Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі
Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университеті
ХХ ғасыр қазақ әдебиеті (1900-1950/1950-2000жж)
Практикалық жұмыс
Тақырыбы: Мағжан Жұмабай шығармашылығының көркемдік ерекшелігі
Тексерген: Панзабек Б. Т.
Орындаған: Бекқулиева Б. Р.
Алматы 2021
Жоспары
М.Жұмабай шығармашылығының көркемдік ерекшелігі
«Шолпан» жинағына енген өлеңдердегі ел тағдыры
М.Жұмабай шығармашылығының көркемдік ерекшелігі
XX ғасырдың басында ұлт санасын оятуға күш салған қазақ оқыған азаматтарының ішінде Мағжан Жұмабаев та болды. Бұл жөнінде алғаш сөз еткен Ж. Аймауытов «Мағжанның ақындығы туралы» деп аталатын мақаласында «1905 жылғы өзгерістен былай қазақтың қамын ойлаймын деген азаматтар ұлт мұнын сөйлеп, ұлт мәселесін қолға ала бастады.
Ол өзгерістің арты Государственный Думаға уәкіл жіберуді шығарды. Қазақ азаматтарының бас қосуына, мұнын сөйлеуіне аз да болса еркіндік берілді. Қазақ баласын оқуға беруі көбейді. Қазақтың баспасөзі газет-журналдары шыға бастады. Қазақтың «жақсы» боламын деген жасы ұлтшылдық сезіміне жабысуға айналды. Міне сол жастың біріне Мағжан да қосылды» деген болатын. Расымен 1911 жылы «Айқап» журналы шыққан уақыттан бастап жариялана бастаған ақынның өлеңдерінде ұлт мәселесі ашық түрде қозғалған еді.
Еліне тек азаттық өмір тілеген Мағжан Жұмабай өлеңдерінің ең басты тақырыбы да ұлт тағдыры, оның бостандығы еді. Ақын нені айтса да, нені жырласа да бірінші орынға ел мүддесін қояды. Тіпті, лирикаларында ақынның ішкі сезімі табиғат құбылыстарымен астасып жатуының да сыры осында.
С. Мұқанов сөзімен айтқанда, Мағжан Жұмабай ақынның ақыны еді. Расында да өзіндік бітім-болмысы, талантымен басқа ақындардан өзгешеленген. Мағжанның махаббаттың нәзік күйін шертер сыршылдығы мен табиғатты өрнектейтін суретшілдігі, болашағы бұлғыр қарапайым қазағының сілкініп оянуына түрткі болған ұлттық рухтағы өлеңдері оның ақындық өнерін асқақтата түсетіні белгілі. Әсіресе, бізді қоршаған тау, дала, орман-тоғайлар, қайтланып келетін төрт мезгіл көріністерінен бөлек, ел, заман көрінісін алуан түрлі табиғат құбылыстарымен ұштастыра отырып суреттеуінде де ақынының ұтқырлығы ерекше назар аудартады.
Ақынның көзі тірісінде «Шолпаннан» басқа екі жинағы жарық көріп, оның 1912 жылдан кейінгі жазған өлеңдері Бекнияз Күлеевтің шығаруымен 1922 жылы Ташкентте «Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері» деген атпен жарияланған жинақтарда басылып шығады. Осы себепті де болар мағжантанушы ғалым Ш. Елеккенов ақынның шығармашылық өмірін үш кезеңге бөліп, алғашқысына ақынның «Шолпан» жинағы шыққан уақытты, екінші кезеңге 1913-1924 жылдарды, үшінші кезеңге 1924-1938 жылдарды қамтыған. Олай болса ақынның алаш идеясын қолдап, ұлт мүддесін арқау еткен өлеңдеріне талдау жасағанда әзірге бастапқы екі кезеңді қарастырған жөн.
«Шолпан» жинағына енген өлеңдердегі ел тағдыры
«Оян қазақ!» (1909) пен «Маса» (1911) жинағынан кейін іле-шала шыққан Мағжанның «Шолпаны» (1912) да ел санасын оятуда үлкен маңызға ие болды. Ақынның осы алғашқы жинағында отаршылдық езгіге наразылық, сондай-ақ халықты қараңғылықтан құтқарудың жолын іздеп, оқұ-білімге шақырған біршама өлеңдері жарияланды. Солардың қатарындағы «Жатыр», «Сорлы қазақ», «Туған жерім – Сасықкөл», «Қазағым», «Осы күнгі күй» сияқты өлеңдерінде ел тағдыры басым жырланған.
Осы журналдан бұрын «Айқап» журналының 1911 жылғы 2-санында жарияланып үлгерген ақынның «Жатыр» өлеңінде отаршылдықтың озбырлығына жаншылған елінің жай-күйі толық ашылып көрсетіледі. Алдымен ілгері озық елмен өз жұртын салыстыра келіп, олардан қалыспау үшін қазағына ең бірінші өнер, білім керек екенін ұғындырғысы келеді. Одан әрі
Кең жері күннен-күнге құрып жатыр,
Сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр, -
Деп елін жерінен айырылып, қанап жатқан орыс патшалығын сұр жыланға теңеген ақын халқының қамсыз ұйқыда жатқанына налиды. Ел ішіндегі келеңсіздіктерді сынға алып қана қоймай, «Кешегі шешек жарған қазақ гүлі Сарғайып, бір су тимей солып жатыр» деген өкінішін де білдіреді.
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр,
Күн сайын артқа қарай кетіп жатыр.
Сезінбей өзгенікін, өзінікін
Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр? – деп ең ақырында күйінген ақын жұртының алға жылжуын ойлап, қазақ оқыған азаматтарының күш біріктіруін қалайды.
«Сорлы қазақ» өлеңінде ақын:
Сорлы қазақ жан алқамға тығылып,
Қара қан кеп, тіккен туы жығылып,
Алға баспай, біткен ісі кер кетіп,
Нәр тата алмай, күнсіз, әлсіз бүгіліп, - деп өзге елге бодан болған халқының жай-күйін осылайша сипаттай келе, «Пыр-пыр ұйықтап сорлы қазақ тек жатыр» деп жұртының жайбарақаттығын алаңдайды. Ең бастысы мұнда сорлылықтан арылу үшін елінің оқу-білімге ұмтылу керектігі баса айтылады.
«Туған жерім – Сасықкөл» өлеңіне келсек, бұл туындысы туралы алғаш пікір білдірген Ж. Аймауытұлының «Мағжанның ұлтшылдық, түрікшілдік өлеңдері «Ғақлияда» шәкірт болып жүрген кезінен басталады.
Сол күнде-ақ «Туған жерім Сасықкөл» деген өлеңінде, патшаның отаршылдық саясатына қарсы жаза бастайды.
Айдын көл ата қоныс, құт болған көл,
Сусын боп, сұрағанға от болған көл.
Кеше бірлік, ынтымақ түгел шақта,
Бейне бір сенің басың сүт болған көл!
Итиіп қарашекпен келіп қонса,
Басыннан құсың ұшып кетер сенің, - деп туған жерінің зарын зарлайды» дегенінде Мағжанның бар қайғысы ел мұңы екені айқын көрсетіліп отыр. Расымен де осы ата қонысына «итиіп қарашекпен келіп қонса...» жұртының күні не болмақ? Өлең астарынан ақынның сол уақыттағы аграрлық реформалар, нақтырақ айтқанда 1911 жылы 29 мамырда қабылданған «Жерге орналастыру туралы» заңнан хабардар етіп отырғаны да байқалады. Жалпы, қарашекпенділердің шұбырып қазақ жеріне қоныс ауддаруы жалғыз Мағжанның ғана емес, сол тұстағы барлық қазақ ақындарының жанына батқаны белгілі.
«Қазағым» өлеңінде ақын алдымен қазақтың бар байлығы – жері кеткенін еске салады.
Қазағым таянды ғой қылта мойын,
Жер, мал кетіп, бос қалды біздің қойын.
Отаршылдық сұрқия саясатын түсіндіруге күш салған ақын «Жетті енді қам жер мезгіл, жатпа бекер» деп ұрандап қана қоймай,
Бар жерді күннен-күнге алып жатыр,
Хохолдар алып қала салып жатыр.
Қырылысып өзді-өзімен қазақ сорлы,
Жерінен аузын ашып қалып жатыр, - деп патша үкіметінің аграрлық реформаларынан бейхабар көпшілікке өз жерінің қайда кетіп жатқанын айтып, ой тастайды. Сөййтіп, «Кел, қазақ, қолдағыдан құр қалмайық...» дей келе, өз жұртын қайдағы келімсектерге желінбей, ертеңгі күнді ойлауға шақырады.
Мағжанның «Осы күнгі күй» өлеңіне келсек, мұнда да қазақтың ауыр хәлі барынша сипатталған.
Ойламай отқа түскен неткен жанбыз,
Сөз ұқпас мылқау, меңіреу, жүрген жалғыз.
Көрінбес көзге түртсе қараңғыда,
Япырм-ай, қалдық па екен тіпті тансыз?!
Азаттықты аңсап, жұртының тағдырына алаңдаған ақын «Тақаулы тамағында өткір пышақ, Тек жатыр тұяқ серіппей сонда да аңсыз» дегенді де ескертеді.
Жер кетті, жаның кетті, қам жемедің,
Құл болдың қара табан енді малсыз, - деп елінің қамсыздығына күйінген ақын бір сәт ащы шындықты жайып салса, бір сәт «Қазағым, арыстаным, қайратты ерім» деп жұртына рух береді. Тығырықтан шығатын жолды осындай азаматтар көрсетсе екен деген тілекпен қоса, «сандалдың алдың – боран, артың – тұман» деп елінің мұның жоқтайды.
Жалпы, Мағжанның патша үкіметі тұсында-ақ қаймықпай жазған осы алғашқы өлеңдерінде отаршылдық саясат мейлінше сыналып, жұрт санасын оятуға батыл ұмтылыс жасаған.
Достарыңызбен бөлісу: |