Тапсырмаларды орындауға арналған әдістемелік нұсқаулар
Бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары
1. Ұлы көлдер жүйесіне кіретін көл
A) Үлкен Тұзды көл
B) Виннипег
C) Гурон
D) Манагуа
E) Никарагуа
Дұрыс жауабы: С.
Солтүстік Америка материгінің солтүстік-шығысындағы Әулие Лаврентий өзені арқылы Атлант мұхитымен жалғасып жатқан көлдер Ұлы көлдер жүйесі деп аталады. Ұлы көлдер жүйесіне Жоғарғы, Мичиган, Гурон, Эри және Онтарио көлдері жатады. Оқулық: Ә. Бейсенова, С. Әбілмәжінова, К. Каймулдинова. География. Материктер мен мұхиттар: Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Атамұра, 2016. – 161-162 бб.
2. Руапеху жанартауы орналасқан арал
A) Калимантан
B) Хонсю
C) Жаңа Зеландия
D) Жаңа Гвинея
E) Сулавеси
Дұрыс жауабы: С.
Геосинклиналдық аралдардың ең ірісі – Жаңа Зеландия аралдары. Жанартау атқылауы геосинклиналдық аралдарда да күшті байқалады. Жаңа Зеландияның Солтүстік аралындағы сөнбеген Руапеху жанартауының биіктігі 2796 м-ге жетеді. Оқулық: Ә. Бейсенова, С. Әбілмәжінова, К. Каймулдинова. География. Материктер мен мұхиттар: Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Атамұра, 2016. – 112 б.
3. Негізгі географиялық белдеулер
A) арктикалық, субарктикалық
B) қоңыржай, субарктикалық
C) тропиктік, субтропиктік
D) полярлық, субполярлық
E) экваторлық, тропиктік
Дұрыс жауабы: Е.
Климаттық белдеулер ауа массаларының таралуына қарай белгіленеді. Әр жарты шардың негізгі ауа массаларына негізгі климаттық белдеулер сәйкес келеді. Олар экваторлық, солтүстік және оңтүстік жарты шарлардағы тропиктік, қоңыржай және полярлық климаттық белдеулер. Оқулық: Ә. Бірмағамбетов, К. Мамырова. Физикалық география: Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Атамұра, 2015. – 113 б.
4. Африканы айналып, Үндістанға қарай жол ашқан саяхатшы
A) Г. Стэнли
B) Ф. Магеллан
C) Д. Ливингстон
D) В. Юнкер
E) Васко да Гама
Дұрыс жауабы: Е.
1498 жылдың 20 мамырында Васко да Гама басқарған португал кемесі Каликут (Калькутта) портына келіп тоқтады, Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азияны игеру, тонау және бөлісу кезеңі осы күннен басталды. Оқулық: Ә. Бірмағамбетов, К. Мамырова. Физикалық география: Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Атамұра, 2015. – 11 б.
5. Орта Азияның ең үлкен құмды шөлі
A) Қызылқұм
B) Мойынқұм
C) Арал маңы Қарақұмы
D) Сарыесік Атырау
E) Бетпақдала
Дұрыс жауабы: А.
Орта Азияның ең үлкен құмды шөлі Қызылқұмның Қазақстанға солтүстік бөлігі кіреді. Ол эолды, ішінара аллювийлік палеогеннің құмдарынан құралған. Жер беті құм төбелі, қырқалы болып келеді де, кең сайлармен кезектесіп отырады. Оқулық: Ә. Бейсенова, Қ. Карпеков. Қазақстанның физикалық географиясы: Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Атамұра, 2016. – 174-175 бб.
6. Латын Америкасының ОПЕК-ке мүше елі
A) Боливия
B) Чили
C) Венесуэла
D) Парагвай
E) Аргентина
Дұрыс жауабы: С.
Венесуэла ОПЕК (Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) мүшесі ретінде Азия мен Солтүстік Африканың жетекші мұнай өндіруші елдерімен бірге әлемдік нарықтағы мұнай саудасына ықпал етуде. Оқулық: Ә. Бейсенова, К. Каймулдинова, С. Әбілмәжінова, Ж. Достай. География: Дүние жүзіне аймақтық шолу. Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Мектеп, 2015. – 251 б.
7. Халқының саны жөнінен Батыс Еуропада 1-ші орындағы мемлекет
A) Германия
B) Грекия
C) Франция
D) Италия
E) Испания
Дұрыс жауабы: А.
Германия халқының саны жөнінен Батыс Еуропада бірінші орын алады: мұнда 80,9 млн халық тұрады. Ә. Бейсенова, К. Каймулдинова, С. Әбілмәжінова, Ж. Достай. География: Дүние жүзіне аймақтық шолу. Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Мектеп, 2015. – 108 б.
8. Францияның ірі автомобиль кәсіпорны
A) «Рено»
B) «Даймлер-Крайслер»
C) «Фиат»
D) «Мерседес»
E) «Фольксваген»
Дұрыс жауабы: А.
Қазіргі кезде Францияда жеңіл автомобильдер, негізінен, «Рено» кәсіпорны мен жекеменшік «Пежо-Ситроен» концернінде жасалады. Оқулық: Ә. Бейсенова, К. Каймулдинова, С. Әбілмәжінова, Ж. Достай. География: Дүние жүзіне аймақтық шолу. Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Мектеп, 2015. – 137 б.
9. Ерекше түспен боялған облыс кіретін экономикалық аудан
A) Солтүстік Қазақстан
B) Оңтүстік Қазақстан
C) Батыс Қазақстан
D) Шығыс Қазақстан
E) Орталық Қазақстан
Дұрыс жауабы: D.
Берілген картаға қарай отырып талапкер жасыл түспен боялған облыс территориясының Шығыс Қазақстан облысына жататынын және оның Шығыс Қазақстан экономикалық ауданына енетін жалғыз облыс екендігін анықтап білуі керек. Шығыс Қазақстан экономикалық ауданы Ертіс өзенінің жоғары ағысында, Алтай тауы мен Сарыарқаның шығыс бөлігін алып жатыр. Қытай мемлекетімен шекаралас. Жер көлемі жөнінен еліміздегі ең кіші экономикалық аудан. Оқулық: Е. Ахметов, Н. Кәрменова, Ш. Кәрібаева, Б. Асубаев. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы. Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Мектеп, 2013. – 220 б.