Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет141/292
Дата05.02.2022
өлшемі6,93 Mb.
#4779
түріБағдарламасы
1   ...   137   138   139   140   141   142   143   144   ...   292
ӘКЕМ МЕНІ АППАҒЫМ ДЕУШІ ЕДІ
Өз ұғымымда әкем үлкен қасиетті кісі болатын. Өзіне тән қарапайымдылығымен, әзіл-қалжыңымен ерекше болып көрінетін. Көп ақынға тән мақтану, көлгірсу, менмендік әкеме жат қасиеттер еді. Ол үнемі қарапайым болып жүретін. Жаны адал, ақкөңіл, сезімі пәк еді.
Әкем өте балажан адам еді. Балаларының бәрін де жақсы көретін.Үлкен апам Әйкенді «Менің ақылшым, сүйенішім», - деп үнемі үлкен кісімен сөйлескендей ақылдасып жүретін. Одан кейінгі Қарлығашты да еркелетіп, ерекше жақсы көретін. «Ақ көгершінім» дастаны әкемнің балаға деген нәзік сезімінің куәсі десе болғандай. Ағам Мағжанды «Ақ Мақа» десе, маған тете апам Тоғжанды «Ақ Тоқа» деп еркелететін. Әкем үшін бәріміз де аппақ болып көрінуші едік.
Әкем мені де аппағым, ақ қызым деуші еді. Қайда барса да, қасынан тастамай алып жүретін. Кейін, мектепте оқып жүрген кезімде, қонаққа баруға ұялып, өзім бас тартсам да: «Баламды ұнатпаған адам мені қонаққа шақырмай – ақ қойсын!» - деп ертіп кететін. Әкем ұйықтар алдында Мағжан мен Тоғжанның маңдайынан сипап, менің басымды иіскеп барып төсегіне жататын. Мені «Саидокдок –док» деп мейірленетін. Балаларының бәрін де тең ұстаса да, кенжесі болғасын ба, мені қатты еркелететін. Маған арнаған өлеңінде:
Бәлкім, ертең де еркелетер?
Сенемін!
Төбесіне тік көтерер сені елің,
Жалауындай алыс жүрер кеменің, - деген еді.
Әттең, мектеп бітіргенімді де көрмей кететінін қайдан білейін? Тағдырға дау айту қиын ғой...
Ол біздің ешқайсымызға да дауыс көтеріп, ұрысқан емес. Бәрімізді де еркін тәрбиеледі. Өзі де бір нәрсеге қуанғанда, бала сияқты болып кететін. Балаларымен балаша ойнап, мәз болатын.
Әкемнің балаларына ат қоюы да қызық әңгіме. Анам екеуі қосылғаннан кейін ол үш қызына ат дайындап қойыпты. «Бұйырса, үш қыздың әкесі боламын», - деп Әйкен, Бикен, Назкен деген аттарды дайындапты. Әйкен дүниеге келді, одан кейінгі Назкен сегіз айлығында қайтыс болды. Назкеннен кейінгі қызды Бикен деп қояйын дегенде, жолдастары: «Аттарды ұйқастыра берсе, ұл болмайды»,- деп айтқан соң атын Қарлығаш деп қойған екен. Қарлығаштан кейін дүниеге келген жалғыз ұлына сол кездері атын атауға да қорқатын, қазақтың тамаша ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімін береді. Мағжан 1965 жылы қаңтар айында дүниеге келді. Қазір ойласам, батылы барып ең алғаш Мағжан деп ат қойған менің әкем екен. Мағжаннан кейін туған қыздың атын қоюға анамның билігі келіпті. Әдебиетке жаны құмар анам қызының атын Тоғжан деп қойыпты. Менің атымды да қоюға үлкен талас болған көрінеді. Бәрі таласып, өз аттарын ұсынып жатқанда, үлкендердің қасында ойнап жүрген 5-6 жасар Әбіш Кекілбаев ағаның баласы - Әулеттен: «Қане, сен қандай ат қойғың келеді? » -деп сұрапты. Сонда Әулет: «Саида» деген екен. Сөйтіп, менің атымды Әулет аға қойып, кіндік шешем Әбіш ағаның анасы – Айсәуле әжеміз болыпты.
Әкем анамызды өмір бойы құрметтеп өтті. Анам екеуінің махаббаты жайлы жыр қылып айтады. Ол әкемнің өмірлік серігі ғана емес, қамқоршысы, күтушісі, адал досы болды.
Қайтарынан бір жыл бұрын әкем: «Қызым, сенен үміт күтіп, қазақша мектепке бердім, енді өзің талаптанып, күнде істеген әрекеттеріңді жазып, күнделік аш. Мен оқып, кателіктерін түзетіп тұрайын» - деп еді. Бір-екі айдай күнделік жүргіздім, әкем үстінен қарап отырды. Өкінішке орай, ол күнделігім көп қағаздың ішінде жоғалып кетіпті. Әлі күнге дейін: «Сол кезде неге ұқыпты болмадым екен?» - деп өкінемін. Әкемнің өз қолымен берген, ақжол тілеген аманаты емес пе еді ол?! Әлде менің әлі талай жазатын күнделігімнің бірі ғой деп селқос қарағаным ба? Білмеймін. Әкем дүниеден тым ерте кетеді деп кім ойлаған? Иә, ерке едім, әкем мені өмір бойы төбесіне көтеріп, еркелеріп өтердей еді. Ажал тырнағына ерте ілігетінін қайдан білейін?
Әкемнің домбырасына, тартқан күйлеріне мұрагер болып, жалғыз ұлы Мағжан қалды. Ал әкемді ақын, суреткер ретінде зерттеу – менің парызым. Кезінде ол маған үлкен үміт артып еді, сол үмітін ақтасам – арманым жоқ.
(Жұмекенқызы С.//Жалын, № 11, 2008)




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   137   138   139   140   141   142   143   144   ...   292




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет