ОҚо шымкент қаласы «№99 мектеп-гимназия»



бет1/3
Дата02.07.2018
өлшемі245,5 Kb.
#45839
  1   2   3

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі



ОҚО Шымкент қаласы
«№99 мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Авторы: 9-сынып оқушысы Пердебек Бағдат Тулегенқызы

Секция: Әдебиет

Тақырыбы: «Абай жолы» роман-эпопеясындағы бейнелік жүйесі»

Жетекшісі: Дүйсенова Куля Абдиқайымқызы

Ғылыми кеңесшісі: М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің филолгия ғылымдарының кандидаты, доцент Н.Қ.Омаров

Шымкент 2016 ж

«№99 мектеп-гимназия» коммуналдық

мемлекеттік мекемесінің 9-сынып оқушысы

Пердебек Бағдат Тулегенқызының

«Абай жолы» роман-эпопеясындағы бейнелік

жүйесі» тақырыбындағы ғылыми жұмысына

Пікір

Қазіргі таңда қазақ әдебиетінде рухани дамуымызға, ұлттық жан дүниемізге өз шығармаларымен үлкен үлес қосқан қаламгерлердің шығармашылығын қарастырып, олардың әдебиеттегі орнын, суреткерлік ерекшелігін ажырату қажеттілігі заңдылық болып табылады.

Ізденуші жазушының шығармасына жан-жақты талдау жасап, қазіргі қазақ прозасындағы стильдік ерекшеліктерін анықтаған. Ғасырлар бойы көшпелі тіршілікті бастан кешіріп, ХІХ ғасырдың бел ортасында жол айрығына келген қазақ өмірінің барлық әні мен нәрін, соры мен бағын теңдессіз тарихи тұлға Абай тағдыры арқылы ашып берген суреткер шеберлігін жан-жақты көрсете отырып, романнан нақты мысалдар келтіреді. Абайды тереңдеп, кеңінен тануды өзіне өмірлік мақсат ету даналық емес, үлкен ерлік болғандығы ақиқат екендігін көрсетеді.

Оқушы жұмысы жаңалыққа толы. Өзекті мәселені өзіндік пікірімен қорғаған оқушы жұмысын жоғары деп бағалаймын.



Ғылыми жетекші: К.А. Дүйсенова

«№99 мектеп-гимназия» коммуналдық

мемлекеттік мекемесінің 9-сынып оқушысы

Пердебек Бағдат Тулегенқызының

«Абай жолы» роман-эпопеясындағы бейнелік

жүйесі тақырыбындағы ғылыми жұмысына
Пікір

Егеменді еліміздің болашағы жас ұрпақтың бойына тәлім-тәрбие терең білім берумен қатар, жан-жақты ізденімпаз, шығармашыл тұлға ретінде қалыптастыру.

М.Әуезовтың көркем прозасы «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ әдебиетіне көптеген жаңалық қосты. Әлеуметтік құбылыстарды адам характерінің ерекшелігімен тығыз байланыстыра көрсету – кемелденген әдебиет белгісі екендігін ескертеді. Осы талап «Абай жолында» аса шебер орындалғандығын дәлелдейді. Мұнда кейіпкер түр-пішінін сипаттауды түрлі үлгіде береді. Кейде жазушы қаһарманның сырт кескінін толық келтірсе, енді бір тұста кейбір белгісін атап өтумен шектелетіндігін мысалдар келтірумен нақтылайды.

Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер мен тұжырымдар қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық романдардың көркемдік шешімін, жанрлық эстетикалық шеберлік қырларын тануға мүмкіндік береді. Ғылыми зерттеу жұмысы оқушыларға ой салары сөзсіз. Оқушының көркем шығарманы қызығушылықпен зерттегені ізденімпаздығы нақты мысалдармен ерекше деп бағалаймын.



М.Әуезов атындағы ОҚМУ,

Филология факультеті ф.ғ.к., доцент: Н.Қ.Омаров

Аннотация
Мұхтар Әуезовтың көркем прозасы «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ әдебиетіне көптеген жаңалық қосты. Әлеуметтік құбылыстарды адам характерінің ерекшелігімен тығыз байланыстыра көрсету кемелденген әдебиет белгісі... Осы талап «Абай жолында» аса шебер орындалған. Мұнда кейіпкер түр пішінін сипаттау түрлі үлгіде беріледі. Кейде жазушы қаһарманның сырт кескінін толық келтірсе, енді бір тұста кейбір белгісін атап өтумен шектеледі. Ал қаһарманның бет жүзіндегі, бойындағы ерекшелікті екінші бір адамның көзімен бағалату суреткердің жүйелі қалыптастырған әдісі.

Произведение Мухтара Ауезова роман-эпопея «Путь Абая» внес в казахскую литературу огромный вклад. Социальные изменения в обществе тесно сплетены с характерамый людей. В этом и актуальность этого произведения. Герой в этом произведения показаны с разных сторон. Это жизненные позиции и взгляды, мышление и созерцание окружающего мира. Самое главное отличие это показать некоторые отличительные черты характера одного героя с позиции другого персонажа.

The artistic prose Mukhtar Auezova carejul prose epic novel was new jor many kazakh literature. The specijics of the social patterns of human phenomena is closely related to good literature. This reguires more carejul in the shape of the clearacter type different models are here, sometimes a detailed image of the writer heroerback at one time is limited to certain celebrating. Along and around the heroes specific method of forming the system througli the eyes of another person on the writer developed a systematic method.

МАЗМҰНЫ
І. Кіріспе..............................................................................................................6

1. Ғасырлық туынды – «Абай жолы»
1.1 « Абай жолы» роман-эпопеясы - әлемдік әдебиеттің озық туындысы...........................................................................................................10
1.2 «Абай жолының» эпопеялық сипаты.......................................................16 11ІІ.«Абай жолы» роман-эпопеясындағы бейнелік жүйесі
2.1 Роман-эпопеяның басты тұлғасы – Абай және эпопеядағы Құнанбай характері.............................................................................................................21
2.2 Эпопеядағы әйелдер образы және кедей жатақтар.................................25

22Қорытынды..................................................................................................30
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі................................................................31

Кіріспе

Заманымыздың заңғар жазушысы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің XX ғасырдағы биік шыңы — ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің артында қалған ұланғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізу үшін де әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз айтар сөзі, таным-түсінігі болатыны сөзсіз. Егемен ел жағдайында ұлы жазушы мұрасына деген ілтипатымыз да осындай бір ұмтылыстың көрінісі болмақ. Ғасырлар бойы көшпелі тіршілікті бастан кешіріп, XIX ғасырдың бел ортасында жол айрығына келген қазақ өмірінің барлық әні мен нәрін, сыны мен сырын, соры мен бағын теңдессіз тарихи тұлға Абай тағдыры арқылы әрі көркем, әрі түпсіз ой көзімен ашып берген суреткер туралы талай-талай ізденістер жалғаса бермек. Олай болатыны Мұхтар Әуезов шығармашылығы ғасырлық өлшемдердің аясына әлдеқашан именбей-ақ енген.



Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) –  1897 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Шыңғыс болысында көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген. Семей қаласында медреседе, онан соң бес кластық орыс мектебінде, ал 1915-1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік - Кебек» пьесасын жазады. Бұл қазақ ұлттық драмасының қарлығашы еді. Осы пьесасы мен 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Сол жылдарда Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты басқа да белгілі әдебиет және мәдениет қайраткерлерімен танысады. «Абай» журналын шығаруға атсалысады. Алашорда қайраткерлері өкімет орындарынан, ресми саясаттан ығыстырыла бастаған соң, 1923 жылдан бастап көркем әдебиет саласына бар күш-қуатын жұмсап, өнімді еңбек етуге кіріседі. 1923-1926 жылдары «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімелері жарық көреді. 1923-1928 жылдары Ленинград университетінде оқып, тіл мен әдебиет факультетін бітіреді. Одан кейін Ташкентте Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасында шығыс фольклоры бойынша маманданады Жазушы 20-жылдардың өзінде проза мен драматургияда келелі туындылар жазып, қазақ әдебиетінің классигіне айналды. 30 - жылдарда Абай мұрасына әр қилы баға беріліп, онан кейін де қым-қиғаш пікірлер айтылып жүргенде, Абайды тереңдеп, кеңінен тануды өзіне өмірлік мақсат ету ол кезде біліктілік, даналық қана емес, үлкен ерлікте болғаны хақ. Кесек, кең тынысты, сан миллион оқырмандардың жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Әуезовтің дүние жүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді. 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Татьянаның қырдағы әні» атты прозалық үзінді жарияланды. Бұл - болашақ романның бір тарауы еді. Мұхтар Омарханұлы 15 жыл бойы «Абай жолы» атты өзінің 4 томдық даңқты тарихи роман-эпопеясын жазды. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді. «Абай» романының екі кітабы 1949 жылы 1-ші дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алса, 4 кітаппен біткен эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. «Абай жолы» 30 тілге аударылып, дүйім дүние оқырманынан өте жоғары баға алды. Көркем тәржіме жұмысына да белсене атсалысып, И.Тургеневтің «Дворян ұясын» аударды. Қырғыздың «Манас» эпосы туралы монография жазды. Әуезовтің шығармашылық мұрасының аса қомақты бөлігін ғылыми-зерттеу еңбектері құрайды. Ғалым қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклордың теориялық және проблемалық мәселелері іргелі еңбектер жазған. Сан алуан мақалаларымен ағымдағы әдеби үдеріске дер кезінде үн қосып отырған. «Әдебиет тарихы», «Әр жылдар ойлары», «Уақыт және әдебиет», т.б. кітаптарында ұлы жазушының ғылыми зерттеулері мен философиялық, эстетикалық ойлары жинақталған шешу ге, халықтардың рухани ынтымақтастығын дамытуға елеулі үлес қосқан. 20-дан астам шет елдерде болып, адамзат қоғамының дамуы, рухани ынтымақтастық үшін өз көзқарасын білдірген. Әуезовтің озық ойы, таным-парасаты қолдау . Арагон «ХХ ғасырдағы ең ұлы шығармалардың бірі» деп баға берген. [2;25]  Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды. Онда қазақ халқының этнографиялық, діни, жалпы мәдени-танымдық дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, құдалыққа бару мен той жасау, кісі өлімі мен аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлауы, дауға билік айту, аң аулау мен табиғат көріністері, т.б. бәрі бар. «Абай жолы» роман –эпопеясында талай тақырыптағы тартыстар бар: ру басыларының тартысы, жастардың бас еркіндігі, ел билеу, ана мен бала, жатақтар өмірі, халықтық дәстүр, салт-сана, т.б. тақырыптар. Осы аталған тақырыптарға ортақ бірнеше проблемалар болуы мүмкін. Мәселен, адамгершілік, ізгілік, имандылық проблемасы бірнеше тақырыптарды қамтиды.

Ғылыми жұмысының өзектілігі. Дүиежүзілік классика қорына еніп, ұлы ақын, ойшыл Абайдың өлмес бейнесін талант қуатымен ашып берген бұл «Абай жолы» роман-эпопеясы жазушы шығармашылығының ел таныған асқар шыңы болып табылады. Қазақ халқының қоғамдық-саяси, адамгершілік және эстетикалық өмірінің энциклопедиясы деп әділетті түрде бағаланған бұл роман–эпопеяда өзінің кемеңгерлік тұлғасына халқының дана қасиеттерін, данышпандық ойларын сіңіріп қана қоймай, алдыңғы қатарлы Батыс Европа елдері ықпалымен ұлттық мінезде қалыптасқан үздік атаулының бәрін жинақтаған ұлы ойшыл ақынның заңғар келбеті бар құдіретімен асқақтай түсті. Халық өміріне терең бойлаған ұлы эпопея халқымыздың тұрмыс-салтын, тіршілігін, әр түрлі әдет-ғұрыптарын суреттеу ерекшеліктерімен қазір де таң қалдырады.

Үлкен суреткер Мұхтар Әуезовтің данышпандық туындысы — «Абай жолы» эпопеясынан осындай жалпылық пен жалқылық белгілердің, ұлттық өрістер жалпы адамдық мол айдынға ұласып жататын кең тыныстылықтың айқын мысалдарын көреміз. Сонымен бірге олардың ешқайсысы да кейіпкер мінезіне сырттан тағылған моншақ немесе сәндік әшекей секілді көрінбей, оның ішкі табиғатымен табысқан тұтастық танытады. Мұны да біз ең алдымен эпопеяның басты тұлғасы Абай бейнесінен, оның өрісті өмірінің әрбір кезеңінен сезінеміз.



Ғылыми жұмыстың мақсаты мен міндеті: Жұмыстың негізгі мақсаты қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдағы асқар белі - Абай болса, ХХ ғасырдағы заңғар биігі - Мұхтар әуезовтің өмірі мен шығармашылығына жалпы сипат беру. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы - бүкіл совет әдебиетінің аса көрнекті шығармасы. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын толық талдап, оқырманға жеткізу.

Осы мақсатқа жету үшін алға мынадай міндеттер қойылды:

–  ғұмырнамалық романдардағы авторлар ұстанған концепциялардың арақатынасын талдау;

–  автордың суреткерлік қолтаңбаларының өзіне тән көркемдік ерекшеліктерін айқындау;

– шығармалардағы көркем тұлға мен тарихи кезеңнің, өмір шындығының өзара сабақтастығын бір-біріне әсер-ықпалын көрсету;

– өмірлік деректі көркемдік әдіс-тәсіл арқылы көркем шындыққа көтеру бейнелеу процесін автордың қалай жүзеге асырғанын анықтау;

– өмірлік шындықтың негізгі деректерін сұрыптау, жинақтау және соны көркемдік шығармада бейнелеу мақсатындағы танымның рөлін ажырату.

Ғылыми жұмысының нысаны ретінде М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы алынды.
Ғылыми жұмысының әдістері. «Абай жолы» романдарын талдау барысында объективті – аналитикалық, салғастырмалы – салыстырмалы, кешенді талдау тәсілдері пайдаланылды.
Ғылыми жұмысының теориялық және методологиялық негізі: Зерттеудің теориялық және методологиялық өзегі Қазақстан және шетел ғалымдарының зерттеліп отырған тақырыпқа қатысты еңбектеріне негізделеді. Сонымен қатар қазақ романының тарихы мен теориясын зерттеуге арналған А. Байтұрсынов, Қ. Жұмалиев, Р. Бердібаев, З. Қабдолов, З. Ахметов, М. Жолдасбеков, М. Қаратаев, Т. Қожакеев, З. Серікқалиев, М. Атымов, Ш. Елеукенов, Т. Кәкішұлы, Н. Ғабдуллин, Ж. Дәдебаев, Қ. Әбдезұлы, З. Бисенғали, Қ. Ергөбек, Т. Есембеков, Б. Майтанов, Т. Рахымжанов, С. Таханов, Т. Сыдықов, т.б. еңбектері басшылыққа алынды және Аристотельден бастап В. Белинский, А. Веселовский, В. Виноградов,
М. Бахтин, А. Скафтымов, Д. Лихачев, М. Храпченко, т.б. зерттеулерін қолдандық. Орыс тарихи романдарын зерттеген ғылыми құндылығы жоғары
А. Алпатов, Р. Мессер, Щ. Серебрянский, А. Герцен, Г. Ленобль, Л. Чмыхов,
Л. Александрова, С, т.б. еңбектеріндегі ой-пікірлерге сүйендік.

жұмыстың ғылыми жаңалығы. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы бейнелік жүйесі бір жүйеде бұрын зерттелмеген. Бұл шығарма біздің ғылыми жұмысымызда алғаш рет арнайы және кең көлемде талданады. Жазушылардың ғұмырнамалық романдарының қазіргі әдеби процесіміздің дамуындағы өзіндік орны, қалыптасқан әдеби дәстүрмен сабақтастығы басты назарда ұсталады. Сонымен бірге жазушылардың суреткерлік шеберлігінің қырлары ғылыми тұрғыдан дәйектеледі.

Суреткерлердің өмірлік деректердің көркемдік шешімін табуға ұмтылуы, жанрлық, эстетикалық ізденістері, шеберлік қырларына талдау жасау жұмысытың негізгі жаңалығы болып есептеледі.



Ғылыми жұмысының теориялық және практикалық маңызы: М.Әуезов шығармашылығы туралы және «Абай жолы» роман – эпопея бойынша іргелі зерттеулер жүргізуде, арнайы семинарлар мен «Абайтану» курстарында кеңінен пайдалануға болады.

Ғылыми жұмысының жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысының міндеттеріне сәйкес ғылыми жұмыс кіріспеден, екі тараудан және төрт тақырыпшадан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұр


  1. Ғасырлық туынды – «Абай жолы»


1.1.«Абай жолы» роман-эпопеясы - әлемдік әдебиеттің озық туындысы.
Алаш қайраткерлері ішінде коммунистік террордан тірі қалған жалғыз қазақ Мұхтар Әуезов еді. Ол ұлы толқынның рухани аманатын көркем әдебиетте толық қалдырған бірден-бір қаламгер. Бұл идея ең алдымен оның басты шығармасы “Абай жолы” романында жүзеге асты. Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын3 оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтың «Абай жолы роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: «Абай жолы» роман- эпопеясы творчествоның тылсым сырына,өмір мен өлеңнің өзара байланысына терең бойлаған туынды,ақын мен проза жайлы әлем әдебиетіндегі ең шоқтығы биік үздік шығарма» (М.Луконин), [3;140] , «Бұл тамаша эпопея бізге тұтас бір әлемді сыйға тартты, табиғаттың, тұрмыстың небір ғажайып картиналарымен, адам құштарлықтарын сипаттауымен бізді іңкәр етті » (Н.Тихонов), [4;161], «Шынында, бұл қазақтар — неткен ғажайып халық! Осы кереметтік « Абай » романында қандай тамаша суреттелген!» (Б.Матип), [5;180] , деген жоғары баға алды. «Абай жолы » - қазақтың көркем прозасын классикалық стиль деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Қазақтың дана ұлы Абай образын, мәңгілік тұлғасын сөз өнерінде өзгеше даралықпен сомдаған. Сондай-ақ, бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды. Ш.Айтматовтың « Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі асылым бар: бірі - « Манас », бірі - Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы » [6;124] - деуі осыны айғақтайды.

«Абай жолы» роман-эпопеясы жазушының ұзақ жылғы ғылыми ізденістері мен көркемдік танымының жемісі. 30-жылдарда Абай мұрасына әр қилы баға беріліп, қым-қиғаш пікірлер айтысы туғанына қарамастан Әуезов Абайдың өмірі мен ақындық жолына байланысты зерттеулерін тоқтақан жоқ. Л.Соболевпен бірігіп жазған « Абай » трагедиясын 1939 жылы Мәскеуде бастырды, кейін ұлы ақынның өмірін бейнелейтін опера либреттосын, киносценарий жазды. «Абай » трагедиясында оның жанрлық ерекшелігіне байланысты ақын өмірінің соңғы кезеңі, яғни, хакім Абай бейнеленген. Мұнда Абай халықтың қамқоршысы, халық мүддесін жақтайтын күрескер, өнер-білімді уағыздаған ағартушы ретінде көрінеді. Бұл трагедияға дейін-ақ Әуезов Абай жайында роман жазуға бел байлаған. 1937 жылы жазылған «Татьянаның қырдағы әні » атты үзінді болашақ романның тарауы ретінде жоспарланған болатын. «Татьянаның қырдағы әнін » оқушы-қауым жылы қабылдады. Көп ұзамай жазушы өз ойын жүзеге асыруға тікелей кірісті. Алғашқыда романға « Телғара » деген ат бермек болды. Автордың алғашқы мөлшерлеуінде роман үш кітаптан құралмақшы болатын. Алайда, жұмыс барысында оның шеңбері кеңейтіле түсті. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын « Абай », онан кейін мұның жалғасы болып табылатын « Абай жолы »(бұл да екі кітаптан тұратын) романын жазды. Бірінші кітабы 1942, екіншісі 1947, үшіншісі 1952, төртінші томы 1956 жылы жарыққа шықты.



Алғашқы екі кітаптан тұратын « Абай » романы үшін жазушыға КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық « Абай жолы » роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды. Абайдың заманы, өмірі мен өнерпаздық, қайраткерлік, ұстаздық өнегесі жайында кесек көркем шығарма жазуға Әуезов мол дайындықпен келді. Бұл жазушының дүниетанымы, ойшылдығы тереңдеп, кемеліне келген, суреткерлік шеберлігі шыңдалып әбден жетілген кез болатын. Әрине, бүтін бір тарихи дәуірді, бір халықтың ұлттық өмір-салтын, толып жатқан қым-қиғаш оқиғаларды, сан алуан кейіпкерлер бейнесін, іс-әрекетін, бір-бірімен қарым-қатынасын ұлы ақын, ойшыл, ұстаз Абайдың өмір жолымен ұштастыра суреттеу үшін мүлде жаңа, тың көркемдік шешімдер тауып, ұлттық көркем прозада зор жаңашылдық таныту қажет еді. Мұның бәрі өмір шындығына терең бойлап, тарихи шындықты бүгінгі заманның талғам-танымына үйлестіріп, жалпы адамзаттық түбегейлі мүдделермен сабақтастырғанда ғана іске асатынын жазушы жақсы сезінді. Ақын, ойшыл, Абайды жазушы басты кейіпкер етіп ала отырып, айналасына топтасқан көптеген қаһармандармен (бұлардың ішінде аса ірі тұлғалар мол) тығыз қарым-қатынас үстінде жан-жақты ашады. Абай барлық оқиғалардың топ ортасында жүреді. Бір қарағанда оған қатысы жоқ оқиға, сурет-көріністер, оған Абайдың көзқарасы не оның тікелей араласуы арқылы жаңа мазмұн, мағынаға ие болып, жарқырап шыға келеді. Сөйтіп, бас кейіпкердің тұлғасы толыға түседі де, оның характерінің сипаттары айқындалып, ашыла береді. Оқиғалар мен эпизодтардың көптігіне қарамастан шығарма сюжет құрылысының қарапайымдылығымен, шынайлығымен, композициясының шымырлығымен көзге түседі.Бірінші кітапта жеті тарау (Қайтқанда, Қат-қабатта, Жолда, Шытырманда, Бел-белесте, Өрде, Қияда), екінші кітапта жеті тарау (Тайғақта, Жайлауда, Еңісте, Оқапта, Асуда, Тарауда, Биікте), бір эпилог, үшінші кітапта алты тарау (Абай аға, Кек жолында, Қарашығын, Өкініште, Қақтығыста, Қоршауда), төртінші кітапта алты тарау (Түн-түнекте, Құз-қияда, Қапада, Қастықта, Шайқаста, Жұтта), бір эпилог – эпопеяда барлығы жиырма тараушаға бөлінген. Олар және жеке көрініс, ситуациялардан тұрады.Әрбір тараудың аты бөлімде өтетін басты оқиғаның, психологиялық қалпын дәл береді. Жинақтай келгенде, Абай өмірінің, жеке адам тағдырының бір шақтағы болмыс-бітімін анықтайтын образдық-символдық мәні күшті бейнелі сөз. Екі тарау аты, екі эпилогтан өзге жиырма төрт тарау аты түгелдей бір-бірімен ұйқасып, сабақ­тасып, жалғасып тұр. Нұрлы, бақытты, сәулелі сәттерден гөрі, қайғылы, драмалы, трагедиялы күйлер көп. Мыңмен жалғыз алысқан данышпан, ақын ғұмырының мұңлы-зарлы шежіресі іспетті. Бірінші кітаптың соңында бейнеленетін шыңға шыққан жалғыз балғын шынар төртінші кітаптың аяғында зәулім болып өсіп барып, ақыры құлайды. Бұл – символ. Айта берсе, романда мұндай жинақтаушылық мәнге ие болып кететін образ бейнелер көп, осы қатарда теңіз кейпіне айналатын дала, ондағы болашаққа тартқан кеме, тарих белестері іспеттес боп көрінетін таулар тізбегін де қосу керек.
Әлем әдебиеті қазынасына ерекше қымбат көркемдік-эстетикалық игілік болып қосылған « Абай жолы » эпопеясының шығармашылық тарихында, жазушының ұстаханалық баянында бірнеше оқшау белгілі қасиет-сапа бар. Қаламгердің болашақ, роман қаһармандары, олардың ұрпақ-нәсілдері ортасында туып, алаңсыз сәбилік, бақытты балалық, бозбалалық күндерін солар кешкен қат-қабат әлеуметтік-психологиялық, тұрмыстық-этнографиялық табиғи-экологиялық қоршауда, қаймағы бұзылмаған көшпелілер мәдениеті құшағында өткізуі бір олжа болса, екінші сәттілік Құнанбай – Әуез, Абай – Омархан әулеті өзара қыз беріп, қыз алысқан, нағашылы-жиендік орайда туысып, ортақ қуаныш, ортақ қайғы бөліскен, сүйек-шатысты, жүз жылдық күйеулік, мыңжылдық құдалық рәсімін берік ұстанған жақын, бауыр адамдар екендігінде жатыр. Кезінде М.Әуезовтің өзі ескерт­кендей, бір ру, бір бұтақ болып, біте қайнасып кеткен.
Мұның үстіне жазушы көптомдық шығарма тудыруға бел байлаған соң, өзі бейнелейтін дәуірдің басты кісілері, басты оқиғалары туралы тарихи құжаттарды, сол кезеңді көрген, білген адамдардың жадында қалған ескі сөздерді арнайы теріп, жинап, екшеп пайдаланған.  Осыларға қоса әлемдік реалистік проза үлгілері, классикалық тарихи романдар тағылымы, қазақ қарасөзінің өз мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылып, терең зерттеліп, автордың эстетикалық мұраттарына бағындырылып, батыл шешіммен, соны шеберлікпен қаламгерлікпен нақты тәжірибеде ғажайып жемістерін берді. Сөйтіп, М.Әуезов өнер адамы мен халық тағдырын тұтас бірлікке көрсететін зор реалистік шығарма жазудың жаңа көркемдік мектебін ашты.
Негізінен, өмірде өткен адамдардың басында болған оқиғалардың жалпы сорабын сақтай отырып, жазушы көркемдік логика, эстетикалық мұратты, реалистік шығарма жасау талап-шарттарын бірінші орынға қойған. Өз атымен, өзінің тіршіліктері нақты, дәмді әрекеттерімен бейнеленген кейіпкерлердің өзін сомдауда жазушы қиялға, авторлық фантазияға мол орын береді. Тыңнан, ойдан шығарылған оқиғалар, ситуациялар, бейнелер толып жатыр.
Қодар мен Қамқаның зорлықпен жасалған қанды өлімі, намыстан күйіп кеткен Бөжейдің кекті өлімі, ауыр сырқаттан көктей қиылған Әбіштің аянышты өлімі, асарын асап, жасарын жасап, ұрпағын өсіріп болған Зеренің разы өлімі, қатыгез, тасжүрек ру басыларының құрбандығына шалынған титтей Кәмшәттің ащы өлімі, кезінде қылышынан қан тамған Құнанбайдың шымылдық артындағы сопылық, мінажат өлімі, ең ақырында халқының ары мен ұяты, жаны мен сыры, өлеңі мен үні болған дана Абайдың трагедиялық өлімі бар.

 «Абай жолының» мазмұн жағынан алғанда жалпы жұрт мойындаған энциклопедялық сипаты, жанр жағынан алғанда қазақтың тұңғыш эпопеясы екендігі де осында жатыр. Тағы бір күрделі ерекшелік - осынау кең құлашты халықтық эпопея бастан-аяқ тартысқа, қарама-қарсы күштердің қым-қиғаш күресіне құрылған және осылардың бәрі диалектикалық қимыл-қозғалыс, өсу-өрбу, өрістеу үстінде көрсетілген. Мысал үшін шығарманың негізгі арқауындағы арналы тартысты алайық. Бәрінен бұрын мұнда жеке адамдар арасындағы психологиялық шиеленістер, қарым-қатынастағы қайшылықтар, әлдінің әлсізге қиянаты, зорлығы, қаныпезерлікке ұласқан қаталдығы (Қодар мен Қамқа оқиғасы); одан өрбіген ру мен ру арасындағы кескілестер - жер дауы, жесір дауы, құн, барымта, алыс-жұлыс, айқастар; осылардың жалпы жұртқа тиген зардабы - түрлі сипаттағы қаналулар: кедейленулер, қаңғып-тентіреулер, жұтқа ұшыраулар, жатақтардың пайда болуы, қазақ даласына орыс қоныстанушыларының келуі, жарлы-жақыбайлардың өзара ынтымағы, олардың үстемдерге қарсылығы, бұл қарсылықтар үстінде көрінген жалаңтөстер, олардың жазалануы, жер аударылуы, осы арқылы бірте-бірте ескі мен жаңаның ара жігі ажырап, күрестің жаңаша сипат алуы... Осылардың бәрі қара қылды қақ жарған әділдікпен адал, ақиқат шындық шеңберінде тағы да нақты және даму үстінде көрінуі - шын мәніндегі реалист-суреткердің айта қалғандай дарын күшіне, талант қуатына саяды.

«Абай жолының» энциклопедиялық сипаты туралы академик Қ. И. Сәтбаев аса әдемі айтты: «Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымның бірде-бірі бұл кітапты жанап өте алмайды: ғалым-филолог одан фольклордың бай материалдарына қанығумен қоса, қазақ әдеби тілі мен сөздігінің қаз басуы мен қалыптасуын көреді; ғалым-этнограф қазір көне заманмен қоса көнерген небір тұрмыстық белгілер мен өмір құбылыстарын біледі. Құс салып, саят құрған, қыз ұзатып, ас беруді, өлік жөнелтуді суреттейтін тараулар, билер айтысы мен билік шешкен қазылық картиналарының әрқайсысы жеке-жеке-ақ ғылыми-этнографиялық толайым еңбектерге парапар; ғалым-экономистер Қазақстанның XIX ғасырдағы халық шаруашылығының құрылысынан дәлме-дәл нақты мәлімет алады, ондағы тап қайшылығының өзіндік ерекшелігімен танысады; ғалым-юристер шариғаттан бастап, билер кесіміне шейінгі даланың заң-жобаларынан бағалы мағлұматтар жинайды». Классикалық эпопеяда жан тебірентер көркемдік күшпен жинақталған өмірдің жиынтық шындығы ғылымның әр саласындағы маман адамдар үшін осындай таным-тағылым қайнары болса, қалың оқырман үшін Абайдан Дәрменге дейінгі барлық басты кейіпкерлер ақыл мен сананың, арман мен ойдың сарқылмас кені секілденеді. Демек, шығармаға ауадай керек нәрсе - парасат (интеллект) десек, «Абай жолын» оқыған адам өмірдің өнерге айналған академиясынан өткендей болады. Задында, таланттар тарихы мен тағдырын барлай қарасақ, басты жазушылардың бәрі ғұмыр бойы өзінің бас кітабын жазу мақсатында әрекет еткен және солардың талайы жазып үлгіре алмай кеткен. Туған халқына мәңгілік мура болғандай ғасырлық туынды сыйлау тек қадау-қадау ұлылардың ғана үлесіне тиген. «Абай жолы» - ұлы жазушының ұлы туындысы - бас кітабы, ол өзінің өлшеулі ғана ғұмырында өлшеусіз шығармашылық ерлік жасап, өзінің осынау мәңгілік кітабын жазып үлгіріп кетті. Дананың өз ортасынан әрқашан озық, оқшау тұратын даралығы да осы арада жатыр.

Теңіздің сырын тамшыдан тануға болатыны сияқты, эпопеяның көркемдік ерекшелігін, әсіресе тілін тану үшін бір ғана пейзажға тоқталсақ та жетіп жатыр. Пейзажды біз, әдетте, көркем шығармада суреттелген табиғат көріністері дейміз. Рас, пейзаж - табиғат. Бірақ бұл жеткіліксіз. Нағыз пейзаж - поэзия! Мінез! Адам! Неге десеңіз, адамның қабылдауынан, сезіну-түйсінулерінен, көңіл күйінен тыс табиғат суреті - пейзаж жоқ. Пейзаж жазушының стилін де белгілейді. Ал стиль - адам. Пейзаж образ сырын ашады. Ал образ - адам. Дәл осының дәлелі - Әуезов эпопеясындағы пейзаж (Алдымен, бұл неткен бай табиғат!). Кітаптың әр бетінде әр түрлі тіршілік дүниесі бар. Мұнда қазақ даласының хош иісті гүлі, қызыл шымқай қызғалдағы, қошқыл-кермек жусаны, сида-бұта шиі, домаланған қаңбағы, шиыр-шалғыны, кербез тауы, көк тіреген шыңы, түпсіз тұңғиық құзы, күлкішіл өзені, ақ айдын көлі, жасыл майса көгалы, торғын аспаны, шудаланған бұлты, сіркіреген жаңбыры, ақ ұлпа қары, асау бораны, ерке желі, тентек құйыны, шымыр сызы, шымшығыш ызғырығы, сұлаған бел-белесі, ойшыл орманы, тынысты тоғайы, ақ ару айы, жымыңы көп жұлдызы, мөлдір шығы, тұнжыр тұманы, алдамшы сағымы... - күндізі, түні, - қысы, жазы, күзі, көктемі... - бәрі, бәрі бар. Осының бәрі жан тебірентер ғажап, мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар - тұтас бір образ, адам мекені, халық мекені - дала образы! Және, Әуезов пейзажы - бай палитраның түрлі-түсті бояуларымен келістіре салынған сурет қана емес, шынында да құдды жанды адам: дем алады, қозғалады, жадырайды, жабырқайды, күледі. Жылайды - дәл адамша әрекет етеді. Бұл шебер мелшиген қара тасқа тіл бітіріп, сөйлетіп, ән салғызады. Жел сызғырған бір түп қуқыл шиге немесе селдір қияққа шежіре шерткізіп, ертек айтқызып қояды. Суды кейде сылқаласысылқ күлдіреді. Кейде ызаға булықтырып, бұлқынтып байлап тастайды. Тауы сыздап, тұнжырап, ызғар шашады. Кейде қаңқаласықаңқ етіп сізге наз айтады. Аспаны мен жерінде не ғажап сыр бар. Айының оң қылығының бірін алып қараңызшы: сізбен жасырынбақ ойнап, бірде бетін баса қап, бірде көзін сығырайтып, күле қарап, құлдырап болады: Енді бірде аппақ адал пейілімен, бар ықыласымен ғашықтар жүрегінің лүпіліне үнсіз куә болады... Мынау не деген сырлы поэзия, сонымен бірге не деген терең философия: «Көптен қаладан шықпаған Абайға жаңа көктем енді ғана өзінің келе жатқанын баян етті. Сол жақта, алыс көкжиекте, көкшіл мұнар ішінде Семейтау көрінді. Қардан о да арылыпты. Кесек, жұмыр бір ғана қатты толқын бүктетіліп, түйіліп кеп, мәңгіге мелшиіп, қатып тұрып қалғанға ұқсайды. Айнала, сардала ортасында оқшау бітіп, оқыс тұрып қалған бір үзік тау. Мәңгі бақи жым-жырт боп, жәй созылған сахараның бір заманда әлденеден булығып, лықсып шыққан ереуіл толқыны ма? Ашу-қажыры ма? - сол бейнелі бөлек тау. Абай тау ажарынан осындай оқшау бір бітім көріп, қадала қарап отырып тымағын алды. Пысынаған басына, бетіне Семейтаудан ескен қоңыр жел кеп, леп тиді. Абай жер көркін, өз көңілін еркін өлең етіп кетті » Не деген әсер, эмоция! Осыны енжар, селқос оқу, тебіренбей, толқымай оқу мүмкін бе? Бұл - төрт кітаптағы табиғаттың мың суретінің бірі. Тіл қандай, бояу, ажар қандай? Жанды қимыл, мағыналы символ қайда жатыр? Шеберлік сыры неде? Осы проза ма? Жоқ, прозадағы поэзия! Нәзік те терең лиризм. Бұл - жансыз табиғат суреті емес, адамның жан толқыны, жүрек лүпілі, сан иірім сезім тіл тапқан. Қысқасы, кітаптың пейзажды беттері - қағаз емес, нақ тірі табиғаттың өзі. Адамды үйден шығарып алып кетеді. Бір жерде ақ кірпік боранға адасып кетеміз, енді бір жерде ауадағы дымқыл сыз бетке тиеді, тағы бір жер¬де ай нұрына малынып, тоғайда жүреміз, енді бірде маңдайымыздан шақырая қадалған күнге қолымызды қалқалаймыз... Бұл не нәрсе, бұл? Бұл - біріншіден, Әуезов құрғақ, сылдыр сөйлем құрмайды, ең әуелі өзі тебірене толқып алады да, сол тілсіз сезім тілімен сөйлейді; екіншіден, Абай емес-ау, алдымен Әуезовтің өзі анық ақын: тұтанбай, ұшқындамай, лапылдамай, өртенбей жаза алмайтын нәзік діріл, сыршыл ақын; үшіншіден, Әуезов - суретші, нағыз художник - қағазды, кітап парақтарын аспанға, жерге, құбылысқа, дүние-тіршілікке айналдырып жіберетін шебер; төртіншіден, Әуезов - терең психолог, оқырманның жан дүниесін сілкіп-сілкіп жіберетін күш! Демек, «Абай жолы» секілді ғасырлық туындыны тек осындай қабілет пен қасиеттің адамы ғана туғыза алады.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет