Осыдан 60 жыл бұрын Қазақстан коммунистік партиясы «ұлтшылдық вирусының тамырына балта шабу» жөнінде қаулы қабылдады. Көп ұзамай қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы Ермұқан Бекмаханов 25 жылға сотталды.
1944 жылы басталып, 1952 жылы Ермұқан Бекмахановтың 25 жылға сотталуымен аяқталған даудың басы «Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі» деген ғылыми тұжырым еді.
Қазіргі тарих ғылымында орныққан бұл тұжырымды әуел баста көтерген ғалым сегіз жыл әуре-сарсаңға түсіп, ақыры бір жарым жылын ГУЛАГ абақтысында өткізді. Бекмахановтың саналы ғұмырының он екі жылдық сергелдеңіне кейбір отандық тарихшылар да «үлес» қосты.
Республика басшылығы «ұлтшыл» Бекмахановты қатаң айыптай отырып, осынау «ұлтшылдықты жөргегінде тұншықтырмаған» сол кезде Қаныш Сәтбаев басқарған Қазақ ССР Ғылым академиясын аяусыз сынады.. Соның нәтижесінде Бекмаханов қана емес, басқа да ұлтшылдар «табыла қалып», қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, т.б. ғалымдар да сотталды. Ал Қаныш Сәтбаев Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Қамауға алу туралы сөз бола бастағанда КГБ офицерлерінің бірінің астыртын жанашырлық ескертуінен кейін Мұхтар Әуезов те табан астында Мәскеуге ұшып кетті.
Бекмахановтың еңбегінде Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың «феодалдық-монархиялық қозғалыс» деп аталмай, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі ретінде қарастырылуынан шыққан даудың соңы қазақ ғалымдарының осылайша тағы да жаппай қуғын-сүргінге ұшырауына әкеліп соқты. Қазақ ғылымын үрей биледі.
«Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс» деп аталатын тарауы тарихшы Бекмахановтың үлесіне тиген кітап осылайша алғаш рет талқыға түсті. Алайда бұл жиында жеңгендер де, жеңілгендер де болған жоқ. Тарле, Яковлев, Бушуев сынды ғалымдар «Қазақ ССР-інің тарихы» Ресейге қарсы ұлттық көтерілістерді дәріптеген, орысқа қарсы жазылған кітап» деп бағаласа да, жалпы алғанда мүлде теріске шығарылмады, тіпті кей тұстарда жоғары бағаланды. Қалай болғанда да, институт бұл жөнінде қандай да бір баға беретін қаулы да қабылдамады. Алайда осы кезде айтылған ішінара сындарды қазақтың кей ғалымдары ұмытпай, кейін де ұрымтал тұста пайдаланып отырды.
Аталған кітаптағы тарауды әрі қарай жетілдіріп, іргелі ғылыми еңбекке айналдырған Бекмаханов 1943 жылғы маусымның 28-і кандидаттық диссертациясын қорғады. Бір жылдан соң «Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1946 жылы күзде «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деп аталатын монографиясын аяқтап, СССР ҒА ғылыми кеңесіне ұсынды. Сөйтіп қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы 1947 жылы аталған еңбегін жеке монография етіп шығарды. Осы сәттен бастап «тұңғыш доктордың» жолына түрлі тосқауылдар қойылып, «кітапта идеялық қате кеткен», «басқа ғалымның еңбегінен көшірілген» деген қисынсыз айып тағыла бастады. 1937 жылы Воронеж педагогикалық институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында бастады.
Дүниежүзілік екінші соғыс қазақ тарихнамасы үшін үлкен бір мүмкіншілік туғызды. Ол мүмкіншілік соғыс себебімен Мәскеу және Ленинград қалаларындағы 11 көрнекті орыс тарихшысының Алматыға жіберілуі еді. Бұлар арасында А. М. Панкратова, Б. Д. Греков, Н. М. Дружинин, М. П. Вяткин және Я. Я. Зутис сынды ғалымдар бар еді. Бұл ғалымдардан Қазақстан тарихы туралы кең көлемді бір зерттеу еңбегі жазу барысында пайдаланып қалу ұтымды болар еді. Мұндай ойға келген Бекмаханов әлгі ғалымдарды осындай зерттеуге атсалысуға көндіруде табысты болады.
Сөйтіп Бекмаханов 1943 жылы Қазақстан тарихының кәсіби тарихшылар тарапынан жазылған алғашқы ғылыми нұсқасының ортаға шығуына түрткі болады. Қазақ және орыс тарихшылары тізе қоса отырып жарық көрген алғашқы Қазақстан ССР тарихы одақтас елдер ішінде бір елдің тұңғыш зерттеу кітабы және авторлары арасында орыстың белгілі ғалымдарының болуы одақ көлемінде бүкіл назарлардың оған аударылуына себеп болды. Кітап Сталин жүлдесіне кандидаттыққа ұсынылды. Белгілі орыс ғалымы А. В. Пиковский оның Марксистік-Ленинистік ғылыми зерттеулерге қосылған сүбелі үлес екенін айтып, оған жоғары баға берді. Бірақ кейін еңбек орыстарға қарсы жазылған зиянды кітап ретінде орынсыз сынға ұшырап, жүлде берілмеді. Кітапты сынаған профессор А. И. Яковлевтің пікірінше, Кеңестік республикалардың тарихтары “орыс ұлты тұрғысынан” жазылуға тиісті еді; сондай-ақ әр елдің, әр республиканың өзінің ұлттық тарихын жасауы қауіпті және интернационализм принцибіне қайшы келеді.
Алайда бұл еңбек Кеңес Одағына мүше Ресейден өзге елдер ішіндегі бір елдің тарихының жан жақты жазылуының алғашқы ұмтылысы ретінде дараланды. Сонымен бірге ол қазақ халқының заманауи ғылыми зерттеу әдісімен жазылған алғашқы тарихы еді. Еңбектің ғылыми Қазақстан тарихнамасының негізі екенін баса көрсеткен белгілі тарихшы ғалым профессор Талас Омарбеков онда Патшалық Ресейдің қазақтарды орыстандыру саясатының бұдан алдын және кейін басқа ешбір еңбекте болмағандай өткір сыналғанын атап өтуде. Сонымен бірге өзге Кеңестік елдердің ССР тарихының Қазақстаннан көп кейін жазылғаны назардан тыс қалмауда. Атап айтқанда, Өзбекстан ССР тарихы 1955-1957, Қырғызстан ССР тарихы 1956, Әзірбайжан ССР тарихы 1958, Түркменстан ССР тарихы 1959 жылдары жазылатын еді.
Осындай қазақтың тарих ғылымының дамуына баға жетпес үлес қосқан Бекмаханов екінші жақтан өзі де Ресейдің алдыңғы қатарлы тарихшыларымен бірге жұмыс істеп, олардың ғылыми тәжірибелерінен пайдалану мүмкіндігіне ие болады. 1946 жылы Бекмаханов Кенесары Қасымұлы қозғалысы туралы докторлық диссертациясын табысты қорғап, қазақтың тұңғыш тарих ғылымының докторы атағына ие болды.
Оның бұл зерттеуі 1947 жылы “ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан” деген атпен жарық көреді. Алайда Бекмаханов Кенесары Қасымұлының көтерілісіне феодалдық-монархиялық қозғалыс емес, ұлт-азаттық көтеріліс деп баға бергені үшін саяси қуғын-сүргінге душар болады. Жазғандарынан бас тартпаған Бекмаханов алдымен партиядан шығарылды. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетіндегі жұмысынан босатылды, тіпті ғылыми атақ дәрежелері жарамсыз етілді. Енді оған ешбір жерде жұмыс берілмейтін болды. Көп ізденістер мен өтініштердің нәтижесінде Алматы тысында бір ауылда мұгалімдік қызмет қана тапты. Сөйтіп кешегі ҚазГудың белгілі профессоры бастауыш мектептерге тарих пәнінен сабақ бере бастаған еді.
Бірақ көп ұзамай, атап айтқанда 1952 жылы 5 қыркүйек күні Бекмаханов тұтқындалып, 25 жылға бас бостандығынан айырылып, жер аударылды. Сталин өлгеннен кейін 1954 жылы толық ақталды да, ҚазГудағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі ретіндегі бұрынғы қызметіне қайта тағайындалып, 1966 жылы 6 мамыр күні дүние салғанға дейін сонда көптеген болашақ тарихшыларды тәрбиеледі. Оқулықтар жазды. Бейіті Алматыда Райымбек көшесінде белгілі жазушы Мұхтар Әуезов және белгілі киногер Шәкен Аймановпен бір зиратта.
Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1947 жылы өзі іргетасын бекіткен тарих факультетінде оның есімі мен мұрасы ұмыттырылмауға тырысылуда. Онда жыл сайын “Бекмаханов оқулары” атымен ғылыми басқосулар және конференциялар өткізілуде. Шетелдерде Бекмаханов туралы көптеген мақала және кітаптар жарық көрді. 2015 жылы оның туғанына 100 жыл толуына байланысты Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оның мәтериалдары түрік және ағылшын тілдерінде екі том кітап болып жарық көрді. 1951-1953 жылдардағы қуғын-сүргінге күні бүгінгі дейін саяси баға беріліп, жазықсыз жазаланғандардың тізімі жарияланған жоқ. Қазақ ғалымдары Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Қ.Мұхаметханов, Б.Сүлейменов, Ә.Қоңыратбаев т.б. қудалауға ұшырады.
Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтерілісті реакциялық-монархиялық деп жариялау туралы ой И.П.Храмковтан өрбіген. Жазушы М.Сәрсекенің жазуынша бұл мәселе бойынша қозғаушы болатын мақаланы жергілікті тарихшылардың көмегімен және «Правда» газетінің тілшілері А.Черниченко мен В.Озеровтің қатысуымен бөлім меңгерушіснің кабинетінде даярланды (М.Сарсеке Ермұхан Бекмаханов. Ғұмырнама. –Астана: Фолиант, 2010 жыл). Бұл мақалаға респбулика партия ұйымының бірінші хатшысы қол қояды деп күтілді.
Бірақ Қазақстан КП(б) бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов «Бекмаханов ісіне» байланысты «Соғыс күндерінде қазақ жауынгерлеріне жазған үндеу хатта «Кенесары мен Наурызбай батырлардың рухы жебеуші болсын!» деген сөзімнен қалайша танамын?» деп үзілді-кесілді бас тартқан соң, И.П.Храмков жергілікті тарихшылар Х.Айдарова, Т.Шойынбаев және А.Якунинге қол қойдырған. Алайда қазақстандық қол қойған үш тарихшының іс-әрекеті амалсыздан болған шара болғанымен, ар алдында, ғылымға деген адалдықтан аттағандарын жоққа шығаруға болмас.
Е.Бекмахановтың сыншылары қазақтар мемлекеттілікті тек Қазан төңкерісінен кейін ғана алды деп данагөйлекке салынып, қазақ халқының тарихында мемлекеттілік болып көрмеген деген сандырыққа дейін барды.
Қуғын-сүргін науқанының дем берушісі И.П.Храмков пен жандайшаптары ойлаған мақсаттарына жетті. Айыпталған Е.Бекмаханов 1951 жылы партия қатарынан шығарылып, ғылыми атақ дәрежелерінен айырылып, «қоғамға зиянды элемент» ретінде оқытушылық жұмыстан алыстатылды. 1952 жылы күзде тұтқынға алынып, «әділ кеңестік» сот үкімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылып, Шығыс Сібірдегі Бодайбо қаласындағы тұтқындар лагеріне айдалды.
Қазақ тарихшысын қудалаудың бастамашысы болған И.П.Храмков 1954 жылы Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшы болып тағайындалған. Ол науқанға мұрындық болып, жау элементтерді топтап әшкерлеген табанды жұмысы мен идеологиялық майдандағы жетістіктері бағаланып 1956, 1957 жылдары Ленин орденімен марапатталды. Бірақ сан-салалы шаруашылығы бар облысты басқара алмай, 1959 жылы Н.С.Хрущевтің қаһарына ілігіп, орынынан босатылып, Москвадағы «Колос» баспасында ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шыққан.
Сонымен қорыта айтар болсақ, Ермұхан Бекмаханов - қазақтың ұлттық тарихына өлшеусіз еңбек еткен және Қазақстан тарихнамасының негізін салған аса көрнекті тарихшы. Оның есімі мен мұрасы қазақ халқының жүрегінде мәңгі өмір сүретініне еш күмән жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |