Дүлдүлдің дүбірі
Бөлісу…
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне мың ойланып, жүз толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.
Жә, жамағат! Сабыр, сабыр…
Бір ауық ақынның өзіне дес берелікші!
Ескі дүние есігін теуіп ашып,
Кіріп келді ол жүзінен жалын шашып.
Босағада тұрмады, төрге ұмтылды,
Бұзып-жарып, еңсеріп, еркін басып.
Кербез әйел сықылды дүние паң
Қылығына жігіттің бұлқан-талқан.
Ала көзбен бір қарап дүниеге
Ақын тұрды азырақ болып аң-таң.
Дүние-базар, аралап кете барды,
Тілін ұқты, сырын да тез аңғарды.
Су орнына жұтты да аққан жасты,
Күй орнына тыңдады қайғы-зарды.
Жалбарыну, үһілеу, бос даурығу,
Біреу өлген, біреу сау, біреу ауру.
Жылаған көп, күлген аз, өсек гу-гу,
Азан-қазан, беймаза, дүние у-шу.
Осы шуды қақ жарып шықты бір үн,
Естімеген дүние мұны бұрын,
Бостандықтың бүркіті саңқ-саңқ етіп,
Қанатымен сыпырды дүние кірін.
Ақын сонда әлемге айтты шынын,
Деді ол: «Жаңа дүние жаршысымын».
Бар даусымен айқайлап жіберді кеп,
Жер құлағын тындырды даусы мұның.
Дүние шуын бұл дауыс кетті басып,
Есі шыққан ескілік қалды сасып,
Баса қашты құлағын нәзік муза,
Музаны бұл не қылсын, емес ғашық.
Не қыламыз, шынында да, музаны біз,
Көп ақыннан қалған ол бір кәрі қыз,
Муза жазып бермейді бізге өлең,
Өлең тоқыр өзіміз фабрикамыз.
Өлеңді де жазушы ед бұрқыратып,
Қанжарды да тұтушы ед, мылтық атып,
Көрікті де басушы ед күмпілдетіп,
Балғаны да соғушы ед тасты уатып.
Дабылдатып еді бір дүниені,
Амал қанша, дариға-ай, ол да өлді.
Арыстандай ақырған ақын еді-ау,
Абайсызда сұм ажал қапы жеңді.
Даусы қалды құлақта саңқылдаған,
Жыры қалды жүректе жарқылдаған.
Жыр керек қой дүниеге, жыр керек қой,
Неге ғана өледі ақын адам?!
Бұл – сонау тоталитаризм қанжарынан қан шашырап тұрған қырқыншы жылы жазылған жолдар еді. Кім туралы? Маяковский туралы.
Айтыпсыз! Бұл – Қасым Аманжоловтың Қасым Аманжолов туралы жазған өлеңі. Бірде-бір өтірігі жоқ. Бәрі келіп тұр. Бәрі – өзінің мінезі. Бәрі өзінің қылығы. Бәрі өзінің айтқаны. Бәрі өзінің ақырғаны. Бәрі өзінің «аһ» ұрғаны. Аумайды-ау, аумайды. Отты жанарын өңменіңнен өткізе, осқырына қарағанда, тұрған орныңнан тырп ете алмай қаласың. Қасым Аманжолов Владимир Маяковскийді де айнытпай өзіне ұқсатқан. «Бұл кім еді? Анау не дейді? Бұл өзі неге бұлай?» деп тіміскілейтін дүмбілез дүниедегі қай дауылпаз ақынның тағдыры, міне, осындай-ды.
Құдірет күші ұлы Отанның!
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ыза-кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл, жүрек!
Мұны кім айтқан? Абдолла Жұмағалиев айтқан! Ол рас. Бірақ бұл жолдарды дүниеден өтіп бара жатқан жан досының аузына Қасым Аманжолов еді салған. Мұндай өлеңді тек Қасым Аманжолов қана жаза алады. Бұлай деп тек қана Қасым айта алады. Ол өзінің қалай өмір сүретінін білмейді. Бірақ, қалай өлетінін біледі. Олай етпесе, ақын бола ма! Олай етпесе, Қасым бола ма! Иә, Қасым айтқан… Қасым айтқандықтан сен айтқансың, мен айтқанмын, ол айтқан.
Мәселен, мына өлеңді кім айтпады?
Мыңдар айтқан.
Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағын түйіп түксиген.
Өмірден үміт жоқ өзге
Даланың тердім тезегін.
Әкем боп таптың сол кезде
Советтік менің өз елім.
…Дүние бүкіл дөңгелеп
Көзімнің келді алдына.
Үстіне шықтым өрмелеп,
Қарадым бойлап арғыға.
Ой жетер жерге көз жетті,
Арғысын және сеземін.
Жатырсың алып жер-көкті,
Советтік менің өз елім.
… Бұлбұлым, сайра кеудемде,
Бұлбұлым – менің жүрегім.
Көңілімнің күйі келгенде
Ағыл да тегіл жыр едім.
Ағыттым ойдан ел үшін
Өлеңнің ерке өзенін,
Ақының болдым сен үшін,
Советтік менің өз елім.
Басқа айтса жәреукеліктен айтады. Қасым айтса, сенгендіктен айтады. Қасым шындап айтады, Қасым шыннан айтады. Қасым айтқан бұл сөзді аштан өліп, көштен қалған көп жетімектің бәрі айтады. Көздерінен жас мөлтілдеп тұрып, шын көңілімен айтады. Иә, бұл далада солай да болғаны рас.
Бір уақыт аңқылдай ескен Сарыарқаның сар желіне сарын қосқан Нарманбетке құлақ түріңізші.
Кең дала кеберсіген кер бетеге,
Мұнда да бала туып ер жете ме!
Суырдай іннен қашқан сүмірейіп,
Дариға-ай, мекенінен ел кетер ме!
Атқан оқ қайта оралмас бір атқан соң,
Батқан күн қайта атпас бір батқан соң,
Жаныңды жабырқатар заман қайда
Қорғанын көңіліңнің құлатқан соң.
Дәл осылай естияр ұрпақтың тауда ізі, сайда саны қалмай, түгел қырылғанда артта қалған аш қарын ұрпақ бет-бетіне тентіреп кеткені де рас. Әкесінен жастай айырылған Қасымның Семейге, Оралға оқу іздеп сапар шеккені де рас.
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл толып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс…
Сонау бір шет те, сонау үй,
Кетер ме сірә көңілден,
Алушы ед тартып мені ылғи
Махаббат жастың лебімен.
Терезе алды – жас терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп?
Жүр екен кімдер еркіндеп,
Жүрегін ұстап үйге еніп.
1963 жылы алғаш рет Оралға бардым. Ызғыған қыс еді. Ақын жырлаған сол үйді іздеп келемін. Үй орнында тұр екен. Есік-терезесі жабық. Тілдесер кісі жоқ. Сұрғайып келе жатсам, су алуға келген үш-төрт әйел сыпсыңдасып тұрды. Қайтер екен деп: «Қасымды білмейсіздер ме?» – деп сұрадым. Олар ыршып түсті: «Қайдағы Қасымды айтасыз?». Орталарындағы сұрғылт бөкебаймен мойнын таңып алған ақсары келіншек жалт бұрылды. «Қасымның кімі боласыз?» – деді жұлып алғандай қып. Жөнімді айттым. Заманында талайдың жүрегін бебеулеткен «шаян көздер» сүзіле қарап, салғырттау жымиып тұр. «Ол әлдеқашан Сақыпжамалының соңынан Алматысына тайып тұрған. Біздің Оралға ақын тұтқан ба? Кезінде Ғабдолла Тоқай мен Мұса Жәлел де безіп отырған. Қасым да сөйтті», деді.
Бейтаныс келіншектің кенет жұмыла қалған алқызыл ернінде бір жұмбақ емеурін тұрды. Оған Қасым ақынның өзі болмаса, біз түсіне алмай, үнсіз жылыстай бердік. Иә, ол әйбәт тоташ бірдеңені біліп тұрды. Бірақ, ішке бүгіп жасырып қалды. Біз Қасымның Оралдағы ол жылдарды да босқа өткізбегенін аңғардық. Пианино, мандалино, скрипка, гитара, аккордеон, домбыра – барлық аспаптың құлағында ойнаған нағыз жайдарман жігіт Қасымның қай ортаның да гүлі болып, талайдың көзін сүздіргенін түсіндік.
Жоқ-жітікке бой алдырмай, нұрлы дүниенің ертеңіне сеніп еркелеп өскен ақынның:
«Шықшы тауға, қарашы кең далаңа,
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға,
Жүгіресің ол шеті мен бұл шетіне,
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?
Уа, дариға, алтын бесік туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің?!
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.
Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім,
Қызығыңды көріп еркін келемін.
Сен де аямай бердің маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремін.
Болдым ғашық, туған далам, мен саған,
Алыс жүрсең, арманым сен аңсаған,
Жақын жүрсем, мен төрінде жаннаттың,
Алтын діңгек – өзім туған босағам!» – дегеніне имандай сенесіз.
Осыншама өліп-өшіп, күйіп-жанып жақсы көретін жомарт жүректің әр лүпілімен оптимизм лебі есіп, шынайы отаншылдығымен баурап алады.
Сол аңқылдаған ақын көкіректің:
Дүние, жалт-жұлт еткен кең мекенім,
Көре алмай көп жеріңді мен кетемін,
Арпалыс ала құйын заманалар
Арбасып тұрып алды, мен не етемін?!
Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,
Көп күттім, көп тіледім құмарлана,
Қайтейін жетер емес қысқа өмірім,
Алыстан көрінгенмен мұнарлана.
Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап,
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын
қырда қымтап.
…Дүрілдеп жалын атқан кеудем көрік,
Сөз соққам құлашымды еркін керіп,
Суарып шынықтырған күйге малып,
Болсын деп әрі әдемі, әрі берік…
…Құя алман үгітілген балшық өлең,
Көңілімді көл жасадым тамшыменен,
Серінің семсеріндей сертке таққан
Өлеңнің өткірін бір алшы менен! – дегенін естіп, көз нұрын соңғы тамшысына дейін сарқып берер сақилығына бас ұрасың.
Шіркін-ай, Иса Байзақов айтқандай, Қасым «ақыл тісі балғадай» шын ақын ғой! Ол сөйлегенде таулар теңселіп, көлдер шайқалып, дүние опыр-топыр опырылып, қара жер қарс-қарс айырылып кетердей болады. Қасым айтып тұрғанда, басқаны тыңдап қайтесіз… Қазаққа Қасымның аузындай ауыз берген мырза құдайдан айналмайсың ба?! Қазаққа Қасымдікіндей сарқылмас та таусылмас ақылды қиған жомарт, тәңірден садағасы кетпессің бе?! Пай-пай! Ақын тебіренгенде көмейінен небір киік құлақ серке сөздер секіріп-секіріп шығады-ау. Небір ет-жүрегіңді елжіретіп, өзегіңе бал құйғандай өн бойыңды ерітіп, сүйегіңді жібітетін сиқыр сөздер құлағыңды баурап, көзіңді арбайды-ау! Осынша молшылық, осынша сақилық, осынша мәрттік ақын бойына қалай сыйып тұрды екен деп таңғаласыз?!
Таңғаласыз да, бір сәт есіңізді жиып аласыз. Қасым бұлай болмағанда қалай болады?! Мұқағали айтқандай, «Қасым олай болмаса, несі Қасым?!». Бір кезде көшкен дүниенің көлбеңдетіп тізгінін ұстаған Келдібек бидің көне сөздерін, қас сеңгірлерге тіреліп, аңтарылған көштің алдынан жөн шығарып, аяғына сара жол салып берген Қазыбек бидің дана сөздерін, одан бергі қиыр-шиыр көп бұралаңдарда тау бүркітіндей шаңқылдаған Мәди Бопыұлының өжет сөздерін өрбіткен қасиетті Қарқаралы топырағы алағайы мен былағайы көп біздің заманымызда да жайбарақат жата алды дейсің бе? Жоқ, жата алмайды. Ата аруақтар қалғып кетсе, көздеріндей болсын деп, ояу тұрса, өздеріндей болсын деп, ағыл-тегіл шалқар дария ақын Қасымды сыйлады.
Қасымды да құдай қазаққа бердім деп берген еді. Қасым да бұл дүниенің думанын қыздырып, ажарын асырып, базарын тасыту үшін келген еді. Бірақ, ақын көкіректің: «Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын, бақытын ойламаймын құр басымның; тымырсық түнек болсаң дұшпаныңмын, ақкөңіл, адал болсаң сырласыңмын. Боламын ақын Қасым әлі де мен, өлеңін бөбегіндей әлдилеген, қанатын қағып жылдам келер жылдар, бәрін де қарсы аламын ән-күйменен. Бір күні от өмірім қалса өшіп, қайран ел туған жерден кетпес көшіп, торқадай жамылып ап топырағын, жатармын өз жерімде бір төмпешік… Тоқтамас өмірімнің сағатындай, жүрегім енді қанша соғар тынбай; тыншыр ма ақтық рет бір талпынып, мерт болған балапанның қанатындай! Түсірген ой сәулесін шартарапқа, ақылдың алтын оты сөнген шақта, бұл күнде саңқылдаған сұңқар үнім, кетерсің судай сіңіп табиғатқа» деп күрсінгеніне құлақ түрмеске шараң жоқ.
Кең дүниені өзіндей көріп өзеуреп алабұртқан албырт ақынның жүрек дүрсілінен бір салқын ызғар, тосын леп сезіледі.
Бұл кең өріс, салқар сахара, сары жайлауда аяғы жеткенше сайран салып жүрген шу асаудың, құйрық, жалын жел тараған шал құйрықтың шабысы болса, бір жөн ғой.
Бұл – ұшар шыңның басына самғап шығып, кәусар ауаға емін-еркін қанат жайған қыранның тұңғиық түбінде көктеп жатқан көркем тіршілікке көңілі бітіп, құлшына саңқылдағаны болса, бір жөн ғой…
Жоқ, құйрық-жалын отап, өзін тұсап-матап қойған өрелеулі аттың көз жетер биігіне қарай жанұшыра шапшығып жанталасы ғой…
Ауызы-басын томағалап қойған тұғырдағы қыранның жанұшыра ышқынған жан дауысы ғой.
Қасым өткізген балалық шақ Қарқаралының ұзыннан-ұзақ сұлап жатқан кең қойнауларына да сыймады.
Қасымның алабұртқан жастық шағы жазыла аққан Жайық бойларына да сыймады.
Тіпті Алтаудың зәулім мұзарттары мен Алматының кең көсілген кербез көшелеріне де сыймады.
Қасым бүкіл қазақ даласына сыймады. Ақын Қасым кең дүниеге де сыймай кетті. Бәрі де тапшылық етті. Бәрі де аздық етті. Асқар тау тізесінен, жұмыр жер жұлығынан келмеді. Өйткені, ол жоқтан өзгеге мәз болатын ұсақ-түйек тоғышарлардан емес еді. Өйткені, оған тек бір өзінің ғана емес, бүкіл дүниенің мейманасы тасып күліп тұрғаны керек еді. Апшымай, асып-төгіліп жатқаны керек еді. «Нұрлы дүние» деп айқара құшақ ашса да, дүние оған сыз қабақтанып, салғырт, салқын қарады. Кірпияз ақын жүрегін аттаған сайын жаралап бақты. Ақырында суық төсекке алып ұрды. Ауру төсегінде асау ақын Кавказ тауына апарып буып тастаған алып Прометейдей арпалысты. Шыңға буылған Прометейдің жалаңаш бүйрегін шоқуға алып қарақұстар жан-жақтан анталасса, төсекке таңылған Қасым – Прометейдің жан дүниесін күйкі тіршілік күнде ойрандап, күнде ойнақ салды. Ақырында бұның бәріне жаны шыдамады. Көз жұмды. Ақын өлді.
Бірақ, ақын арманы ақырында орындалды. Қызыл тоталитаризм қырғидай тиіп, түгел отап кеткен қазақ жырының тып-типыл егінжайына қылтиып қылтанақтар көрінді. Қасым сепкен асыл дән бірте-бірте бас алып, дүр етіп қаулай бой көтерді. Қазақ поэзиясына қайтадан дауыс бітіп, қайтадан саңқылдай бастады. Жас ақындар Мағжан, Шәкәрім, Сәкен, Ілиястарды көрмек түгіл, оқымақ түгіл, көп уақытқа дейін есімдерін де естіген жоқ. Олардың көбі Қасым боламын деп, ақын болды. Қасым өлеңін жаттап ержетті. Қасым өнегесі алпысыншы жылдар поэзиясының алтын туына айналды. Сауытбек Абдрахмановтың «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты авторлық антологиясында: «Ұлттық поэзиямызды саясатты ұйқастырып сөйлейтін идеологиялық рупорға айналып бара жатқан жерінен қуатты қолымен жұлқи тартып, әу бастағы асыл тегіне қарай қайтадан бұрғызып берген, қасаң үгіттен қажыған тұғжым тұғырдай қазақ өлеңіне қан құйып, қайтадан орнынан тұрғызып кеткен тап осы Қасым еді» деп орынды айтылған. Қазіргі қазақ әдебиетін Мұхтар Әуезов пен Қасым Аманжоловты жақсы көретіндер жасады. Әдебиет майданында ақиқат жолында арпалысқан рухани қайсарлықтың шын тәу етері – Әуезов пен Аманжолов болды. Соларға қарап, ой түзеп, сөз мүсіндеді.
Кейінгі шыққан алыптардың шәкірттері енді өсіп, жетіліп келеді. Қолда бардың бәрі де – Әуезов пен Аманжоловтан үлгі алғандар.
Сондықтан Қасым бүгін тіріліп кетсе, не болар еді деп елегізген топ айналасына елеңдеп көз тастайды.
Тәуелсіздік алған елін көріп, мәз болар еді. Ақорданың төбесінде көкпен таласқан көк байрағымызға сүйсіне көз салар еді. Мүшәйраға шығып жатқан ақындарды тыңдап, өзі көріп кеткендегіден жағдайдың біраз жақсарып қалғанын байқар еді. Талай тұлпардың тұяғына жел бітіп, жер тарпып тұрғанын көрер еді. Тіпті кейбіріне: «Пай! Пай!» деп сүйсініп те қояр еді. «Сөз түзелді, тыңдарман, сен де түзел!» деп, қаумаласқан қауымға масаттана бұрылар еді. Ауыздарын ашып, көздерін жұмып, ақындарға елтіген жұртты көріп, тәубесіне келер еді. Біраздан соң топ арасында сөзге құлақ салғанмен, не айтып жатқанына түсіне алмай, алаң-құлаң етіп тұрғандарды да көзі шалар еді. Бұған айран-асыр қалған ақын кейбіреулердің түсінбегендеріне түк қиналмай, жайбарақат шекілдеуік шағып тұрғандарды көріп, өліп-талып қолға тиіп отырған тәуелсіздігімізге әлі күнге ілесе алмай, күлді-көмеш күйкі күйінде жатқан ар-ұятымызға қаралай намыстанар еді. Батыр болса, найзасын кезеп, қамшысын үйірер еді. Ақын болғасын арланып, апшып, шамына тиген соң шабытына мініп, төбеңе жәй түсірер найзағайша шатырлар еді.
Өйткені, ол тасбауыр идеологияның темір құрсауы аямай сыққан айтулы жылдарда да айылын жимай кеткен-ді.
Сөйтіп, Қасым туғалы бір ғасыр өтті. Оның қырық төрт жылын өз көзімен көрді. Сонша уақыт өмір атты мәңгілік сабағын тыңдап, оған өзі де талай тамаша дәрістер қосты. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясындағы ең ірі тұлғалардың бірі болды. Шын мәніндегі ұлы ақын болды. Өз халқының санасында алған бетінен қайтпайтын қайсарлықтың, жат жерлік колониализм мен тоталитарлық езгіге жұлдызы қарсы отаншылдықтың, рухани максимализмнің, адамгершілік пен ізгіліктің мәңгі өшпес өнегесін көрсетті.
Ақын Серік Ақсұңқарұлы дұрыс айтады: «Қасымға енді ештеңенің керегі жоқ. Ал Қасым қазаққа керек». Тіпті керегірек! Өте керек. Дүлдүлдің дүбірі керек. Жым-жырт жондарға ұлы өзгеріс әкелген асау арынның дүбірлі дүсірі керек.
Қазақ әдебиетіндегі Қасымнан қалған қасқа жол жалғаса береді.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек Ері.
Егемен Қазақстан. - 2011. - 7 қыркүйек (№ 418/419). - 4 б.
Достарыңызбен бөлісу: |