Өмірбаяны
Отбасы және балалық шағы
Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылында Әбіш пен Әлжанның отбасысында дүниеге келген. 1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында дүниеге келді. Оған әке-шешесі Нұрсұлтан деп ат қойды.Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналды. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдірді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын».Әлемдегі барлық әжелер секілді Мырзабала да немересінің азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді.
Әкесі – Әбіш 1903 жылы Алатаудың бөктерінде, Назарбай бидің шаңырағында өмірге келді.Әбіш Назарбаев көңілді, қадірлі адам болды. Ол тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және балқар тілдерінде де еркін сөйлейтін. Әбіш қазақ және орыс әндерін беріліп айтатын, әңгімелескен адамын зейін қойып тыңдап, пайдалы кеңес бере білетін. Әбіш Назарбаев 1971 жылы қайтыс болды.
Анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық аулындағы молданың отбасында дүниеге келді.Үшқоңырға жер аударылған әкесімен бірге келген Әлжан Әбішпен танысады. Ауыл арасында ән салу мен суырыпсалмалық өнерден оның алдына түсетін ешкім жоқ еді. Жарқын жүзді Әлжан ұлын үлкенді құрметтеуге, сыйлауға баулыды, оның ұлттық дәстүрлерге, ән-жырларға, салт-ғұрыптарға құштарлығын оятты. Әлжан Назарбаева 1977 жылы қайтыс болды.
Жасөспірім шағы Нұрсұлтан тек өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды, сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды. Ол өзінің аса құштарлығын білетін ағайын-туыстары әкеп берген кітаптардың бәрін оқып шығуға жан-тәнімен кірісті. Жас кезінде Іле Алатауының баурайында жазғы демалыс күндерінде әкесіне көмектесіп жүргенде тұңғиық жұлдызды аспан астында жанған алау маңына түнеген романтикалық сәттері де болды. Әке-шешесі осы өлкеде ежелгі заманда өмір сүрген бабалардың берік түп-тамырынан сыр шертетін салиқалы әңгімелер айтып, жан-дүниені тербейтін әндер шырқайтын. Кез келген қазақ білмеуі ұят саналатын жеті ата туралы айтылатын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазақтың өткені мен болашағын жалғап келе жатқан халықтың осы бір ауыр, бірақ үйлесімді тіршілігінің мәңгі және аса мәнді екенін сезінетін.Ол, әсіресе, ежелгі аңыздар мен бабалардың наным-сенімдері туралы үлкендер айтатын әңгімелерді ықыласпен тыңдайтын.
Достарыңызбен бөлісу: |