Нұрпейіс Байғанин 1860 жылы Темір ауданындағы Сүлікті деген елді мекенде Байғана мен Үміттің отбасында дүниеге келді. Нұрпейістің әкесі Байғана Барсай және Досжан деген ірі байлардың қойларын баққан екен



Дата26.06.2018
өлшемі26,74 Kb.
#44253
Халық ақыны Н.Байғанин
Нұрпейіс Байғанин 1860 жылы Темір ауданындағы Сүлікті деген елді мекенде Байғана мен Үміттің отбасында дүниеге келді. Нұрпейістің әкесі Байғана Барсай және Досжан деген ірі байлардың қойларын баққан екен. Ал Нұрпейістің шешесі Үміт сұлу, ақылды, сұлұлық пен ақылдылықты үйлестіре білген, әрі әнші,әрі орындаушы-күйші, елге белгілі адам болған. Анасы дарынды баласын домбыра әуеніне және ән өнеріне сүйіспеншілікке тәрбиеледі. Нұрпейіс жастайынан-ақ бір естіген ән-жырларын тез жадында сақтап, оны тамаша қайталап орындайтын. Нұрпейіс 16-17 жасында-ақ жыршы бала атанып, оның аты аймаққа танымал болады. Нұрпейістің жақын достарының бірі Қожаш Елешов өз естелігінде «Нұрпейіссіз бірде –бір той, бірде-бір шілдехана өтпейтін. Ал үлкен мейрам немесе ақындар айтысы болса Нұрпейісті әдейі шақыратын еді» - дейді.

Ол кездерде ақындар адамдардың ең көп жиналатын жері- жәрмеңкелерде өнер көрсеткен. Нұрпейіс Темір, Ойыл, Ырғыз, Орал жәрмеңкелерінде өнер көрсетіп , «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» т.б. жырларды жырлаған. Көпшіліктің сүйіспеншілігі мен танымын жаулап алған. Ақын 40-50 жырды жатқа білген.

Қазақ ауыз әдебиетінде қалыптасқан дәстүр бойынша ақындар үлкендерінің қасында жүріп, олардың өнерлерін үйренген, сөйтіп ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған,жас таланттар өздерінің ұстаздарын тапқан, олардан өнер жолына бата алған. Осы тамаша дәстүрді жалғастыра білген Нұрпейіс ылги да ізденіс үстінде болады. Ол Абыл, Шернияз, Нұрым, Қашаған, Ығылман, Ақтан, Қазақбай, Сабыр сияқты ақындардың қасында болып, олардан үлгі алады, олардан ән-жыр үйреніп, орындайды.

Ол Атырау және Маңғыстау ақындарымен жиі кездесіп, олардан көптеген батырлық жырларды үйренеді. Кейінгі жылдарда Нұрпейіс шығармашылығында ерлік, батырлық тақырыбындағы жырлар ерекше орын алды. Бұл бағыт оның «Аққкенже», «Нарқыз» атты шығармаларынан, сонымен қатар, оның Ұлы Отан соғысы жылдарында шығарған халықтың тылдағы ерен еңбегі мен майдандағы жауынгерлердің ерліктеріне арналған өлеңдері мен поэмаларынан көрінеді.

Нұрпейістің шығармаларын жинау және қағаз бетіне түсіру 1938 жылдан басталады. Халық ақындарын іздеу және табу үшін Ақтөбе облысына арнайы тапсырмамен кейін қазақ поэзиясының көрнекті ақсақалдарының бірі болған –Дихан Әбілев келіп, Н.Байғанинмен кездеседі. Нұрпейіс Жамбылдың мерейтойына Алматыға шақырылады. Нұрпейістің осы сапары туралы қазақтың белгілі ақыны Әбділда Тәжібаевтың естелік кітабында өте қызық тартымды етіп жазылған. Алматыда Нұрпейіс көптеген ақындармен, жыршы-жыраулармен кездеседі. Мұнда ол өзінің суырыпсалма ақын екендігін көрсетеді. Бұрын ол тек өз облысында ғана белгілі болса, енді оның аты бүкіл республикаға кең таралады. Оның шығармашылығына үлкен көніл бөлінеді, оның озінің жеке басына қамқорлық жасалады. Жазушылар одағы ақынға Ахмет Ескендіров пен Мәселе Жаңабаевтарды әдеби хатшылыққа бекітеді. Олардың жазып алулары нәтижесінде Нұрпейіс ақынның көптеген ең тамаша туындылары бізге дейін жетті. А. Ескендіров пен М. Жаңабаевтан кейін Нұрпейіске әдеби хатшы ақын Қуандық Шаңғытбаев болды.

Нұрпейіс 1939 жылы Казақстан жазушыларының екінші съезіне делегат болып қатысады. Аса ерекше дарынды ақынның бірі болып республика жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Ақындардың республикалық слетіне қатысады.

Ақынға 1939 жылы «Қазақ ССР-інің өнеріне еңбегі сіңген қайраткер» атағы беріледі. Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталады. Осы жылы Н.Байганин Ақтобе облыстық Кеңесінің бірінші шақырылымының депутаты болып сайланады және оның бірінші сессиясын өзінің өлең-жырымен ашады.

Нұрпейіс 1939 жылдың 16 тамызында Москваға барады. СССР халық шаруашылығы жетістігі көрмесін көреді. Осы оқиғаға ақын «Өңімдегі жұмақ» өлеңін арнайды. Осы өлеңі орыс тіліне аударылып, бүкілодақтық радио арқылы беріліп, бүкіл Совет Одағына тарайды. Бұл Нұрпейісті бүкіл Совет халқына бірінші таныстыру болатын.

Ақтөбеде 1940 жылы Нұрпейістің 80 жылдығына арналған үлкен мереке өткізіледі. Осы жылы ақын «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Осы қуанышты сәтке арнап ақын «Қуаныш жыры» өлеңін шығарады. Ол орыс тіліне аударылып, «Известия» газетінде жарияланады.

Нұрпейіс Байғанин көп қырлы талант. Ол бір жағынан суырыпсалма ақын, екінші жағынан жырау орындаушы, оның шығармашылығында батырлық эпостар көп орын алады. Оның өте бай репертуарында «Қобланды», «Құбығұл», «Төрехан», «Қырымның қырық батыры» т.б. көптеген эпос-жырлар бар»». Қазір «Қобланды батыр» жырының бізге 29 варианты бары белгілі. Ал, солардың ішіндегі оқиғалары өте бай, әрі ең көркем, әрі баяндауы жағынан өте нақты, көлемдісі 9300 жолдан тұратын Нурпейіс жырау жырлайтын варианты. Ақын оны түгел жатқа айтатын болған. «Қобланды батыр» жырын 1940 жылы латын шрифтісімен А.Ескендіров жазып алған. Жырды бастар алдында Нұрпейіс әдетте «Мен батырлар жырын 17 жастан бастап айта бастадым. «Қобланды батыр» жырын мен Мақсұттан алдым. Бұл жыр бірнеше ұрпақтан ұрпаққа, ауыздан ауызға беріліп келеді. Мақсұт ақынның әкесі Ділмағамбет, Ділмағамбеттің әкесі Бітеген, Бітегеннің әкесі –Терлікбай, Терлікбайдың әкесі-Бақы, Бақының әкесі –Жаскелең, Жаскелеңнің әкесі – Бақберген- олардың бәрі өте шебер жыршы – орындаушылар болған. Мен жыр мазмұнын солардан алдым» - деп айтады екен. Міне, осыдан қазақтардын ауыз әдебиетіндегі, өнердегі ұрпақтар сабақтастығы айқын көрінеді. Нұрпейіс «Қобланды батыр» жырын ерекше шабытпен жырлаған. Оның орындаған нұсқасында Ақтөбенің жерлері мен өзендерінің атаулары көп кездеседі. Қобда ауданының Жиренқопа ауылында 2007 жылдың қыркүйегінде Қобланды батырға мемориалды әдемі кесене мен музей салынды. Н. Байғанин 1916 жылғы көтеріліске арнап «Ақын» және «Өрістеген өмір» деген екі жыр шығарды. Бұл жырларды ақынның хатшысы Мәселе Жаңабаев жазып алған.

Нұрпейістің эпикалық шығармашылығында үлкен орынды тек батырлар ғана емес, аттары аңызға айналған әйелдер бейнелері де лайықты жырланған. Олар туралы ақынның «Ақкенже» және «Нарқыз» поэмаларында жырланады. Ерлік мотивтері Нұрпейістің шығармаларында кейінде жалғасын тауып, оның Ұлы Отан соғысы жылдарында шығарылған «Капитан Гастелло» өлеңінде, «Жиырма бес», «Ер туралы жыр» атты Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров және 28 панфиловшылардың бірі Нарсұтбай Есболатовтың ерліктері баяндалған шығармаларына арқау болады. Ақын-жырау Нұрпейіс өзінің көркем және жалынды сөзі – жырымен жігерлендіріп ақтөбелік жерлестерін және бүкіл қазақстандықтарды Ұлы Отан соғысы жылдарында Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға лайықты үлес қосуға шақырды. Ақын 1941 жылдың 19 мамырында Ақтөбеде құрылған 101 атқыштар бригадасы жауынгерлері алдында жыр айтып, оларды Отан қорғауға үндеді. Бригаданың дайындығын тексеруге келген маршал К.Е. Ворошилов болатын.

1942 жылы көктемде Нұрпейіс Шалқарда теміржолшылар клубында қала халқы алдында жырлап, оларды «Бәрі де майдан үшін, Бәрі де Жеңіс үшін» ұранымен ерлікпен еңбек етуге шақырды. Осы кездесудің нәтижесінде Шалқар ауданының тұрғындары майданға 3755 сом ақша, 604 мың сомның облигациясын, 7927 әртүрлі киім жинап, Қызыл Армия жауынгерлеріне көмек көрсетті. Нұрпейістің «Қазақстан майданға» өлеңі бойынша деректі киноочерк түсіріліп, ол СССР киноэкрандарында бүкіл совет халқына көрсетілді.

Нұрпейіс ақын ұзақ жасады, көп көрді, көп үйренді, көп жырлады. Ол халқының бай сөздік мұрасын игерді, сөзді өте жақсы меңгерді және оны ұқыпты шебер пайдалана білді. Ол Абайға, Жамбылға, М. Горькийге, Т.Шевченкоға, Ш. Берсиевке, А.Имановқа арнап өлеңдер шығарды. Халық ақыны Нұрпейіс өзінен кейін өте бай әдеби мұра-15 поэма, бірнеше айтыс, көптеген өлеңдер мен толғаулар қалдырды. Бірақ, оның әдеби мұрасы бізге толық жетпеді. Әйтседе оның бізге жеткен мұрасының өзі де көлемді, мол. 1938 -1944 жылдары ақыннан жазып алынған 9300 жолдық «Қобланды батыр», 5000 жолдық «Құбығұл», 500 жолдық «Төрехан» т.б. әдеби шығармалар Нұрпейістің эпик – ақын, батырлар жырын жырлаушы жыраулар мектебінің ең ірі өкілі екендігін көрсетеді.

Н.Байғаниннің шығармалары әр жылдары бірнеше рет жарық қөрді. 2008 жылы ақынның шығармалар жинағын сыйлық нұсқамен оның немересі Ерболат Момынұлы Байғанин шығарды.

Нұрпейістің 1917 жылғы революцияға дейінгі шығармаларын Оразгүл Нұрмағамбетова жинады. 1949 жылы оған ақынның кейбір өлеңдерін ұлы Ғалым, қызы Зылия, туысы және жақын досы, көп жыл бойы жолдасы болған Қожаш Елешов, жақын туысы Асыл Орынбаева, келіні Әнәпия Құлыншақова жаздырыпты.

Н.Байғанинның шығармашылығы әсіресе 1938-1945 жылдары өте жемісті болды. Бұл жылдары ақын елдің аса көрнекті оқиғаларына арнап көптеген өлеңдер мен поэмалар шығарды.

Н.Байғаниннің шығармашылығы ғалымдардың көңілінде ылғи болды. Ақынның рухани шығармашылық мұрасын жинау мен зерттеуге көп еңбек еткен ғалым-филолог О.Нұрмағамбетова еді.

Нұрпейістің ақындық және эпикалық шығармашылығын жазушы-академик С.Мұқанов өте жоғары бағалады. Атақты ақынның мұрасына арнап Д.Әбілев, Қ.Шаңғытбаев, Ә.Тәжібаев, Б.Аманшин, Т.Жармағамбетов т.б. зерттеу мақалалар мен естеліктер жазды. А.Б.Никольская ең бірінші болып ақынның өлендерін орыс тіліне аударып, 1946 жылы «Избранные произведения» жинағын 10 мың дана етіп орыс тілінде шығарды. Н.Байғаниннің 150 жылдығына арнап, 2009 жылы өлкетанушы-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Құрманбеков «Нұрлы жүзді Нұрпейіс» атты кітап жазып шығарды.

Нұрпейіс Байғанин аты және мәдени мұрасы ел есінде.

1990 жылы Ақтөбе облысында ақынның 130 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Республикалық ақындар айтысы, термешілер сайысы, ғылыми конференция, көрме, Н.Байғанин күндері, Байғанин және Темір аудандарында салтанатты шаралар өткізілді.

Бұрынғы Табын ауданы 1940 жылы Байғанин ауданы болды. 1962 жылы ақын аты облыстық балалар кітапханасына берілді. Қызыл әскер, Жданов, Жарсай колхоздары біріктіріліп Байғанин атындағы ірі совхоз ұйымдастырылды. 1964-1965 оқу жылында онда 8 жылдық мектеп ашылып, ол 1972 жылы орта мектепке айналды. Қарауылкелдіде 1976 жылы ақынға ескеркіш ашылды.

Н.Байғанинге Ақтөбеде -1999 жылы, Шұбарқұдықта, Ақсайда-1995 жылы ескерткіштер қойылды. Ақсайда ақын атында мектеп бар. Ақсай-Темір ауданындағы ауылдық округтың орталығы. Оған Нұрпейіс туған «Сүлікті» кіреді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақынға арналған бөлім бар. Халық суретшісі Ә.Қастеев Нұрпейіске М.Калининнің «Құрмет белгісі» орденін тапсырып тұрған портретін салған. Ақынның портретін ақтөбелік суретшілер С.Әлімбетов, Т.Төлеуішев салды. Халық артисі Ғ.Құрманғалиев Нұрпейістің «Еңбек туралы жыр» термесін орындап ақынның шығармасының даңқын арттырды. Ақтөбеде, қалалар мен аудандарда ақын атындағы қөшелер бар. Қарауылкелдідегі Байғанин лицейі ауыл шаруашылық мамандарын дайындайды.

Тарихшы ғалым- өлкетанушы Б.Құрманбековтың зерттеуі бойынша ақынның тегі мен шежіресі-жеті атасы Шүрен, Жаман, Кұлбаба, Аңдақұл, Сүйіндік, Байбақты, Байғана, Нұрпейіс болып келеді екен.

Нұрпейістің үлкен ұлы Ғалым заңгер болған. Оның үш ұл және екі қызы болды. Нұрпейістің ұлы Момын-педагог-музыкант, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінде мұғалім, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтында профессор болып қызмет етті. Кезінде пединститут мұғалімдер институты болғанда Н.Байғанин атында болған екен. Момын Нұрпейісұлы- атақты күйші-домбырашы, «Республиканың мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер». Онын төрт ұлы, бір қызы бар.

Нұрпейіс 1944 жылы қыркүйекте қатты ауырып, Ақтөбеге жақын Табантал деген жерде тұрған. Оның соңғы «Мен өлмеймін, өлмеймін», «Жез бұйдалы мен бір кұба нар», өлеңдері жеңіс күнін көрсем, жетсем деген арманға толы болды. Ұлы ақынның үлкен жүрегі соғуын 9 сәуір 1945 жылы Кызыл Ордада тоқтатты. Ақын қайтыс болған соң үкімет оның жұбайы Аймекенге 400 сом, баласы Момынға ер жеткенше 300 сом көмек зейнетақы тағайындады. Ұлы ақын Нұрпейіс Байғаниннің аты қазақ әдебиетінде Жамбыл Жабаевпен қатар тұр, оның тамаша шығармалары қазақ поэзиясының алтын қорынан орын алды.



Тәуелсіздік әкелген жаңаша ойлау, қазақ тарихы мен әдебиетіне жаңаша көзқарас Нұрпейіс Байғанин атын жаңадан туындатты. Нұрпейіс жұлдызы қазақ әдебиеті аспанында жаңаша жарқырады.

Еркін Жолмырзаұлы Құрманбек - ҚР мәдениет қайраткері,

АқМПИ-нің Құрметті профессоры

22.08.2014

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет