«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев



бет12/24
Дата04.11.2016
өлшемі4,05 Mb.
#348
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   24

2. Нәр
Иә, бәріміз де жерден нәр аламыз. Жер-ана – біздің асыраушымыз, тал бесігіміз де, жер бесігіміз де сол. Бірақ басы жұмыр пенде үшін ел ықыласының, отбасы берекесінің, білім-танымның берер нәрі де мүлдем ерекше. Бұл ретте де Елубай Сибанбайұлының жолы болған адам.

Ел құрметіне келейікші, 2003 жылы ол басқарып отырған тәжірибе станциясына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, мұндағы атқарылып жатқан өміршең істерге ерекше риза болды. "Село аяғын нық басқанда ол бүтіндей ел экономикасын алға сүйрейді. Сайып келгенде бұл Қазақстанның екінші тынысын ашады және бұл жаңа, қуатты экономикалық серпіліс болады. Қазір сол үшін жұмыс істеу керек", – деген Елбасының сөзін Елекең естен шығарған жоқ. Соның арқасында Нұрекең айтқан жаңа, қуатты экономикалық серпіліс сезіле бастады. Қазақстан сияқты іргелі мемлекет басшысының берген бағасынан, айтқан ақылынан нәр алды Елубай. "Жақсы десе жан семіреді" деп атамыз қазақ тегін айтқан жоқ. Кім де болса жақсы атанғысы келеді. Ал ол екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе бермейді.

Елубай Сибанбайұлынын, жақсылығын өзі күнделікті араласып, құраласып, бірге әрекет етіп жүрген жолдас достары айтады. Оны сол жерлестері қатарынан екі рет облыстық мәслихаттың депутаттығына сайлады. Мұнда ол экономика және басқару мәселелерімен айналысатын тұрақты комиссияны басқарады. Сайлаушылар ықыласы нәр беріп қана қойған жоқ, жаңа міндеттер де жүктеді. Оны Елекең де ерекше сезінді. Аманжолов – Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері, "Халықтар достығы" орденінің, басқа да марапаттардың иегері. Әрине, мақсат атақта, марапатта емес шығар. Бірақ ел игілігі үшін еткен еңбегің жоғары бағасын алып жатса – бұл кім үшін де ерекше мәртебе, үлкен құрмет екені де рас.

– Азамат қой Елубай, – дейді менің құдайы көршім, "Ақ Орда" қоғамдық қозғалысы Қостанай облыстық бөлімшесі директорының кеңесшісі Төлеген Шоланов. – Роза атты балдызым кезінде "Ново-Алексеев" шаруашылығында осы Аманжоловпен бірге істеді. Елубай – директор, Роза – бас бухгалтер. Былтыр сол аяулы жан ауыр науқастан дүние салғанда бүгіндер Қарабалықта істейтін азамат сол әріптесін соңғы сапарға құрметтеп жөнелтуге ерекше күш салды. Жерлеу рәсімінде, қырқы мен жылында ағайын-туған ортасынан табылып, көп көмек, қолдау көрсетіп, қайғыны бөлісті.

Бұл да ел басқарып жүрген айтулы азаматтың елгезек, бауырмалдығының, халықтық тәрбие мен салт-дәстүрден нәр алып өскендігінің белгісі болса керек.

Шаңырағың – шуағың. Бұл орайда да Елубай Сибанбайұлының жолы болған адам. Құдай қосқан қосағы Бақыт ошаққа береке дарытып, шуақ шашып жүрген жан.

– Үйдегі бастығым – Бақытым, – дейді Елубайдың өзі.

Ағайын-туғандарға ықылас-ілтипат білдіріп, дос-жолдастарға сый-сияпат жасап, азаматының абыройын асқақтатып жүрген оған үлкен-кіші, туыс-жұрағаттың бәрі де риза.

Жұмысынан да қалмай, балалары мен немерелерін аялап, отағасына қамқор болып жүрген ана, әже, жар – көптің де құрметтісі. Үш ұлы азамат болды, Батыр мен Диас атты бірге тұратын немерелері өмірге жаңа леп, отбасына қуаныш-шаттық әкелді. Ата да, әже де қос немересін жетектеп, солардың қызығына тоймай құлпыра түсті. Өмірдің мәні мен нәрі де осындай жарастықта шығар.

Ал Елекеңнің кітапқұмарлығы өзінше бір әңгіме. Әсіресе оны тарихи кітаптар қызықтырады. Үйдегі сөрелерде небір сирек кездесетін әдебиеттер бар. Күнделікті жаңалықтар, саясат, экономика мәселелері де директорды бей-жай қалдырмайды. Өйткені әр нәрседен толық хабардар болып отыру – басшы үшін ғана емес, әрбір көкірегі ояу, көзі ашық азамат үшін қажет дүние. Мұны Елубай Сибанбайұлы да жақсы біледі. Біледі, білгеннің үстіне біле түскісі келеді.



Ауылдың алтын қазығы

"Қарқын" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің

директоры Сайран Бұқанов туралы сөз
Мен осынау ел құрметіне бөленген азаматты көптен білемін. Оның бүкіл өмірі, еңбек жолы көз алдымда. Сырласып, пікірлескен сәттеріміз де аз емес. Қашан көрсең де бір қалыптан таймайтын, сабырлы да салмақты, үнемі ізденіс, әрекет үстінде жүретін жан. Сондықтан да болар ол басқаратын шаруашылық жыл санап өркендеп, өрлеп келеді. Тұрғындардың тұрмысы да жақсы, олар өз елінің басшысын қадір тұтып, құрметтеп жүреді.
Сайран Балкенұлы әкеден ерте жетім қалды. Үйелмелі-сүйелмелі төрт бала бір-бірін таяныш ете жүріп, ер жетті, қатарынан қалмауға тырысып, ерте жұмысқа жегілді. Сайран болса 1968 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институты Қостанай филиалын тәмамдап, ғалым-агроном дипломын алды.

Жас маман осы Меңдіқара ауданындағы "Теңіз", "Борки", "Ақсуат" кеңшарларында жер-ана тамыршысы атанып, егін өсірді. Абыройсыз болған жоқ. Ал 1984 жылы "Харьков" кеңшарының директоры болып тағайындалды. Бұл кешегі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде дүниеге келген осы өңірдегі іргелі шаруашылықтардың бірі еді. Оның дарқан даласында әйгілі Кәмшат Дөненбаева еңбек етіп, абыройға бөленді.

Еліміз нарықтық қатынастарға көшкен кезде маңдайынан жел ескен небір қуатты құрылымдардың өзі тығырықтан жол таба алмай тұйыққа тірелгені белгілі. Көптеген кеңшарлар да тоз-тоз болып, халқы екі қолға бір жұмыс таба алмай тентіреп қалды. Бірақ сол "Харьковтың" негізінде құрылған "Қарқын" серіктестігі мыңқ еткен жоқ. Өйткені көреген, ұйымдастыру қабілеті зор Сайран шаруашылықты ыдыратпай сақтап қалды. Сырттан келген бұйрық-нұсқауға көңіл қойған жоқ. Өйткені ұлан-ғайыр жері, мыңғырған малы, күрделі әлеуметтік саласы бар шаруашылықты жекешелендіріп, ұсақ-ұсақ ұжымдарға ыдырату – болашаққа балта шабумен бірдей еді. Дүрмекке ілесіп, ойсыз-көзсіз бұйрыққа бағынғандар бірер жылда банкрот болып, бұрынғы айдарынан жел ескен шаруашылықтарды құртып тынды.

Ал "Қарқын" қалды, "Қарқын" қарқын алды. Ол бүгіндер облысымыздағы ең бір таңдаулы ауыл шаруашылық кәсіпорындарының бірі. Егіні де мол, малы да семіз. Халқының тұрмысы да жақсы. Мұнда бөтен жерден бақ іздеп көшіп кеткен бірде-бір жанұя жоқ. Қайта төңіректегі елден осында қоныс аударушылар көп. Харьков ауылының да, осы селолық округке қарайтын Сосна, Приозерный елді мекендерінің де ажары тайған жоқ.

Мұнда қай сала болмасын пайда көзіне айналды. Егіншіліктің де, мал шаруашылығының да рентабельділігі жоғары. Өйткені Сайран бастаған сала мамандары өндіріс мәдениетін көтеруге, жұмыс сапасын жақсартуға үнемі көңіл бөліп отырады. Жерге сапалы тұқым себіледі, топырақ агротехникалық талаптарға сай бапталады. Тыңайтқышқа, парға, ауыспалы егіске агроном Бұқанов барынша мән береді. Қолдағы ірі қара саны жылма жыл өсіп келеді. Өткен жылы тек сиыр сүтінің өзінен үш миллион теңге пайда алынды. Ал егіншіліктен қазынаға түскен қаржы да қомақты. Соның арқасында ауылдағы орта мектеп те, денсаулық мекемесі де жайнап тұр. Күрделі жөндеуден өткен ғимаратқа көз сүйсінеді. Ауыз су атқылап тұр. Әдейі ұңғылар салып, сапалы суға тұрғындарды қарық қылды.

Сайран Балкенұлы елдегі қарттар мен жалғыз ілікті адамдарды назардан тыс қалдырған жоқ. Қысқа жетерлік отынын, малына жетерлік жемшөбін түсіріп береді. Сый-сыяпат та жасайды, жастарды да қолдайды. Тіпті облыс орталығына қатынау үшін автобустар ұйымдастырады. Ауылдың өз стадионы бар. Онда әртүрлі спорт ойындары қызады, желаяқтар жүйткиді. Осы құрылысқа 4 млн. теңге ақша бөлінген. Оның сыртында спорттың бес түрі бойынша 100 мың теңгенің спорт киімдері алынған. Қыста хоккейшілер өз кортында думандатады. Фельдшерлік-акушерлік пункт, мектеп, мәдениет ошағы қамқорлыққа бөленген. Бұларда не керектің бәрі бар. Тіпті жыл сайын әлеуметтік сала өкілдері мен озат оқушыларға, майталман спортшыларға серіктестіктің арнайы "Жұлдыз" сыйлығы тапсырылады. Кітапхана да шын мәнінде рухани қазына орталығына айналған. Мектептегі, ауылдағы кітапханалар қоры бай. Мұнда жергілікті ақын-жазушылардың күні кеше жарық көрген шығармаларына дейін бар.

Ауылдың өз асханасы, өз наубайханасы, ұн тартатын диірмені, төрт дүкені, байланыс бөлімшесі, 100 телефон нүктесі бар.

Сайран Балкенұлы ауылдағы ақсақалдардың мұң-мүқтажына да сергек. Тіпті көршілес жатқан Ақсуат ауылының үлкен-кішісі бір мәселелер туындай қалса, осы Сайранға жүгіреді. Обалы не керек, Бұқанов ешкімнің мәселін қайтармайды, үнемі көмек қолын созады. Сондықтан да болар облыстық мәслихаттың өткен сайлауында осы Ақсуаттың үлкен-кішісі түп-түгел дауысын осы Сәкеңе беріпті.

Сайран Балкенұлы әйгілі Кәмшат апасы алпысқа келгенде оны әдейі Қостанайдан Қарқынға шақырып алып, бар сән-салтанатымен той жасады. Кешегі "Харьковтың", қала берді бүкіл Қазақстанның даңқын еселеген Дөненбаеваға үржаңа машина сыйлап, мерейін көтерді.

Еңбектегі, қоғамдық өмірдегі елеулі жетістігі үшін Сайран Бұқанов омырауына тәуелсіз еліміздің "Құрмет" орденін тақты. Кеше ғана Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Басқа да алған сый-сыяпаттары аз емес. Бірақ ең бастысы – халқының, өз жерлестерінің оған деген риясыз ақ көңілі, пейіл-ықыласы, құрметі.

Ауылдың алтын қазығы, абыройлы азаматы өз өміріне шүкіршілік етеді. Құдай қосқан қосағы Қарлығаш екеуі ұл-қыз өсірді. Еркіні мен Лилиясы азамат болды. Немерелер де көз қуанышы.

Бұл күндері "Қарқынның" егіндігі теңіздей тербеледі. Жер-ананың бір перзенті Сайран Балкенұлы сол дарқан далаға сүйсіне қарайды.

Рахымбек ЖҰМАҚҰЛОВ:
«Мақсатсыз адам – қанатсыз құс»
Жетпісінші жылдардың басында «Сұлукөл» асыл тұқымды қой заводының бас зоотехнигі Рахымбек Жұмақұловтың есімі дүрілдеп тұрды. Шаруашылығы шалқыған, дәулетіне сәулеті сай «Сұлукөлге» тәжірибе алмасуға келіп, кетіп жатқан жандар да аз емес еді. Оның да себебі болатын. 1975 жылы осы шаруашылықта асыл тұқымды биязы жүнді қойдың жаңа тұқымы шығарылды. Солтүстік қазақ мериносы атанған бұл түліктің болашағы да көп үміт күттірді. Қой шаруашылығында осы бір айтулы жетістіктің бел ортасында жүргендердің бірі де осы Рахымбек болатын.

Әрине, қандай да болмасын түліктің жаңа тұқымын және жергілікті жердің климат жағдайына бейімделген, өнімділігі жоғары тұқымын қалыптастыру бір күннің немесе бір жылдың жұмысы емес. Ол үшін селекциялық, зоотехниялық жұмыстардың кең ауқымын жүзеге асыру, ғылыми пайым – тәжірибе жасау парыз. Рахымбек Мұқанұлының бағына қарай абзал азамат, үлкен ғалым, мемлекеттік асыл тұқымды мал заводтарының проблемаларын жақсы білетін ұстаз Ю.Н.Попов кездесті. Ғылым мен тәжірибенің нәтижесі жемісті болды.

Сол бір естен кетпес кезеңнің жемісіндей бас зоотехниктің еңбек кітапшасына алғыс жазылды. Ол алғысты жариялаған Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Саяси Бюросының мүшесі, КСРО Ауыл шаруашылық министрі Д.Полянскийдің өзі еді. Рекең күні бүгінге дейін өмір белесіндегі осынау ерекше оқиғаны айта жүреді. Расында да, бұл жас азамат, білікті маманның еңбегіне, оның ізденісіне берілген әділ баға болатын.

Ізденіс демекші, кезінде Рахымбек Мұқанұлы осы бастаған істі одан әрі жалғастырып, ғылыми негіздеуге, осы орайда кандидаттық диссертация жазуға да оқталды. Материалдар жеткілікті, нәтиже де ойдағыдай...

Бірақ өмірде ойға алған істің бәрі бірдей орындала бере ме, іскер де білікті маманды аяқ астынан басқа қызметке ауыстырды. Семиозер аудандық совхоздар тресі бастығының бірінші орынбасары болып бекітілді. Енді Семиозер сияқты іргелі ауданның бүкіл шаруашылығына жауап беруге тура келді. Осы қызметте екі жылдай істеп, аудан көлемінде жоспар құра бастаған оны енді өзі еңбек еткен «Сұлукөлге» директор етіп жіберді.

Айта кетейік, ол кезде совхоз директорлары партияның Орталық Комитетінде арнайы әңгімелесуден өтетін, кейін оны облыстық партия комитетінің бюросы бекітеді. Орталық Комитетте жас жігітпен Дінмұхамед Қонаев ағамыздың емен-жарқын әңгімелескені бар. Өзі ерекше сыйлап, құрметтеп жүретін Димаш ағасының сонда айтқан ақыл-кеңесі Рахаңның әлі жадында. Жұрт біледі. Рахаңдар «Сұлукөлді» көтерді, «Сұлукөл» өз ұлын көтерді. Олай дейтініміз, төрт жылдан кейін ол Ленин аудандық (қазіргі Ұзынкөл) атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Содан кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жоғарылатылды. 1992 жылдан бастап жеті жыл бойы Ұзынкөл ауданының әкімі болды. Яғни, Рахаңдар он бес жыл бойы өз тағдырын сол Ұзынкөл ауданымен байланыстырды, облысымыздің құйқалы бір өңірінің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға бір кісідей тер төккен азаматтардың бірі де осы Жұмақұлов.

Торғайда туып, осында орта мектепті бітірген Рахаң Троицк мал дәрігерлік институтында дәріс тыңдап, оның қызыл дипломын алған адам. Мұны мен жәй өмірбаянның бір беті ретінде айтып отырғаным жоқ. Қазақы ауылда туып, ер жеткен жан Ресей барып, орысша оқып, өз қатарынан оқ бойы озық тұрса – ол да оның мақсаткерлігі, намысқа тырысуы болса керек. Осы орайда әңгімелесе қалсаңыз Рахымбек Мұқанұлының берер жауабы да даяр:

– Өмірде алға қойған мақсаты жоқ адам ол құр ішкен-жегеніне мәз болып жүрген бір пенде, армансыз, мақсатсыз адам қанатсыз құс, алысқа самғау түгіл қарға адым жерге кібіртіктей беретін бейшара...

Рахымбек Мұқанұлы Ұзынкөл ауданы тізгінін қолға ұстағанда атқарған талай істері жұрт аузында қалды. Соның бірі сонау 1990 жылдың өзінде алыстағы Монғолиядан өз қандастарымызды көшіріп алуы еді. Ол кезде бұл мәселе мемлекеттік деңгейде әлі қолға алынбаған болатын. Егемен еліміздің құйқалы бір өңірі – Ұзынкөл ауданының жері де, елі де бай. Өзен-көлдері мен ну орманы қандай!? Осындай егіншілікке де, мал шаруашылығына да қолайлы қойнауда неге өз ұлтымыздың адамдары аз? Оның санын қайтсе көбейтуге болады? Сыртта жүрген қандастарымыз атамекенге оралса, түгін тартсаң майы шығатын жерге бауыр басып кетпей ме?

Рахаңдардың ойлағаны осы еді. Әрине, ойға алу бір басқа, оны экономикалық, саяси-әлеуметтік тұғырдан негіздеу екінші мәселе. Мамандығы бойынша ғалым-зоотехник, экономист және саясаттанушы Жұмақұлов мұның бәрін де ескеруге тырысты, қанаттас жолдастарымен ақылдасты. Ақыры Монғолиядан сексеннен астам отбасын Ұзынкөл ауданының елді мекендеріне қоныстандырды. Кейін экологиялық апат аймағы Арал төңірегіннен тағы да он жеті отбасы келді. Әр оралманның отбасына жеке үй, бұзаулы сиыр, 5 қой, бір-бірден телевизор, тоңазытқыш, кір жуатын машина тегін берілді. Сөйтіп алыста жүрген ағайынды Атамекенге оралту жөніндегі ұлы көшті осы Рахаңдар бастады. Кейін бұл тарихи іске, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік саясатына айналғаны белгілі.

Адам бала жастан еліктегіш, арманшыл болады. Оның мінезі мен ұстанымының қалыптасуына ата-анасы мен қоршаған ортасының да әсері орасан болуы керек-ті. Торғайда өскен Рахаңдардың мінезі де сол дарқан далаға ұқсайды, кең де жайдары, сөздің де майын тамызады, әзілі де жарасымды, өнерпаздығы тағы бар. Жиын-тойларда домбыраны ала салып, ән салғанда анау-мынау әртістеріңнен кем емес.

Рахаңның өнерпаздығы бізді де бір тұйықтан алып шыққаны бар. Кезінде Жезқазған облысына іскерлік және мәдени сапармен қостанайлық делегация сапар шеккен еді. Құрамында осы Рахаң да болды. Сапардың ресми бөлімі аяқталып, кезек қонағасыға келгенде домбыра жағалата бастамасы бар ма. Қасымда отырған сол кездегі облыстық телерадио компаниясының төрағасы Бақытжан Нұрмұхамедов те, өзіміз де қара жаяумыз.

– Қостанайлық туыстар, қонақкәде Сіздерден, – деп сол кездегі Жезқазған облысы әкімінің орынбасары, жап-жас жігіт Әлихан Бәйменов қояр емес. Мен Бәкеңе, Бәкең маған қарайды.

– Журналистер, домбыраны маған жібер, – деді Рахаң. Үкілі домбыра безілдеп қоя берді. Ұзынкөлдің әкімі Ұлытаудың ортасында шырқасын-ай келіп. Мойнымыздан бес батпан жүк түскендей болып, желпініп шыға келдік біз де.

Ақ көңіл Бәкең:

– Рахымбек-ау, жарадың, жаса, бауырым, жаса! – деп ерекше риза болды.

Рахымбектің әкесі Мұқан Жұмағалиев Торғай өңіріне белгілі, беделді азамат болды. Ұзақ жылдар «ІІІ-Интернационал» колхозының төрағасы болып, оның даңқын шығарған адам. Колхозы – миллионер. Кейін совхоздар ұйымдастыру басталғанда сол колхоз жерінің аумағында «Бестау», «Юбилейный», «Шилі», «Бидайық», «Речной» шаруашылықтары құрылды. 1949 жылы сол «ІІІ-Интернационал» колхозынан үш бірдей Социалистік Еңбек Ері шықты, олар Едірес Нұрпейісов, Фатқолла Кірмаңдаев, Жексенбай Қонышев. Әрине, мұның бәрі Мұқаң сияқы іскер басшы, шебер ұйымдастырушының арқасы еді. Сол әкеден дарыған қасиет баласы Рахымбекте де жоқ емес. Қолға алған ісін тындырмай қоймайтын табандылығы және бар.

Жұмақұлов Ұзынкөлді басқарғанда астық өндіруден облыстағы ең үздік төрт ауданның бірі болды. Жыл сайын 350 мың тонна астық, 45 мың тонна сүт, 12 мың тонна ет тапсырып тұрды.

Ол ірі ауыл шаруашылық ұжымдарын ыдыратпау, егіс көлемін, мал басын сақтау қажеттігін жақтады. Және осы көзқарасын табандылықпен қорғады. Бірақ елде үрдіс алған жекешелендіру процесін қолдаушылар аудан әкімінің бұл ұстанымын қателік деп түсінді, ақыры әкімдік қызметпен қоштасуға тура келді.

Бүгіндер ол «Иволга-Холдинг» серіктестігі бас директорының орынбасары қызметін атқарады.

– Өткенге өкпе жоқ, алдан үміт көп, – дейді туған жер төсін түлету үшін бір кісідей еңбек етіп келе жатқан азамат.

Елінің ертеңін ойлаған

Амангелді Жалғасов туралы сөз


Бүгіндер елімізде "Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясының рөлі мен беделі өсіп келеді. Өйткені ол алдына елді дамыту жөнінен ауқымды міндеттер қойып, соны орындау жолында табандылықпен жұмыс атқарып жүр. Елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, осы бағытта тың да серпінді жобаларды жүзеге асыру – бұл қоғамдық дамудың стратегиялық арнасы, "Нұр Отан" партиясының да басым бағыты, халықтың да көздеген мүддесі.

Сол "Нұр Отан" партиясының мүшесі, партияның Сарыкөл аудандық филиалының төрағасы Амангелді Рахымбайұлы Жалғасов болса, Елбасының елді дамыту жөнінде таңдап алған стратегиялық бағытының дұрыстығына сенімді және сол бағытты жүзеге асыру үшін өзінің де азды-көпті үлес қосып жүргеніне қуанышты.
Сарыкөл ауданында, облыста Амангелді Рахымбайұлының беделі жоғары, ол ашық та ақжарқын, кісіге жуық, қолдан келген көмегін аямайтын қайырымды жан. Сарыкөлдің көнекөз ақсақалдары Амангелдіге ерекше риза болып, батасын беріп жатады. Оның шет жағасын өзіміз де көрдік. Осыдан бірнеше жыл бұрын ел қорғаны, жоңғарлармен күресте асқан ерлік жасап, аты аңызға айналған Әлібек батыр Құдайбердіұлының есімі қасиетті Түркістандағы Әзірет-Сұлтан мемлекеттік мұражай қорығындағы тақтаға жазылуына байланысты Сарыкөлде берілген астың ұйымдастырушыларының және басты демеушілерінің бірі осы Әлекең болып еді. Жан-жақтан жиналған мыңдаған адамдардың бабын тауып, сол бір пәтуалы шараны қолмен қойғандай қылып өткізген Амангелдіге риза болмаған жан жоқ еді.

Жалғасов өмірдің үлкен мектебінен өткен жан. Оның өмір белестерін еске алсақ, ол былайша жалғасады. Совхоз комсомол комитетінің хатшысы, аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы... Міне, бұл белестер Амангелдіні халықпен жұмыс істеуге үйретті, әрбір адамның жан дүниесіне терең бойлауға, оның мұң-мұқтажын білуге, қолдан келсе көмек қолын созуға тәрбиеледі.

Бүгіндер Әлекең облыстық мәслихат депутаты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы, Сарыкөл ауданындағы ең бір үлгілі ұжым "Ақкиік" серіктестігінің директоры және 2110 партия мүшесін біріктірген "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалының төрағасы. Осынша жауапкершілікті мойнына алған азамат ерекше күш-жігер мен қыруар уақытты қажет ететін осы міндеттерді ойдағыдай атқарып жүр.

Амангелді Рахымбайұлын көпшілік нағыз қолы ашық, Атымтай жомарттардың бірі ретінде де біледі.

Меценаттық оның қанына біткен қасиет. Мүгедек баланың маңдайынан сыйпап, сый-сияпат жасау, мектепті, балабақшасын, колледжді жөндеуге қаржы бөлу, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларына жәрдем көрсету оның қалыптасқан дағдысы. Шығармашылық жұмыспен айналысатын үлкен-кішіге де қолы ашық. Сондықтан да болар Жалғасовты жағалайтын жандар аз емес. Ал Әлекең болса, солардың бәрінің де көңілін табуға, көмек көрсетуге дайын тұрады.

Сарыкөл ауданындағы ең ірі товар өндірушілердің бірі де осы Жалғасов. Бұрынғы "Сорочин" совхозы негізінде "Ақкиік" серіктестігін құрып, шаруаны дөңгелетіп әкеткеніне де он жылдан астам уақыт болыпты. Ал алғашқы сәттегі қиыншылықтар бастан асып жатқанын бүгіндер еске алса, сол бір толып жатқан кедергілерді қалайша жеңгеніне өзі де қайран қалады. Совхоз қарызға белшесінен батқан еді, техника әбден ескірген, несие алудың проблемалары, оның тым қымбаттығы, бартер деген пәле... міне, мұның бәрі сол сәтте еңсе көтертпейтін.

Бүгіндер қарап отырсақ, "Ақкиік" нағыз осы заманғы ауыл шаруашылық құрылымдарының бірі. 2005-2007 жылдары егістік көлемі 13000-14000 гектарға жетті, соның ішінде дәнді дақылдар 11-12 мың гектарға егілдін Әр айналымнан 17 центнерден жоғары сапалы астық алынды. "Ақкиік" облыста алғашқылардың бірі болып рапс өсіре бастады. Бұл бағалы дақыл биыл 2500 гектар жерге егілді. Өйткені шаруаның ыңғайын білетін басшы бұл дақылдың пайдасын бірден аңғарды. Оның өнімі кейбір учаскелерде 18 центнерден айналды. Алда рапс егісінің көлемін арттыру да ойда бар. Өйткені бұл дақылдың нарықтағы бағасы жоғары. Оны өткізу де ешқандай қиындық тудырмайды. Қостанайда рапс өңдейтін заводтың пайдалануға берілуі де кең перспектива ашпақ.

"Ақкиік" соңғы бес жыл бойы өздеріне қажетті картоп пен көкөністі өздері өсіреді. Көкөністен гектарына 350 центнер, картоптан 100 центнер өнім алып жүр. Бірте-бірте қоғамдық мал шаруашылығы да дамып келеді. Шаруашылықта бүгіндер 300 ірі қара, 500 шошқа, 100 жылқы және қой бар.

Серіктестікте 150 орындық асхана-кафе жұмыс істейді. Қоғамдық тамақтандыру орындары да шаруашылықтың табысты саласы, жылына одан 10 млн.теңге табыс түседі. Ет, сүт, картоп, көкеніс өзінікі. Асхана жанында наубайхана бар. Онда жылына 75 000 бөлке пісіріледі екен.

Экономистер мынандай мәлімет ұсынады. Тек 2005-2008 жылдары көкөніс өнімдерін сатудан түскен табыс 800 млн.теңгені құрапты. Бұған дәнді дақылдардан алынған пайданы қосыңыз. Сөйтіп, серіктестікке машина-трактор паркін жаңартуға мүмкіндік туған. Осы кезеңде 8 "Вектор" комбайны, 2 "Барго" тұқым себу кешені, астық тазалайтын техника, сеялка, жатка, тракторлар, автомобильдер және басқа көптеген техника сатып алынған. Барлығы 350 млн. теңге техника сатып алуға жұмсалған. Соңғы бес жылда 150 тонналық көкөніс қоймасы, 5000 тонналық астық қоймасы салынған, спортзал, мәдениет үйі қалпына келтірілген. "Ақкиік" қашаннан әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөледі. Жыл сайын қайырымдылық шараларының өзіне 4 500 000 теңге қаражат жұмсалады. Урицкий орта мектебінің оқушылары тегін немесе арзан бағамен тамақтанса, ол осы "Ақкиіктің" арқасы. Соғыс және еңбек ардагерлері, аз қамтылған отбасылар үнемі осы серіктестіктен қолдау көреді. Шіркеу мен мешітке де көмек беріледі.

Бүгіндер серіктестікте 165 адам жұмыс істейді, маусымдық жұмыстар кезінде олардың саны 200-ден асады. Олардың орташа еңбекақысы 32 мың теңгеден айналады.

Бүгіндер бүкіл әлем Қазақстанды біледі, оны үнемі дамып, өрге ұмтылып келе жатқан берекелі ел деп таниды. Сол елге құт пен береке дарытып жүрген жандардың бірі – осы Амангелді Жалғасов. Осындай азаматтары барда Қазақ елі қарқынды қалыппен қарыштай берері ақиқат.



Ақпарат айдынындағы ақ желкен

Немесе 100 жылдық тарихы бар аймақтық «Костанайские новости» газеті және оның бас редакторы Сергей Харченко туралы әңгіме
1. Замана сырын шерткен
Өзіміз күнделікті қолға алып, оқып жүрген аймақтық "Костанайские новости" газетінің алғашқы санының шыққанына 100 жыл толды. 1910 жылы 4 сәуірде "Степные отголоски" деген атпен шыққан үнпарақ содан бері өмірде болып жатқан саяси-әлеуметтік оқиғаларға үн қосып, ұлы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, "халықтың көзі, құлағы һәм тілі" болып келеді.

Сол жүз жылда замана талай құбылды, патшалық Россияның отары болған Қазақстанның бір пұшпағы Қостанай өңірі де талай дүмпу, талай төңкеріс, көтерілістерді көрді. Революция, азамат соғысы, тәркілеу, ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, тың көтеру, кемелденген социализм дақпырты, қайта құру, тәуелсіздік... Кешегі "Степные отголоски" бүгінгі "Костанайские новости" газетінің беттерінде сол бір тарих та сайрап жатыр. Тіпті еліміз және онымен бірге халқымыз жүріп өткен жолды газеттің сол 1910 жылдан бастап сан құбылған атауларынан-ақ көруге болады. Байқап қараңызшы, "Повстанец", "Степная коммуна", "Степной крестьянин", "Степь", "Красная степь", "Степная заря", "Сталинский путь", "Ленинский путь", "Костанайские новости". Осының бәрі бүгінгі "Костанайские новости" газетінің жүріп өткен жолы, осының бәрі біздің бәріміздің өткен тарихымыз.

Бірақ замана ағымы қалай құбылса да облыстық газет билік пен халық арасындағы дәнекер, ақпарат айдынындағы ақжелкен болып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды, Қостанай өңірінің шежіресін жазды, халықтың мұңын мұңдады, жоғын жоқтады.

Кешегі Кеңес өкіметі кезінде де сол тұста "Ленинский путь" деп аталған газеттің абырой-беделі асқақ болды. Халықтың іздеп жүріп оқитын басылымына айналды. Таралымы жүз мың данадан асып түсті. Облыста негізінен орыс тілді жамағат қоныстанғанынан болар, облыстың басты басылымы да осы газет еді. Оның сөзімен басшы да, басқасы да санасты.

Кеңес Одағы ыдырап, бұрынғы қалыптасып қалған экономикалық байланыстар үзіліп, баспасөздің де басынан бақ тая бастаған кезде, бұдан дәл он сегіз жыл бұрын газет басшылығына оның бүгінгі бас редакторы Сергей Харченко келді. Келді де бес батпан ауыртпалықты жеңе отырып, мүлдем жаңа сипаттағы облыстық қоғамдық-саяси, бұқаралық газет қалыптастырады. Замана ағымын дөп басып, бірден нарықтық қатынастар талабына сай әрекет жасады. Редакцияны жауапкершілігі шектеулі серіктестік етіп қайта құрды. Қағаз қиыншылығы алдан шыққанда сонау Соликамск қағаз комбинатына сапар шегіп, мәселені оңтайлы шешті. Жанына қолдарынан іс келетін, талантты да табанды журналистерді топтастырды, оларды ортақ іске жұмыл-дыра білді.

Бүгіндер бұл серіктестік үлкен бір медиа-холдингке айналып отыр. "Костанайские новостидің" өз радиосы бар, газеттің ақпараттық-жарнамалық "Курьер" қосымшасы шығады. Балаларға арналған "Зеленое яблоко" газеті де оқырман ықыласына бөленді. Ал "КН. На диване" атты қосымша да ерекше сұранысқа ие болып отыр. Облыстағы әр түрлі ұлттық-мәдени орталықтар өмірін көрсетуге арналған күні кешелер ғана алғашқы саны жарық керген "Вольное слово" газетінің де орны бөлек.

Ал "Костанайские новости" газетінің өзіне келсек, ол облыстағы таралымы ең көп басылым. Бейсенбі күнгі түрлі-түсті бояумен, қырық бет болып шығатын саны қырық мыңнан астам оқырманға тарайды. Ал сейсенбі, сәрсенбі, сенбі күндері шығатын сегіз беттік газетті де он сегіз мыңнан астам адам жаздырып алады. "КН"-ді бізбен көршілес Челябі, Қорған, Орынбор облыстарында да жақсы біледі. Аймақтық газеттің онда да өз оқырмандары бар.

"Костанайские новости" еліміздегі өз газетін өзі тарататын, оқырмандар қолына почта көмегіне сүйенбей өзі жеткізіп беретін санаулы ұжымдардың бірі. Газет шыға салысымен дайын тұрған көліктер оны аудандар мен қалаларға жеткізеді. Ал жергілікті жердегі жанашырлар газеттің әрбір данасын жазылып алушының қолына сол күні-ақ ұстатады. Мұның өзі бір жағынан редакция үшін қаржы үнемдеуге жол ашса, екінші жағынан ақпаратты жедел жеткізу арқылы басылымның беделін де жоғарылатады.

Газет жеке меншік болғанмен де ол мемлекеттік тапсырысты орындауға қатысады. Жыл сайын тендерге қатысып, мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін қаржыға да ие болады. Мүның өзі бір жағынан редакцияның экономикалық жағдайын нығайта түсуге әсер етсе, екінші жағынан жергілікті билікпен тығыз байланыста жұмыс істеуге жол ашады. Ал қандай да болмасын облыстық газет ең алдымен сол өңірдің жырын жырлауы керектігін ескерсек, мұның өзі журналистерге күн сайын жаңа идеялар мен тақырыптар ұсынып отырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет