шақыру белгісі болып саналады.
Түнде айнаға қарамайды. Адам түнде айнаға қарағанда қатты шошынуы мүмкін.
Итті, мысықты тебуге болмайды. Өйткені әрбір жан-жануардың киесі болады.
Жақын адамға пышақ, мылтық сыйламайды.
Басты маңдайдан бастап жуады. Өйткені жақсылықтың бәрі адамның маңдайына жазылады.
Өтірік жылауға болмайды. Бұл қайғы-қасірет шақыратын жаман ырым.
Адамға мылтық оқтануға болмайды.
Шелектегі суға ауызды батыруға болмайды.
Ырымдар
Ұртын не тілін тістеп алған адамның үйіне ашыққан адам келеді.
Адамның оң көзі тартса – қуанады, сол көзі тартса – ренжиді.
Үйге кешке немесе түнде «кеш жарық» деп келу керек.
Жиенін ұрған адамның қолы қалтырайды деп саналады.