Құрманғазы мен Дина қашан кездесті?
Жоғарыда Ахмет Жұбановтың дерегіне сүйеніп, күйші Құрманғазы мен Кенженің дос-жар адам болғанын айттық. Сәуірбек Бақбергеновтің «Дина» кітабында Құрманғазы Кенжені алғаш рет Теке жәрмеңкесінде палуандар күресінде көргенін жазады.
«1870 жылы Құрманғазы Кенженің ауылына келіп, он жасар керемет домбырашы бар дегенді естиді де, Кенженің үйіне келеді. Кішкене қыздың домбырасын тыңдап, халық исскуствасын дамытатын тағы бір адамның дүниеге келгеніне шексіз қуанады. Құрманғазы Кенжеден атақты домбырашылардың сайысы болатын жерлерге Динаны ертіп жүруге рұқсат сұрайды. Өзінің айтуы бойынша, Дина тоғыз жыл бойы, яғни он сегізге толғанға дейін Құрманғазымен жиі кездесіп, жиындарға еріп барып жүреді, көптеген атақты домбырашылармен кездеседі» деп жазады Ахмет Жұбанов.
Батыс Қазақстан облыстық «Октябрь туы» газетінің 1957 жылы 27 тамызда шыққан №171 (8418) санында Мәжит Жадановтың «Халық композиторы туралы естеліктер» атты мақаласы басылған. Онда автор Жаңақалада тұратын 85 жастағы Мырзағали Кәшеновтің Құрманғазы туралы естелігін келтіреді:
«Мен Құрманғазы Сағырбаевты Динаның әкесі Кенже деген қарттың үйінде көрдім. Ол кезде мен жаңа атқа шабатын 8-9 жасар бала едім. Құрманғазы толық денелі, сақалды, едәуір жасқа келіп қалған, басында қара елтіріден тігілген дөңгелек бөркі бар адам екен. Бірақ үстіндегі киімі жұпыны. Сондықтан болса керек, байлар оған «Көктулақ» деген қосалқы ат қойыпты. Құрманғазы Кенженің үйінде отырып жан сезімін оятқандай әсерлі күйлерін тартты және осы сапарында Динаға домбырасын беріп кетіпті» дейді.
Мырзағали Кәшенов 1872 жылы туған болса, жоғарыдағы оқиға 1880-1881 жылдары болса керек. Егер күйші 1861 жылы туған десек, бұл оның бойжеткен, 19-20 жасқа келіп қалған кезі.
Бір қызығы, Динаның 1938 жылы «Социалистическая Алма-Ата» газетінде басылған «Учитель» мақаласында «Құрманғазыны алғаш көргенде менің жасым отызда болатын» деп жазады. Күйшінің айтуынша, сол кездің өзінде Құрманғазы 60 жас шамасындағы қарт болған. «Ұлы ұстазбен достығым 11 жылға созылды, әр кездескен сайын күй өнерінің тереңіне бойлап, көп нәрсе үйрендім» дейді Дина.
Динаның отбасы
Бұған дейін жазылған деректер мен естеліктердің бәрінде Динаны «19 жасында бесқасқа беріш ауылына ұзатылған екен» деп жазады. Ахмет Жұбанов, Ғафура Бисенова, Қаршыға Ахмедияров, Ақселеу Сейдімбек жазбаларында дәл осы 1880 жылды көрсетеді.
Динаның алғашқы күйеуі – Нұрпейіс Мақатұлы деген кісі. Ол бесқасқа беріштің Мұратбай атасынан тарайды. Шежіре деректерінде Мұратбайдан – Ерғазы, одан – Күнжарық пен Айжарық. Күнжарықтан – Мақат, Иса, Тұрман, Есім деген балалар туған. Мақаттан – Нұрпейіс, Нұралы (Шәпек), Сарыбай есімді балалар болған.
Динаның әсем сазды аяулы күйлері осынау жар қызығын көріп, бала бақытына мейірленген жылдарда туған. Ұзатыларда әкесінің еншің деп мінгізген қарақасқа атына арнап шығарған «Қарақасқа» ат» күйі, өзі пір тұтатын күйшілері Дәулеткерей мен Түркешке еліктеп шығарған «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма» сияқты күйлері, ақылды да айбарлы, сұлу да сырбаз абысынан арналған «Кербез» күйі, үлкен ұлы Жұрымбай 1916 жылғы «Июнь жарлығы» бойынша әскерге шақырылғанда тартқан «Он алтыншы жыл» («Набор») күйі, қадірлес замандастарына сүйсінуден туған «Қосалқа» күйі, балдай тәтті, бауыр етіндей жақын баласы Қоңырға арнаған «Әсем қоңыр» күйі, міне, бұлар Динаның өзіндік қолтаңбасын айқын танытатын біртуар күйлер. Бұл күйлері арқылы Дина қазақ күйлерінің өрісін ұзартып, өресін биіктетумен бірге, өзі де ұлы күйшілермен терезесін теңестірді.
Дина Кеңес заманында да өзінің арман аңсарын, үміт тілегін халқының жолына бағыштап өтті. Жасының ұлғайғанына қарамастан Қазақстанның 20 жылдығына орай «Тойбастар», Отан соғысы жылдарында «Ана бұйрығы», «Жеңіс» сияқты күйлер шығарды. Рас, қоғамның репрессиялық қаталдығы туыдрған жағымсыз саясат пен желбуаз идеология Динаның бұла дарынын қақпайлап бақты. Оны төлтума арқасынан (шабытынан) айырып, әсіре ұраншылдықтың қолжаулығы етпек болды. Ол шығарған күйлерге «Еңбек ері», «Сауыншы», «Сталин», «Делегат», «Көкөніс» деп ат қойып, алаулатып жалаулатып, ресми салтанаттардың ұран күйіне айналдырды. Алайда, шын асылды тот баспайды. Динаның қанатты өнері халқының рухани асыл қазынасы ретінде бүгін мен болашаққа қызмет көрсете бермек.
Достарыңызбен бөлісу: |