Қоғамдағы ұстаз мәртебесі
Сулейменова Айгул Максутхановна
Мынау жалған өмірде байлықты, бақуатты өмірді армандамайтын адам кем де кем шығар. Бірақ табысқа жеткің келсе, белгілі бір кәсіптің қожайыны болу керексің, яғни, қандай да бір мамандық иесі болуың керек. Осы орайда, Б. Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деп, ертеңгі ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу, оларды терең біліммен қаруландырып, үлкен өмірге дайындау, осындай ауыр жүкті алып жүру тек білікті ұстаздарымыздың ғана қолынан келетінін» айтып кеткен болатын.
Олай болса, бұл эсседе мен «Қазір ұстаздар қауымының шынайы мәр-тебесі қандай?», күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімдер үшін қандай өзгерістер әкелді?» деген сауалдар төңірегінде оқырманмен ой бөліскім келеді. Нақтырақ айтсам, «Неліктен мұғалімнің мәртебесі тура-лы мәселе өте маңызды?» деген сұраққа өз пікірімді білдіріп көрсем. Заман қалай құбылса да, осынау бір ұлы мамандық иелеріне деген құрмет өз дең-гейінде сақталып қалуы керек. Өйткені, ұстаз ұлды ғана емес, тұтастай ұлт-ты тәрбиелеуші.
«Бір әріп үйреткен ұстазыңа, қырық жыл тағзым ет» деген нақыл сөздің өзі де, қай қоғамда болмасын мұғалім мәртебесінің қаншалықты зор екендігі-нің айқын дәлелі. Себебі, мұғалім - бұл біздің елімізде де, бүкіл әлемде де бүкіл білім беру жүйесінің басты тұлғасы.
Ұстазға құрмет – білімге құрмет. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалар-дың ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Мысалы, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Шәкәрім - Абайды, Жамбыл -Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. Олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздары-ның сіңірген еңбегі зор екенін түсі-ніп, оларды пір тұтқан. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.
Мұғалім шын мәнінде, адамзат өркениетінде ерекше рөл атқарып кел-ген және атқарады да. Ғылым әлемі сол кездің өзінде-ақ, Әбу Насыр әл-Фарабидің талантын, еңбегін жоғары бағалап, оны ежелгі дәуірдің әйгілі ойшылы Аристотельден кейінгі «Шығыстың екінші ұстаз» деп атады.Осыдан ұстаз мамандығының ең қастерлі екендігіне, ықылым заманнан бері ұстаз-дықтың шоқтығы биік тұрғандығына көз жеткізуге болады.
Біздің басты байлығымыз - адам, ал ұлы Абай айтқандай: «Адамның адамшылдығы… жақсы ұстаздан болады». Мұғалім өзінің өмір бойы жинақ-таған білім мен біліктерді, дүниетаным, ойлау тәсілдері, ұлттың жаны, адами құндылықтарды жинақтап келешек ұрпаққа сіңіретін тұлға. Мұғалімнің мәртебесін көтермей, оны құрметтемей, оның қиын да асыл жұмысын тиісті деңгейде қамтамасыз етпей, біз маңызды мақсаттарға жете алмаймыз. Сол себепті жаңашыл мұғалім қалыптастыру жолында педагог мәртебесін мейлінше көтеру құптарлық іс.
Қай жылдары жастар арасында мұғалімдік мамандық «болашақта қажетсіз мамандық» деген түсінік калыптасып, осы жолға бет бұратындар саны азайып кеткен кездер де болғаны өздеріңізге белгілі. Уақыт дәлелде-гендей, денсаулық пен білім мәселесі қай заманда да қажеттілігін жойған емес. Қай заманда болсын, әріп үйретіп, қолға қалам ұстататын жанның қажеттілігі жойылмақ емес. Оған дәлел, соңғы жылдары Қазақстанның жоғары оқу орындарын бітіруші түлектерінің басым көпшілігі педагог-тер екенін айтуға болады. Бұл педагог мамандығының қоғам дамуы үшін аса қажеттілігінің, зор маңыздылығының белгісі. Өзім қызмет ететін ««ZHANSUGUROV COLLEGE» -не түлектерді қабылдау барысында мұғалім мамандығына үміткерлердің көп екендігін байқадық. Әсіресе, «Бастауыш білім беру» мамандығына деген мектеп бітіруші түлектердің сұранысы өте жоғары болды.
Қазіргі таңда мұғалімнің елдің болашағын көркейтуде маңызды тұлға екендігін жалпы қоғам мойындап отыр. Ендеше, әлемде мыңға тарта мамандық болса да, білім мен тәрбиені дәл ұстаздай бере алмайтыны анық.
Кейінгі жылдары мұғалімдердің қоғамдағы орнын айқындау мен беде-лін көтеруде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан кейін мұғалімге деген көзқарас та, талап та өзгеруде. Оның дәлелі, өткен жылы көктемде елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты, барлық білім алушылар онлайн оқыды. Бұл жағдай да еліміздегі ұстаздар қауымының қадірінің арта түсуіне себепші болғандай. Баласын қашықтықтан үйде оқытып, әбігерге түскен әрбір ата-ана жағдайдың тезірек оңалып, балалардың ұстаз алдына барып оқуын қалайтынына талай куә болдық. Дегенмен, мұғалімнің қазіргі жағдайы бұрынғыдан көп жақсарды. Олар: мұғалімдердің жалақысының көтерілуі, аз да болса, қағазбастылықтың азаюы. Ұстаздар қауымына қатысты айтылып жүрген мәселелердің шешім тапқаны көңілге медет.
Сөз соңында айтарым, қоғамдағы ұстаз беделі заңға ғана байланысты көтерілмейді. Мұғалімнің негізгі міндеті, ең құнды әрі маңызды мәселе – қазіргі кездегі жаңа оқыту мен тәрбиелеу технологияларын меңгеріп, өз кәсібін әрі қарай дамыту.Ұстаз мәртебесін көтеретін – сол ұстаздың өзі. Қазіргі қоғамда кәсіби жақтан жоғары білікті, өзінің шығармашылығы мен біліктілігін үнемі көтеріп отыратын, заман талабына сай, құзіретті, жаңалыққа жақын жаңашыл ұстаз ғана қоғамда жоғары мәртебеге ие болып, беделі артатындығын өмір өзі дәлелдеп отыр.
Ендеше, өз эссемді елбасымыздың «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деген асыл сөздерімен аяқтағым келеді. Бұлақ лайланбай ағуы үшін бастауы тұнық болуы керек. Сондықтан білім теңізінен маржан терген мамандық иелерінің еңбегі жемісті, беделі зор болғай!
Достарыңызбен бөлісу: |