Әли аға туралы
Сарыарқаның шоқтығы Ақсораң менің туып-өскен аймағым. Сондықтан, мен үшін әлемде Ақсораңнан биік шың жоқ сияқты. Сан ғасырлардың куәгері, тарихтың қарт шежіресі. Ақсораңның күн батысындағы өркешті сілемді таулар арасында Үшқараның Бөріктасы деп аталатын жер бар. Ол қалың қаракесектің ішіндегі текті тұқым – қара атасынан шыққан Әмірхан, Әлімхан, Әлихандардың құрметіне ел осылай атаған деседі.
Арғы атасы Жиынбай, оның баласы Ермек өз заманында ел билеп, ақыл жүргізген, Қарқаралы өңіріндегі жалғыз Темірші болысына ғана емес, Сарыарқаға, Орта жүздің қазағына құрметі өткен, аты әйгілі болған.
Олардың үрім-бұтағы осы күнгі Қызыларайды мекендеп, өмір кешіп, ұрпақ өсірген. Аулында тұратын Ермекпен аталас туыстары, көнекөз қариялар Жақанұлы Мұқамедия, Шалтабайұлы Нұртаза, Мұстағұлұлы Әзіхан қызықты деректер айтқан еді.
Беделді ру басы Жиынбайдың атағы мен абыройына қызғаныш қылғандар оның өз кіндігінен бала жоқтығын көп жағдайда көлденең тарта береді екен. Сонда да отбасының сыйластығын бұзбай, алғашқы қосағымен өмір сүруге бет алғанын байқаған жақын бір құрдасы амал жасайды. Бірде үйінің тұсына келіп:
– Жиынбай бар ма, шығып кетсін, – деп ат үстінен айқай салады. Мұндай тосын жайды тоспаған бәйбіше үйде отырып:
– Кім болсаң да, аттан түс, – деп келте жауап қайтарады.
Соны тосқандай ат үстіндегі жолаушы да:
– Балаң болса жүгіріп шықпас па едің! Біріңнің тізең, екіншіңнің белің кеткен қу бас болдыңдар ғой, – деп атын шапқа бір тартып, шаба жөнеледі.
Осы оқиғадан кейін бәйбішесі ақылына түсіп, Жиынбайға тоқал алып бермек болады. Әлтеке еліне барып, өзінің немере сіңілісіне құда түсіп, оң босаға аттатады.
Жиынбай сол екінші қосағынан жеті ұл көреді. Олардың ең үлкені Ермек, қалғандары – Жалбыр, Байтас, Бәйбек, Көшербай, Кенжебек. Әкесі ұлдарының ішінен Ермекке ерекше пейіл бұрып, болашақ әулет иесі боларлық тәрбие береді. Оқуға жіберіп, көзін ашып, көңілін оятады.
Жиынбай қайтыс болғанда Ермек үйлі-жанды, Әбдірахман және Әбеу атты ұлдары ер жетіп, ат жалын тартып міне бастаған кезі екен. Әбеу де өз заманының озығы әке орнын басқан шағында, 1911 жылы қайтыс болды. Жоғарыда айтқан Әмірхан, Әлихан, Әлімхан атты үш ұл осы Әбеудің кіндігінен тараған ұрпақтар.
Осы үшеудің ортаншысы Әлімхан 1891 жылы, қазіргі Қызыларай аулының, бұл күнде Әмірхан аталатын қыстақ төңірегінде дүние есігін ашыпты. Әлекең өз қолымен жазған өмірбаянында осы деректерді келтіреді.
Біздің ата-бабаларымыз болыс-би болып, одан кейінгі әкелеріміз Алаш мемлекетін құруда жан аямай еңбек еткендер. Осы себепті қуғын-сүргінге ұшырап, жан-жаққа жер аударылды, азаппен өмір кешті.
Сеңкібай, Найза бабаларымыздың ұрпағы Жиынбай атамыздың ұлы Ермек қажы хақында естіп-білгендерім, есімде қалғандары мынау: 1840 жылы Омбы семинариясында оқып жүрген Ермек Жиынбайұлы деген үлкен атамыз жазғы демалыста Қызыларайдағы елге келіп жатқанда болыс сайлауы өткен. Туған-туыстары жиналып, жиырмаға енді шыққан Ермектің оқуын аяқтатпай, өз қарсылығына қарамастан, Темірші болысының болыстығына сайлап жіберген. Ермек жасынан алғыр, өткір тілді шешен, сол кездегі ағымға байланысты қазақ, орыс, француз тілдерін жетік меңгерген көзі ашық, көкірегі ояу жан болған.
Қарқаралыда 1850 жылы аға сұлтан Құнанбай болыс-билердің үлкен жиынын шақырады. Онда бір мәселе, Қарқаралыда қазақ мешітін салу жайы сөз болады. Негізгі құрылыс жүргізу және ақша қаражатын шешуді Құнанбай өзіне алады. Ал мешіт ішін жабдықтау, оған қажетті діни кітаптар, мүлікті табу Ермекке жүктелген. Мешіт ғимараты 1851 жылы дайын болады. Ішкі жиһаз-мүліктер мен ғылыми және діни кітап қоры шетелдерден жеткізіледі. Халық көптен күтіп, аңсаған Қарқаралыдағы қазақ мешіті сол жылы ашылады. Бұл оқиғаға аталарымның қатысы болғанын айтып отырғаным ғой. 1873 жылы Құнанбай мен Ермек Меккеге қажылық сапар шекті. Ермек өзімен бірге інісі Байтасты бірге ала кетеді. 1874 жылы Меккеден аман-есен аттанып, жолшыбай Ермек ауырып, қажылар үш күндей Мәдинеде еру жасайды. Төртінші күні Ермек дүниеден қайтыпты. Ермекті жәннәтіл-бақиға жерлеп, қажылар елге оралады.
Енді Темірші болысына 1874 жылы Ермектің 19 жасар баласы, Семей гимназиясының түлегі Әбеу болыс болып сайланады. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы мен Әбеу Қоянды жәрмеңкесінде үш жүздің игі жақсылары бас қосқан төтенше съездерінде, жиындарда мәжілістес болып, небір түйінді мәселелерді бірге шешкен деседі.
Менің үлкен әкеммен бірге туған Әбеу Ермекұлының кіндігінен екі қыз, үш ұл тараған. Ұлдары – Әмірхан, Әлімхан және Әлихан, үшеуі де Қарқаралыда, 2 басқыштық орысша мектепте оқыған.
Әкесі Әбеу 1911 жылы қайтыс болуына байланысты Әмірхан Семейдегі оқуын тоқтатып, шаңырақ шаруашылығын басқаруға елге оралады. Әлімхан 1912 жылы Том технологиялық институтының тау-кен факультетіне қабылданады, оны алтын медальмен бітіреді. Әлімхан Ермеков 1920 жылы мамыр айында Мәскеу қаласында Ленин төрағалық еткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде «Қазақ Автономиялы республикасын құру және оның шекарасын белгілеу» деген тақырыпта баяндама жасайды. Мәжіліс төрт сағатқа созылған. Қазақстанның қазіргі шекарасы, жері, негізінен, сол кеңесте шешілген.
Осылайша, Қазақстан Республикасының қазіргі шекарасын белгілеуде халық, тарих алдында Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің еңбегі ерекше. Қазақта «Әкесі достың – баласы дос» дейтін сөз бар. Бір кездегі Құнанбай мен Ермектің жарастығынан басталған дәстүр Абай мен Әбеудің достығына, одан Мағауия мен Әмірханның, Тұрағұл мен Әлімханның достығына ұласқан. Кейін Мағауия қайтыс болғанда Әбеу Ермекұлы өз баласы Әмірханды, басқа адамдарды ертіп, ұлы ақынға көңіл айтуға барған. Оның жағдайына қарап, кідіріп қалады. Көп кешікпей Абай дүниеден өтіп, Әбеу үлкен досын арулап көмуге қатысқан.
Әлімхан мен Тұрағұл достығының ғибраты мол. Әлімханның тұңғышы ол жұбайы Рахиямен арнайы қонақтап келгенде, Тұрағұлдың үйінде туған. Тұрағұлдың ұсынысы бойынша жас сәбиге Мағауияның есімін береді. Әлімхан мен Рахия шешей құп алады.
Тұраштың үйінде дүниеге келген Мағауия Әлімханұлы Ермеков – профессор, геология-минерология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, Қарағанды қаласында 2006 жылы өмірден өтті. Төлқұжатында Семей облысының Абай ауданында туған деп жазылған.
Ал Әбеудің үлкен баласы Әмірхан мен Бибіш анадан туғандар: тұңғышы Дәмеш Әмірханқызы Ермекова-Жүргенова белгілі мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің зайыбы; Мүсілім Әмірханұлы Ермеков ҚР ҰҒА академигі; Мұқсын Әмірханұлы Ермеков – Украина ҒА корреспондент мүшесі; Мүсиіп Әмірханұлы – мұғалім; Бопан Әмірханқызы Ермекова – доцент; Мүсілімнің баласы Төлеген Мүсілімұлы Ермеков – ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, техника ғылымдарының докторы, оның зайыбы Раиса Кәрімқызы Ермекова - профессор, медицина ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері.
Әлімхан Әбеуұлы Ермеков 1938 жылғы айдаудан 1947 жылы босап, Алматыда, інісі Мүсілімдікіне түскен. «Алаш арыстарының бірі тірі келді», – деген соң сәлемедесуге келген кісілерде шек болмаған. Қорыққан, үріккенді ұмытқан Мұхтар Әуезов те бір топ ғалым-жазушылармен сәлемге келеді. Мұхтар есіктен: «Ассалаумағалейкум, Әли аға!» деп кіріп келгенде, сәлемін алмастан, Әли аға қабағын суытыңқырап: «Қарғашым, Мұхтар, Шәкәрім ондай адам емес еді ғой, неге ғайбат жаздың?» деген екен. Сонда Мұхтар екі қолын кеудесіне басып, бас иіп тағзым етіп: «Ғафу етіңіз, Әли аға! Шәкәрімді олай жазбасам, Абай басылмайтын болды ғой», – депті. Сонда Әли аға: «Ә, ондайы да бар ма еді, онда жарайды», – деп құшақтасып, төс түйістіріп амандасқан екен.
«Жақсы әке – жаман балаға жүз жыл азық» дейді ғой, жалғыз менің ғана атам емес, исі қазақтың қамын жеген Әлімхан Ермеков сияқты ұлы адамдардың өмірі мен ісі әлі талай ұрпаққа өнеге боларына сенемін.
Әли аға үшінші рет жер ауып, Сібірден оралған соң, 1955 жылы Қарағандыға тұрақтады. Өмірінің соңына дейін Қарағанды политехникалық институтында профессор болып қызмет етті. Осы күні сол Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде Әлімхан Ермеков атындағы дәрісхана бар. Адал ұрпақтарының атақты азаматқа қойған бір белгісі – осы. Туып-өскен Ақтоғайында тастан құйылған еңселі ескерткіші бар, еңбектері басылып, келер ұрпақтардың игілігіне жаратылуда.
Айналайын қазағымның қасиетті атамекенінің қай өңірі де тарихымызға талай тарландарды берген ғой. Соның ішінде менің шағын ғана Ақтоғайым да асылдарға кенде емес. Ақтоғай ежелден тарихы бай, шежіресі дарынды перзенттерімен әйгілі, жеріне құт-береке ұялаған аймақ.
Аруақты бабаларымыз – әрісі Қараменде, Жидебай, Жалаңтөс, Шабанбай, одан кейінгі ғасырларда Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, кешегі ұлттық өнер дүлдүлдері Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Мағауия Хамзин, ХХ ғасырда қазақтың абыройын асырып, адамзат ғылымының әлденеше саласын өсірген әйгілі ғалымдар Хайдар Арыстанбеков, Орынбек Жәутіков, Мүсілім Ермеков, Мағауия Ермеков сынды тұлғалар қазақ халқының тарихындағы мәңгі өшпес есімдер.
Мәдениет ҚОЖАМБАЕВ.
|
|