87. Ақын, жазушы Ыбырай туралы жазыңыз. Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) — қазақтың алғашқы ағартушы-педагогы, қазақ жазба әдебиетінің классигі, балалар әдебиетінің негізін салушы, аса ірі кемеңгер тұлға.
Ол Қостанай облысы Тобыл өзенінің жағасында дүниеге келген. Атасы Балқожа ел арасында аса қадірлі би болған. Балалық шағын ата қолында өткізген Ыбырай өз халқының салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін сүйіп өскен. Мұсылманша сауат ашқан. Кейіннен орыс мектебі мен мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Орыс мәдениетін жетік меңгеріп, сол арқылы Батыс мәдениетіне қол созған. Өлең жазуға бала кезінен ден қойған.
Ыбырай Алтынсарин бар саналы ғұмырын өз халқына білім беруге арнаған. Қазақ даласында мектептер ашып, алғашқы оқулықтар, көркем шығармалар жазған. Мектеп ісінің жүйесін құрған. Балаларды оқуға шақырған. Сондықтан оны «Дала қоңырауы», «Қазақ балалар әдебиетінің атасы» деп құрметпен атайды.
88. Абай мұрасының көлемі мен жанры және тақырыптық-идеялық мазмұны жайлы баяндап жазыңыз.
Абай мұрасы жайында Абайды тану - жалпы қазақ әдебиетін тану тәрізді әлі жас ғылым. Оның жетіскен шама-шарқымен қатар, әлі олқылығы, кемшілігі де көп. Бірақ бұл үрдіс өсіп келе жатқан және қазақ әдебиетінің өзге тарауларын тануымыздан көрі өнімдірек өскелеңдеп келе жатқан ғылым тарауы екенін де жұртшылық біледі. Бізде Абайды тану жұмысына тек әдебиетші ғана атсалысып отырған жоқ, тарихшылар, тілшілер, көркемөнер зерттеушілері, педагогтар, тағы да осыларға жалғас әр саланың мамандары тарапынан үлестер қосып келеді. Басы әдебиеттік зерттеулерден бастап, жаңағы айтылған әр салада Абайды зерттеушілердің бәрін алсақ, барлық тобымыз да, алғашқы кезеңдермен салыстырғанда, өсе түскен, жұртшылық тани түскен табыстарымыз жоқ емес. Сонымен қатар алғашқы зерттеу кезеңдерінде сол аталған топтың ішінде әрқайсымыз да әр дәрежеде және әр алуан қателіктер болғаны да рас. Бірақ қателесе жүріп - іздендік, іздене жүріп - өстік. Абайды тану ғылымы да соған орай әуелгі шалағай, қателігі мол сатыдан басталып, бері басқан сайын біртіндеп өсе түсті. Сөйтіп, зерттеушілік ойлар өсумен қатар, Абайды тану ғылымы да аздап кеңейіп келеді дейміз. Бірақ шын мол сапалы еңбек нәтижелерін беру жолында әлде де алдарымызда тұрған қарыз - міндеттер көп. Сондықтан жоғарыда Абайды танудың олқылығы көп дегенді әдейі алға салып айтып отырмыз. Сондай ретте ойлауды керек ететін жайдың бірі - Абайдың мұрасы турасында. Бұл жөнде зерттеу, сынау, ойлау керек болатын жайлар; аз емес. Қай шығарма Абайдың қай кезеңіне тиісті, қайсысы Абайға қонымды емес, оған сыйымсыз деген жайлардан да күдік айтуға болады. Бұл жөнде жолдас Сталиннің: "Ешбір ғылымның пікірлер тартысынсыз, еркін сынсыз өсе алмайтыны, дами алмайтыны көпке мәлім" деген тіл жөніндегі данышпан басшылық ойларын қапысыз қағида етеміз. Пікір таластыруға, күдіктенуге, сөйтіп жүріп анық объективтік негізде келісуге де болады, көніспеуге де болады. Сонда, әсіресе таласқа салған шығарманың өзі беретін нақтылы, дәл дерегіне қарайық. Сөзіміз документке, шын ғылымдық зерттеуге негізделсін. Тіпті болмаса, документ болмаған, амалсыздық жағдайда, тым құрыса көңілге анық қонымды дәлел, өнімді ойға сүйенсін. Құрғақ күдік ғылымды өсірмейді. Ол дәнсіз гүлдей өмірі жоқ, өзінен әрі қарай өрбітер нәсілі жоқ, тұл сөз болады. Екі сала мәселе бар: біреуі - Абайдың өзінің мұрасы (даулы, таласты мәселелермен қоса) жайында; екіншісі - сол Абай мұрасы туралы істелген еңбектер жайында. Абайдың өз мұрасы тұтас алғанда, бұрынғы мен бүгінгі пікір айтушылардың бәрінің тегіс келісетін басы ашық бір мәселесі бар. Ол: Абайдың қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі, тарихындағы үлкен орнын қадірлеп, бағалауда. Өз мұрасы турасында, Абай жайында жолдас Сталиннің Пушкин туралы айтқан ғылымдық қорытынды пікірлерін қолданамыз. Абай да, Пушкин сияқты, өз еңбектерінде танытқан қазақ тілінің структурасы, грамматикалық құрылысы және негізгі сөздік қор (фонд) жөнінде бізге қазақтың бүгінгі сөйлеп жүрген әдебиеттік тілінің қалпынан көп айырмасы жоқ із қалдырады. Яғни жеке сөздігінен бұл күнде айтылмай қалып қойған, ескірген мысалдар болса да, Абай халықтың тілін өз тұсындағы үстем тап санашылдары қолданған, діншіл кертартпа топтар жаргонға айналдырып бара жатқан тілден тазартуға тырысады. Горькийдің Пушкин турасында айтқандай, қазақтың халық тілі әдебиет тілін қалай жасау керек екендігін, халықтық қорды қалай пайдалану дұрыс болатынын көрсетті. Пушкиннен соңғы орыстың тілі - әдебиеттенген халықтың тілі болғандай, Абайдан соңғы қазақтың тілі де - әдебиеттенген халықтың тілі бола бастады. Бірақ бұған қарап біз Абайды толы мағынасында Пушкинмен тең, сонымен бастас орында тұр деп айта алмаймыз. Пушкин әдебиеттің бар жанрында жазды. Абай аз жазды және азғана "қара сөзін" айтпасақ, негізінде әдебиеттік бір ғана жанрда жазды. Оның үстіне, Абай тұсындағы қазақ қауымы Пушкин тұсындағы орыс қауымының мәдениетінен төмен күйде еді. Қазақ ортасына жазу-сызу өнері де жаңа ғана кіріп келе жатқан шақ болатын. Сондықтан Абайдың біздің мәдениет тарихымызға көп еңбек сіңіргенін тани отыра, оны Пушкинмен шендес, теңдес деп ешкім таласпайды. Енді Абайдан қалған мұраның даулы - даусыз, күдікті - күдіксіз жайларына оралайық. Жақында, "Лениншіл жас газеттің 7-санында филология ғылымының кандидаты жолдас С.Нұрышевтің "Абай ақындығының алғашқы кезеңі туралы" деген мақаласы басылды. Бұл мақаланың Абайды тану мәселесіне атсалысқан кейбір дұрыс талабы жоқ емес. Абай мұралары туралы ойлану керек, кей жайлардан күдіктеніп іздене түсу керек, сол зерттеулер нәтижесінде бүгінгі Абай мұрасы деп жүргеннің кейбіреулері оныкі болмай шығуға мүмкін. Өзі күдікті болмаса да, туған кезеңдері, жылдары жайында күдіктенетін қисын бар деген пікір негізінде, Абайды танушылардың ойланатын мәселелері. Әсіресе жаңағы соңғы жайы мүлде орынды. Бірақ, осымен қатар, сол мақаланың жазылуына себеп болған нақтылы түйінді, өзінше деректі деген мазмұнына келсек, ж. Нұрышевтің мақаласы Абайды тану ғылымына табыс болып қосылатын еңбек емес, көбінше дәлелсіз, дәрменсіз және көп қателіктерге толы, шалағай шабуыл көрінеді. Жоғарыда айтқандай, құрғақ күдік, жеміссіз тұл сөз боп шыққан. Жолдас Нұрышевтің мақаласының негізгі ойлары не? Ол - Абайдың мұрасынан алғашқы кезең дегенді жоқ ету керек дейді. Абай шығармаларын 1882 жылғы өлеңдерден, мысалы: "қан сонарда" өлеңінен бастап қана тану керек дейді. Бұлай болғанда, Абайды 37 жасынан ғана, бір-ақ күнде ақындықты, пайғамбарлық дарығандай, ағыл-тегіл бір-ақ бастады деуіміз керек. Жолдас Нұрышов өз аузымен: "Абай алғашқы кезде ақындықты ойлаған жоқ" дейді. Екінші - "Абайдың жас шағында жазғаны" дегенді күдікке алғанда, үш түрлі дәлел айтады. Әуел бұлар 1909 жылда басылған жинақта жоқ. Екінші - "Мүрсейіттің қолжазбасында жоқ және "Абайдың архивінен табылған өлеңдер емес"- дейді. Мұның үстіне, ол Әлендердің бәрін "кәриялардан алынған" деп, "кәрия" дегенді дәркүмән дерек етіп бағалайды. Абай шәкірттерінен, Абайды жасынан жақсы жаттаған көпшілік халық өкілдерінен алынған, анық Абайға тиісті, Абайдан басқа ақын айтып көрмеген 1933 жылда қосылған шығармалардың бәрін де даулы дегісі келеді. "Кәрия" дегеннің өзін шеттігіне іліндіріп, оны түгелімен зиянды бағыттағы айтушы етіп те көрсеткісі келеді. Сөйтіп, Абайдан қалған архивтің, қолжазбаның жоқ екендігіне көңіл бөлместен, кейін жиналып қосылған, көпшілік аузынан жазылып қосылған Абай шығармаларының бәрін күдікті етіп қояды. "Сондықтан бұлардың бәрін де біреудің есімде қалып еді дегеніне сүйеніп, жинаққа кіргізілгендігінде сөз жоқ" - дейді. Мақаланың бұдан соңғы ең үлкен түйінді пікірі - шығыс жайында. Шығыс әсерінің Абайдың жас кезінде еліктеу түрінде болғанын айту, ж. Нұрышевтің ойынша, қылмыстың үлкені боп көрінеді. Шығыс дегенді жіктеместен, талдамастан, түгелімен оқушыға құбыжық етіп, үркіте көрсетеді. "Алғашқы кезде еліктеді дегеннің өзі де бекер. Абайға жапқан жала" дейді. Шығыста шығыс бар, советтік елдер шығысы бар екені, оның Низами, Науаи, Фирдоуси, Хафиз сияқты классиктері бүгінгі күнде біздің барлық советтік туысқан елдеріміздің ең ескі, қадірлі қарт классиктері саналып отырғанын ескермейді. Мақалада болымсыз бұлдыр, бірлі-жарым сөз болмаса, бұрынғы шығыстың өзін жіктеп қарау да ж. Нұрышовта мүлде жоқ. Әр мәдениетте екі мәдениет барын айтқан Ленин ойын бұл жолдас бұ тұста елемеген, ұмытқан. Абай оқыған медреседе, панисләмистік, пантуркистік кертартпалық санаға толы кітапшыл молда сүрей ақындар ортасында Науаи, Физули, Фирдоусилер мүлде естілмейтін. Олардың орнына сопылық, мистикалық қараңғы схоластикалық сана - сарынды танытқан Қожа Ахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани, Сопы Алаяр тобы ғана жүретін. Бұл топтарды айыра түсіндіру орнына, ж. Нұрышов түгел шығыс дегенді бір-ақ топтан алады да, Абайдың 1933 жылдан бері қарай қосылған шығармаларына түгел күдік айтады. Бірақ шығыс жөнінде айтқан сөзіне қарасақ, ғылым атынан сөйлеп отырған ж. Нұрышов қарға адым жердей, кішкене ғана мақаласының бойында өзіне-өзі қайшы келіп, екі түрлі сөз сөйледі. Өз сөзіне өзі оралып жығылады. Жаңа келтірген сөзінде "еліктеді дегеннің өзі бекер, Абайға жапқан жала" деп алып, мақаласының екінші бөлімінде өз аузынан сол "жаланы" өзі қоса құптап отырғанын аңдамайды. "Абайдағы шығыс әсері дерлік бейнелер еріксіз жұққан азды-кемді қайшылық қана" - деп алады да, содан ары және де "Абайдағы шығыс әсері дерлік азды-кемді қайшылықты бұлармен дәлелдемеу керек және сондай жағдайда жүргенде, Абайда ондай болмашы белгілердің қалғандығына таңданбау керек. Жұртшылықтың көңілін оған аударып, кері сілтемеу керек" дейді. Осы өз сөзіне Қарағанда, ол жайды зерттемеу керек дегені болмаса, Абайды шығыспен өзі де байланыстырып отырған жоқ па? Қайшылық деп айтса да, алғашқы "жала жапты" деп айыптағандарының тобына өзі де барып, еніп кетіп отырған жоқ па? Мүлде шығыс жоқ десе, ол бір пікір болар еді. Оны айта алмайды да және шығыстың бәрін тұтас ұнамсыз бір-ақ бояумен баттита қиянаттап алады да, Абайды өзі де апарып сол "зиянды", "жаман" деген шығыспен тұтасынан қабыстырып қояды. Жолдас Нұрышевтің бұдан соңғы өзінше елеулі пікірі: "Ұлы адам мұрасын ұсақ-түйекпен өлшемеу керек. "Шәріпке" деген орынсыз өлеңді айтқызу тіпті қиянат", - дейді. Және шығыс елдерінің, бізше, Науаи сияқты ақындарына еліктеп жазған үш өлеңін мінегенде "мағынасыз кертартпа өлеңдер" дейді. "Бірақ мұндай нашар мағынасыз өлеңдерді, шығыстың кертартпа дәстүрімен жазылған өлеңдерді зерттеп білмей тұрып, Абайға таңа салуға болмайды",- дейді. Біз кейін ол өлеңдерге тоқтағанда, сол шығармалар тіл жағынан аламыш болғанымен, нашар да емес, мағынасыз да емес және әсіресе шығыстың кертартпа дәстүрімен жазылған өлеңдер емес екенін дәлелдейміз. Оны біз "зерттей білмегендіктен" басқанымыз жоқ, мүмкін зерттеп отырып басқан болармыз да, Нұрышов жолдас өзі сол өлеңдерді ойлап, андап қарамай, зерттеу былай тұрсын, тіпті мүлде ұғынбастан - ақ, жалпы күдік атымен жалаға ұшыратып отырған болар. Нұрышов жолдастың өзінше нақтылап, Абайдың жас шағындағы өлеңдерге қарсы айтқан тағы бір пікірі бар.