Орындаған: Абдулла Нұркен 6В07311 Қазақстандағы аштық, 1921-1922 жж.: құжаттар, статистика, ақпарат



Дата08.02.2022
өлшемі17,17 Kb.
#120356
Байланысты:
тарих


Орындаған: Абдулла Нұркен 6В07311


Қазақстандағы аштық, 1921-1922 жж.: құжаттар, статистика, ақпарат

1921-1922 жылдардағы ашаршылық Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Кеңестер елін тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921-1922 жылдардағы ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді. 1921 жылдың жазында ол елдің көптеген өңірлерін, әсіресе Еділ бойы аудандарын жайлады. 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 млн астам адам аштыққа ұшырады. Етек алған ашаршылыққа байланысты РК(б)П Орталық Комитеті 1921жылғы 17 шілдеде партияның барлық мүшелеріне арнайы үндеу жолдады. «Ашаршылық, — делінді үндеуде, — тек құрғақшылықтың нәтижесі емес, оның себебі аграрлық сектордың артта қалуында, ауыл шаруашылық білімі денгейінің төмендігінде, ауыспалы егіс нысандарының ескілігінде, бұл және соғыс пен әскери қоршаудың, сондай-ақ помещиктер мен капиталистердің және олардың итаршыларының бізге қарсы күресінің бәсеңсімей отырғанынын да салдары».[1]. Партия құжаттарында көрсетілген себептермен бірге, жаппай ашаршылық Кеңес өкіметі қатаң жүргізген, халық шаруашылығына, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қатты соққы болып тиген «әскери коммунизм» саясатының нәтижесіндегі төтенше экономикалық жағдайларға да байланысты туындады. Қазақстанның көпшілік аудандары етек жайған ашаршылық құрсауында қалды. Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында себілген астық қатты құрғақшылықтан шықпай қалды, шыққандары жазғы ыстықта қурап калды. Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайылымдар мен шабындықтар толықтай күйіп кетті. Оның үстіне 1920-1921 жылдардағы ұзаққа созылған қатал қыс Торғай уезінде малдың жаппай қырылуына әкеп соқты. Шұбалаң, Майқара, Сарықопа және басқа болыстар да зардап шекті. Ашаршылық құрбандарының, аштан өлгендердің саны күн сайын көбейе берді. Ашаршылық отырықшы аймақтарды да қамтыды. 1921 жылғы ақпан-наурыз айларында Қостанай губерниясындағы Исаев-Дедов аудандық кеңесі атқару комитетінің Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесіне жолдаған есебінде аудан тұрғындарының аш екендігі, сондай-ақ жекелеген ауылдардың наразылық білдіріп жатқаны туралы айтылды. Бірқатар аймақтарда шаруалар арасынан мемлекеттік тапсырыс бойынша жиналған астықты рұқсатсыз бөліп алған фактілері атап көрсетілді. Мәселен, Дмитриев селосының екі жүзге жуық әйелі көршілес кенттерден қосылған әйелдермен бірге жиналған астықты Орынбор астық қоймасына тапсыруға ашық қарсылық білдірді, «егер сіздер жиналған астықты әкететін болсаңыздар біз аштан қырыламыз» деген ұранмен шықты. Ал Васильев селосының тұрғындары кәдімгі күн сайынғы таңғы жиында шіркеу қоңырауымен бір мезгілде бір үзім нан мен мал азығы төңірегінде қызу айтыс ұйымдастырды. Олар кеңестердін жергілікті өкілдерін: «бізге астық беріңіздер, әйтпесе біз аштан қырыламыз» деген айқаймен қарсы алды. Никольск селосының тұрғындары, сол кезде көктемгі дән себу науқанына әзірленген тұқымдық астықты рұқсатсыз өзара бөліп алды.


1921 жылғы тамыздан бастап Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары аштықтан зардап шеккен аймақтардың тізіміне ресми түрде енгізілді. 1921 жылдың күзіне қарай Қазақ АКСР-інің жеті губерниясының бесеуі: Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары Түркістан АКСР-і құрамындағы Сырдария және Жетісу губернияларын қоспағанда және Адай уезінің тұрғындары аштыққа ұрынды. Аштықпен бірге сүзек, тырысқақ, оба, дінгене және басқа аурулар да қатар келді. Жұқпалы аурулармен ауырған адамдардың саны республиканың емдеу мекемелерінің мүмкіндіктерінен едәуір асып кетті. Аштық пен қайыршылық күй, эпидемия, ауруханалардың жетіспеуі, осының бәрі аурулар арасындағы өлімнің санын көбейтіп жіберді. Мысалы, Қостанай губерниясында аштар мен аурулардың 75%-ға жуығы көз жұмды. Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының деректері бойынша Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында 1921 жылдың 1 қарашасы мен 1922 жылдың 1 шілдесі арасында 37 657 адам ашаршылық құрбаны болды.[2]. Ашаршылық Қазақстанның басқа аймақтарын да айналып өткен жоқ.[3]. Сол кезде Тарғын-Бөкей губерниялы кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Х.Д. Чурин өз естелігінде: «1921 — 1922 жылдардың қысында уезд орталығы болған кенттің көшелерінде біз таңғы сағат 5-6-ларда кейде ондаған адам өліктерін жинайтынбыз» деп жазды. Ата-анасы көз жұмып, қараусыз қалған балалардың күн сайын 50-60-ын жергілікті өкімет органдары балалар үйлеріне бөлді. Егер 1921 жылғы 1 желтоқсандағы деректер бойынша қараусыз қалған аш-жаланаш балалар саны Қазақ АКСР-і бойынша 128 000 болса, осы жылдың соңында бұл көрсеткіш 158 000-ға, ал 1923 жылғы 1 наурызға қарай 408 022-ге жетті.[4]. 1922 жылғы наурыз-сәуір айларында Қазақстанды қысқан ашаршылық мүлде асқынып кетті. КазОАК-нің Төрағасы С. Мендешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша Қазақстан бойынша аштыққа ұрынғандар саны 2 832 000 адамды құраған.[5]. Ал 1920 жылдың соңында республиканың барлық тұрғындарының саны 4 781 263 адам еді. Оның 50,3%-ы — қазақтар, 31,2%-ы - орыстар, 14,4%-ы – украиндар болатын.
Қазақ республикасында 1922 жылдың наурыз және сәуір айларындағы дерек бойынша, Семей губерниясының тұрғындарын қоспағанда, алты губерния тұрғындарының 68,2%-ы ашықты. Кейбір губернияларда ашыққандар саны орта көрсеткіштен де асып кетті. Мәселен, Орал губерниясында тұрғындардың 99%-ы, Орынбор губерниясында -80,3%-ы, Қостанай губерниясында 74,5%-ы аштық құрсауында қалды. Бөкей губерниясында осы көрсеткіш 29,5%-ды, Ақмола губерниясында 40,2%-ды құрады.
Аштық пен құрғақшылықтан зардап шеккен губернияларда мал саны күрт азайды. Тек Қостанай губерниясында ғана 1920 жылмен салыстырғанда 1922 жылы жылқы 63%-ға, ірі қара (сауын малы) 50%- пайызға, ұсақ мал 65%-ға азайды, егіс алқабы 62%-ға қысқарды. Республиканың ашаршылық жайлаған губернияларының тұрғындары жан сауғалап өз еріктерімен оңтүстікке — Түркістан республикасына, шығыста - Ақмола және Семей губернияларына қарай босты. Еділ бойының тұрғындары Орынбор жәнеТүркістан губернияларына қарай ығысты. Мұның өзі Қазақстандағы жағдайды одан әрі күрделілендіріп жіберді.
Көршілес республикалардан босып келген аш адамдардың толассыз ағыны астығы жақсы деп есептелетін Ақмола және Семей губернияларының да ашыққан халық санын көбейте түсті. 1922 жылдың наурызында-ақ ашыққандар саны 472 мың адамды құрады, ал бұл губернияның 1921 жылғы барлық тұрғындарының жалпы санынан сәл ғана кем еді. Республиканың ашаршылық өршіген аймақтарының халқы азық-түлік қорындағы болмашы астықты талау әрекетіне кірісті.
Республиканың губерниялық және уездік атқару комитеттерінің жандарынан ашыққандарға көмек көрсету жөнінде арнаулы комиссия құрылды. Алғашқы комиссиялардың бірі Кеңестердің Торғай уездік атқару комитетінің жанынан 1921 жылдың көктемінде-ақ ұйымдастырылып, жұмысын бастады.
Ашыққан ауылдар мен болыстарға алғашқы көмекті ұйымдастыру үшін уездік атқару комитеті мүшелерінің барлығы дерлік елге жіберілді, 1921 жылдың көктемінде әр селолық кеңестің жанынан көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін арнаулы комиссиялар құрылды, олар мүмкіндігінше қажетті астықпен қамтамасыз етілді. Аштық жайлаған Торғай уезінің тұрғындарына губерниялық азық-түлік комитеті көмек ретінде 50 000 пұт астық және көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге тұқым қорынан 500 пұтастық бөлді.
Ашаршылық 1921 жылы Қостанай уезінің барлық аудандарына дерлік тарады. Көптеген болыс тұрғындарының 75%-ына жуығы аштықтан зардап шекті. Болыстық, селолық және ауылдық кеңестер ашаршылық пен бала өлімін тексеру үшін аянбай күресті.жылдың Екінші жартысында уездің ауылдары мен селоларында 10 балалар үйі ашылды, онда 1000-ға жуық ашыққан балалар орналастырылды. Балалар үйі азық-түлік салығы есебінен тамақпен қамтамасыз етілді, отындық ағаш дайындау шаруашылық қаражатымен жүзеге асырылды. Осыған қоса барлық болыс орталықтарында ашыққандарды тегін тамақтандыратын асханалар жұмыс істеді Ауқатты адамдардан өндіріліп алынған қосымша салық асханаларды азық-түлікпен қамтамасыз етті. 1921 жылы осындай шаралар Қазақстанның басқа аймақтарында да жүргізілді. Мысалы, Ойыл уездік атқару комитетінің 1921 жылғы 16 шілдедегі шешіміне сәйкес қараусыз, ашыққан картгарды болыстардағы ауқатты адамдарға табыстады. Оларды тегін тамақтандырып, жатар жаймен қамтамасыз етуді міндеттеді. Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Кеңесінің 1923 жылғы 20 маусымдағы декретімен сол жылдың 1 тамызынан бастап ашаршылықпен және оның салдарымен күрес жөніндегі комиссиялар таратылды. Олардың міндеттері енді ауыл шаруашылығына көмек көрсету жөніндегі арнайы ұйымдастырылған комитетке жүктелді. Бірсыпыра уақыт өткеннен кейін сондай комитет КазОАК-нің жанынан да ұйымдастырылды.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет