Шұбаттың емдік қасиеті құрамындағы сүт қантына, сүт қышқылына, алкогольге, көмір қышқыл газына, белоктарға, тұздарға, витаминдерге және антибиотиктік заттарға байланысты. Тамақтың құрамындағы белоктардың әдетте асқазан-ішек жолында тамақ қорытылған кезде ғана ыдырайтындығы белгілі. Ал шұбат құрамындағы белоктардың едәуір бөлігі организмге ыдыраған күйінде түседі. Шұбаттың жеңіл қорытылатындығы да сондықтан. Бұл сусынның асқазан жолының бездерінен мықтап сөл шығаратын қасиеті бар екендігі анықталды. Ол сондай-ақ қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп, ішектің моторлық қызметін жақсартады. Төбет ашып, қарындағы ауруды басады. Ішектегі тамақтың жақсы қорытылуына көмектеседі.