Қожа Ахмет Ясауидің ата-бабасы, анасы және ұрпақтары туралы



бет3/4
Дата25.12.2016
өлшемі490,26 Kb.
#4992
1   2   3   4
Бұның себебі неде? – деп сұрады.

Ясауи:


— Оның арқасына жын-перілер жабысып алып, алғашқы 40 дүрені
өткізбеді. Сол себепті алғашында оған дүре батпай, Алла атын жад етпеді.
Соңғы 40 дүре Баба Машынның арқасына тиіп еді. Сондықтан оның жан
дауысы шықты, – деді.

Одан кейін Ясауи ата есін жиған Баба Машынға қарап:

— Өзіңнің қайдан екеніңді білдің бе? – деп сұрады. Ол көз жасы көл
болып, әдепсіздігі үшін Ясауиден кешірім сұрап, тәубесіне келді. Атаның
шәкірті болды. Үш рет қылуетке түсіп, Ясауидің сүйікті шәкірттерінің біріне айналады.

XXXX


Хакім Атаның анық есімі – Сүлеймен. Балалық шағында мектепке бара жатқанда басқа балалар сияқты Құранды мойнына аспай, қолымен астынан ұстап, құрметпен алып жүретін. Мектептен шыққанда да бетін мектепке қарай, артын үйге қарай беріп қайтатын. Бір күні Қожа Ахмет Ясауи мешіт табалдырығында отырған кезде оны көреді, әлгі әрекеті бұған ұнап қалады. Қожа сөйтіп баланың әкесі мен анасының ризашылығын алып, Сүлейменді Құран оқыту үшін жанына алады. Он бес жасына келгеннен кейін Қожаға шәкірт болады. Бір күні Қызыр әлейкумсәләм Қожаға қонаққа келеді. Қожа тамақ пісіру үшін шамалы отын әкелуге балаларды жұмсап жібереді. Отын әкеле жатқанда қатты жаңбыр жауады. Әкелінген отынның бәрі су-су болып қалады. Тек Сүлеймен киімін шешіп, отынды орағандықтан, ол әкелген отын ған құрғақ болады. Соның арқасында басқа отындар да жанады. Қызыр әлейкумсәләм отынның неге құрғақ болғанын Сүлейменнен сұрайды. Ол себебін айтып береді. Қызырға бұл жауап ұнайды, балаға: «Бұдан былай атың Хакім болсын», – дейді. Содан кейін аузына түкіреді. Сүлейменнің іші нұрға толады. Қызыр: «Қане, тұрма, рухани нәр шығар», – дейді. Хакім Ата сол мезеттен бастап бірнеше хикметтер, өлеңдер айта бастайды.

ХХХХ


Құрбан айында бір күні Қожа Ахмет Ясауидің теккесінде (медресесінде) 99000 шайқы жиналады. Қожа имам болып, намаз қыла бастайды. Оң жағында Хакім ата, сол жағында Мұхаммед Данышпан тұрады. Намаз кезінде Қожаның даусы шығып кетеді. Жамиғат «Имамның әбдесті (дәреті) бұзылды» деп ойлайды. Бірақ Қожа тырп етпейді. Намазын жалғастыра береді. Ақырында сәлем бергенннен кейін Қожа: «Мен мұны сіздің тариқаттағы мәртебеңізді аңғару үшін әдейі жасадым. Әйтпесе ол дауыс менен емес, беліме таққан ағаш бөлшегінен шықты. Түсінікті болды, менің бір ғана шәкіртім, бір жарты шәкіртім ғана бар екен, қалғандары надан екен», - дейді де, Хакім атаға: «Ертең таңсәріде саған бір түйе келеді, оған мінесің, қай жерде тұрса, сол жерде түсесің», - деп бұйрық береді. Түйе Түркістаннан шығысқа қарай жүреді. Қорасан қаласының батыс жағында, Бейнеу арқасы деген жерге келіп тұрады. Қанша қинаса да, шөккенінен тұрмай қояды, бақырып-шақырады. Осыған байланысты ол жерді «Бақырған» деп кетеді. Түйе тұрмаған соң Хакім ата жерге түседі. Ол жерде Боғра ханның жылқыларының жайылған өрісі екен. Жылқышылар оны бұл жерден қуып жібермекші болады. «Мен – дәруішпін, ешқайда кетпеймін», - дейді. Жылқышылар қолдарындағы құрықтарымен оған шабуыл жасауға кіріседі. Сол кезде Хакім ата сол жердегі ағаштарға: «Мыналарды ұстаңдар!» - деп әмір береді. Ағаштар үшеуін қаттылап ұстап алады, ал қалған екеуі қашып құтылып кетеді де, болған жайды Боғра ханға айтып береді. Хан бұл оқиғаға риза болады. «Үш күннен бері мұрныма әулиенің иісі келіп еді. Демек елімізге бір әулие келген екен ғой», - деп, істің мән-жайын анықтау үшін Абдулла Садыр деген біреуді жұмсап жібереді. Абдулла Садыр келген дәруіштен кім екенін, не қалайтынын сұрайды. [Ол өзінің] Ясауи шәкірттерінің бірі – Хакім Сүлеймен екенін айтады. Жылқышылардың ағашқа байлаулы қалғандарына көзі жетіп, ағаштардан: «Осылай істегеннің жазасы осы», - деген дауыс естиді. Бұл дәруіштің ұлылығына сенген Абдулла Садыр қайтып барып, ханға хабар береді. Боғра хан бұл дәруіштің ризашылығын алып, өзіне жақын тарту үшін, оған Әнуар деген қызын ұзатады. Одан басқа көп түйе, қой, ат береді. Хакім ата бұларды қабыл алады. Бақырған деген ол жерді өзіне мекен етеді. Боғра хан мен барлық уәзірлері оған шәкірт болып, мойынсұнады. Хакім атаның атағы дүниенің төрт бұрышына тарайды.

ХХХХ


Бір деректерде ол Амударияға түсіп, су асты патшасы болып кетті дейді. Екінші бір деректерде Сүлеймен Бақырғани Хорезм ойында өзі қалып, ұлын Хорезм сияқты ежелгі киелі орындарға аса бай, оның үстіне, батысқа беттеген оғыз-қыпшақтардың соқпай өте алмайтын және көк теңізге барып бір-ақ тірелетін ұланғайыр іркіліс кеңістігі Маңғыстауға жұмсапты деседі. Өйткені екінші бір аңызда, Түркістандандағы Құқай тауының бір шоқысына шығып отырған Дәніспанға бір дәруіш кеп, сұлтан Хұббидің кереметтеріне тәу ету үшін Маңғыстауға барғысы келетінін айтады. Дәніспан дәруішке ерейін деп орнынан тұрып бара жатқанда, таудың шоқысы: «Мен де көрейін бе деп едім», – деп ыңырсиды. «Олай болса, мен саған мініп барайын», –  деп Дәніспан шоқыға кеп отырады. Тау батысқа қарай жүріп береді. Маңғыстауға жеткесін: «Киелі жерге көліктен түсіп, жаяу барған дұрыс», – деп орнынан тұрып кетеді. Тау жеткен жеріне тұрып қалады. Дәніспан – Маңғыстау түбегіндегі Таушық кентінің шығыс жақ іргесіндегі оқшау тау. Бұған қарағанда Хубби қожа су түбіне емес, Маңғыстау асып кеткенге ұқсайды.

(…) Тағы бір аңызда Қожа Ахмет мешіт терезесінен асасын лақтырып жіберіп: «Кім тауып әкелсе, соған батамды берем», – дегенде Шопан ата есікке жете беріп, қайтып оралып: «Қазірет, аса Атыраудың жағасындағы Маңғыстауға барып түсті. Алыс жолға аттанатын болдым, батаңызды беріңіз», – деген екен дейді.

(…) Оның [Әзірет Сұлтанның] мүриттері алыс Түркістаннан да, іргедегі Хорезмнен де ат құрғатпай Маңқыстауға ағылған. Хорезмдегі қашып бара жатқан киіктерді «шөрелеп» шақырып алып, тізіп қойып сүт сауған Амбар [Әнуар] ана әулиенің мүриттері болып табылатын киік сауған қожалар мен қоңыр үйлі қожалар да, күні кешегі Пір Бекет ата да – осы Қожа Ахмет Ясауи дәстүрін жалғастырушы қожалар болып табылады.

ХХХХ


Хакім Ата қара торы, ал Әнуар ана болса аппақ және сұлу болатын. Бір күні Хакім Ата жуынып жатқан кезде, Әнуар Ана төсекке жатады. Оған қарап жатып, кезінде Боғра ханның қызы болып, енді мынау қара адамға үйленгенін ойлап кетеді. Хакім Ата бұл ойын түсініп қояды. «Сен мені ұнатпайсың, бірақ менен кейін тісінен басқа ақ жері жоқ, менен де өткен қара адамға тұрмысқа шығасың», – дейді. Әнуар Ана өкініп, жылайды. Бірақ болар іс болған еді. Хакім Ата дүниеден көшетін кезі жақындағанда Хорезмдегі ұлдарын шақыртты және оларға: «Өлімімнен кейін қырық күнін өткізген кезде күн шығысымен Қағба тұрғынынан қырық абдал келеді. Солардың арасында көзі жақсы көрмейтін, бір аяғы Әмір, бір қап-қара абдал да болады. Аналарыңды үйленуі үшін күтуі керек мерзімі бітісімен, сол адаммен некелестіріңдер». Шындығында да, Хакім Ата қайтыс болғаннан кейін қырық күн өткен соң абдалдар келеді. Бірақ олардың арасында қара абдал болмай шығады. Балалар оны сұрайды. Оның артта қалғанын естігеннен кейін, шақыртып алады. Оның аты Зеңгі болатын. Әкелерінің өсиеті бойынша, аналарын Зеңгімен некелестіреді. Бұл Зеңгінің әулиелігін ол кезде ешкім білмейтін. Зеңгі Ата әйелін алып, өз еліне кетіп қалады. Әнуар Ана бұрынғы күйеуінен қалған кереметтің зардабынан Зеңгіден көп қиындық көреді. Бірақ шыдамдылық танытады және басқа әйелдерге бұл жөнінде үгіт-насихат, ақыл береді (Хакім Ата кітабы).

XXXX


Ата-анасының Зеңгі бабаға азан шақырып қойған аты – Айқожа екен. Тумысынан қап-қара кісі болған соң халық оны Зеңгі ата деп атап кетіпті. Оның төрт атасын білмеген жан тәкбірге күмәндар болады. Яғни ол адам тәкбір айтуды дұрыс білмейді деп есептеледі. Зеңгінің әкесі – Тасқожа, атасы – Мәлекқожа, бабасы – Мансұрқожа (Мансұр ата), арғы бабасы – Арыстан бап.

Зеңгі ата бақташы болып елдің падасын жиып баққан көрінеді. Оның өз меншігінде де қара малы көп болыпты. Баба сиырдың тұқымын молайтып, топ-тобымен жайып, көбейткен екен. Сол кезде бір қыңырлау кісі:

— Сиырды ылғи Зеңгі жая бере ме? Біз де бағайық Елден біз де нәпақа алып пайдаланайық. Неге өзгеге бермейсіңдер? – деп, ел басшысына шағым жасапты. Әміралдар алқасының кеңесінде Зеңгі баба әлгі қыңырға:

— Мақұл, сен бақ, – деп паданы беріпті. Ол адам сиырды жайғаннан кейін бір апта өтпей-ақ оқалақ пайда болыпты. Содан қара малға оқалақ тиіп, быт-шыт боп қашып, падаға қыңыр кісі ие бола алмай қалыпты.

— Қой, болмас, мұның киесі бар екен. Баға алмаймын, – деп, Зеңгінің өзіне қайтарып берген көрінеді.

Арыстан баптың төртінші ұрпағы Зеңгі ежелгі Шаш, қазіргі Ташкент қаласына таяу зерде орын теуіп, сол араны жай етіпті. Ол таңертеңгі уақытта шығып, паданы айдап, алдын қайырмай, еркінше жіберіп; “Ош, Ош!” – деп сонау қырғыздың жерінен бір-ақ қайырып әкеледі екен. Ош қаласының атауы содан пайда болса керек.

Малдың әр түлігінің өз тәңірісі, сақтаушысы бар деп түсінген халық ұғымында Зеңгі баба сиырдың пірі ретінде сақталып қалған.

XXXX


Зеңгі баба сиыр ішіндегі бұзаудың түр-түсін нақтап айтатын, жаңылмай табатын көріпкел, әулие болыпты. Оның өмірлік қосағы Әнуар ананың да іштегі бұзаудың қаңдай екенін ажырата алатын сыншылық қасиеті бар екен. Бірде зайыбы ерінен:

— Мен сіздің әулиелік ісіңізге ортақпын ба? Сауапқа серікпін бе? — деп сұрапты. Зеңгі оған қарап;

— Сен сауапқа серік бола алмайсың. Өзім тақуамын, сондай таза ісіммен әулелікке иемін. Бұл қасиет өзімнен, оған сен ортақ емессің, – депті.

Әнуар ана ері Зеңгіні ерекше ықыласымен күтіп, ас-ауқатын таза дайындап, қызмет етеді екен. Ол ас дайындағанда, ыдыстарды тоғыз мәрте жуып, шайқап, шаятын көрінеді.

Бірде Әнуар түс мезгілінде ас дайындап жатып, ауқаттың ішінде әлдене қараң ете қалғанын көзі шалып, байқап қалады. «Бір ноқатта қара дақ бар екен ғой-ау»-деп, қанша ауыстырып, іздесе де таба алмапты. «Осы арада жүр ме екен» деп шамалап, астың бір-екі шөмішін алып, төгіп тастайды. Пада бағып, ашығып, ыстық күннің астыңда қап-қара боп өзін күткен ерінің жай-күйін ойлап, ауқатты асыға Зеңгіге алып барады. Баба оны лезде ішіп қояды.

Арада біраз уақыт өтеді. «Әлгі қараң еткен нәрсе ас ішінен алынды ма, жоқ па?» –  деген күмән Әнуар ананың көңілінен кетпейді. Ол соны байқау ниетімен иіріле жатқан сиырдың шеткі біреуін қолымен нұсқай көрсетіп,

— Анау сиыр қандай бұзау туады? – деп сұрайды. Сол кезде баба:

— Түсі қызыл, мандайы қасқа бұзау, – деп жауап береді. Сонда жұбайы сөл езу тартып, жымиып:

— Құйрығының ұшы ақ, қызыл бұзау, – депті.

Уақыты жетіп, сиыр бошалап, құйрығының ұшы ақ, түсі қызыл бұзау туады.

Әнуардың айтқаны тура шыққан соң Зеңгі одан:

— Мен қалай жаңылдым? – деп сұрапты.

— Сіздің жаңылғаныңыз, сол күні ауқаттың ішінде бір ноқатта кішкентай қара дақ кетіп, қанша іздесем де, таба алмаған едім. Сол көзіңізге перде боп тұтылып, іштегі бұзаудың құйрығы қайрылып, аяғының арасынан өтіп, мандайына тиіп, жатқанын байқай алмадыңыз; – дейді жұбайы. Сол уақытта Зеңгі;

— Менің әулиелік қасиетім сенің жасаған қылаусыз таза қызметіңмен байланысты болды. Егер сен тазалығыңнан сәл ғана мүлт кетсең, мен ол қасиетімнен айрылып, жарым-жартылап, толық күйде бола алмайды екенмін, – деп мойындаған екен.

XXXX

Зеңгі Ата Ташкент тауларында сиыр бағатын қалың ерінді қап-қара (...) бақташы болатын. Өзі мен отбасын айлық ретінде ташкенттіктерден алатын бес-он теңге ақшамен асырайтын. Өмірі үнемі далада өткендіктен, намазын да далада, жазықтықта оқып, намаздан кейін дауыстап зікір салатын. Сол кезде, аңызға қарағанда, барлық сиырлар жайылуын тастап, оның айналасына шеңбер жасап тыңдайтын болған екен. Зеңгі Ата бір күні тауда бұталардың арасынан тікенді бұтақтардан көп қылып жинап, үйіне апару үшін жіппен байлап жатады. Сол кезде алдынан төрт бозбала пайда болады, сәлем береді. Олардың сәлемін алып, қайдан келіп, қайда бара жатқанын сұрайды. Сөйтсе олар Бұқарда медреседе оқып, білім алып жатқан жерінен бір тариқатта аттарын қалдырғысы келіп , қазір өздеріне жол көрсетуші, ұстаз, шайқы іздеп жүргендерін айтады. Зеңгі Ата: «Біраз кідіре тұрыңдар, дүниенің төрт бұрышын иіскейін. Қай жерден кәміл жол көрсетуші, шайқы иісін алсам, сендерге айтайын», - дейді. Жастар қуана-қуана күтеді. Ата жүзін төрт жаққа қаратып иіскегеннен кейін: «Сендерді кәміл шәкірт қып жетілдіруге күші жететін менен басқа ешкім жоқ екен»,- дейді.



Бұқардан шайқы іздеуге шыққан бұл төрт жас, кейін оның төрт үлкен халифасы болған Ұзын Хасан ата, Сейіт ата, Садр ата, Бәдір ата болатын. Зеңгі Атаның бұл сөздерінен кейін әуелі Ұзын Хасан мен Садр бачи оған шын пейілдерін берген еді, сондықтан кәміл мәртебесіне алдымен солар жетеді. Сейіт Ахмет азды-көпті білім алып, асыл текті бола тұра, бұл сиыр бағатын қап-қара бақташының оған ұстаз болуын ақылға сыймайтындай көреді. Оның бұл көкіректігі жолын байлап, дін үшін күресте онша пайда көрмеген еді. Соңында Әнуар анаға жалбарынып, ұстаздың өзіне рахым жасауын өтінеді. Ана оған: «Зеңгі атаның жолын күзет, бүк түсіп жатып ал. Ол таңсәріде дәрет алуға шыққанда сені сол күйде көріп, жаны ашитын болсын», - дейді. Шындығында бұл кеңпейілді әйел Сейіт Ахметті неге қамқорлығына алмағанын жұбайынан сұрап, оның бұған лайық екендігін айтады. Зеңгі ата күлімсіреп, алғаш көрген кезде Сейіт Ахметтің жүрегінде, көңілінде қалай өркөкіректік, тәкәппарлық оянғанын айтып береді. Бірақ Әнуар ана көрсеткен мейірім шапағатқа сүйене отырып, оның бұл алғашқы қатесін кешіргенін де қосып қояды. Ертесі күні таңертең Зеңгі ата сыртқа шыққан кезде, жолында қарайған бір нәрсенің жатқанын көреді. Не екенін түсіну үшін аяғымен түркен кезде Сейіт Ахмет шайқының аяғын құшақтап, кешірім сұрайды. Зеңгі Ата сол кезде Ахметке ілтипат көрсеткені соншалық, бүкіл мақсаты сол кезде-ақ түсінікті болады.

XXXX


Түркістан Шаһарында ғұлама Қожа Ахметтен дәріс алған көп шәкіртінің бірі – Шопан ата еді. Бірде ұстазы шәкірттерін сынау ниетімен медресе жанына жинапты. Қолындағы асасын басынан бірнеше қайтара айналдырады да, лақтырып жібереді. Ол сонан соң: «Ал, шәкірттерім, асаны қайсысың бірінші тауып әкелесіңдер», – дегенде, шәкірттер аса таяқтың ұшқан жағын бетке ұстап жарыса жүгіріп кетеді. Шопан ғана орнынан қозғалмай тұрып қалады. Қожа Ахметтің: «Сен неге асаны іздемейсің?» – деген сауалына: «Мархаббатты ұстаз, сіздің асаны табу үшін менің ұзақ сапарға аттануым керек», – деп жауап қайтарады. Шәкіртінің білімдарлығына риза болған Қожа Ахмет сапарына ақ жол тілеп, батасын беріп қош айтысады.

Шопан ата Қожа Ахметтің Түркістанда лақтырған асасын Маңқыстау түбегінен табады. Ол аса қадалған жерді үңгіп, жер асты мешітін салады. Құдық қазады, өткен-кеткен жесін деп тұт ағашын егеді. Ел балаларын оқытып, өзі де ғұлама ұстаз атанады. Оның жер асты мешіті жартылай құлаған күйінде әлі күнге дейін сақталған, ел-жұрты оның басына тәу етіп, түнейтін қасиетті орын.

ХХХХ

Әзірет Сұлтан хақындағы аңызға айналған әңгімелер Мерв шаһарына да жетеді. Маруази деген мұғалім шаһардың мүфти, молдаларын жинап, Ахмет Ясауиге барып, түрлі сауалдар қойып, оны «жеңіп» қайтуды ұйғарады. Ол үшін мынадай сұрақ дайындап жаттап алады. Маруази бастаған 400 мушауар және 40 мүфти Түркістанға бет алады.



Әзірет Сұлтан екі шәкіртіне олардың сапарлары жайын хабарлайды.

— Шырағым, - дейді сенімді шәкірті Мұхаммедке, - Мың сұрақты олардың есінен шығарып, жадынан өшіріп жібергейсіз. Олар Тәңірінің қолдауын бір көріп таңдансын.

- Мақұл, тақсырым! – деп шәкірт шегініп шығып кетеді. Екінші сенімді шәкірті Сүлейменге де сондай тапсырма береді.

Ертеңіне бесін уақытында күткен меймандар келеді.

- Алла тағаланың тура жолынан азғыратын сенбісің? – деді мұғалім даусын көтеріп. Мервтен келген меймандар бұл жердегі ұстаз-шәкірттердің үсті-бастарына мысқылдай қарап:

— Мүриттерің сондай жалаң аяқ па? — дейді.

Қожа Ахмет оларға қарсы сөз айтпайды. - Қош келіпсіздер Мейманымыз болыңыздар. Асықпай сөйлесеміз. Тәңір нәсіп етсе танысып та аламыз, - дейді.

Хазірет жанындағыларға қарап былай дейді.

— Меймандар екі-үш күн демалсын.

Үшінші күн үлкен алаңға тұғыр қойылды. Көпшілік жиналды. Меймандар ойға алғандарын орыңдау үшін сауал беретін болды. Қазірет пен мүриттері ерекше құрметпен жауап беруге келісіп алды. Әуелгі сөз кезегі мұғалім Маруазиге тиді. Ол мінбеге көтерілді. Жұрттың назары Маруазиде. Ол маңғаздана не айтқысы келсе де есінен шығып кете берді, оның үні шықпай, тілі күрмелді. Әбден жаттаған сауалдарының қайсысын айтқысы келсе де, тілі шықпады. Көпшілік те үнсіз. Тап қазір мінбеде бір ғажайып көргендей, Маруази бір-екі жөтелген болды, бәрібір басына ештеңе келмеді.

Ол жанындағы теріден бір дәптер шығарды. Сауалдар мен жұмбақтардың бәрі осында жазылған еді. Содан оқып бермекші болды. Дәптердің бетін ашқанда, «Астафыралла» деді. Көзбен көрген беттерінде бірде-бір әріп қалмаған. Ол мінбеден жығыла жаздады «О, бұл не деген керемет, не деген құдірет!»

Мұғалім Әзірет Сұлтан[ның] аяғына жығылды. Жүзін топыраққа сүртті.

— Тақсырым, пірім, менің күнәмды кешір! - деді көзінен жас тамшылай. Біз оқығанмен, жетіліп оқымаған екенбіз. Аллаға шүкір, кеш болса да адасқанымызды білдік.

Қожа Ахмет өзінен кешірім сұраған мұғалімді екі қолдап орнынан тұрғызды.

Мервтен келгендердің барлығы және бес жыл Қазірет сарайында мүрит болып, тәлім алды.

ХХХХ


Ел ішіндегі әңгіме бойынша, кезінде Қожа Ахмет Ясауидің өзі ораза, құрбан айт намаздарын осында келіп өткізіп жүріпті. Әзірет Сұлтан Ясыдан шығып, Сауран арқылы Аққұм бекетінің тұсындағы Сырдариядан тас өткел арқылы өтіп, Көкжидедегі Шәмші Қылауыз ауылына бір қонып, Қорасан атаға зияратқа барғанда Бабаға жалбарынып:

Бабам Қорасан, келдім арасан,

Зиярат етейін деп, ісімді сұрасаң.

Мүшкіл ісімді қылғайсың асан,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Атың-дүр мәшһүр Аршы самада,

Тауап етейін деп келдім пияда,

Үміт етіп мен хауф-рижада,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Аршының үстінде Сұхбат құрарсың,

Әзіреті Қызыр ила ұлпат қыларсың.

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Сексен шайхыны жаныңда көрдім,

Тоқсан шайхыны артыңда көрдім.

Қағба[ны] махаллаңның алдында көрдім,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Сұлтан Хұсайынның ұлы болармын,

Астанасының құлы болармын.

Шашым-сақалымның шыпта қылармын,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Әлінің әулеті Шери Құдасың,

Келеген бәлеге дәпі қыларсың,

Таңа Қожа Ахметке жары берарсың,

Рахмет ете гөр, бабам Хорасан, —

деп жалбарынып дәремет сұрайды екен. Содан бері Қорасан бабаның басынан сан ғасырлар бойы қаншама ұрпақтар келіп түнеп, сиынып, бірі ауруынан айықса, бірі бала сұрап алады екен.

ХХХХ


Қожа Ахмет Ясауи Сыр бойын аралауға келгенде Жақып атамызға:

-Уа, Жақып, мына дариядан қалай өтеміз? - дегенде

-Сізге дариядан өту қиын болып па? Жүре беріңіз деп дуа еткен екен. Әзірет Сұлтан дарияны кешіп өте берген. Міне осы сапарда Сыр бойындағы барлық Қорасан ата, Қасым ата т.б. әулиелерді аралап, қайтадан баяғы судан өтетін жерге келеді. Сол жерде бесін намазын оқиды. Намаз оқып жатқан жайнамаздың бас жағынан кішкене қарақұрт шығады. Бұлар намаз оқып біткенше күрт үлкейіп, адам жұтатын дәрежеге жетеді. Сонда Әзірет Сұлтан намаз оқып болып, Жақып атаға бұрыла қарап:

-Уа, Жақып, сен дем сал! - дейді. Жақып ата дем салғанда әлгі құрт әбден кішірейіп, бұрынғы қалпына келіпті.

Жақып ата:

-Не етейін, құртып жіберейін бе? - дегенде

-Қой, сол қалпында қалсын, - деп, Әзірет Сұлтан шәкіртіне риза болып, Тассуаттан өтіп, арғы бетке шыкқан соң:

-Уа, Жақып, қолынды жай, сенің енді бұдан былай лақап атың «Құрт иесі – Қылауыз» болсын, - деп батасын берген екен. Содан бастап, қарақұрт, жылан шаққан адамдарды емдейтін болған екен» - дейді.


Қожа Ахмет Ясауи және Әмір Темір

ХХХХ


Тарағай би түсінде көзге түрткісіз белгісіз қап-қараңғы түнде бір жартастың төбесіне шығып тұрады. Сол кезде оған қаз мойын, қамыс құлақ ақбоз атқа мінген ақ сәлделі, ақ шапанды, ақ сақалды бір қария келіп; «Тарағай балам, мен Қожа Ахмет Ясауи деген атаң боламын. Әдейі өзіңмен жолыкқалы келдім, мына қылышты қасыңа алшы», - деп, Тарағай бидің қолына алмастан соғылған қылышты ұстатады.

- Ал енді қылышты онды-солды сілте, - дейді қария. Тарағай қылышты оң қолына алып, онды-солды сілтей бастағаны сол-ақ екен қылыштың жүзінен шыққан от жалынға айналып, бүкіл төңіректі жап-жарық етіп жіберіді. Тарағай би оянып кетіп, түсін бір ғұламаға жорытады.

ХХХХ

[Әмір Темір жайында әңгіме көп]. Соның бірінде «Ғайып Ерен қырық шілтендер жиналып мәслихат құрғаны, оған Қожа Ахмет Ясауи, Бахауаддин, Жанабығауыс қатынасқаны айтылады. Ясауи: «Мен (...) Темірді ұсынамын, ендігі хан Темір болсын», - дейді. Сөйтіп айдалада сиыр бағып жүрген Темір ұшып тұрса, жанағының бәрі түсі екен. Бірақ түс болса да қуанғаны соншалық, сиырын тастап бет алдына жүре береді. Әйтеуір бір кездерде Самарқанд шәһәріне кіре бергенінде, халық алдынан қарсы алып, хан көтереді. Сонда ол: «Менің осындай болуыма себепкер – Қожа Ахмет Ясауи деген әулие. Сондықтан оның қабірі қай жерде болса да тауып, үстіне әлемде теңдесі жоқ ғимарат салдырамын», - деп ант ішіпті (...).



ХХХХ

Ғұлама бір кісі түс көріп жатқанда Ахмет Ясауи аян беріпті: «Сенің шәкірттеріңнің ішінде дінді қатты сыйлайтын әрі келешекте ел билеуші болатын бір бала бар», - депті. «Мен оны қалай білемін?» - дегенде: «Балалардың бәрін жинап алып, торғайдың балапанын алдыр, оны ешкімге көрсетпей өлтір деп бұйыр, сонда білесің», - депті. Ертесіне медресеге келген ұстаз қырық шәкіртін жинап алып: «Барлығың барып, бір-бір шымшықтың балапанын әкеліңдер», - деп бұйырады. Балалар жүгіріп кетіп, бір кезде бір-бір балапаннан алып келеді. Ұстаз оларға: «Енді осы балапандарды ешкім көрмейтін жерге апарып, бәрін өлтіріп келіңдер», - деп бұйырады. Барлығы қайта жүгіріп кетеді де, ешкім көрмейді-ау деген жерге барып, балапандардың мойындарын бұрап жұлып, ұстаздарының айтқанын орындайды. Ішінде бір бала ғана балапанды өлтірмей қайта әкеледі. «Сен неге өлтірмедің?» - деген сұраққа: «Ешкімге көрсетпе дедіңіз ғой, ешкім көрмегенмен, Құдай көріп тұр, өлтіре алмадым», - деп жауап беріпті. Сонда ұстаз келешек ел билеушінің осы екенін білген екен. Ұстазы оған ерекше көңіл бөліп жүріпті.


ХХХХ

(...) Бірде Әмір Темір Түркістан өңірінен өтіп бара жатып, бір күн қонады. Сонда ол ұйқыда жатқанда түсіне Қожа Ахмет кіріп: «Тұр балам, Бұқара тарапына аттан, ол жерде сені жеңіс күтіп тұр», - деп аян береді. Түсінен қуанышы қойнына сыймай оянған Ақсақ Темір кейіннен жеңіске жетеді. Өзін Қожа Ахмет Ясауи сияқты үлкен әулие қолдап жүргенін сезген әмір Түркістанда әулие бабаға арнап кесене тұрғызады. Кесенені салдыру үшін әлемнің ең шебер деген ұсталарын алдырады. Бүгінгі кесененің әлі күнге тарихи қалпын сақтауы ұсталардың асқан шеберлігінен болса керек. Иә, осылайша Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салыныпты.

ХХХХ

[Әмір Темірдің өзі]: «Рұм астанасына аттанған кезімде Әзіреті шайқы Ясауи мақамын өзім киелі деп білдім. Қиналып, бір нәрсеге ұшыраған кезіңізде оқыңыз, өйткені мен оны өте киелі санаймын:



Йелда гиджени шеми шебистан иткән,

Бір лахзада әлемні гүлистан иткән,

Бес мүшкіл ішім түшүбдүр асан иткән,

Еу, барчаның мүшкіліні асан иткән.

Мен бұл рубайатты жатгап алдым. Қайсари-Рұм әскерлерімен ұрыс кезінде мұны 70 рет оқыдым. Жеңіске жеттім», - [депті].

ХХХХ


Әмір Темір өзінің шатыры алдына ағаш қадап, оған қоңырау байлап қояды екен. Кімде-кім сөйлесуге келсе өзі онымен ауызба-ауыз сөйлесетін болған. Сөйтіп олар еш кедергісіз әмірдің өзімен сөйлесуге мүмкіншілік жасалатын болған.

Бір күні таңертең ерте есік алдындағы қоңырау шылдырлайды. Уәзірі Әмірге келіп, келіп тұрған адам емес ақ жылан екен дейді. Темір сауытын киіп тысқа шықса, шын мәнінде қоңыраудың арқанына оралып тұрған ақ жыланды көреді. Жылан Темірді көріп арқаннан сытылып түседі де тәжім қылады, сөйтіп соңымнан ер дегендей ишара білдіреді. Жылан жылжып отырып тауға келіп үлкен үңгірге кіреді. Онда тола ақ жыландар бар екен, олар Әмірге екіге айырылып жол ашады. Түкпірде үлкен сандық тұр,соны аш дегендей белгі береді Темір сандықты найзасының ұшымен ашып қалса, ішінен дәу қара жылан шығады. Темір оны қылышымен шауып өлтіреді. Бұл жағдайдан Темір жыландардың да кәпір, мұсылманы болатындығын түсініпті. Ақ жыландар мұсылман екен да, қара жыландар кәпір екен, сол қара жылан ақ жыланның ұрғашысын тартып алып, сандық түбінен шығармай жатыр екен. Темірді ертіп келген ақ жылан оған сандық түбінде жатқан айнаны ал деген ишара жасапты. Бұл айна Сүлеймен пайғамбардың сиқырлы айнасы көрінеді. Сол айнаны алғалы Әмір Темір көреген болғандығы осыдан қалған дейді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет