ВОПРОС 2. 1.1.Қазақ тілі әдістемесінің методологиялық, лингвистикалық және
психологиялық негіздері
Оқыту теориясының даму принциптері, оның ішінде қазақ тілі
әдістемесінің методологиялық негіздері қоғам өмірімен тығыз байланысты.
Біздің қоғамымыз ілгері дамыған сайын, оқыту процестерінің де мазмұны
жаңарып, әдістері жетілдіріліп келеді. Оқыту процесінде кездесетін
себептілікті, байланыстылықты, бір-біріне тәуелділікті, даму жолдарын нақты
ажырату үшін таным заңдылықтарын жете білудің маңызы зор.
Әрбір пәннің оқыту әдістемесі белгілі бір ғылымға негізделеді. Мысалы,
әдебиетті оқыту әдебиеттану ғылымына, тарихты оқыту тарих ғылымына, ал
қазақ тілін оқыту әдістемесі қазақ тіл біліміне тығыз байланысты
қарастырылады. Тілде дамымай, өзгеріске ұшырамай, бір қалыпта қалып қоятын
мәңгілік ешнәрсе жоқ, бәрі де өзгереді, дамиды. Сондай өзгеру мен дамуды
тілдің синтаксистік жүйесінен көруге болады.
Тілдің синтаксистік жүйесіндегі өзгеріс, даму, ең алдымен, сөздердің,
яғни сөз таптарының бір-бірінен тіркесімпаздық қасиетіндегі құбылыстардан,
синтаксистік элементтерді бір-бірімен қарым-қатынасқа келтіретін амал-
тәсілдердегі, формалардағы құбылыстардан, грамматикалық формалардың
мағыналары мен функцияларындағы құбылыстардан байқалады. Мұндай
құбылыстардың нәтижесінде сөздердің бір кездегі грамматикалық топтарының
басқа бір топтағы сөздермен немесе өзді-өзімен синтаксистік байланысында
кездеспейтін жаңа тіркестер туып, қалыптасады. Мысалы, мейраммен құттықтау,
еңбек озаты, Жер серігі т.б. сөздер.
Тіл біліміндегі осындай өзгерістер қазақ тілін оқыту әдістемесінің
дамуына әсер тигізді. Осының нәтижесінде қазақ тілі бағдарламасы мен
оқулығына Сөз тіркесі, Лексика бөлімдері енгізілді. Мысалы, қазақ тілі
бағдарламасы мен оқулығындағы фонетика, грамматика жөніндегі материалдар,
қазір лексика, стилистика, орфография мәселелерімен тығыз байланыста
қарастырылады. Қазақ тілі курсындағы сөз таптары жөніндегі ережелер де
нақтыланып, сөз тудыру мәселесіне арнайы бағдарлама мен оқулықтан орын
беріліп отыр.
Мектепте қазақ тілін оқыту барысында оқушының ауызша және жазбаша
тіліне көп көңіл бөлінеді. Мұның өзі тілдің фонетика, орфография және
орфоэпия бөлімдерін саналы меңгеруге байланысты. Бұл тақырыптарды дұрыс
меңгерген оқушы жазба жұмыстарында қате жібермей, сауатты жазатын болады.
Бұлардың бәрі де оқыту процесінде байланыстырып сөйлеуге дағды бере отырып,
ойын жүйелі, дұрыс айта білуге жаттықтырады.
Қазақ тіл біліміндегі сөз тудыру мәселесі біршама зерттеледі. Мұның
мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесінде үлкен әсері болды. Әсіресе, қазақ
тілі бағдарламасы мен оқулығына бұл тақырып енгізіліп, сөздің құрамына, сөз
тудыру жұмыстарына баса көңіл бөлінді. Ол оқушылардың сөздік қорының
баюына, орфографиялық дағдыларды меңгеруге жағдай дасады.
Қорыта келгенде қазақ тілін оқыту әдістемесі тіл ғылымының осындай
дамуына, оның қойып отырған талаптарына сай жетіліп келеді. Мектепте
оқытылатын қазақ тілі материалдарының қандай саласы болмасын, атап
айтқанда, қазақ тілінің фонетикасы, лексикасы мен фразеологиясы,
орфографиясы мен орфоэпиясы, грамматикасы, сөздердің өзгеруі мен сөздердің
сөйлемдегі тіркесі, сөйлем түрлері мен оның белгілері және қазақ тілінің
жалпы заңдылықтарымен таныстыру – қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізгі
объектісі болып табылады және оның ешқайсысы әдістемелік амал-тәсілдерсіз
оқытылмайды. Сондықтан қазақ тілі мектепке арналған бағдарлама бойынша
белгілі бір пән ретінде танылса, қазақ тілін оқыту әдістемесі оның оқыту
әдістері мен тәсілдерін белгілейтін ғылым демекпіз.
Достарыңызбен бөлісу: |