2-тарау. Білім алушыларды ағымдағы бақылаудан және аралық аттестаттаудан өткізу
4. Білім беру ұйымдары білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды және аралық аттестаттауды өткізудің нысандарын, тәртібін және кезеңділігін дербес таңдайды.
Ағымдағы бақылау пәндер және (немесе) модульдер бойынша практикалық және семинарлық сабақтар жоқ болған жағдайда, оқытушының оқу бағдарламасында көзделген міндетті бақылау жұмыстарын (жазбаша тапсырмалар, рефераттар) тексеруі арқылы, оның ішінде оқытудың жеке траекториясын ескере отырып жүзеге асырылады.
Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар тұлғалардың пәндер және (немесе) модульдер бойынша үлгеріміне ағымдағы бақылау психофизикалық даму ерекшеліктері ескеріле отырып жеке тапсырмалар бойынша өткізіледі.
Қашықтықтан білім беру технологияларын (бұдан әрі-ҚБТ) қолдана отырып, білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау:
1) білім алушы мен оқытушының телекоммуникациялық құралдарды пайдалана отырып онлайн немесе офлайн режимінде тікелей қарым-қатынасы;
2) автоматтандырылған тестілеу кешендері;
3) жеке тапсырмаларды тексеру (білім алушылардың мессенджерлер, электрондық поштасына тапсырмалар беру) арқылы жүзеге асырылады.
Білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды жүргізу нысандарын педагог оқу материалының мақсатын, мазмұнын ескере отырып анықтайды.
5. Оқу жоспарына сәйкес оқыту дәрістік курспен шектелетін пәндер және (немесе) модульдер бойынша міндетті бақылау жұмыстары болмаған жағдайда, үлгерімді ағымдағы бақылау жүзеге асырылмайды. Пәндердің және (немесе) модульдердің тізбесін білім беру ұйымдарының алқалы органы айқындайды.
6. Білім алушыларды аралық аттестаттаудан өткізу пәндерінің және (немесе) модульдерінің тізбесі мен нысанын жұмыс оқу жоспарларына сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары белгілейді және оқу жылының басында оқу-тәрбие процесінің кестесіне енгізіледі.
ҚБТ қолдану кезінде мына аралық аттестаттау нысандары:
1) тапсырманы орындауға кететін уақытты шектеу мүмкіндігі бар автоматтандырылған тест жүйелерін қолдана отырып тестілеу;
2) жеке жобаны іске асыру (онлайн, офлайн);
3) практикалық, шығармашылық тапсырманы орындау (онлайн, офлайн);
4) емтиханды онлайн режимінде тапсыру (ауызша немесе жазбаша түрде) қолданылады.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша аралық аттестаттау: тіл, әдебиет, Қазақстан тарихы, математика және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары таңдаған пән бойынша емтихан өткізуді көздейді.
Білім алушыларға жұмысшы біліктілігін беруге арналған аралық аттестаттау өткізу үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдары білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен біліктілік комиссиясы құрылады.
Жұмысшы біліктілігін беру туралы куәлік беру туралы шешім осы біліктілік бойынша жұмыс түрлерін орындау жөніндегі біліктілік емтиханы негізінде қабылданады.
7. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды аралық аттестаттау оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес курстық жобаларды (жұмыстарды) қорғау, практика бойынша есептер, сынақтар және емтихандар нысанында жүзеге асырылады, бұл ретте сынақтар мен курстық жобаларды (жұмыстарды) қорғау емтихандар басталғанға дейін өткізіледі.
Курстық жобалар (жұмыстар) аталған пән және (немесе) модуль бойынша курстық жобаны (жұмысты) орындау үшін жеткілікті білімді меңгеруді қамтамасыз ететін пәннің және (немесе) модульдің теориялық бөлімі немесе тарауы аяқталғаннан кейін орындалады.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар тұлғаларды аралық аттестаттау емтихандар және/немесе сынақтар нысанында өткізіледі.
8. Егер ағымдағы семестрдің оқу жоспарында аталған пән және (немесе) модуль бойынша емтихан немесе қорытынды сынақ түрінде аралық аттестаттау қарастырылмаса, сынақтар келесі семестрге ауысқан пәндер және (немесе) модульдер бойынша өткізіледі.
Сараланған бағалармен ("үздік", "жақсы", "қанағаттанарлық" және "қанағаттанарлықсыз") өткізілетін сынақтар курстық жобалар (жұмыстар), кәсіптік практика бойынша, сондай-ақ тізбесі оқу жұмыс жоспарына сәйкес айқындалатын арнайы пәндер және (немесе) модульдер бойынша жүргізіледі.
9. Білім алушыларды аралық аттестаттау материалдары әрбір оқу пәнінің және (немесе) модульдің оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларының негізінде жасалады.
10. Білім алушыларды аралық аттестаттауға даярлау кезеңінде консультацияға бөлінген жалпы бюджет уақыты есебінен консультация өткізіледі.
11. Білім алушыларды емтихан нысанында аралық аттестаттаудан өткізу үшін:
1) емтихан билеттері (емтихандық бақылау тапсырмалары), тест тапсырмалары, ситуациялық тапсырмалар;
2) емтихан кезінде пайдалануға рұқсат берілген көрнекі құралдар, анықтама сипатындағы материалдар, нормативтік құжаттар мен техника үлгілері;
3) оқу және технологогиялық карталар;
4) спорт залдары, жабдықтар, мүкәммалдар;
5) емтихан ведомосы дайын болуы қажет.
12. Аралық аттестаттауды (емтихандар мен сынақтарды қабылдау) оқытушы және (немесе) аталған пән және (немесе) модуль бойынша семестр бойы сабақ берген оқытушылар не білім беру ұйымы басшысының тапсырмасы бойынша осы пәннің және (немесе) модульдің бейініне сәйкес келетін біліктілігі бар оқытушы жүзеге асырады.
13. Аралық аттестаттауға әрбір пән және (немесе) модуль бойынша оқу жұмыс жоспарлары мен білім беру бағдарламаларына сәйкес барлық практикалық, зертханалық, есептік-графикалық және курстық жұмыстарды (жобаларды), сынақтарды толық орындаған және ағымдағы білім есебінің қорытындысы бойынша қанағаттанарлықсыз бағасы жоқ білім алушылар жіберіледі.
Емтиханға 1-2 пәннен және (немесе) модульден қанағаттанарлықсыз бағасы бар білім алушы білім беру ұйымы басшысының рұқсатымен, ал екеуден көп қанағаттанарлықсыз бағасы болса, педагогикалық кеңестің шешімімен жіберіледі.
14. Аралық аттестаттауды өткізу кезінде емтихан билеттері бойынша тапсырмаларды орындау үшін:
әрбір білім алушыға ауызша емтиханға 25 (жиырма бес) минуттан көп емес;
жазбаша емтиханды өткізуге:
1) әдебиет (шығарма) бойынша 6 астрономиялық сағаттан;
2) математика және арнайы пәндер және (немесе) модульдер бойынша 4 академиялық сағаттан;
3) мемлекеттік тіл және орыс тілі (мазмұндама) бойынша 3 астрономиялық сағаттан;
4) мемлекеттік тіл және орыс тілі бойынша (диктант) 2 астрономиялық сағаттан көп емес уақыт бөлінеді.
Жазбаша емтихан жұмыстары (тест тапсырмалары) білім беру ұйымының мөртабаны қойылған қағаздарда орындалады.
15. Тыңдауға, оқу жұмыстарын қарауға, спорт көріністеріне байланысты арнайы пәндер, модульдер бойынша емтихандарды тиісті әдістемелік пәндік және циклдық комиссиялардың, кафедралардың, бөлімдердің оқытушылары қабылдайды. Оларды өткізу үшін нақты жұмсалатын, бірақ бір оқушыға бір академиялық сағаттан аспайтын уақыт қарастырылады.
16. Аралық аттестаттауды (емтихандар мен сынақтарды) өткізу кезінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы басшысының рұқсатынсыз (оқу ісі, әдістемелік жұмыстар жөніндегі басшының орынбасарынан, бөлім меңгерушісі мен пәндік-циклдік комиссияның төрағасынан (төрайымынан) басқа) бөгде адамдардың қатысуына болмайды.
17. Сырқаттануына байланысты немесе басқа да дәлелді себептермен аралық аттестаттаудан өтпеген білім алушыларға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім білім беретін оқу орнының басшысы оны тапсыруға жеке мерзімді білім беру ұйымдарының бекітілген бұйрығымен белгілейді.
18. "Қанағаттанарлықсыз" (сынақтан өткен жоқ) деген баға алған жағдайда емтиханды қайта тапсыруға бір пән және (немесе) модуль бойынша бір реттен артық рұқсат етілмейді.
Емтиханды (сынақты) қайта тапсыруға пәнді жүргізетін оқытушыға, модуль шеңберінде оқытушыларға белгіленген мерзімде бөлім меңгерушісі жазбаша түрде рұқсат берген жағдайда жіберіледі (немесе сабақ беретін оқытушы болмаған жағдайда, осы пәннің (модульдің) бейініне сәйкес біліктілігі бар басқа оқытушыға тапсыруға болады).
Аралық аттестаттау нәтижелері бойынша 2-ден аспайтын "қанағаттанарлық" бағасы бар білім алушылар үшін бөлім меңгерушісінің (директор орынбасарының) жолдамасы бойынша бағаны неғұрлым жоғары деңгейге қайта тапсыруға рұқсат етіледі.
19. Аралық аттестаттау нәтижелері бойынша үштен астам "қанағаттанарлықсыз" бағасы бар білім алушылар педагогикалық кеңестің шешімі бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен білім беру ұйымынан шығарылады, оған белгіленген үлгідегі анықтама беріледі.
20. Белгіленген курстағы оқу жоспарының талаптарын толықтай орындаған, аралық аттестаттаудың барлық сынақтары мен емтихандарын табысты тапсырған білім алушылар келесі курсқа техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен көшіріледі.
21. Аралық аттестаттауға шығарылмайтын пәндер, модульдер бойынша қорытынды бағаларды оқытушылар курс аяқталған соң үлгерімді ағымдағы бақылау бағаларының негізінде қояды.
22. Ағымдағы оқу сабақтарынан қол үзбей, аралық аттестаттау емтихандарын мерзімінен бұрын тапсыруға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары басшысының бұйрығымен:
1) ағымдағы семестрдің пәндері және (немесе) модульдері бойынша оқу жұмыс жоспарлары мен білім беру бағдарламаларына сәйкес зертханалық, практикалық, есептік-графикалық және курстық жұмыстарды (жобаларды), сынақтарды "өте жақсы" деген бағаға тапсырған;
2) белгіленген мерзімде аралық аттестаттаудан өтуге мүмкіндігі жоқ (тиісті құжаттармен расталған дәлелді себептер бойынша) білім алушылар жіберіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |