Орындаған: Игібайқызы Назерке
Тексерген: Құлжанова Б.Р.
Қазақ Филологиясы 102-топ
Табу. Қазақ тіліндегі табулар
Ерте замандарда адамдар әртүрлі қате түсінік, теріс ұғымның, дінге сенушіліктің салдарынан кейбір заттардың аттарын тікелей атауға тыйым салып, оларда басқаша айтатын болған.
Табу (полинезиялық тайпалар тілінен аударғанда «тыйым салу») — алғашқы қауымдық құрылыс мәдениетімен тығыз байланысты діни негіздегі үзілді-кесілді тыйым салуды талап ететін ұғым. Табуда екі ұғым — киелілік пен тыйым салынғандық, қасиеттілік пен қорқыныш тоғысады. Табу белгілі бір тұлғаларға да, белгілі бір қоғамдық ұжымдарға да қатынасты қолданылады.
Басқаша айтқанда, табу дегеніміз – атын турасынан айтуға болмайтын зат, құбылыс, қимыл, іс-әрекет, оларды ым-ширамен, өзге сөзбен білдірудің тәсілі. Табу – жай ғана тыйым емес, киелі нәрсені аяқ асты етуге болмайды, әйтпесе оның киесі атады деген қорқыныштан туатын тыйым.
Табу бірыңғай ескі наным-сенімге, мифологиялық көзқарастарға ғана емес, дидактикалық ақыл-кеңестерге, тәлім-тәрбиеге, гигеналық тазалыққа негізделеді: жағыңды таянба, аузыңды кере ашпа, ішегіңді тартпа, жер таянып отырма, қолыңды төбеңе қойма, қолыңды тарақтама, бейітке қолыңды шошайпа, дәм мен дастарханнан аттама, астың аузын ашық тастама, түннен қалған тамақты ішпе, нанды бір қолыңмен үзбе, тағысын тағылар.
ТАБУ негізінен этнографиялық ұғыммен байланысты. Мифтік ескі наным бойынша атын тура айтуға тыйым салынған сөздер тіл білімінде табу деп аталынады. Мұндай тыйым салынған сөздер дүние жүзіндегі халықтардың көпшілігінде кездеседі. Бұл әдет әсіресе, түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының тұрмысында көп тараған. Табу – ескі наным-сенім, мифтік ұғым бойынша атын атауға тыйым салынған сөздер. Табу сөздер төмендегідей негізде қалыптасқан:
1) Табиғаттың дүлей күшіне байланысты тұрмыс-тіршілікке қауіпті сөздердің атын атауға тыйым салынған. Мысалы, жай түсті десе, адамға қырсығы тиеді деген сеніммен жай сөзін жасыл сөзімен алмастырып қолданған;
2) Адам өміріне қауіп-қатер төндіретін жыртқыш аңдар мен жәндіктердің атын атамай басқа сөзбен ауыстырып қолданған. Мысалы, қасқырдың атын тура атаса, малға шабады деген қорқыныштан қасқыр сөзін ит-құс, ұлыма деген сөздермен алмастырып қолданған;
3) Адамды опат қылатын ауру аттарын да атауға тыйым салынған. Мысалы, шешек ауруының атын атамай, оны қорасан деген сөзбен ауыстырып айтқан;
4) Қазақтың әдет-ғұрпы бойынша жаңа түскен келін қайын жұртындағы адамдардың атын тура атамай, олардың бойындағы, мінез-құлқындағы ерекшелігіне орай әрқайсысына ат қойған. Мысалы, қыздарға, әйел адамдарға Ақылдас, Ерке қыз, Еркем, Шырайлым, Айнамкөз, т.б. десе, ер балаларға, ер адамдарға Шырақ. Мырза жігіт, Төре бала, Би аға, т.б.
Осы ретпен абысын-ажын, қайын-қайнаға, ата-ене, нағашы-жиен, тіпті жиеншарға дейін ат қойып шыққан. Бұл қазақ халқының тапқырлығы мен озық ойлылығын білдіреді.
Әртүрлі наным-сенімдер, мифтер, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, т.б. негізінде қалыптасқан этнографиялық ұғымдарды этнографиялық табудеп, тыйым салынған атауларды алмастыратын сөздерді лингвистикалық табу деп атау дәстүрі тіл білімінде бар.
Табуды ауыстыратын, тыйым салынған ұғымдардың орнына жүретін, рұқсат етілген сөздер эвфемизмдер деп аталады.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, табу іштей екіге бөлінеді: 1. Ділдік табулар, 2. Тілдік табулар. Тікелей айтуға, хабарлауға тыйым салынатын этнографиялық ұғымдарды ділдік табуға жатады. Ділдік табулардың орнына жүретін, яғни оларды алмастыратын қосалқы, жанама сөздер тілдік табулар болып есептеледі.
Көптеген ғалымдар табу сөздерді тарихпен байланыстырады. Және бұл дұрыс та, өйткені табу сөздердің түбірінде халықтың әдет-ғұрпы, нанымы, сенімі, өткен өмірі жатыр. Оның дәлелі ретінде ғалым Әділ Ахметовтың еңбегіндегі «Табу және магия», «Дәстүрлі наным-сенімдермен байланысты қалыптасқан табу сөздер», т.б осы сынды бөлімдерін айтуға болады.
Жоғарыда айтылған Ә.Ахметовтың еңбегінде былай делінеді: «Табу мен магияның шығу тегі және олардың арақатынасы туралы сөз қозғағанда ағылшындардың әйгілі этнологы Дж.Фезерге соқпай өту мүмкін емес. Себебі ол табудың шығу тегін зерттей келе, оның мәдениет пен рухани дамудың төменгі сатыларында қалыптасып, әлемге кең тараған ескі нанымдардың бірі магиядан туындайтынын дәлелдеген.»
Ғалымдар Ғ.Қалиев пен Ә.Болғанбаев өз еңбектерінде былайша тұжырымдайды: «Қазақ тіліндегі табудың бір түрлері табиғаттың дүлей күшімен, адамды опат қылатын ауру аттарымен, қаскүнем жыртқыш аңдармен тікелей байланысты шыққан. Ұры алған, жоғалған малды ұрланды десек, «мүлде табылмай кетуі мүмкін» деген сеніммен қолды болды деп айт дейтін. Мал суалып бітті дегеннің орнына мал байыды; күн батты дегеннің орнына күн байыды; жиналған адамдар кетейік, қайтайық дегеннің орнына көбейейік деп айтуды әдетке айналдырған еді. Соның нәтижесінде осы ұғымдарға қатысты бірнеше синонимдер пайда болған. Бұлар белгілі контексте әр түрлі стильдік мән тудырады.»
Ғалым Ә.Ахметовтың еңбегі бойынша көркем шығармалардан мысалдар келтірейік. Бірінші, ат қоюға байланысты туған табу сөздерді келтіреміз. Бұлай ат қою түркі халықтарында, соның ішінде, қазақ халқында өте көп кездеседі. Қазақтың салты бойынша жаңа түскен келіндер күйеуінің туған-туыстарының, ауылдың үлкен адамдарының атын атамаған. Олардың әрбіріне арнап өзінше ат қойған. Мысалы: еркем, шырайлым, ерке қыз, шырақ, мырза жігіт, кенжем, момын қайын аға, тентек жігіт, ақ апа және т.б. Мысалы, М.Әуезовтың «Абай жолы» романында ат қоюға байланысты туған табу сөздер жиі ұшырасады.
Қорыта айтар болсақ, табу сөздер дегеніміз әдет-ғұрыппен, діни наным-сеніммен, тарихпен, магиямен өте тығыз байланысты сөздер. Байқағанымыздай табу сөздерді көптеген ғалымдар зерттеп, әр түрлі пікір айтылып, тұжырымдамалар жасағанын байқадық. Жоғарыда айтып өткендей табу сөздерді жіктеу бойынша, кейбір ғалымдар наным-сенімдерді табу сөздерге жатқызатын болса, кейбір ғалымдарымыз пікірлерінде кездеспейді. Табу мәселесі әлі де толыққанды зерттеуді қажет етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Б.Сағындықұлы, Б.Р.Құлжанова «Қазіргі қазақ тілі. Лексикология». – Алматы. Қазақ университеті, 2018. – 104б.
2. А. Айғабылов «Қазақ тілі морфонологиясы мен лексикологиясы» . – Алматы, 2006. –135 б.
3. Қалиев Ғ. Болғанбаев Ә. «Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы мен фразеологиясы». – Алматы, 2003. –120 б.
4. Ә. Ахметов «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» . – Алматы, 1995. – 124 б.
Достарыңызбен бөлісу: |