ҚОЖАБЕРГЕН БАТЫР - ЖЫРАУ ШЕЖIРЕСI
Қожаберген батыр - жырау орта жүздiң Керей руынан тарайды. Бiздiң солтүстiк өңiрде Керей шежiресiн алғаш рет ұрпаққа мұра етiп қалдырушы Ашамайлы Керейдiң Көшебе руынан шыққан атақты қолбасшы батыр, Қожаберген жыраудың ұлы атасы Дәулен Таузарұлы болған. Бұл үлкен шежiре содан қолдан-қолға өтiп жүрiп, ақыры Сегiз Серi Баһрам ұлына (Дәуленнiң жетiншi ұрпағы) келiп жеткен.
Сегiз Серi өзге өнерiмен қоса үлкен шежiрешi - жылнамашы да болған. Қазақ халқының шежiре-тарихын да мол жинаған. Шежiре туралы былай деп жазып кеткен: “Шежiре - ата айтысу үшiн емес, тарих үшiн, туыс адамдар бiр-бiрiмен қыз алысып қоймау үшiн, кiмнiң кiмге жақын екенiн бiлу үшiн де керек”, - деп жазған. Ол жинаған қазақ халқының шежiре жылнамасы Қазақ Ғылым Академиясы-ның Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының қазақ тарихы бәлiмiнде және қазақтың көне мәдени, тарихи ескерткiштердi қорғау қоғамының Орталық кеңсесiнде сақтаулы тұр (папка N853, бiрiншi тiзiм). Керей шежiресiн Сегiзден кейiн жалғастырған, жинастырған, хаттаған, архивке тапсырған Тәшмұхамед (Тәштит) Тәбейұлы Барлыбаев болған. Осы Керей шежiресi кейiнгi ұрпаққа осы Тәштит арқылы жеткен. Тәштит терiскей арқадағы үлкен шежiрешi адам болған (Қолжазбадан 125-126 бет).
Сондықтан да болар осы шежiреде Керейдiң Көшебе атасының шежiресiн толық жазған. Осы шежiреге қосар тағы бiр ойымыз - бұл шежiре бiрден-бiр сауатты шежiре болуы керек, өйткенi түпкi авторы Дәулен тархан Таузарұлы жетi ұлттың тiлiн бiлген дана адам болған, шежiренi жалғастырушылар: Толыбай - Қожаберген - Сегiз Серi - Тәбей және Тәштит Барлыбаевтар сауатты және өз кезiнiң озық адамдары. Ендi осы Керей шежiресi бойынша Қожаберген әулетiнiң аталарын таратайық. Керей - тайпалық одақтың арғы атасы. Ұраны - Ошыбай. Таңбасы - ашамай ((). Керей руының ата қонысы жайлы Қожаберген жырау өзiнiң “Ата тек” деген дастанында былай дейдi:
Атанған бабам Ғали - “Ашамайлы”
Өсiрген мыңдап тайлақ, құлын-тайды
Сiбiрге ұрпақтары қоныстанып
Ел болып ерте кезден қанат жайды.
Шалқар көл, ну орманды Сiбiр жерi
Сiбiрдi мекен еткен Керей елi
Егiн сап, күн көрудiң қамын ойлап.
Бас қосып кеңес құрған би мен бегi.
Ғали (Ашамайлы) шежiре бойынша IХ ғасыр өмiр сүрген адам. Керей руының мекен жерiне арнайы тоқтап жатқанымыз, кейбiр тарихшылар Керейлердi Сiбiр жерiне кейiн, қалмақтардан ығысып келген деген пiкiр айтып жүр: Керей руының мекендеген жерi жайлы Қожаберген жырау “Елiм-ай!”атты дастанында да:
Мекендеп Тобыл, Ертiс екi арасын
Қ азақтың күйге бөлеп ен даласын
Сауықшыл Орта жүздiң Керейi едiк
Үш жүздiң жат көрмеген еш баласын, - деген.
Керейден бiр бала - Мәңлiқаған. Одан екi бала - Арыстанбек, Асланбек. Арыстанбектен бiр бала - Наурызхан. Одан екi бала - Ғали (Ашамайлы), Меркiт. Ғалидан - Бағдат батыр. Одан екi бала - Төбей, Көбей. Төбей биден екi бала - Бабай, Әзизбек. Әзизбектен бiр бала - Тұрсынхан сардар. Одан үш бала - Жарғақ, Балдақ, Қоянбай. Жарғақтан екi бала - Қажыхан, Қазихан. Қажыханнан бiр бала - Әлмұхамед. Одан үш бала - Уызбек, Уызхан, Уызбай. Уызбектен екi бала - Қанай, Жанай батырлар. Жанайдан бiр бала - Бағлан би. Бағлан би осы күнгi Солтүстiк өңiрдегi көп керейлердiң түп атасы болып есептеледi. Бағлан бидiң бейiтi Ресейдiң Қорған облысының Половинка (Ақсиыр) ауданына қарасты Звериноголовка (Бағлан) қалашығының түбiнде, Тобыл өзенiнiң жағасындағы Керей тоғайында жатыр. 1928 жылға дейiн ол жерде атақты Бағлан жәрменкесi болғаны тарихтан мәлiм. Бағлан би өз заманында қазақ халқының айтулы көсемдерiнiң бiрi болған.
Бағлан бидiң Бопай есiмдi әйелiнен Архад, Фархад, Сарымұрат туады. Фархад батырдың Гүләндам есiмдi әйелiнен үш бала - Танаш, Аббас, Манас туады. Танаш би Фархадұлы өзiнен жасы кiшi Өзбек ханға ақылшы болыпты. Сөйтiп ол өз заманында Алтын Орда хандығының көрнектi адамы - әдiлқазы би атаныпты. Танаш бидiң балалары: Балға, Балта, Едiге, батырлар әр кезеңде Мамай, Тоқтамыс хандардың әскер басы қолбасшысы болған. Кейiн олар Ақсақтемiрдiң әскерiн басқарыпты. Едiге батыр Әмiр-Темiр әскерiнiң тобын бастап жаумен соғысып жүргенде ауыр жараланды. Ол сарбаздарына өзiн Ұлытаудың ең биiк шыңына жерлеңдер деп өсиет етедi. Ақыры солай жерленедi.
Танаш бидiң Манас есiмдi iнiсi майданда қаза болады да оның келiншегi Сәлиман жесiр қалады. Ақылды бәйбiше Айша ұрпақ көбейту мақсатымен қайнысының әйелi Сәлиманды өз ақсақалы Танаш биге қосады. Танаш биден 15 бала туады, оның 18-сы - Балға, Балта, Едiге, Есен, Аман, Аспан, Ақпан, Сапу, Қаңтар, Орал, Одақ, Орман, Көшебе, Мамыр - Айша бәйбiшеден, бiреуi - Тарышы Сәлиманнан туады.
Танаш өзiнiң үлкен баласы Балғаға Сiбiр татарының бегi Ағайынбектiң қарындасы Ғалия сұлуды әпередi. Одан Әзiм есiмдi жалғыз ұл туады. Әзiм туғаннан кейiн көп ұзамай Танаш бидiң әйелi Айша ел жайлауға көшкенде көш үстiнде босанып ұл туады. Баланың атын көшiп келе жатқанда туды деп Көшебе қояды. Ел жайлауға көшiп барғанда Танаштың iнiсi Аббас батырдың әйелi Бәтиха да босанып ұл табады. Оның атын Жайлаубек қояды. Әзiм туғаннан кейiн екi шешесi де ұл тапты, арты құтты болды деп жеңгелерi Әзiмдi “сыйлы” бала деп, содан Әзiм “Сыйбала” атанып, келе-келе “Сыйбан” атанып кеткен. Керейдiң Сыйбан руы осыдан тараған. Танаш бидiң ортаншы баласы Балта батыр әртүрлi мұсылман халқынан 11 сұлу қызды атастырып алған екен. Солардан ол 47 ұл көрiптi. Осылардан тараған ел Балта Керей аталған.
Керей елiнiң қара шаңырағы Танаш бидiң бәйбiшесi Айшадан туған кейiнгi ұлдарының бiрi - Көшебе батырда қалған екен. Кейбiр шежiрешi - ғалымдар шежiре кiтаптарында XIV ғасырдың екiншi жартысында өмiр сүрген Көшебе батыр Танаш би ұлы мен сол Танаштың iнiсi Аббас батырдан тараған Кешубай батырды алмастырып алып жүр. Кешубай сардар жас кезiнде әскер бастап, Сiбiр татарларына көмектесiп, ел қорғап, жер-су үшiн орыстармен соғысып, Том өзенi мен Кемер арасында көшiп-қонып жүрiптi. XVII ғасырда өмiр сүрген Аббас керей Кешубай батырдың сүйегi туған ауылының маңындағы бейiтке, қазiргi Солтүстiк Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылы мен Суаткөл ауылдарының арасында бұрын болған қорымға жерленiптi. Кешубай қасиеттi зор кiсi болса керек: бұл жер болып кеткен Кешубай бейiтiнiң үстiнен жүргiзiлген грейдер жолда ылғи машина, мотоцикл аударылып, кiсi өлiмi болып тұрады. Бұны сол маңайдағы ауылдың адамдары жақсы бiледi. Кешубайды орыстармен қалмақтар “Кочубей” деп атаған екен. Оның ұрпақтарын 1723 жылы жазда жонғарқалмақ басқыншылары-ның қанды-қол әскерi зеңбiрекпен атқылап қырып тастапты. Көшебенiң он бiрiншi ұрпағы Қожаберген жырау былай дейдi:
Арғы атам ту ұстаған ер Көшебе
Қай батыр тең келiптi Көшебеге,
Қазақтың кейiнгi жас батырлары
Жұрт ұстап, Көшебедей меңгере ме?
Шежiреге, тарихи деректерге, Қожаберген жыраудың “Ата тек”, “Баба тiл”, “Елiм-ай!” дастандарына сүйенсек, Көшебе атасынан тараған жұрттың ата мекенi Омбы, Ертiс өзендерiнiң бойында болған. Шежiре бойынша Көшебе батыр бiр соғыста ауыр жараланып, оны ауылға үлкен баласы Жауынгер мен сарбаздары найзаға салып алып келедi. Қазiргi Омбы қаласы орналасқан жерге жерленген. Қожаберген жырау “Елiм-ай!”дастанында:
Оқ атып дамыл бермей қалмақ елге
Сын болды қол бастаған бiздей ерге
Шегiне соғыс салып ақырында
Тiрелдiк Танаш көл мен Абақ көлге.
Бекiнiп екi көлдiң арасына
Шатырды тiгiп судың жағасына
Отырдық Көшебе орман қойнауында
Жауынгер дәрi жағып жарасына.
Тоқтаттық Есiлкөлде қалың жауды
Үздiксiз шабуылдап есе бермей..., - деген.
Осы өлең жолдарында аталған жер-сулар, орман - бәрi Омбы қаласының маңында.
Көшебеден 15 бала - Жауынгер, Жәдiгер, Жанқорыс, Жазы, Жомарт, Жарқынбек, Жанат, Жауғашты, Жалайыр, Жандарбек, Жантелi, Жұмат, Жаған, Жанәбiл, Жанкелдi туады. Жауынгерден тараған ел Үлкен Көшебе, немесе Жауынгер Көшебе деп аталады. Себебi, Жауынгер Көшебе батырдың бәйбiшесi - Балумәржаннан туған тұңғышы екен. Ол тұралы Қожаберген жырау “Баба тiл”атты тарихи дастанында:
Көшебе тұңғышы
Жауынгер баба ер болған
Темiрдiң қолын басқарып,
Мұсылманға бел болған.
Жауынгерден өрбiген
Үлкен Көшебе Керейде..., - деп жазған.
Жауынгерден - Асылболат, одан екi бала: Байбол, Бибол туады. Байболдан - Алдаспан, одан Шiлiкшi би туады. Шiлiкшiден - Жаңбыршы, Бораншы, Құланшы, Аққас, Қарақас, Жастабан, Жолжақсы есiмдi - 7 батыр ұл туған. Жаңбыршыдан 3 бала: Ораз, Шәмiл, Мәмiл туады. Ораз батырдан - Айболат, Байболат, Биболат, Ерболат, Есболат, Жанболат, Ақболат, Сойылгер, Найзагер, Қаншыгер, Сойырғаш, Еламан, Жоламан, Таузар, Баузар, Қанжарбек, Қылышбек - 17 ұл туады. Таузардан - 9 бала: Дәулен, Мәулен, Дәурен, Ақсары, Бексары, Жансары, Базар, Назар, Күжiгiр.
Таузардың үлкен баласы Дәулен баһадур XVI ғасырдың екiншi жартысы мен XVII ғасырдың бiрiншi ширегiнде өмiр сүрген, ол көп жыл бойы Қазақ - Қарақалпақ - Ноғай халықтарының бiрiккен әскерiн басқарып, ордабасы тархан деген әскери атақтар алған кiсi екен. Дәуленнен - 15 бала: Малыбай, Аулабай, Жақсыбай, Садақбай, Тұрсынбай, Наурызбай, Арғынбай, Қыпшақбай, Уақбай, Толыбай сыншы, Ертiсбай, Жарқынбай, Қарқынбай, Барқынбай, Арыстанбай.
Толыбай сыншы арқадағы Керей руының басшысы, атақты әскер басшысы болған. Сонымен бiрге ол алдағыны болжайтын көреген, адамды да, атты да, құсты да сынайтын сыншы, қара қылды қаң жарған әдiл би, айыр көмей, жез таңдай шешен, ат сүрiнгенше ақыл табатын дейтiн адам болған. Гүлтөбеде көп жыл бойы қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының бiрiккен әскерiн басқарып, ордабасы-баһадүр деп атанған. Шешендiгiн, әдiлдiгiн, сыншылдығын кезiнде бүкiл қазақ халқы қадiр тұтқан. Толыбай сыншыдан - 23 бала туған: Майлы би, Өтежан, Өтеген, Өтебай, Өтеулi, Өтебек, Өтегелдi, Қарабас, Өмiр, Әмiр, Темiр, Батыр, Бабыр, Бадыр, Едiл, Жайық, Оралбек, Тобыш, Барқыт, Өтеғұл, Өтепберген, Өтемiс, Қожаберген жырау. Қожаберген жырау ағасы Қарабастың тәрбиесiнде болған адам. Сегiз Серi осы Қарабастан тарайды. Қарабас тарханның шежiресiн таратпастан бұрын Қарабас Толыбай сыншыұлы тұралы ел аузында сақталып қалған аңыз-әңгiменi айта кетейiк.
1647 доңыз жылы бiр күнi ауылға кенеттен жау тиiп, қалмақ шапқыншылары бiр топ саяқ атты айдап, соған қоса он төрт жастағы Қарабасты тұтқындап әкетедi. Арада бiрнеше күн жол жүрiп, өздерiнiң мекенiне жеткен жаулар аяқ-қолы бұғауланған жас өспiрiм Қарабасты басқа да олжамен бiрге хонтайшыға әкеледi. Хонтайшы Қарабасты бiр қалмақ шонжарының қарамағына жiберiп, тұтқын баланы кiсендеп ұстауды тапсырды. Дұшпандар қолға түскен жас баланы келеке етiп, аяғына кiсен салып, бетiне күйе жағып, өздерi соған мәз болыпты. Бiр күнi тұтқын бала кiсеннiң шынжырын сүйрете жүрiп, тезек теруге барғанда, жылқының бас сүйегiн тауып алып, әрi-берi аударып қарап, оның тұлпардың басы екенiн таниды. Ол басты өзi жататын қамыс лашыққа алып келедi. Сол баспен Қарабас ылғи мұндасады екен. Сонда ол оған: “Сенi тұлпардың басы деп кiм айтар, менi Толыбай сыншының баласы деп кiм айтар?” деп мұңын шағады екен. Қазақ баласын күзететiн қартаңдау қалмақ жас жiгiт көзiнде қазаққа тұтқын болып, сонда қазақ тiлiн үйренген екен.
Күзетшi қалмақ бiр күнi жылқының қу басын қолына ұстап, өзiнен-өзi сөйлеп отырған Қарабастың сөздерiн сыртынан келiп тыңдап алады да, қалмақ шонжарына барып оның әкесiне тартқан сыншы екенiн айтады. Қарабастың түр-тұлғасына қарап жоңғар шонжары да оны тегiн бала емес деп ойлаған екен. Ендi оның сол ойын күзетшi шал расқа шығарып тұр.Жонғар тайшысы күзетшi шалға Қарабасты алдырады. Қалмақ тайшысы:
“ Сен қазақтың қай батырының баласысың?”- деп сұрапты. Қарабас:
“ Мен Толыбай сыншы ордабасының ұлымын”- деп тура жауап қайтарыпты. Қалмақтың шонжары оған тағы да: “Сен ат сынауды бiлесiң бе?”- деп сауал қояды. Қазақ баласы:
“ Ептеп ат сынауды бiлемiн!”- деп жауап бередi. Хонтайшы: “Менiң жылқыларымның iшiндегi тәуiр аттарды iрiктеп, соның iшiнде тұлпар бар ма екен, бiлiп бер!”- дейдi.
Қарабас қалмақ тайшысының үш мың бес жүз жылқысын аралап, тәуiр ат болуға жарайтын асауларды көрсетiп, жылқышыларға ұстатып үйретедi. Алайда бес жүздей жақсы аттың iшiнде тұлпар жоғын Қарабас қалмақ шонжарына ашық айтады. Табылса құнын артығымен төлеп, сатып алмақ болып келiсiп, қасына Қарабасты ертiп, бiрнеше қалмақ байларының жылқыларын аралап, аттарды сынап көргенде тұлпар таба алмайды.
Содан олар ауылына қайтып келе жатса, бiр өзеннiң жағасындағы лашықты көредi. Ол бiр қалмақ балықшы шалдың лашығы екен. Сол үйдiң маңында екi жылқы жүргенiн Қарабас алыстан көредi. Сыншы қазақ баласы “Ана екi жылқыны көре кетейiк”- деп, өтiнiш қылады. Екi жылқының бiрi - торы ала бие, бiрi - арық қара кер ат екен. Қарабас аттан түсе қап, биенi де, атты да айнала жүрiп қарап шығып: “Арықтығына қарамаңыз, қара кер бестi нағыз тұлпар болатын жылқы екен. Орнына жетектегi аттардан екi ат берiңiз де, осыны алыңыз. Ал, ана бие де жақсы екен. Бiрақ ол тұлпар болатын құлын таппайды”- дептi. Жоңғар тайшысы балықшы шал мен кемпiрдi шақырып алып, оларға екi күйлi ат берiп, арық қара кер бестiнi алып кетiптi.
Ауылына бiр күндiк жер қалғанда олар тағы да өзен бойында отырған екi балықшыға кез болады. Сыншы Қарабастың айтуымен жоңғар тайшысы екi балықшыға екi-екiден төрт ат берiп, екi арық бестi жетелеп жүре берiптi. Үйiне оралған соң, тайшыға Қарабас үш арық бестi атты күтудi өз мiндетiне алатынын айтқан екен. Тайшы ендi Қарабасты еркiндiкте ұстайтын болыпты. Қазақ баласы үш арық бестiге жем-шөптi мөлшерлеп берiп, оларды жақсы бағады. Аттарды баққанына бiр жыл толғанда тұлпар торы атты сойғызыпты. Сонда торы аттың бел омыртқасының сүйегiн сүйемдей жерi қызыл-қоңыр болып, арқа сүйегiнiң басқа жерi түгелдей ағарғанын көрiптi. Қарабас: “Тұлпардың сүйегi түгелдей ағаруға әлi бiраз уақыт бар екен!”- дептi қалмақ тайшысына. Арада тағы бiр жыл өткен соң, Қарабас жоңғар тайшысына айтып, тұлпар емес көк атты сойғызыпты. Бала оның сүйегiнiң екi елi жерi әлi ағармағанын байқаған екен.
Үшiншi жылы күздiң басында қазақ баласы қара кер тұлпарды мiнiп, әрi-берi жүрiп, атты ылғи суытып, таң асырып қояды. Ол тұлпарды өзi баптап күтү үшiн жоңғар шонжарынан рұқсат сұрапты. Қалмақ тайшысы оның тiлегiн қабыл алыпты. Қарабас әкесiнiң және басқа да атбегiлердiң сәйгүлiктердi қалай таңдап, қалай баптағанына көзi қанық болып өскен жас екен. Ол соны iс жүзiнде өзi де қолдану үшiн үш жыл бағып, сүйегiн ағартқан қара кер тұлпарды мiнiп, әуелi аса көп, қатты жүрмей, аз ғана шыға жүрiп, үнемi суытып, таң асырып қойып жүрген екен. Ол тұлпарға жем ретiнде тазаланған арпа, не сұлы және жалқыға жұғымды қара шөп берiп отырыпты. Жемдi қара керге шамалап, ретiмен берiптi. Себебi аяңдатып, кейде желiп, кейде шоқытып, кейде шауып жүрiп, келгеннен соң кермеге байлап, суытып, таң асырып, терiн алған атқа жемдi ел жата, түн ортасы ауа, таңға жақын беру керектiгiн Қарабас жақсы бiледi екен. Тұлпарды баптап жүрген ол ұйқыны азайтып, сергек жүрiптi. Талай таңды көзiмен атырған екен. Әдетте ол тұлпарды суытқан соң, отқа қоятын бопты.
Суытпаған, не таң асырылып терi алынбаған жылқы семiз кезiнде тез бұзылатынын, яғни қызыл май болатынын Қарабас бiлiптi. Тұтқын қара кер тұлпарды күз, қыс бойы баптап, бәйгеге қосуға жаратыпты. Тұлпармен елiне жетудi армандаған Қарабас қалмақ тайшысының: “Таңдаған қызыңды әперем” дегенiне амалсыз келiсiп, қыз көрудi кейiнге қалдырыпты. Құдай оның көктен тiлегенiн жерден берiп, жаздың басында хонтайшының iнiсiнiң баласы келiншек алатын болып, соның тойына зор дайындықпен баратын болыпты. Сонымен қатар сол тойда болатын ат жарысында Қарабас баптап, қыс бойы оқтаудай боп жараған қара кер тұлпарды қосатын сәт туды. Атқа Қарабастың өзi мiнiп шабатын болған екен. Сондықтан ол тұлпардың кекiлiн түйiп, үкiлеп, жалын тарап, құйрығына шоқ тағыпты. Ат айдаушы жүйрiктердi белгiлi жерден жiберер алдында астындағы ер-тоқымның үстiне екi басына орталап құм салынған қоржынды байлап, үстiне өзi отырып, аттардың артында кете барады. Бәйге аттарға мiнген балалар тиiстi жерге жетiп қонып, ат тынықтырып, өздерi де дем алыпты. Ертеңiне ат жарысы басталған кезде де Қарабас қара кер тұлпардың екi бүйiрiне құм салған қоржынның екi басын теңдеп алып, сәйгүлiктер қарасын үзгенше, артында келе жатыпты. Бәйге аттардың алды ортасынан ауды-ау деген кезде тұлпардың құлақ шекесi аздап терлей бастайды, көзi шырадай жанып, iлгерi қарай шаба бередi. Сол шақта ол тiзгiнiн тартып, ат басын тежеп, қоржынды ат үстiнен алып тастап, жұлдыздай аққан тұлпардың көздерiн жiбек орамалмен сыпай сүртiп, екi тiзгiндi iркiп ұстап отырып, барлық жүйрiктердi басып озыпты. “Қазақ! Қазақ!” деп ұран салып, қарақшыдан өте шығып, ат басын тежеп, жоңғар тайшысына қарап: “Бәйге сенiкi, тұлпар менiкi. Ер туған жерiне, ит тойған жерiне, қайыр қош, аман болындар!” дептi. Дереу ат басын бұрып алып, жолға түсiп, “Алаштап!” ұран салып, iлгерi қарай жөнеле берiптi. Былай шыға Қарабас астындағы қара кер тұлпарға: “Жануар, қалмақ байына бәйге әпердiң, ендi менi аман-есен елiме жеткiзерсiң!”- дедi де, бүйiрi қызған тұлпармен елiне аттанып кетiптi.
Салқам Жәнгiрдiң орнына хан болған Шығай хан iнiсi Әз Тәукенi әскери азамат етiп шығару үшiн жас кезiннен үлкен әскербасы, батыр Қарабас Толыбай сыншыұлының (1633-1723) тәрбиесiне бередi. Қарабас баһадүр жас Тәукенi қолына алып жауынгерлiкке тәрбиелейдi. Тәуке онбасыдан түменбасыға дейiнгi дәрежедегi әскери атақтарға ие болған уақыттарда қалмақ басқыншыларына қарсы соғыстарда әскер бастап жауларға талай рет соққы берiп, ерлiктер көрсеткен екен. Тәуке өмiрiнiң соңына дейiн Қарабас баһадүрдi ұстаз тұтып сыйлап өткен екен. Хан болғасын оны бас үәзiр етiп сайлапты.
Қарабас тарханнан - 7 бала: Асқап, Рүстем, Дәстем, Алдабек, Бұқпа, Қараша, Қаумен (Алтын әжеден). 1719 жылы шiлде айында Төле, Қазыбек, Әйтеке, Әнет билер мен қолбасы - жырау Қожаберген, Бөгенбай, Жәнiбек, Хангелдi батырлардың ұйымдастырумен үш жүздiң игi жақсылары Әз Тәуке ханға арнап құран оқытып, үлкен ас берiптi. Асты қарт би Әнет бабаның ұсынысы бойынша Асқап баһадүр Қарабас Тарханұлы (1673-1769) басқарыпты. Асқап басқарған ас өте жақсы өтiптi. Қайып Әз Тәукеұлы қатты риза болғанмен, сол төре әулетiнен шыққан ағайынды Жолбарыс, Әбiлхайыр және басқа төрелер күншiлдiк жасапты. Қазақ билерi осы аста 1720 жылы жаздың басында ханның бiр баласын хан етiп сайлау үшiн құрылтай өткiзбек болып келiсiптi. Үш жүздi басқаратын болашақ ханға Қайып төре лайық екенi жұртқа сол аста-ақ мәлiм болыпты. Осы ас туралы Дәстем сал Қарабасұлының “Әз Тәуке хан” атты тарихи дастанынан үзiндi келтiрейiк:
Тағдырың жазуымен дәмi бiтiп.
Жетпiс үш мүшелiнде ажал жеттi,
Тұп-тұтас үш жүзiмнiң соңғы ханы.
Фәниден бахи жайға Тәуке кеттi.
Ханның қырқы болғанда Қазыбек, Төле,
Әйтеке, Қожаберген мәжiлiс құрып,
“ Келер жаз ханның асы болады”,- дедi,
Әлеумет мақұлдады құлақ түрiп.
Үш жүздiң бектерiне хат жолданып,
Осылай ас уақыты белгiлендi.
Қ азақтың уақытша ханы болып
Жиында Қайып сұлтан әйгiлендi.
* * *
Салтанатпен Тәукенiң асы өттi.
Ас басқарған Асқап та едi ептi.
Қ ожаберген, Әнет пен Ер Бөгенбай,
Үш би менен Асқапқа жәрдемдестi.
Осылайша Тәукенiң жабдығы өттi.
Хан болуды Қайып ер арман еттi.
Хан сайлауы боларын күткен ерге,
Аң аулап жүргенiнде қаза жеттi.
Тәукенiң басқа уәзiрi жiгерсiз боп.
Хандықтың бөлшектенер шағы жеттi.
Би мен бек, төре, шопжор келiсе алмай,
Дәуренi үш жүзiмнiң өтiп кеттi.
Осыны сыртқы жаулар пайдаланып,
Бақыт құс қазағымнан ұшып кеттi.
Қарабас тарханнаң үшiншi баласы Дәстем сал 1677 жылы туып, 1752 жылы қайтыс болған екен. Ол да Қожаберген жырау тұған Гүлтөбеде дүниеге келген, көп хисса-дастан, өлеңдер шығарған iрi ақын, әскербасы - батыр адам болыпты. Дәстем салдың бiзге жеткен iрi шығармасының бiрi “Дәстемнама”деген тарихи жыр.
Асқап батырдан - 2 бала: Көшек, Марқаш. Көшек сардардан - 12 бала: Сүгiрбай, Кәдiрбай, Сәдiрбай, Қалан, Қамбар, Жанкiсi, Байкiсi, Шақшақ, Әбдiқадыр, Әбдiкәрiм, Тiлеулi, Сартай (1750-1821). Шақшақ биден - 16 бала: Әйтемiр, Байтемiр, Ертемiр, Мiртемiр, Жантемiр, Өстемiр, Шынтемiр, Шыттемiр, Битемiр, Бектемiр (Сексен хажы атанып кеткен), Баһрам, Бауыржан, Есенжан, Қайыржан, Шағырай сал, Жанат серi. Баһрам батырдан - 7 бала: Көрпеш, Нәупiл, Сүйiр, Сүйiн, Сейiткерей, Мұхаммедханафия (Сегiз Серi), Қуаныш. Сегiз Серi Баһрамұлы шежiресiн осы арадан үзiп, Қожаберген жырау шежiресiн жалғастырайық.
Толыбай сыншының ең кенже баласы Қожаберген жыраудың өмiрi жайлы баспа беттерiнде аз жазылып жүрген жоқ деуге болады. Шаймұрат Смағұлов, Қосыл Омаров, Қаратай Биғожиндердiң “Солтүстiк Қазақстан” газетiнде Қожаберген жырау жайлы әр кезде жазылған мақалалары басылып шықты. Белгiлi жазушы Н.Әбуталиев 1995 жылы “Жетi жарғы” баспасынан “Ордабасы Қожаберген”атты монография жазды.
Бiр жақсысы, Қожаберген жыраудың өмiрдеректерi ешқандай дау туғызбайды. Өйткенi шежiрелерiнен бастап өз өмiрiн өзi жазып кеткен адам. Әсiресе, “Елiм-ай!” дастанының мазмұны өзiнiң өмiр жолы желiсiмен жазылған. Әкесi жайында:
“Толыбай сыншы кенжесi ем Қожаберген.
Бата алғам Әнет пенен Әз - Тәукеден”, - десе, анасы жайында:
“ Анамның шыққан заты Сүйiндiктен
Тұңғыш қызы Айдаболдың Ақбiлiктен”, - дейдi. Оқуы жайында:
“ Самарқанд, Бұхарадан бiлiм алғам.
Өнерге құштар болып жас шағымнан
Атанып зерек шәкiрт қатарында.
Үргенiш медресесiн тәмамдағам”,- дейдi.
Бұдан арғы өмiрбаянын өз сөзiмен айтсақ:
Адам деп өз бойына өнер жиған,
Ел-жұртым деп атайды менi имам.
Жорыққа он жетiмнен араласып,
Болғам жоқ молда, софы, қожа, ишан
* * *
Тiлiне араб-парсы болдым жетiк,
Оны да қолданбадым өнер етiп.
Көршi елге елшiлiкке ылғи барып
Мен жүрдiм қазағыма қызмет етiп. - дейдi.
Қожаберген жырау өмiрi жайлы одан әрi:
Жорықта 45 жыл ғұмырым өттi.
Орта жас ол да менi тастап кеттi.
Ит қалмақ соғысуға душар еттi,
Болмаса ақсақалдық кезiм жеттi.
* * *
Жасынан ер жүрегi шерге толған
Халқына қартайғанда қорған болған
Қиналып қысылғанда жыр шығарған,
Керейде Қожаберген бабаң болам.- дейдi.
Қожаберген бабамыздан қалған әдеби мұра көптеп саналады. “Елiм-ай!”, “Баба тiл”,“Ер Көкше”, “Еңсегей бойлы Ер Есiм”, “Ер Қойлыбай”, “Қорқыт баба”, “Асан ата” сияқты дастандары, “Ақсауыт”, “Ғасыржас”, “Дүние”, “Жiгiттiк” т.б. толғаулары, “Қарғыс атқан қалмақ-ай!”, “Шоңғал, шоңғал, шоңғал тас”, “Сылаң Сыр”, “Балқан, Балқан, Балқан тау”, “Қазақ пен ноғайдың қоштасуы”, сияқты өлеңдерi, “Дабыл”, “Аңырақай”, “Бозайғыр”, “Күлдiрмамай”, “Сұлама”, сияқты күйлерi бар. Бұл бiздерге белгiлi ғана. Қожаберген мұраларын iздестiру, зерттеу - болашақтың мiндетi.
Қожаберген жыраудан - 17 бала: Әли, Әди, Әсет, Есет, Әбет, Мәди, Нәби, Науан, Бекет, Ақыл, Ноғай, Мамай, Бағыда, Сағынбек, Бектемiс, Тоқтамыс, Балқан (бәрi де Айша бәйбiшеден туған). Осы 17 баласынан көпшiлiгi қазақ - қалмақ соғысында шәйiт болды. Бiзге мәлiмi ең кенже ұлы Балқаннан ғана ұрпақ бар. Балқан батырдың сегiзiншi ұрпағы - Қаражiгiт үш баласымен бiрге Ресейге қарасты Қорған облысының Макушин ауданында тұрады. Қаражiгiт 1929 жылы туған кiсi екен. Қожаберген жырау “Баба тiл” дастанында өзiнiң шежiресi жайлы былай дейдi:
Бiздiң жайды сұрасаң,
Қызылжар өңiрi мекенiм.
Мұсылманға белгiлi
Менiң де кiм екенiм.
Орта жүз Керей iшiнде,
Ашамайлы деген елiнде,
Ақылына сай боп күшi де.
Көсем болған кезiнде
Ер Фархадтың баласы
Танаш биден жаралдық
Мекендеп Батыс Сiбiрдi,
Қалың ел боп таралдық.
Танаштың ұғылы - Көшебе,
Бiздiң арғы бабамыз.
Өсiп-өндiк сол ерден,
Кемiмес бедел бағамыз.
Көшебенiң тұңғышы
Жауынгер бабам ер болған,
Темiрдiң қолын басқарып,
Мұсылманға бел болған.
Жауынгерден өрбiген,
Үлкен Көшебе Керейде
Қамалын бұзып кәпiрдiң,
Бөленген ерлiк мерейге.
Толыбай сыншы ұлымын,
Тұлпар мiнiп, ту алған
Тыныштық кезең болғанда,
Мағына айтқан құраннан.
Жыраудың шежіресі осындай.
Ақпарат көзі: www.Temakosan.net
Достарыңызбен бөлісу: |