Орындаған: Бекқулиева Б. Р



Дата08.02.2022
өлшемі35,45 Kb.
#120992
Байланысты:
Зейнолла Серікқалиев әдебиет сыншысы


Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі
Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университеті

Әдеби үрдіс және сын мәселелері


СӨЖ-2
Тақырыбы: Зейнолла Серікқалиев – әдебиет сыншысы

Тексерген: Алиева Ж.А.


Орындаған: Бекқулиева Б. Р.

Алматы 2021

Жоспары


  1. Дарынды сыншы – Зейнолла Серікқалиев

  2. Зейнолла Серікқалиевтің шығармашылық жолы

Өткен ғасырдың соңында әдеби сынға келіп тәуелсіздік тұсында шығармашылық биікке шыққан сыншының бірі – Зейнолла Серікқалиев.


Сынға келген бетте-ақ өзінің терең білімімен, көркемдікті зерделеп тани білетін талғам түйсігімен, табиғи талант дарынымен таныла келген сыншы өмірінің соңына дейін осы сын саласының бар азабы мен жауапкершілігін ауырсынбай арқалай білген азамат. Өзі тынымсыз ізденімпаз сыншы не туралы сөз сөйлесе де арғы-бергіні теріп, тереңінен қазып, ой қозғайтын
З.Серікқалиев өткір сынды, ойлы сындарды рухани аренаға қайта жаңғыртты, сынға соны бір леп, тың көзқарастар, жаңаша талдаулар алып келді. Ең бастысы ол сынға ағыл-тегіл ой, телегей теңіз терең білімді таныта білді. З.Серікқалиевтің шығармашылығы – сонау жылдарғы “Ойлар, толғаныстар” (1967) бастап, “Жылдар сазы” (1971), “Ақыл таразысы” (1976), т.б. атты таңдамалы жинақтарында көрініп, сыншының көл-көсір білімін, аналитикалық ой жүйесін, әлем әдебиетін терең білетін сұңғылалығын танытары сөзсіз. Сыншының алғашқы жылдары өткір мақалаларды өндіртіп жазған кездері білім тереңдігімен, өз кезеңінің өмір мен өнер шындығын терең білетіндігімен танылғаны белгілі.
Сыншы “Парасат” журналына берген бір сұхбатында “Сынды қалай жақсартуға болады” деген сауалға былай деп жауап береді: “Қара қылды қақ жарған әділетті сынды тек жанкешті сыншылар ғана жаза алады. Сын да, сыншылар да ең алдымен сұрыпталу белесінен өтуі керек. Сынның сұрыпталуы – әрине, қызмет бабының, ғылыми дәреженің көтерілуі емес. Кім не жаз ғанын, қалай жазғанын, кімді бағдар тұтарын, кітабының саны емес, сапасын ұғынар ұрпақ табылады және олар өз қалауын айқындай алады деп сенемін. Әдебиет сыншысының көлденең бір себептермен уақытша “тілі байланса да”, ол тіпті, жоғарыда айтқанымыздай. Бойынан қуат, жүзінен әр тайғандығын аңғартпайды. Осының өзі – көбіне іштей тынып, межесін белгілер сұрыпталу сатысын тиянақтай береді. Меніңше, осы саралану үрдісі (сынның жасану, даралануының бір шарты) сырт көзге бадырайып байқалмағанымен, іштей тынымсыз жүріп жатыр. Шын мағынасында нағыз сын, менің ұғымымда, бастапқы жазушы қалам тартқан, жоғарыда Л.Леонов айтқандай, сүйікті тақырып байлығын әрі қарай жандандырушы, қаламгерлермен жарыса толғанып, автор ойын ұштаушы, қажетті жерінде тіпті жетілдіруші, дамытушы. Барлық кезде бірдей ол жазушыны, шығарманы тек түсіндіруші болып қала бермеуге тиіс. Осы талаптан шыға алсаң, онда айыңның оңынан туа бастағаны. Көзі тірісінде өзінің парасат-зердесімен ар-ожданын пір тұтып, артында қалдырар жазбаларымен келешек ұрпақ алдында да жауапты екенін жете сезінген, кейінгілер күле қарап, қасиетті қаламының қор болмауын көксейтін кез-келген сыншы, өзіне-өзі ұялмай есеп беретін бір сәт туар деп ойлаймын. Сын жақсарсын деп сынды сүю шарт емес, сынмен санасу шарт”-деген болатын.
Оның тіпті сыншы ретіндегі қолтаңбалық ерекшелігін айқындайтын, аға ұрпақтың назарын аудартқан терең ойлы мақалалары мен сындарлы кітабы “Алтын жамбы” бірден көзге іліккенінің өзі талай нәрсені ұқтырса керек-ті. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма кәсіби сынның үлгісін танытты. Сол кездің өзінде ақ аға буын сыншылар туралы кесек сөйлеп, бітімді ой айтты. Сын өлді деген айтулы пікірлерге қарсы сыннің өлмегенін «тек оның кемшіліктерінің себебі сынның дамуына мемелекет мүдделі емес ...мемелекеттік идиологиялық саясатына сын онша керегі жоқ» - деген келіспеген пікірін қалдырды. Мәселен өзі шығармашылығын қатты бағалаған сыншы С.Әшімбаев туралы “С.Әшімбаев бізге азаматтық тұғыр-тиянақ, адамгершілік туралы бір-бірімен өзектес біраз зерделі мақалалар сыйлап кетті (“Азаматтық формуласы”, “Азаматтық позиция – айқындаушы күш”, т.б.)» - дейді сыншы, З.Серікқалиев.
З.Серікқалиевтың тынымсыз ізденістерінен туған мақалалары жеке шығармашылыққа қатысты тегеурінді ойымен құнды. Көзі тірісінде орта буын замандас ақын-жазушылар шығармашылығын эстетикалық талғаммен таразыға салып талдап, бағалаған, қисынсыз тұстарына бағыт берген әділ сараптамалық қорытындылары Ж.Әбдірәшев, Т.Медетбектен бастап қазіргі ақындарға дейін сын жанрының табиғатына тән шынайы талдап, өзінің парасаттылық, ойшылдық, тереңдік, т.б. қасиеттерін, тұлғалық болмысын танытып үлгерді. Ол мақалаларында сынды шығармашылық өнер ретінде қарастырып, эстетикалық талғамының тереңдігін мойындатты.
Сын – уақыт қажеттілігінен туған, қоғамдық, философиялық ой-сананың қозғаушы күші екендігін оның ең бірінші қызметі –әдебиетке қызмет ету керектігін танытты. З.Серікқалиев алыстан бастап Абай биігін игергенге дейін ұзақ ізденіс жолынан, талай-талай таным баспалдақтарынан өтті. Оның әрбір мақаласы бейне бір философиялық толғаулар секілді әлемдік рухани әлемдегі қазба байлықтарынан сусындатқызатын білім бұлағындай еді.

Жеке адамның өз ортасымен қарым-қатынасқа түсе, өзге адамдармен араласа отырып сапалық өзгеріске түсуі тұлғалыққа бастар жол; бұл - өзгелер арқылы неғұрлым көбірек көрінсе – ол соғұрлым толыққанды тұлға бола түседі. Бұл тұжырымның көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиұлының тұлғасына бек қатысы бар. Оның шығармашылық өмір жолына зер салып, қалыптасу, өсу жолын бағамдағанда, әдебиетке деген сүйіспеншілігі және сыншылық талант ұшқындары мен сыншылыққа ауадай қажет мінезі мектеп қабырғасында жүргенде-ақ байқалыпты. 


З.Серікқалиұлы оқыған бұрынғы Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Абай атындағы орта мектепте әдебиет пәнінің ұстаздары мықты болғанға, ал, сол мектепте жерлестері, үлкен ақын Әбу Сәрсенбаевпен өткен кездесу 9-сыныптағы Зейнолла оқушыға қатты әсер еткенге ұқсайды. Осы кездесудің бір нәтижесі – ол 1954 жылы Әбу Сәрсенбаевқа жазған көлемді хат-мақаласында ақынның «Толқында туғандар» романын келістіріп тұрып талдайды. Сыншы дүние салған соң жарық көрген бұл хат оның авторының ой ұшқырлығы, көркем шығарманың құрылымын тап басып тануы, романның кемшіліктерін және оның себептерін көрсете білуі, ой жинақтауы, шығарманы қоғамдық-әлеуметтік контексте талдауға бейімділігінің айқын көрінісі. Тап осы хаттың мазмұны мен жазылу сипатында болашақ сыншының шығармашылық ой ерекшелігі, мақсаткерлігі, ізденіс аясының кеңдігі, өзін-өзі жетілдіріп отыруға деген құштарлығы және аға ақынға деген үлкен ілтипаты мен ізеті бар. 
Әдебиетке сүйіспеншілігі жоғары мұндай жастың Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түспеуі мүмкін еместей көрінеді. Солай болады да. Университетте өте жақсы оқи жүріп үшінші курста «Социалистік Қазақстанға» тәжірибеден өтуге келген студент Серікқалиұлының бөлім тапсырмасы бойынша жазған алғашқы мақалаларының бірі белгілі ақын С.Мәуленовтің таңдамалы жинағы туралы болыпты. Жас әдебиетшінің Сырбай поэзиясының халықтық сипатын, қуатын, табиғи еркіндігін, тіл байлығын, қазақ поэзиясында азаматтық лириканы өркендетіп келе жатқан ақын екенін айта келіп, кемшіліктерін де тап басып жазған қызғылықты мақаласы, бірақ, газет бетінде жарияланбаған. Бұл туралы көрнекті аудармашы, баспагер, зиялы азамат Әбілмәжін Жұмабаевтың естелігінде жазылады. Оқуын бітірген соң еңбек жолын мерзімді баспасөзде бастаған сыншы әдеби процеске белсене араласады. Сыншының бұдан кейінгі мақалалары негізінен республикалық баспасөзде жиі жарияланып, қалың көпшілік назарын аудырып, көп жағдайда тіпті үлкен резонанс тудырып отырады. 
Сыншы Серікқалиев феноменін рухани аренаға 60-жылдары шыққан оның буынымен бірге қарастыру орынды. Өйткені, атақты «60-жылғылар» сол кездегі Одақтық әдебиетте, сондай-ақ қазақ әдебиетіндегі де мәдени-философиялық құбылыс болып шығып еді. З.Серікқалиев, А.Сүлейменов, Ж.Нәжмеденов, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев С.Мұратбеков, Ө.Нұрғалиев, Ә.Кекілбаев, Қ.Ысқақ, О.Сәрсенбай, сондай-ақ Ә.Тарази, Қ.Жұмаділов... тізімді жалғастыра беруге болады. Бұл буын әдебиетке қазақ халқына да үлкен қасірет болып келген екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталып, бірнеше жылдан соң келген атақты жылымық кезеңiнде — сол кездегi алып держава Кеңестiк Социалистiк Республикалар Одағында жеке басқа табынуды әшкерелеген үлкен науқан өтiп, қоғам тынысы ептеп кеңейген уақытта — келгенiн еске алсақ, сол кездегi қоғамдық-рухани ситуация еркiн ой, ерен iзденiстерге мүмкiндiк туығызғандай едi. Әдебиеттiң қоғам өмiрiндегi, адам тәрбиесiндегi ролiне шәк келтiрмеген, сондықтан да жаңа идеяларды генерациялауға, қоғамға, ұлтқа қызмет етуге, бүгiнгi күн биiгiнен қарасақ, идеологиялық догмат-ғақлиялардан азат жаңа әдебиет жасауға бар жан-тәнiмен кiрiскен және өз идеалдары үшiн күрескен буынның көшбасшыларының бірі З.Серікқалиұлы болды. Сол бір қызғылықты да жемісті болған сол жылдар туралы сыншы өзі былай ой толғайды: «60-жылдары соғыстан кейінгі он-он бес жыл өткен соң бақуатты барша әулет ес жиып, етек жапқан жауапты кезең еді. Ересектермен бірге қаршадайынан талай қиыншылықтарды бастан өткеріп үлгерген, көкірегі ояу, көңілі ашық, оқығар, өрімтал азаматтар еңсесін көтеріп алып, оң-солын танып, өмірге де, мәдениетке де сын көзбен бағдарлай қарап, өзінше қорытынды жасай бастаған. Батыл да байыпты сыншыларды осы күрделі кезең жарыққа шығарды.» 
«Өзінше қорытынды жасай бастаған» бұл буын сыншылары А.Сүлейменов, З.Серікқалиев және Ә.Кекілбаевтар әдеби көркем сын жанрына жекелiк сипат дарытуға ұмтылды, яғни индивидуалды бастауды жоғары бағалады; әдеби көркем сындағы шектен тыс идеяшылдыққа, яғни әдебиеттiң қасаң идеологиялануына, жалаң, тұрпайы әлеуметшiлдiкке, жер бауырлаған шыншылдыққа қарсы шықты. 
Осы бір кезең туралы Асқар Сүлейменов өзінің орысша берген бір сұхбатында былай дейді (суреткердің ойы мен интонациясын дәл беру үшін аудармай беруді жөн көрдік): «Я бы очень хотел, чтобы это не выглядело нескромным, но, к сожалению, это факт. Если иметь в виду действия в жанре и внутри жанра, наше поколение (А.Кекильбаев, К.Искаков, З.Сериккалиев) пусть на короткое, летучее время внесло в казахскую критику понятие легкости, раскованности, этической агрессии и, извините, чистоплотности.»
Қазақ әдебиетіндегі идеологиялық шідер себебінен тоқыраңқырап қалған көркемдік-эстетикалық ізденістерді жалғастырған бұл буынның өздері, бәлкім, толық зерделеп үлгермесе де есесі кеткен ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдау міндетін арқалаған сыншылары ең бастысы - көркем шығарманың суверендігін қорғады. Біздіңше, сол кезеңде З.Серікқалиұлы, А.Сүлейменовтердің М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Р.Бердібай сынды азулы аға буын сыншылармен баспасөз бетінде өткен қатты пікірталас-айтыстарының басты бір себебі де осында болуы керек. Бұл айтыстар жас сыншылардың Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне түсініктеме жазуымен «қорытындыланып» (бұл түсініктеме-хаттың бір данасы Асқар Сүлейменовтің архивінде сақтаулы), әдеби пікірталастар алаңы мүлдем жойылған. Сол кездегі тегеурінді топ өкілдері проза, өзге де жанрларға ойысты. Ал, З.Серікқалиұлы өзінің саналы ғұмырын әдеби-көркем сынға, рухани мәдениетке арнады.
Бiлгiрлердiң айтуында: өмiрiн мәдени еңбекке арнаған қауым өз кезеңiнiң ақыл-ойындағы өзгерiстердi, қоғамдық талап-тiлек, мұң-мұқтажды, тiптi саяси көңiл-күйдi танып-зерделеу қасиетiмен ерекшеленедi және де өз ой-толғамымен әлеуметпен бөлiсiп отыратын бұл қауымның ауызша не жазба пiкiрi белгiлi бiр тарихи кезеңдердегi тарихи сананың бағыт-бағдар, даму деңгейiнiң, олардың өз еркiнен тыс, бағалы куәсi болып шығады. Зейнолла Серiкқалиұлының кітаптары ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ұлттық әдеби-рухани мәдени даму заңдылықтарын ғана емес, қоғамның идеалдарын, әлеуметтiк тыныс-тiршiлiгiн де бiртұтас тануға мүмкiндiк бередi. «Сын беделiн көтеру сын қадiрiн түсiрмеуден басталад. Өнер адамының көзi тiрiсiнде өзiнiң парасат-зердесi мен ар-ожданын пiр тұтып, артында қалдырар жазбаларымен келешек ұрпақ алдында да жауапты» дейтін сыншы Серiкқалиұлының ұлттық рухани-сыни ойымыздың, өнер — мәдени құбылыс екенiн еске алсақ — рухани және тарихи қызмет контекстiндегi орны айқын.
Өз мәдениетi мен әдебиетiн бағдарлауда өз ырысын өзге есейген елдер дәрежесiмен салыстыра салмақтау арқылы өмiрге де, әдебиетке де жаңаша қарай бiлген, өнер шындығын халықтың салт-санасынан, тыныс-тiршiлiгiнен бөле-жармай, мүмкiндiгiнше жүйелi қарастыруға атсалысқан Серiкқалиұлы шығармаларының алғашқы, өндiртiп жазған, атышулы дискуссиядан кейін iштей диссиденттiктi бастан кешкен кездері де, тәуелсіздік кезеңінде де суреткерлiк, азаматтық айдын-айбынына шәк келтiртпей өтті.
Сыншылық рух — бiр есептен, сыншылық сұңғыла түйсiк, көл-көсiр бiлiм, аналитикалық ой жүйесiнiң тоғысуынан сомдалып, азаматтық-имандылықпен суарылады десек, Серiкқалиұлының феноменi ұлттық сыни-көркем ой, ұлттық биiк рухтың өзгеше бiр арнасын танытты. 
Төл әдебиетiмiздiң түп-бастау, құнар көзiнен қанып iшкен, әлемдiк мәдени кеңiстiктi еркiн шарлаған, өнердi қорғау, өнердің тектiлiгiн қорғау жолында шен-шекпенге, жас-жасамысқа алаңдамаған, әдiлдiктiң ақ жолымен жүрiп отырған сыншы өз кезеңіндегі әдеби процеске өте сергек болды, оның қаламына арқау болмаған бірде-бір маңызды, күрделі шығарма жоқ десе артық емес. Мысалы, кезінде «Қазіргі қазақ тарихи романының кейбір мәселелері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған жас сыншы З.Серікқалиұлының Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» шығармасына алғашқы болып «роман-хроника» деп анықтама беріп, романның қазақ оқырманы үшін рухани-қоғамдық маңызын жақсы талдай отырып, көркемдік тұрғысынан, негізінен көркемдік компоненттерге байланысты сыни пікірлерін білдіруі - беделдер сөйлеген сол заманда оңайға соққан жоқ-ты.
Прозадағы роман жанрынан бастап повестер, әңгімелер, поэзия жанрларындағы жаңа шығармалардың барлығы дерлік сыншы Серікқалиұлының көркем сүзгісінен өтіп отырды. Ол әдеби процесті қалыптастырушы және оның бағыт-бағдарын жасампаздықпен айқындап отыратын қабырғалы сыншылар санатынан еді. 
ХХ ғасырдың үлкен туындылары Х.Есенжановтың «Ақ Жайық», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» полотноларына жеке зерттеулер жүргізген сыншы М.Әуезов, І.Есенберлин, Т.Әлімқұлов, Т.Ахтанов, Ж.Нәжмеденов, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев Қ. Ысқақов, А.Сүлейменов, С.Жүнісов, С.Әшімбаев, Ә.Кекілбаев, Р.Тоқтаров, Д.Досжан, сондай-ақ Ә.Тарази, Т.Әбдіков, тағы да басқа көптеген замандас, дос-әріптес шығармашылықтарын талдап, ой таратты. Келесі кезекте орта, жас буын өкілдері... осылай жалғасып кете береді. Сыншының күнделікті әдеби процестің тамыршысы, Күреңбайы болғаны «Ойлар. Толғаныстар» атты алғашқы кітабынан бастап «Жылдар сазы», «Ақыл таразысы», «Дүниетану даналығы», «Ақ жол», «Тағдыр және біз», «Алтын жамбы», «Сын кiтабы», «Жандауа» кітаптарына дейін жүлгеленеді. 
Сыншылық, әдебиеттанушылық кәсiби бiлiм-бiлiгiмен қоса жалпы мәдениеттанудағы аясы кең, аса бiлгiр, таным-талғам биiгiнен ешқашан төмендемейтiн сыншы Серікқалиұлының бір ерекшелігі - жалпы ғылыми және көркем ойымызды әлемдiк мәдени контексте саралай отырып оқырманымен мейлiнше тең серiктес-пiкiрлес бола білді. Бұл ретте оның «Кейiпкер кiм?» атты көлемдi мақаласы назар аудартады. Бұл мақаласын Зейнолла сыншы кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінің өтінішімен жазып еді. Жазушы Ө.Қанахиннiң үлкен резонанс тудырған «Құдiрет» романына байланысты редакцияға бірі мақтап, бірі даттаған дегендей көптеген хат келіп, осыған бір салиқалы жауап керек болған-ды. Сыншы мақаласында жазушы және оны қалың көпшiлiктiң қабылдауына байланысты таным және талғам мәселесiн жан-жақты қарастырады; әдебиет өмiрдiң көркем бейнесi қағидасынан келгендегi өмiр — әдебиет — өмiр формуласын қызғылықты талдайды. 
Сын, ең алдымен, көркемдiк ой-танымның танымы екенiн еске алсақ, хас сыншы Серiкқалиұлының шығармашылығы уақыт идеяларының, мұрат-идеалдарының кең панорамасы болып шығады. Мұның айқын бір көрінісі өзі көзі тірісінде дайындап, баспаға өткізген «Жандауа» кітабы. Жалпы руханиятымыздың, оның iшiнде әдебиетiмiздiң жалпы да жалқы көкейкестi мәселелерi сөз болатын еңбектерінде қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң ХХ ғасырдағы көрнектi тұлғалары, аға буын Х. Есенжановтан бастап Ж. Нәжiмеденов, М.Мақатаев, А.Сүлейменов, Л.Әуезова, Ө.Жәнiбеков, т.б. тұлғалар шығармашылығымен қатар сол кезең, сол қоғам идеалдары, қоғамдық талап-тiлек, тiптi саяси көңiл-күйлерге дейiн ой сүзгiсiнен өтедi. Бiр атап айтарлығы – бұл мақалалар қайтара оқығаныңызда - автор да, кейiпкерлерi де ендi сәулелi, жасампаз тарих болып, ұлттық мұраттарды ұлықтаудың биiк үлгiсiндей, шындықты айтудың, айта алудың үлгiсiндей болып «тiл қатады». 
Қазақ әдебиетiнiң тарихында сыншы Серiкқалиұлының адами және шығармашылық болмысы – оның көркемдiк-эстетикалық танымдар, дәстүр мен жаңашылдық мәселелерiнде айқын ұстанымда болуымен, рух сергектiгiмен, мәдени-қоғамдық ойға қозғау салатын жасампаздық идеяларымен мен мұндалайды. Бұл ретте сыншының, әрiден тартсақ, сонау 60-жылдардағы, берiден айтсақ, жаңа ғасыр басындағы әдебиетiмiздегi көркемдiк-эстетикалық таным, тайталастарындағы салиқалы да жаңашыл ойларын алға тартуға болады. Сыншының Мемлекеттік сыйлық берілген «Алтын жамбы» кітабына енген соңғы кезең мақалаларынан және көптеген оқиға-құбылыстарға өз бағасын берiп, осы жолда ащы шындықтарды айтқан сұхбаттарынан қоғам мен заман, қоғам мен адамның жалпы картинасы шығады. Ал, осының бәрiнде де сыншы З.Серiкқалиұлының шоқтығын биiктететiн жайт – оның ұлттың рухани болашағын көре бiлетiн ерекше қасиетi; «қазақы мінсіз табиғатымен жалпы дүниеге адамзаттық құндылықтар биігінен қарайтын» эстеттігі деу керек. 
Зейнолла Серікқалиұлы - әдеби-көркем сынға замана илеулеріне түспей, қаламына сызат түсірмей қырық жылдан аса қалтқысыз қызмет етті; әлемдік рухани кеңістікте отырып сынды әдеби даму заңдылықтарын танып-талдаудың ғана емес, қоғамның пәлсапасын зерделеудің де құралына айналдырды; суреткерлік талғампаз болмысы адами-имани болмысымен, азаматтық бітімімен жарасым тауып, шығармашылық тәжірибе-тағлымымен бірнеше буынға Ұстаз болды.
Атап айтарлығы - сыншы Серіқалиұлы жағасы жайлау болып шығармашылықпен айналысқандар санатынан емес. Ол үнемі лауазымды қызметтерде болды, қай кезеңде де ұлттық руханият, әдебиет, мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосты. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы кезеңде ана тіліміздің билік мінберінен жарқын естілуіне мол күш-қажырын жұмсады. Көркем аударма саласы, еліміздегі баспа ісінің дамуына да көп ат салысқан сыншы жасы келіп демалысқа шыққан соң да еліміздің рухани тұғыр-тұлғаларының бірі болды. 
Ол – жаңалыққа жаны, жақсыға құшағы ашық, сондай бір текті, дегдар жан еді. Еліміз тәуелсіздік алғанда әдебиетіміз бен өнерімізде желкілдеп шыққан жас буынының рухани бұлқыныстарын, көркемдік ізденістерін қуана құптады, қолдады. З.Серікқалиұлының ресми де бейресми шәкірттері ғылыми ортада да, баспагерлік, университеттік орталарда да жеткілікті.
Ол тек әділдікті жақтаушы еді. Небір пікірталас, дүниетанымдық айтыстарда, кесімді сөзін, әділ сөзін айтатын. «Зейнолла айтыпты» дегенге тоқтап, «Зейнолла не дер екен?» деп құлақ тіккен көзқарақты қауым дегдар сыншының жан нұры, білім нұрына, адамгершілік нұрына бөленетін. 
ХХ ғасыр басында, 1913-жылы Ахмет Байтұрсынов Абайды «қазақтың Бас ақыны» атады. Абай әлі күнге осылай. Қазақтың арғы-бергі тарихында таза сын, кәсіби сын жанрында қалтқысыз еңбек еткен Зейнолла Серікқалиұлын ХХІ ғасыр басында «қазақтың Бас сыншысы» болды дей аламыз. 

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет