Байнабекова Каламкас Елемесовна мұғалім портфолиосы С есебі
№ 2 топ 3-деңгей
Көкшктау қаласы 21.04.2014 жыл
Оқыту мен оқуда өзгеріс енгізілгенін және ол басқарылғанын растайтын тізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы рефлексивтік есеп.
Даму–адам еңбегінінің ажырамас бөлігі. Адам тәжірибені жинақтай отырып, іс-әрекеттің әдістерін, тәсілдерін жүзеге асыра отырып, ойлау қабілетін кеңейтіп, дамиды. Бұл әрекетті педагогикалық жұмыста қолдануға жарасымды. Қоғамдық дамудың әртүрлі кезеңінде жаңашыл сұраныс ұсынылды. Бұл білім жүйесінің дамуына қажеттілік етті.
Бірінші ай «Бетпе-бет» аудиториялық кезеңде бағдарламаның түйінді идеяларына және оларды мектеп тәжірибесіне енгізу әдістемесіне шолу болды. Тренеріміздің ұғынықты, кәсіби тілімен түсіндіруінің арқасында толықтай мағұлмат алдым деп ойлаймын.
Алғашқы күндері топтық жұмыста кейбір тапсырмаларды түсінбей, кім қалай бастарын білмей, неден бастарымызды білмей, отырған кездеріміз де болды. Бірақ көп кешікпей бұндай кедергілерден шыға бастадық. Әрқашан қиындықтарға төзіп, оларды жеңе білетін ұстаздар үшін үлкен жаңалық болған жоқ. Бірте-бірте ұйымшылдықпен, әр тапсырмаға сыни тұрғыдан ойлап мән беруге, үйретуші ұстаз екенімізді тағы да дәлелдедік. Берілген ресурстарды ой елегінен өткізе отырып, жұмыс істеуге дағдыландық. Әркімнің бойында өзгеріс осылай алғашқы күннен бастап жүре бастады. Әрбір топтың мүшесімен араласып пікірлесе отырып, бір-бірімізге сенімдік арта бастадық. Тренеріміз А бізге достық, сыйластық, түсіністік, бір-біріміздің пікірімізбен санасып, қолдап отыруды, кемшілігімізді мәдени тілмен жеткізе білуді үйретті.
Бұл Бағдарламамен тек танысып қана қойған жоқпыз, сонымен бірге жұмыс жасаудың жаңа тәсілінің бірі топтық жұмыс жасауға, тақырыптарды меңгертудің әрқилы жолдарын анықтауға дағдыландық. Көбіне топпен жұмыс атқарғандықтан топтық тапсырмалардың мәнін түсіндім. Жиі топтарды алмастыруда бір-бірімізді жақынырақ тани бастадық, әркімнің бойындағы қабілеттерді байқадым. Берілген тапсырмалар бойынша таныстырылымдар жасаудың қыр-сырын үйрендім. Айтатын ойымыздың ең өзектісін көрсету жолдарын әрқалай құрастырып, оның ерекшелігін жан-жақты, санқилы көрсетуіміз, сыни ойлай алуымыздың көрінісі аудитория стенділерінен орын ала бастады. Күндегі игеріп жатқан дәрісті кері байланыс арқылы қорытындылау, сол күнгі жұмыстардың көрсеткіші болып жинала берді. Бағдарламадағы модульдерге байланысты жаңа тәсілдерді меңгере келе, оны күнделікті жұмысымыздың әрбіреуінде қатарласа жүргенін де аңғарғандаймын. Оған дәлел: бірлескен топтық жұмыстағы диалогтік әдіс арқылы пікірлесу, талдауымыз, оны сыни тұрғыдан талқылауымыз, әрине көп болып атқарған жұмыста алға шығып, сол топтың белсендісі, соңғы нүктесін қояр қабілетті, дарындысы да анықталып отырды. АКТ-ны қалай тиімді пайдалануды да азда болса да игеріп, тапсырмалар орындаудамын. Себебі, әр тапсырманы орындауда интернет желісін пайдалану, таныстырылымдарды тек АКТ-ның көмегімен іске асыру, жеке сайттармен жұмыс жасау дағдыларының қалыптасуы АКТ-ның тиімділігінің бір дәлелі деп санаймын.
Едәуір қызуы да қызықты жұмысымызға бас болып, қазіргі оқу үдерісінің жүрісін талдап, сапалы оқытуды қалай ұйымдастыру қажеттігін ұғындыру барысында мұғалімдер қауымына жаңа құлшыныс пен тың идеяларды ұсына отырып, тамаша көшбасшымыз тренерге айтар алғысым да, көрсететін құрметім де ерекше.
Мектептегі тәжірибе кезеңінде өн бойымдағы оң өзгерістерді, алған білімімді әріптестеріммен, оқушыларыммен, оқыту үдерісіндегі әдістеріме ықпалдастыруға тиіс болдым. Алдымен мектептегі мұғалімдермен жиналыс өткіздім. Мұнда алдымен осы курстан өткен мұғалімдермен пікір алмаса отырып, өзіме де керек мәліметтерді алдым. Бұл курста болмаған әріптестеріме көптеген жаңалықтардың басы ашылды деуге болады. Курста алған білімімді, әдіс-тәсілді өз жұмысымда пайдаланып қана қоймай, әріптестеріммен сырласып бөлістім. Бағдарламаның жеті модулінде қарастырылатын идеялар туралы шағын мәлімет бердім. Кездесу соңында мұғалімдермен кері байланыс ретінде «Өз орныңды көрсет» суретін толықтырды. Стикерге өз пікірлерін жазып қалдырды. Дөңгелек үстелдің мақсаты: «Мектеп ұжымына өзім дәріс алып жүрген курс бағдарламасы туралы мағұлмат беру, жаңа әдіс-тәсілдермен таныстыру»болды. Келесі күні ата-аналар мен кездесіп, оларды бағдарламаның мақсатымен таныстырып, тренинг өткіздім. Жаңа тәсіл оқушылардың білімін көтеруге едәуір әсер ететінін айтып өттім. Алдағы уақытта сабаққа қатысуларын сұрадым. Нәтижесінде, Олармен сұқбаттаса отырып, сабақтың А-ның, В-ның, Р-ның, Д-ның ата-аналарына ұнағанын байқадым.
Мен тәжірибе кезінде бәрі бірден оңай бола қоймайтынын, ақырындап қалыптасатынына сенімім мол еді. Менің мектептегі тәжірибемде оқыған бағдарламаның негізгі ұстанымдары іске асатын болды. Бірінші бағдарламаның жеті модульдерінің аясында тізбектелген сабақтардың топтамасына жаңа тәсілдерді кіргізуден бастадым. Бұл тізбектелген сабақтың жоспары практикаға көптеген өзгерістер әкелетінін түсіндім. Бұрынғы күнтізбелік жоспарым мен қазіргі тізбектелген сабақтардың топтамасында үлкен айырмашылық бар екенін байқадым. Сол сабақ топтамасын басшылыққа ала отырып, мектептегі тәжірибемде жеті модульді пайдаланып тізбектелген орта мерзімді төрт сабақтың жоспарын құрдым. Жоспардың мақсаты: «Сабақ беру барысында бағдарламаның жеті модулін ықпалдастыра отырып, оқушылардың алға ілгеріленуін қамтамасыз ету; әрбір сабақ үшін оқыту және оқу мақсатын алдын ала белгілеу; оқыту және оқу нәтижелерін өлшеу әдістемесін анықтай отырып, бағдарламаның идеяларын жүзеге асыру» болды.
Выготскийдің атап көрсеткеніндей «Жақын арадағы даму аймағында» жұмыс істей отырып, оқушылардың когнитивті дамуы жақсарды. Шәкірттерімнің жеткен әрбір жетістігі достарының да, өзімнің де тарапымнан қолдау тауып отырды. Олардың еңбегі әрдайым формативті түрде бағаланып, көңілін көтеретіндей мақтау сөздер айтып отырдым. Оқытудағы тағы бір өзгеріс оқушылардың бағалау әрекетіне өздерінің қатынасуы дер едім. Бұрын тек мұғалім ғана бағалап, бәріне төреші мұғалім ғана еді. Тіпті оқушының жеткен жетістігіне айтар мадақтамамыз да сирек еді. Сәл нәрсенің көтерілуіне, оқушы көңілінің көтерілуіне, біздің бір ауыз «ой, бәрекелді!» деген сөзіміз емес пе? Өзіне әлі де сенімсіз болып отырған балаға айтар мадақтамамыз, әр жетістігін жоғары пікірмен бағалауымыз олар үшін үлкен жеңіс екенін ұқтым. Тіпті сабақтағы өз білімін өзі бағалар сәтте олардан өткен әділ сарапшы кездеспейді екен. Бірақ бұл қасиеттерді барлық балалардың бойында байқамадым. Кейде бір-біріне қарап, «төмен баға қойсам, маған өкпелемей ме?» деген ойда болғандай көрінді. Біртіндеп оқушылар өз-өздерін, жұптық, топтық бағалауды жақсы меңгереді деп ойлаймын. Ол үшін әлі де көп жұмыс атқару керек. Әр тапсырманы бағалау критерийі бойынша ұпайын қойып алып, жалпы ұпай саны бойынша бүгін неше алатынын біліп отыру оларға үлкен сенімділік пен алға қарай ілгерілеуге мүмкіндік берді.
Егер де оқушы жаттап алатын болса, онда ол емтихан немесе сабақ аяқталған соң ұмытып қалады. Сондықтан олар өздері оқудың қажеттігін түсінуі қажет. Олар өздерінің алдына мақсат қойып, өз ойларын еркін айта білуі қажет. Оқушылар өз ойларын айта алады, пікірлесе отырып, оқуды түсінеді. Осы мақсатта біз өз оқу жүйемізді енгізуіміз қажет. Алда тұрған жұмысты жоспарлау мен мақсат қоя білу арқылы, оқушыларды ынталандырамыз және де оқушылардың барлығын, белсенді ете аламыз. Оқытуда бірінші баланың өзін-өзі реттелуіне жағдай жасап, үйрету қажет. Оқушыны оқуда белсенді ету үшін оның нені білетіні мен не білмейтіндігіне көңіл бөліп отырдым. Оқушыға әртүрлі сұрақтар мен тапсырмалар беру барысында оларды орындауына уақыт бөліп, тыңдап, түсіністікпен қарап, бірін-бірі оқытуына мүмкіндік бергенін жөн деп ойладым. Сонда ғана оқытуда оқушылар өздеріне деген жауапкершілкті сезінеді, өзіне деген сенімі күшейіп, оқуға деген белсенділігі артады деп ойлаймын.
Сыныпта алғашқы бір аптада мектеп психологімен бірлесіп оқушыларды зерттеп, оларды топпен жұмыс жасауға дайындадым. Жеке ойлап, дара сөйлеп, тек мұғалімнің нұсқауымен қозғалып, жалаң сұрақтар мен бірізді түсіндірме сабақтарға үйреніп қалған сынып атмосферасын үш апта ішінде кері бағытқа бұру оңай болған жоқ. Белсенді сыныпқа топта әдептілік сақтап, топтық ережеге сай болуды үнемі ескертумен отырдым. Бағалау өлшемін өздерінің құрастыруы оқушылар үшін өте қызықты болды. Алдымен берілген әр тапсырмаға бағалау өлшемін жасадық, оның критерийлерінің талапқа сәйкес болуына баса көңіл аударып, безендіруі де назардан тыс қалған жоқ.
Барнс сыныпта тіл қаншалықты қолданылса, оқушылардың оқуына соншалықты әсер ететінін айтады. Барнс оқытудың мұғалімді селқос тыңдағанда ғана емес, вербалды құралды қолдану, яғни сөйлесу, талдау және дәлелдеу барысында жүзеге асатынын көрсетті. [1]
Топ болып жұмыс істеуде, әлсіз оқушыға бәрінің де көмектесуі қажеттігін түсіндіруге тырыстым. Балалар көбіне үлгірімі төмен оқушымен араласқылары келмейді. Ал ол бала тұйық болса, балалардан алшақтай береді. Міне төртінші сыныпта осындай Н деген оқушы, соңғы партада ешкіммен араласпай, жалғыз өзі отырды. Алғашқы күннен бастап-ақ тренинг кезінде балалармен араласып, жүзінен қуаныштың белгісі көрінгенін байқадым. Әлі де ол оқушымен жеке жұмыс істеу керек. Алдағы тәжірибемде сабақ берудегі кедергілерді болдырмау үшін көп еңбектене отырып, әдіс-тәсілдердің дағдыларын жан-жақты игеруге тырыса отырып, біліктілігімді әлі де жоғарлата бергім келеді. Мектептегі тәжірибе кезеңіндегі атқарылған бағдарламаның сыни тұрғыдан ойлау модулі бойынша нәтижесінде сабақ түбегейлі оқушыға бағытталғанын байқадым. Сонымен қатар, сыни тұрғыдан ойлай алатын оқушы креативтілікті, тапқырлықты, белсенділікті, білімдарлықты талап етті. Сондықтан да, болашақта осы модульдер бойынша көп жұмыстар жүргізуім керек.
Дәстүрлі сабақтарда оқушылардың сабақ үстінде би билеп, қозғалысқа түсуі аса құптала бермейді. Сергіту сәтінде балалардың көңілді әуенмен демалуы, көңілдеріне қуаныш ұялату, ұяң балалардың ашыла түсуіне өте жақсы ықпал етті. Алғашқыда оқушыларым тапсырманы жеке орындағылары келді, бірақ топтық жұмыс болғасын, бір-бірімен келісе отырып, араларынан жұмысты басқарушылар пайда бола бастағанын бақыладым. Өз топтарының тапсырмасын игеріп болғаннан кейін, әр топ өз тапсырмаларын қорғауға шықты. Осылайша балалар жас ерекшеліктеріне сай берілген тапсырмаларды орындай отырып, диалогтік әдіспен өз жобаларын қорғады. Бұл тапсырманы орындауда бірінші топ ішінен А. тағы да көзге түсті, оның сөйлеу мәнері, жобаны мәнерлі қорғағаны айқын көрініс тапты. Екінші топтан сабаққа қызығушылық танытпайтын Ж. жобаны қорғағанда, мені қуанышқа бөледі. Ойларын дәлелдеу үшін сыни тұрғыдан ойлана жауап берулері көзделді. Мысалы, тақырыпқа сай сөйлемдер жазу, сөйлемдердің бір-бірімен байланыста болуы, тақырыптан алшақтамау, өз ойларын қорыту, дәлелдей білу. Балалардың сыни тұрғыдан ойлана отырып, жауап берулерін талап ететін сұрақтар талантты және дарынды балалардың ой ұшқырлығын дамытып қана қоймай, сонымен бірге басқа балалардың да терең ойланып, жоғары дәрежелі сұрақтарға жауап беріп үйренулеріне мүмкіндіктер берді.
Мен енді сабақ барысында танымдық қабілетті дамытатын тапсырмалар құрастыруды қолға алдым. Себебі кейбір оқушылар сыныптағы өзге қатарласынан тапсырманы тез орындап болады. Сондай жағдайда уақытты бос жібермес үшін ондай балаларға жеке тапсырмалар дайындап әкеліп отырдым. Тіпті кей кездері мұндай оқушылар өздері ынталанып үлгірімі төмен сыныптастарына көмектесіп те жатты. Өзара әрекеттесу кезінде оқушылар бір-бірін оқытуға, тыңдауға үйренді. Сұрақ қоюдың сынақтан өткізу, түрткі сұрақтар сияқты түрлерін оқушылар өздері бір-біріне немесе топ мүшелері қарсы топқа сұрақтар қойғанда белсенді қолданып отырды. Оқушылардың бір-біріне сұрақ қойып, оған жауап беруі өздеріне де ұнайтындықтарын аңғардым. Бұл маған сабақ барысында тақырыпты талдап ашуға, оқушылар өздерін еркін сезініп ойларын білдіруіне көмектесті. Олар бастапқыда өз ойын айтып жауап беруге қиналды. Сондықтан жұмыс барысында мұндай оқушыларды зерттеуіме тура келді. Оларды қайтсем топ алдында сөйлетемін деп алдыма мақсат қойдым. Осылайша оларға жауапкершілік жүктеп көрмек болдым. Осы мақсатта презентация жасап жаңа тақырыпты түсіндіру, тақырып бойынша сұрақтар құрастыру, бұқаралық ақпарат құралдарына шолу жасап тақырыпты бүгінгі өмірмен байланыстыру сияқты тапсырмаларды арнайы бердім.
Мектептегі іс-тәжірибе кезеңінде зерттеуге алған оқушыларымның да өн бойынан өзгерістер көре бастадым. Сабаққа мүлдем қызығушылығы жоқ, сабаққа деген талпынысы жоқ оқушылар әр сыныпта кездеседі. Тіпті оқулықта берілген мәтінге байланысты сұраққа жауап беру кезінде Н-ға жетелеуші сұрақ керек ететінін аңғардым. Жақсы оқитын А, В деген оқушылар сұраққа толық жауап беріп, дәлелдей алу қабілетіне көтерілгенін байқадым. Бұл оқушыларды зерттеген себебім, оқушылардың оқу барысындағы алға жылжу деңгейін көргім келді. Олардың жас ерекшеліктерін ескере отырып тапсырмалар дайындалды. Әрине, тапсырмалардың басым бөлігімен бірінші «Бетпе-бет» кезеңінде танысып, жекелеген материалдарды «Мектептегі тәжірибе» кезеңінде пайдаландық. Нұсқауда жазылғандай бағдармалардың идеяларын енгізуді әдеттегі педагогикалық практикаға қосымша жүктеме ретінде қарамай, керісінше, барлық тізбектелген сабақтар топтамасында мұғалімнің әдістемесінен көрініс табуға тиіс. Бағдарламада берілген жеті модульдің бәрін сабақта қолдану оңайға түскен жоқ. Тапсырмаларды әр модульді ескере отырып жүйелеп дайындау көп ізденісті талап етті. Орта мерзімді жоспарды құруда да кездескен кедергілер болды. Тәжірибе барысында АКТ-ны қолдану, яғни сыныпта интербелсенді тақтасының болмауы, бағдарлама бойынша тәжірибенің аздығы, жоспарға жеті модульді кіріктіре отырып құрастыру, уақытты жүйелі түрде бөлу. Мынадай шешім қабылдадым: оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, дарынды және талантты оқушыларға сұрақтар қою, тапсырмаларды дайындау, оқу процессін нақты жоспарлау; бағалау дағдыларын дамыту; оқу процессіне жеті модульді жүйелі түрде кіріктіріп отыру.
Қорыта келгенде мектептегі тәжірибеде тізбектелген сабақтарды өткізу барысында мынадай нәтижелерге жеткенімді, біршама өзгерістерді байқадым. Оқушылардың пәнге деген ішкі уәждері оянды, пән бойынша білім сапасы арта түсті, «үнсіз» оқушылар ашыла бастады, оқушыларға өз деңгейлерін өздері анықтауға мүмкіндік берілді, көшбасшылық дағдылары дамыды. Дарынды, талантты балалар өздерінің мүмкіндіктерінің жоғарылағанын байқадым. Олар да соны сезгендей. Аз уақыттың ішінде оқушылардың сабаққа ынталары артып, олардың іс-әрекеттері дами бастады, бір-біріне тақырыпты түсіндіре алатыны байқалды, әрекеттері белсенді болды.
Келешекте зерттеуге алған үш оқушымен көп жұмыс жасау керек. Олардың қабілеттеріне сай тапсырмалар дайындап, қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Алдағы уақытта қажырлы еңбегімнің арқасында оқушылардың үлкен жетістіктерге жететініне сенемін.
Достарыңызбен бөлісу: |