Қош келдің Наурыз!
Мақсаты: оқушылардың Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі туралы білімдерін тереңдету. Оқушылардың тілін, мінерлер өлең оқу, ән салу, би билеу, сөйлеу мәдениетін, сөздік қорын дамыту. Оқушыларды әлін сүюге, дәстүрлі мереклерді құрметтей білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: нақыл сөздер жызылған парақшалар, суреттер.
Кітапханашы: Құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар! Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұрсыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін күн. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын!
Екі жақтан екі-екіден 4 жігіт шығады:
1.Кернейші:
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!
Босқа қарап тұрмаңыздар.
Наурыз тойы басталды.
Көргендер де армандар,
Көрмегендер де армандар,
Қызықтан тыс қалмаңдар!
Жаңарғаны сананың
Ұмытады мұны кім.
2. Кернейші:
Ата салтын бабамның
Алып келіп Ұлыс күн.
Бір анадан туғандай,
Бір ұядан ұшқандай,
Бір аспанның астында,
Бір дастархан басында,
Береке-бірлік болсын,
- деп Көпкөжеден дәм татып,
Күшейтейік бірлікті.
Еңбек пенен тірлікті.
Салт-дәстүрмен жараса,
Қайта құрып жаңаша,
Жарыса өнер көрсетіп,
Той тойлайық тамаша!
3. Кернейші:
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!
Ұлыс тойы басталды.
Наурыз туын көтеріп,
Жар салайық әлемге.
Көрмегендер көріңдер,
Естімегендер естіңдер,
Дабылын оның қағайық,
Шақырамыз бәріңді
Ұлыстың ұлы күніне
Жиналыңдар алаңға,
Кешігіп одан қалмаңдар!
4.Кернейші:
Күміс көмей әншілер,
Құдіретті күйшілер,
Мың бұралған бишілер,
Балтыры жуан палуандар,
Құралайды көзге атқан мергендер,
Күміс көмей, жез таңдай шешендер,
Қара қылды қақ жарған көсемдер,
Он саусағы алтын шеберлер,
Бәрің де сынға түсіңдер!
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,
Озып шыққан дүлдүлге
Үлкен-үлкен сый бар!
Жүргізуші: Бүл күні алдағы күндерге арналып ізгі ой, арман мақсат айтылып, тілектер тіленген.
Ендеше:
Бастаса –елдің көсемі,
Сөйлесе сөздің шешені.
Ақылы асқан абыздай,
Бар түйінді шешеді,- дей отырып, мектебіміздің басшыларын ортаға шақырамыз.
Би: Бипыл.
2.Жүргізуші: Дүниенің құпиясын тани білген дана халқымыз жаңа жыл келетін күні түнде «Жалғыз шала сәуле болмас, жалғыз шырақ тәубә болмас», -деп төрге қос шырақ жағып қояды екен. Бұл түні үйдегі бар ыдыс атаулығына ақ құйып, оларды дәндерге, бұлақ суына толтырып қоятын болады. Оның себебі, осы жыл біздің үйімізде молшылық болсын дегенді білдіреді.
(Жеті бала қолына көже құйылған кесе ұстап шығады. Сахнаны бір айналып ортаға дөңгеленіп тұра қалады. Екінші жақтан қолдарына шырақ ұстаған 7 қыз шығады. Олар бірінен кейін бірі жігіттердің қасына тұрады).
1.Жүргізуші: Аластау- халқымыздың әдеп-ғұрпы бойынша «өткен күндерде ауырлық, реніш, сырқат бәрі ескі жылда, басқан ізде жанған отта қалсын» деген ниетпен орындалатын басты рәсімдердің бірі.
(Аластау рәсімі жасалады.)
2.Жүргізуші:Уа қалайық! Ұлыстың ұлы күні Балалар, бізге Қыдыр баба, шуағын шашып Күн, Жиренше шешен қонаққа келіпті.
Қыдыр баба:
Ау, аман ба, жарандар!
Алтын таңға қараңдар.
Ерте жайнап атты таң,
Естіліп жүр шаттық ән.
Аманбысың, ардақты халқым менің,
Ардақта Наурыз тойын салтыңды елім,
Мереке басы болсын берекенің,
Игі еңбектің жемісін, бәрің жегің!
Ақ әже: Қашан да құт – береке орнасын деп,
Тойларда «Шашу», шашу – салты елімнің.
Уа, халайық, теріп ал несібеңді,
Қабыл болсын, халқымның ақтілегі.
(Шашу шашу рәсімі).
1.Жүргізуші:
Әз Наурызда құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта көрісіп кәрі жасы,
Көңіл түгел адамның сеп келген соң,
Самарқанның елжіреп түскен тасы.
Ұлыс күні кәрі-жас
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып көріскен.
(Көрісу рәсімі)
Күн:
Сәлем ата-аналар!
Қыдыр-баба аман ба?
Жақсы жайлы заманда,
Уақыт үдеп келдім мен.
Бақыт тілеп адамға.
Әне наурыз келді,
Әсемденер жер енді.
3.Жүргізуші:
Бүгін ұлыстың ұлы күні!
Ата-бабаларымыздың сөзімен айтсақ, «Ақ түйенің қарны жарылған күн». Ендеше, Наурыз мейрамының салтанаты Наурызды шақырайық.
Наурыз:
Жайнатамын бар гүлді,
Сайратамын бұлбұлды.
Төгілтіп ән-күй, жырды,
Мейрамдайық бұл күнді.
Тіршіліктің бастауы,
Наурыз айы мен болам!
Жиренше:
Той әкелген ғаламға,
Күн мен Наурыз армысың!
Бас иеміз бабамыз-
Бас иемін саған да,
Барша жұртым, аман ба?
Қош келдің, Наурызым,
Ардақты, Халқым саған бар үмітті арнапты.
Жылда осылай келе берсін жасарып,
Гүлге бөлеп, жырғы бөлеп аймақты.
Күн:
Мың жасай бер, Жиренше.
Оқушы: Басы барлық ырыстың,
Басы барлық ұлыстың
Құтты болсын, Наурыз той,
Ұлы Күні Ұлыстың!
Наурыз тойын әдемі
Әжем еске түсірді.
Бізге арнап әдейі,
Наурыз көже пісірді.
Әже:Ал, құрметті қонақтар!
Айналайын балалар!
Жеп - ішсін деп, тамсанып,
Жеті түрлі дәм салып,
Наурыз көже пісірдім.
Тойға қазан түсірдім!
Құйдым алтын табаққа,
Құлшыныңдар тамаққа
Көжеге жас - кәріңді,
Шақырамын бәріңді
Қонақтарға наурыз көже беріледі.
Кыдыр атаға балалар көже береді:
Қыдыр ата: - Әп, бәрекелді, жасың ұзақ болғыр!
- Кел жігіт, кел жігіт, - деген сәтте сахнадағы балалар бір тізерлеп отыра қалады.
Қыдыр ата: - Мінгендерің балалар,
Жорға-жорға тай болсын!
Жорғалатып келгенде,
Көптің көңілі жай болсын!
Ай жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек орнасын!
Айыңда келген мейманың,
Оған атын байласын!
Күн жағыңа қарасаң,
Күмістен терек орнасын!
Күнде келген мейманың,
Оған атын байласын!
Таң мезгілі болғанда,
Бозторғайдай шуылдап,
Бөденедей пырылдап,
Берекелі құт болып,
Бақыт келіп дарығай!
– деп жасөспірімдерге батасын беріп, көжені ішеді.
Наурыз гимні ойналады. Әсем сазбен Наурыз туы көтеріледі.
2-жүргізуші:
Жиналдық Наурыз тойға бәрімізде
Үлкен – кіші жасымыз кәріміз де
Әрбір ұлттың жиналған өкілдері
Өнерлерін көрсетуге келді міне
Енді ортаны баршыңызға ашайық
Көрермендерге жырдан шашу шашайық
Ән мен күйді, жыр мен биді шалқытып
Өнерменен інжу - маржан шашайық
Оқушы: - Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.
Жарығыңмен, шуағыңмен Күн-Ана,
Алып келдің жер бетіне гүл көктем.
Оқушы: - Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тірлікке,
Қастерледік, қадіріңді білдік те.
Құтты болсын, Ұлыс күн жұмылдырған,
Бәрімізді Ынтымақ пен бірлікке.
3.Жүргізуші:
Наурыз мейрамы - өте ерте заманнан бері тойланып келе жатқан тұрмыстық мереке. Ол парсының «Нау-рыз» жаңа күн деген сөзінен шыққан. Бұл жөнінде халқымыздың кемеңгер ұлдары Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов біршама деректер жинаған. Күн мен Түн теңелген, мал төлдеп, адамның аузы аққа тиген, ырыстың басын қазақ елі – «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Наурыз мерекесі - ол қандай мереке балалар?
Наурыз ол:
Тепе-теңдік мерекенің негізгі арқауы,мәңгі деп есептелген;
Наурыз күні – жаңарудың, өсудің, түлеудің басы;
Наурыз күні – имандылық мереке. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деп кешірімділікке үндеген;
Наурыз – көктем мерекесі, еңбек тойы, ырыс, молшылық бастауы;
Наурыз мерекесі - мейірімділік, қайырымдылық мейрамы.
Ән:
Қыдыр баба:
О-ой, бәрекелді! Көп жасаңдар,
Айналайындар! Жастарың, айтса айтқандай, өнерлі екен.
Жөн –жоралғыдан да қара жаяу емес көрінеді. Енді, рұқсат болса бұрыңғының жолымен мен енді балалардың зерделерімен ой – өрістерін біраз пайымдап көрсем.
Күн:
Жөн, ата, жөн!
Жастарыңыз зердесіз емес сияқты. Намысты қолдан бере қоймас.
Қыдыр –баба:
Ендеше, алғашқы сұрақ:
1 сұрақ:Наурыз шешек деген өсімдік туралы не білеміз?
Наурыз шешек - наурыз айында өсетін жапырақты түрлі-түсті гүлді, қауашақты әсем шөп.
Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурыз шешек «Қызыл кітапқа» енген, сирек кездесетін, бағалы өсімдік.
2 сұрақ: Наурызкөк құсы туралы не білетіндеріңді айтыңдаршы?
Наурызкөк – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын қана, осы құсты Шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурыз келдің бе?» деп шақырып, жем шашады.
Наурыз көкті ешкім қумайды, үркітпейді.
3 сұрақ: Наурыз көже туралы не білеміз?
Наурыз көже – наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәннен: сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс, тағамдардан жасап, оған қазы,шұжық сияқты мүшелер қосып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықылыспен ұсынады. Наурыз көженің дәстүрлк, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор.
4- сұрақ: Наурызнама – ойын сауығы туралы не білеміз?
«Наурызнама» - шат- шадыман ойын-сауық той. Бұk күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойынсауықтар жасалады. Мұнда шарап ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге қатты тыйым салынған. Тойда атжарыс, палуан күрес, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады.
5 сұрақ: Халық Наурызша деп айтып жатады. Оны қалай түсінесіңдер?
Наурызша – Наурыз айында жұп-жұқа қиықша қырбық қар түседі. Оны халық «Наурызша» деп атайды.
6 сұрақ. Халықта батаның түрлері көп. Соның бірі – осы Наурыз бата. Ол бата туралы не білеміз?
Наурыз бата- Наурызнама өткізгендерге, осы күнге арнап «Наурыз көжеге» шақырғандарға, тойға өнер көрсеткен ақын, әнші палуандарға беріледі.
Қыдыр баба:
Бәрекелді, балалар, жарадыңдар! Ризамын.
Оқушы: Осы барлығымыз айтып жатырмыз «Ұлыстың ұлы күні» деп, ал ол қайдан шыққанын білесіңдерме?
Бұл жөнінде мынандай аңыз бар. Бір күні Нух Пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәтте жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татады. Содан, бұл күнді – Ұлыстың ұлы күні деп жариялайды.
Ән,Би, күй ойналады.
Кітапханашы: Қыдыр баба, енді сіз дәстүріміз бойынша бата беріңіз.
Қыдыр баба: Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсақ, жол болсын,
Төрт құбыла тең болсын.
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын,
Ұлыс береке әкелсін,
Наурыз құтты болсын!
Достарыңызбен бөлісу: |