«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев



бет4/24
Дата04.11.2016
өлшемі4,05 Mb.
#348
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

1. Майдангермен сырласу
Кешегі Ұлы Отан соғысының отты жылдары қан майданға аттанғанда Сіз он тоғызға толар-толмас бозбала екенсіз, Қазеке! Жақында ғана үйленіп, өз ошағыңыздың түтінін түтетіпсіз. Кеше ғана келін болып түскен жас жарыңыз көзіне іркілген жасын да сүртпей:

– Аман барып, сау қайт. Біздің бүкіл өміріміз алда, – деп ескерткіш болар кестелі ақ жібек орамалды қалтаңызға сүңгітіпті.

Кім біледі, бәлкім, сүйген жүрек лүпілінің белгісіндей сол ақ жібек орамал Сізді қиямет-қайымнан аман алып шыққан болар...

Иә, ел басына түскен ауыртпалық Сіздің буынды ерте есейтті. Ұлан-байтақ елдің тағдыры үшін жауапкершілік сіздерге түсті. Бақайшағына дейін қаруланған жау әуелгі сәтте екпіндей басып Мәскеуге таянды. Отан үшін өмір мен өлім белдескен небір қиын сәт туды. Сіз қолға қаруды дәл сол бір шешуші тұста алдыңыз. Неміс-фашист басқыншыларының екпіні күшті-тін. Енді, міне, Москва түбінде эшелонданған бекініс жасап, бет қаратпай тұрған кез еді. Біздің әскер әлсіреген. Сіздер келіп қосылған батальонда командир мен оның адъютантынан басқа оқ-дәрі иісін иіскеген жан да болған жоқ. Бірақ ұрыста тұрыс жоқ. Екі-үш күннен соң Сіздер де қолға қару алып, ұрысқа кірдіңіздер. Жау оғы бет қаратпайды. Жан-жақ астан-кестен. Бойда – намыс, кеудеде – кек. Қайтсең де қарға адым шегінбе! Ұран осы. Сол 1942 жылғы 4 тамыздағы ұрыс сіздің мәңгі-бақи есіңізде қалды. Өйткені, алғашқы шайқасқа шықтыңыз, сағыңыз сынбады, жау бекінісіне де жетіп, фашистердің дырқырай қаша бастағанын көрдіңіз. Қалғаны есіңізде жоқ. Медсанбатта ес жидыңыз. Калинин облысы Кашин қаласындағы әскери госпитальда емделіп, ұзақ жаттыңыз. Сауыққаннан кейін қайта сапқа тұрып, 117 ерекше атқыштар бригадасы құрамында тағы да ұрысқа кірдіңіз. Батальон комсоргы болатынсыз. Өңкей өзіңіз сияқты өрімдей жастарды қанаттандыра білдіңіз. Калинин облысы Молодой Тут ауданында болған кескілескен ұрыста немістерді бекіністен дүркірете қудыңыздар. Сіздермен қанаттас Қазақстанда құрылған 100, 101 атқыштар бригадалары да ерліктің тамаша үлгісін көрсетіп жатты. Осы ұрыстар нәтижесінде Калинин облысы жаудан азат етілді. Сіз тағы да жаралы болып, госпитальға түстіңіз.

Емделгеннен кейін сіз саперлар ротасына қосылдыңыз. “Сапер өмірде бір-ақ рет қателеседі”. Яғни, нағыз білгірлікті, мұқияттылықты талап ететін іс бұл. Талай миналарды залалсыздандырдыңыздар. Шыбын жанды шүберекке түйіп, талай ерлік көрсеттіңіздер.

Кезекті жауынгерлік тапсырманы орындау барысында үшінші рет жаралы болып, саперлер ротасымен қош айтысып, госпитальдың тар төсегіне тағы да байландыңыз.

1943 жылдың қысынан 1944 жылдың көктеміне дейін сіз құрамында болған бөлімше алдағы үлкен шайқастарға дайындалды. Бұл кезең Ұлы Отан соғысының тарихында жоғары бағаланып, фашистердің әскери машинасын күйзелтуге, сағынып күткен Ұлы Жеңісті жақындатуға ерекше әсер еткен талай шайқастарға толы болды.

Белоруссия әскери операциясы деп аталған бұл шайқастарда немістердің төрт армиясы қоршауға алынып, көптеген әскери техникасы, қару-жарағы қолға түсті. Сіздердің 39 армия Белоруссияның Витебск қаласын, Литваның Каунас қаласын босатып, фашистерді ел шекарасынан Шығыс Пруссияға қуды. Сіз Лиозно теміржол станциясын азат ету шайқасында төртінші рет жаралы болдыңыз. Жау зеңбірегінің снаряды жарылып, жарқыншақ сол қолыңыздың сүйегін қақ бөлді. “Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі”. Сіздің әлі де татар дәміңіз, жұтар ауаңыз бар екен. Емделіп, тағы да сапқа тұрдыңыз. Көрген азап, төгілген қан, садақа деп, соңғы рет Шығыс Пруссияның орталығы, адам баласы ала алмайды деп жасаған көптеген бекіністермен қоршалған Кенигсберг қаласын штурммен алған шайқасқа қатысып, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталған қуанышты сәтінің куәсі болдыңыз. Бұл өмірдегі ең бір бақытты шағыңыз еді, Қазеке!

Бірақ Сізді тағы бір сын күтіп тұр еді. 1945 жылғы 15 мамырда сіздердің 39 армия эшелондарға тиеліп, ұзақ сапарға аттанды. Зымыраған поезд Москваның сыртымен Қорған, Омбы, Новосибирск, Чита қалаларынан өтіп Монғолияның Чойболсан қаласына келіп бір-ақ тоқтады. Әлі де көретін азабыңыз аз емес еді, аға. Ендігі халықаралық міндет екінші дүниежүзілік соғыстың қалған от-жалынын сөндіру еді. “Адамның басы Алланың добы” демекші, жапон империалистерімен соғыс басталып, Гоби шөлін басып Қытай жеріндегі Кіші, Үлкен Хинған тауларынан өтіп, Маньчжурия жерімен Харбин, Мукден, Чанчунь, Жәхе Дайрен қалаларын басып, Порт-Артурға дейін жеттіңіз. Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыс өртін толық сөндіріп, бүкіл адамзаттың, Отанымыздың алдындағы борышыңызды абыроймен орындап, кеудеңізді керіп, басыңызды көтеріп, жеңімпаз атанып, елге 1945 жылдың аяқ кезінде аман-есен жеттіңіз. Сіз 1042 күн мен түн бойы оқ пен оттың ішінде жүріп, толарсақтан қан кешіп, мұз жастанып, небір адам баласы төзгісіз азап пен қиыншылықтарды бастан кештіңіз. Еліміздің тәуелсіздігі мен бейбіт өмірін сақтап қалдыңыз. Сол үшін де Сізге, құрметті Қазеке, сіз сияқты сан мың майдангерге айтар алғыс шексіз. Сол ерлікке тағзым етіп, бас иетін адамдардың бірі де өзіміз.

Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай Москвада, Қызыл алаңда, өткен шеруге қатысуыңыз Сіздің ерлігіңізге бүгінгі ұрпақтың берген жоғары бағасы еді...



2. Ардагер ағынан жарылады
– Мен 1923 жылы 29 желтоқсанда бүгінгі Қамысты ауданы Ливанов поселкесінде тудым. 1942 жылы өз еркіммен майданға аттандым. Москва түбіндегі ұрыстарға қатыстым. Фашистердің эшелонданған қорғаныс шебін бұздық. Москва түбіндегі шайқастың Ұлы Отан соғысы тарихында қаншалықты маңызды орны болғанын жұртшылық бүгін жақсы біледі. Алпыс үш жылдан кейін сол жорық жолдары өткен жерде болу ерекше әсер етті.

Елге 1945 жылдың желтоқсанында оралып, бейбіт еңбекке араластым. Қандай қызметте болмасын ел сенімін ақтауға тырыстым.

1946 жылы ақпанда Орджоникидзе аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып бекітілдім. Содан бастап менің партия, кеңес, шаруашылық органдарындағы еңбек жолым басталды. Оны көктей шолып өтуге де біраз уақыт керек болар. Сондықтан да ең негізгі дегендеріне тоқталайын. 1947 жылы облыстық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке ауыстырды, 1949 жылы Введен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайландым. Сол жылдары Мойынты-Шу теміржол желісі салынып жатқан-ды. Бұл құрылыс сол кезең үшін де, бүгін де ерекше стратегиялық маңызы бар жұмыс еді. Қостанай облыстық партия комитеті мені сол екпінді құрылысқа облыстық штабтың бастығы етіп жіберді. Аса маңызды тапсырманы ойдағыдай орындағаным үшін кезіндегі КСРО Жол қатынас министрлігі “КСРО құрметті теміржолшысы” белгісімен марапаттады. Ал Қазақстан теміржолының 100 жылдығына орай мерекелік медаль тапсырды.

1953 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру басталғанда Орджоникидзе аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болдым. Ауданда 15 жаңа совхоз ұйымдастырылды. Ал 1954 жылы Торғай аудандық атқару комитетінің төрағасы болып бекітілдім. Ауданда суармалы жерлерді іске қосу, мал шаруашылығын өркендету жөнінде көп іс тындырылды.

Өмір бір орнында тұрмайды. Кешегі майдангер үшін білім алу да қажет еді. Сөйтіп Алматы Жоғары партия мектебіне түсіп, оны 1960 жылы ойдағыдай аяқтадым. 1961-63 жылдары Жанкелдин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1963-65 жылдары Жітіқара аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1966-73 жылдары Ұзынкөл аудандық атқару комитетінің төрағасы сияқты жауапты қызметтер атқардым. Ал 1973-86 жылдары кино жөніндегі Торғай облыстық кеңесін басқардым. Ағаңның еңбек майданындағы атқарған жұмыстарының кейбір кезеңдері осы. Айта кетейін, қандай қызметте болмасын жауапкершілікті терең түсініп, елге, халыққа адал болуға тырыстық. Соның арқасы шығар, сексеннен асқан шағымда да сыйлап-құрметтеп тұратын, кездесулерге шақырып, төріне шығаратын қызметтес болған іні-қарындастарым, жалпы тілектес-тілеулес жандарым аз емес. Облыс басшылығы да зор құрмет-ілтипатпен қарайды. Мерекелік шаралардан, сый-сияпаттан құр қалған кезім жоқ.

Өсіп-өнген ұрпағыма, ізбасар іні-қарындастарыма да ризамын. Ақсақалдық жасқа жеттік, еліміздің тәуелсіздігін көрдік, экономика мен әлеуметтік саланың даму жолына түскеніне куә болдық, болашаққа деген сенім нығайды – соның бәріне тәубе, шүкіршілік айтамын.


3. Арттағыға сөз қалсын...
Қазбек ағамыз соңғы жылдары өмірбаяндық деректі хикаят жазды. Оған өзінің бай өмір жолын арқау етті. Және әрбір сөз, әрбір сөйлем, әрбір деталь мен штрихқа ерекше мән берді. Осынау тамаша кітаптың алғашқы оқырманы және пікір айтушысы да өзім болған едім. Енді осы туынды туралы ойымды ортаға салайын.

Өмірден көргені де, көңілге түйгені де мол ағамыз, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қостанай қаласының құрметті азаматы, құрметті теміржолшы, облысымыздың бес бірдей ауданында басшылық қызмет атқарған Қазбек Қалиұлы Әлжапаровтың кейінгі ұрпаққа айтары да мол болса керек. Сондықтан да оның осы кітабының қолжазбасын ерекше қызыға оқып шықтым. Бүгінгі болмысқа орай кітаптың негізгі бөлімінің орыс тілінде жазылғанын да құптаймын. Өйткені қазақ тіліне қаншама мемлекеттік мәртебе берілді десек те, балаларымыз бен немерелеріміздің көпшілігі әлі де ана тілінен мақұрым. Ал, ардагер ағамыздың кейінгі ұрпағына өсиет етіп қалдырар сөзін сол ұл-қыздары толық ұғынып, зерделесін деп қалам тербегені ақиқат.

Бұл кітап – өмірбаяндық деректі хикаят. Автор өзінің бастан өткізген оқиғалары, кездескен, қызметтес болған жолдас-достары туралы жаза отырып, бір дәуірдің суретін салады. Бүкпесіз, ашық әңгіме өрбітеді.

Жасы сексен беске келген ақсақалдың жастық шағы оңай болған жоқ. Қанқұйлы соғыс басталғанда он тоғыз жасар Қазбек қан майданға аттанады. Күні кешелер ғана сүйіп қосылған жары тілектес көңілмен шығарып салып, қашан соғыс өрті сөнгенше сарғая күтеді. От пен оқ ішінде жүріп, Отан қорғау жолында талай жаралы болса да: келер күннен үміт үзбеген жауынгер елге аман-есен оралады. Туған елі, асыл жары, ағайын-туған құшақ жая қарсы алады. Қан майданда шыңдалған, есейген, өмір көрген жас жігіт бірден басшылар көзіне түседі, қызмет сатыларымен жоғары өрлейді. Оқиды, білім алады.

Облыстың Введен, Орджоникидзе, Торғай, Жітіқара, Ленин аудандарында басшылық қызметте жүріп, Қазақстанның талай марқасқа азаматтарымен танысады, қызметтес болады. Кітап авторы солар туралы ерекше бір жылы сезіммен, шынайы құрметпен жазады. Облыс басшылығында болған Сағалбай Жанбаев, Андрей Бородин, Василий Демиденко сияқты партия қайраткерлеріне өзіндік көзқарасын білдіреді, сындарлы пікір айтады.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан інісі туралы, облыстың бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев, бүгінгі әкімі Сергей Кулагин туралы ағынан жарылады. Шынайы әңгіме сабақтайды. Соның бәрін мысалдармен, штрихтармен шегелей отырып, ой өрбітеді.

Кітапта Торғай өңірінің тамаша азаматтары туралы тебіреністер де аз емес.

Қазбек ағамыздың хикаятында Мойынты-Шу теміржолының құрылысы, тың эпопеясы, Горбачевтың қайта құруы, еліміздің тәуелсіздік алуы сияқты ел өміріндегі қадау-қадау оқиғаларға автордың көзқарасы келтірілген. Кейде ол көзқарас ресми қалыптасқан бағадан басқа да болып жатады. Өйткені әрбір оқиғаны ең алдымен өз ой-зердесінен өткізетін Қазекең кез келген жайтқа жалтақтамай өз бағасын беруге тырысады. Иосиф Сталиннің де Кеңес Одағының дамуына, Ұлы Жеңіске қосқан үлесін күлтектемей, сылап-сипамай ерекше жоғары бағалайды. Батыр Бауыржанның “Сталин жарықтықтың несін айтасың!” деген аталы сөзін еске түсіретін жолдар бұл кітапта аз емес.

Автор аралас-құралас болған дос-жолдастары, жазушы-журналистер туралы да сөз саптайды. Бұдан жарты ғасыр дерлік уақыт бұрын болған оқиғаларды боямасыз көз алдыңа әкеледі.

Жалпы алғанда ардагер ағаның бұл еңбегі – елеулі дүние. Күнде шығып жатқан көп кітаптардың бірі емес, айтары бар, оқырманын ойлантып, толғантатын, жастарды отансүйгіштікке, адалдыққа, шынайы махаббат пен достыққа шақыратын құнды дүние. Осындай ойлы кітап жазып. оқырманға ұсынып отырған ағамыздың еңбегіне шынайы ризашылық танытып, жөн көрсетіп, жол бастайтын осындай абзал ағаларымыздың болғанына қуанасыз.

Жалпы журналист ретінде Қазбек Әлжапаров туралы бұдан бұрын да талай қалам тартқаным бар. Солардың кейбірі осы кітаптың қазақша жазылған екінші бөлімінде топтастырылыпты. Сондағы бір очеркім “Емен діңгек” деп аталған екен. Расында да, Қазекеңдер еліміздің емен діңгектерінің бірі ғой. Тек ұзақ ғұмыр, өсіп-өнген ұрпағына бақыт-береке, еліне тыныштық берсін!
4. Аман бол, аға!
Бүгіндер Қазекеңнің асыл жары, оның бүкіл өмірінде қолдау көрсетіп, қолғабыс жасаған аяулы Ұлбосын апа дүниеде жоқ. Бірақ Зәру, Шәру, Роза, Мұрат атты балалары әке мен ана ісін, олардың өмірін жарасты жалғастырып келеді. Немере-жиендер, шөберелері де өрісті кеңейте түсті. Мың жылдық құдалар да құрметтеп тұрады. Ел сыйлаған, өзін сыйлата білген ағаға деген өзіміздің де сый-құрметіміз, ықылас-тілегіміз ерекше. Сексен бес жылдық ғұмырында арына дақ түсірмей, тура жолдан таймай елі үшін адал қызмет еткен ағаның көңілі де кезінде сүйген жары ұсынған ақ жібек орамалдай аппақ, таза...

Сол асыл ағаны төңіректей бергіміз келеді.



Өнегелі іс өміршең

Қайраткер аға Баеке Бекмұхамедов туралы сөз



1997 жылы Қостанай облыстық телеарнасынан сол телерадиокомпанияның журналисі Гүлжібек Бекмұхамедованың "Әке аманаты" деген деректі фильмі экранға шығарылды. Сол фильмнің тұсаукесеріне қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі Аяған Сандыбай: "Республикамызда 20 мыңнан астам журналист бар, бірақ, әзірге солардың бірде-бірі өзінің әкесі туралы фильм түсірген жоқ. Ондай іс Гүлжібектің қолынан келгені көңілге қуаныш ұялатады...", – деген еді.
1. Өмір өткелдері
– Әкем туралы кино түсіру идеясы менің ойыма бірден келе қойған жоқ, –дейді аталмыш фильмнің авторы Гүлжібек Бекмұхамедова, – 1995 жылы Әулиекөлде осыдан қырық жыл бұрын менің әкем Бәеке Бекмұхамедов директоры болған қазақ мектебінің үлкен мерейтойы атап өтілді. Сонда кеш салтанатын жүргізушілер бұл шараға оның қызы – менің де қатысып отырғанымды хабарлаған сәтте мені кезінде әкемнің шәкірті болған азаматтар қоршап алды. Олар әкем туралы көптеген естеліктер айтты. Өзім оның қызмет істеп жүрген жастау кезін аса жақсы біле қоймаймын, өйткені жасым ондардан енді асып, есімді жиған кезімде ол зейнеткерлік демалыста болатын. Бірақ, әкемнің қарап отырмай, көп жазатыны есімде, оның сол еңбектері, мақалалары сақталып қалған. Ол жаратылысынан философ адам еді. Әкемнің достары мен оқушыларының "Сен адамдар туралы көптеген телеочерктер шығарып жүрсің ғой, Бәеке туралы да бір тұщымды дүние жасасаң етті" деп қамшылауы, өзімнің оның қолындағы еңбектерімен тереңірек танысуым мені осындай іске итермелей берді. Оны білетін көптеген адамдармен кездесіп, ол болған жерлерге де бардым. Қайда барсам да достары мен оқушылары мені фамилиямнан-ақ танып, әкемнің өмірбаянының кейбір кезеңдерінен көптеген естеліктер айтты. Сөйтіп, ол ту-ралы өзім біле бермейтін тың деректер жинап алдым. Қалай болғанда да, бұл фильмді түсіруді ол әкем болғандығынан ғана емес, оның еліне еңбегі сіңген, нағыз қайраткер азамат болғандығына көзім жеткен соң қолға алдым...

Сонда Бәеке Бекмұхамедов кім болған еді?

Артында қалған күнделік жазбалары мен сарғайған газет беттеріндегі көптеген мақалаларынан оның білім-ғылымға құштарлығын, ресми тарихтың жекелеген жағдайларына жеке көзқарасын айқын көруге болады. Саналы өмірінің көп бөлігін ұстаздыққа арнаған ол білімділікті бәрінен де жоғары қойған көрінеді. Ал, қарапайым шаруаның баласы өзі жоғары білімге қиын да, күрделі жолдан өтіп барып қол жеткізген.

Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, ел қадірлеген азамат, ұлағатты ұстаз Бәеке Бекмұхамедұлы (шындығында – Бекмағамбетұлы) Бекмұхамедов 1908 жылдың 12 тамызында ол кезде Торғай облысы, кейіннен Қостанай облысындағы Денисов болысының № 3 ауылында (қазіргі Қостанай облысының Қамысты ауданындағы Ливанов селолық округінің Көбен ауылында – бұл ауылдың атауы оның атасы Көбеннің құрметіне осылай аталған) қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Ол осы шаңырақтағы тоғыз баланың екіншісі болатын. Бірақ, тағдырдың жазуымен ағасы өмірден ерте шетінеп, үйдегі балалардың үлкені ретінде оның ерте есейіп, еңбекке де ерте араласуына тура келген. Әке-шешесіне қолқабыс тигізіп, басына тартса аяғына, аяғына тартса, басына жетпей жатқан тұрмыстарына аз да болса септігін тигізу үшін он үш жасынан бастап, дәулетті көршілеріне жалданып, жұмыс істейді. Алайда, ол үйдегі қолбалалық жұмыстан табар табысы шамалы болғандықтан келесі жылы мал бағуға шыққан. Ал, бұл өңірде Кеңес өкіметі орнаған тұста ұжымдық негізде құрылған мал шаруашылығы бригадасының бригадирі болып тағайындалады. Одан кейін осы Көбен ауылында зоотехник, ферма меңгерушісі болады.

Бәеке Бекмұхамедұлы бастапқыда негізінен оқығаны бар таныстарынан үйрене жүріп және көбіне өз бетімен іздену арқылы білім алған. Тек, жиырмасыншы жылдардың аяғына қарай ғана мектеп бітіріп, Жітіқара қаласында орта білім туралы аттестат алады.

Сол ферма меңгерушілігінде жүргенінде жігерлі де іскерлігімен көзге түскен жас жігіт көп ұзамай КСРО дайындау комиссариатының сол тұста жаңадан құрылған Жітіқара ауданы бойынша өкілінің көмекшісі болып тағайындалады. Бұл қызметті ол 1936 жылға дейін атқарады. Еңбек жолының бұл кезеңі оның алдағы болашағына жарқын жол ашқандай еді. Өйткені, жоғары лауазымды қызметтерге тағайындалуымен бірге, ең алдымен, басты мақсаты – оқу оқып, білім алу мүмкіндігіне ие болған. Атап айтқанда, 1936 жылы Бәеке Бекмұхамедұлы жолдамамен Алматы ауыл шаруашылығы мектебіне оқуға түседі. Ал, оны бітіріп шыққаннан кейін Павлодар облысына басшылық партия қызметіне жіберіліп, сондағы Краснокут ауданының "Новотроицкий" ет өндіру кеңшарындағы саяси бөлімге жетекшілік етеді. Одан кейінгі жылдары Бәекең сол ауданның "Северный" кеңшарында партия бюросының хатшысы, осы облыстағы Ертіс аудандық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, Ертіс ауданы партия комитетінің екінші хатшысы, Май аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарады.

Осылайша қызмет баспалдағымен жоғары өрлеп, мол тәжірибе жинақтай түскен сайын оның білімге деген құштарлығы да арта түскен. Сөйтіп, ол 1946 жылы Ертіс аудандық партия комитеті насихат бөлімінің меңгерушісі болып жүрген жерінен Алматыдағы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, оны 1948 жылы бітіріп шығады. Ол аталмыш жоғары мектептің алғашқы түлектерінің бірі болатын. Алайда, білім жолындағы талпынысы мен ізденісі онымен де қанағаттана қоймаған Бәеке Бекмұхамедұлы сол мектепте оқи жүріп, Абай атындағы педагогика институты тарих факультетінің сырттай оқу бөліміне түсіп, 1950 жылы оны бітіріп шыққан соң Қазақ КСР Ғылым Академиясы жанындағы Этнография институтының аспирантурасына түседі.

Осы тұстағы партиялық басшылық қызметтегі Баеке Бекмұхамедұлы Бекмұхамедовтың анкеталық деректері мен іс-қызметін сипаттайтын факторлары сол кезеңнің ең жоғары талаптарына қай жағынан да сай еді. Сондықтан осы негізде оның кандидатурасы болашақта Павлодар облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығы қызметіне көтеру үшін алдымен оның екінші хатшысы лауазымына дайындалып жатқан. Алайда...

Ол сталиндік тоталитарлық социализмнің партияның ішіндегі жасырын да құпия қуғын-сүргіннің белең алған тұманды кезі болатын. Сондай саясаттың ықпалы ма, болмаса адамдардың пендешілігі ме, шалғайдағы ауылдан шыққан қарапайым адамның қызмет баспалдағымен жоғары өрлеу мүмкіндігін туғызған тамаша карьерасы, жоғары рейтингі мен биік беделі ондайды көре алмайтын іші тар адамдардың қызғанышын туғызбай қойған жоқ. Сондайлардың арттан келіп, аяқтан шалатын жымысқы әрекеттері салдарынан Бәеке Бекмұхамедов 1951 жылдың желтоқсанында Павлодар облысындағы Баянауыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген жерінен қызметінен босатылады. Оған "партиялық тәртіпті бұзды" деп тағылған кінә оның жұмысқа он бес минут кешігіп келгендігімен тұжырымдалып, дәйектелді. Сөйтіп, оған облыстық партия комитетінің референті қызметі ұсынылған.
2. Академик шапағаты
Әйтсе де, жүрегі кең, жаны жайсаң, қайырымды, жақсы адамдардан дүние кенде емес қой. Жақсыға қашанда жақсы серік болған. Жаңағыдай жағдайда Бәеке Бекмұхамедұлына жанашырлық танытып, қол ұшын созған жақын жандардың бірі белгілі ғалым, қоғам қайраткері, КСРО Ғылым Академия-сының академигі, Қазақстан Ғылым Академиясының ұйымдастырушысы және алғашқы президенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаев болған еді. Онда Қаныш Имантайұлы мүмкіндігі болған кез-келген сәтте өзінің туып-өскен жері – Павлодар облысының Баянауыл ауданына бір соғып кетіп тұратын. Сондай сапарларының бірінде ол аудаңдық партия комитетінің бірінші хатшысы Бәеке Бекмұхамедовпен танысқан. Өзара көп ұқсастықтары бар олардың таныстықтары кейін пікірлес, ниеттес достыққа ұласады. Бәеке Бекмұхамедұлы қызметінен босап, екіұдай күйде жүргенінде Қанекең оған Қазақ КСР Ғылым Академиясы ботаника бағының директорлығын ұсынған. Алайда, Бәеке оған шынайы көңілден ризашылығын білдіріп, алғысын айта отырып, педагогтік қызметті қалайтынын білдіреді. Ал, Қостанай облыстық халыққа білім беру бөлімінде оған Қостанай мұғалімдер институты тарих және филология факультетінің аға оқытушысы лауазымын ұсынған. Бірақ, ол одан да бас тартады. Сөйтіп, түкпірдегі шалғай ауылдан үлкен өмірге жолдама алып, қанаттанып ұшқан ол солай ауылға қайтып оралады.

Қалған саналы өмірін, жылдар бойы жинақтаған білімі мен өмірлік тәжірибесін педагогтік іске арнауды ұйғарған ол қызмет орнына Әулиекөл (бұрынғы – Семиозер) қазақ мектебін таңдайды. Бұл іске де шын беріліп, жанын сала жұмыс істеген Бәеке осы мектептің сол тұстағы түлектеріне үлкен өмірге жолдама беріп қана қоймай, олардың көпшілігінің өмірден өз орындарын табуына қамқорлық та жасады. Бұл орайда оған жақын досы, Қаныш Сәтпаев көп көмектеседі. Бәеке Бекмұхамедов өз шәкірттерінің білімге деген құлшыныстарын жоғары бағалап, талпыныстарын барынша қолдап, қуаттап отыратын. Олардың ішіндегі болашағынан мол үміт күтуге болатын дарындыларын Алматыдағы оқу орындарына жібере отырып, солардың қолына Қаныш досына арнап жазған хатын да бірге ұстататын болған. Мәселен, Сәтпаевқа Кенжеғали Сағадиевтен беріп жіберген сәлем хатында: "Көңіл бөлерсің, бұл – өте қабілетті жігіт. Меніңше, бұдан болашақта үлкен ғалым шығуы мүмкін", – деп жазыпты. Оның айтқаны айнымай келді. Бүгінде К.Сағадиев – тек Қазақстанға ғана емес, шет аймақ-тарға да кеңінен танымал ғалым, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Ал, тағы бір шәкірті Шайсұлтан Шаяхметовтың қолына ұстатқан хатында: "Ғылымға деген құштарлығынан басқа бұл жігіттің бойында үлкен ұйымдастырушылық қабілет бар. Ертеңдер бір министр болатын шығар", – депті. Бәеке бұл жолы да қателеспеген екен, солай болды да шықты.

Сөйтіп, Баеке Бекмұхамедұлының ұсынысы, өтініш-тілегі бойынша Қаныш аға көптеген қазақ жастарының тек білім алып қана қоймай, шын мәнісіндегі білікті маман, ғалым болып қалыптасуына көмектескен көрінеді.

1954 жылы Әулиекөл аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған Бәеке Бекмұхамедов бұл қызметті 1961 жылдың наурызына дейін атқарады. Бұл жылдар аталмыш аудандағы білім беру жүйесінің қалыптасып, даму кезеңі болған еді. Нақ осы кездерде ауданның шалғай ауылдарында бастауыш, сегіз жылдық, орта мектептер ашу, оларды кадрлармен қамтамасыз ету, мұғалімдердің әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын шешу, мектеп түлектерінің кәсіби білім алуын қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер оның тікелей араласып, белсенді жүргізуімен оң шешімін тауып жатты. Бәеке Бекмұхамедұлының бұл өңірдегі халыққа білім беру жүйесінің қапыптасуына қосқан үлесінің Әулиекөл ауданының тарихынан алар орны айрықша.

Қандай жоғары қызмет, үлкен лауазымдарда жүрсе де Бәекенің көңілінен туып-өскен жері – Қамысты ауданы бір шыққан емес, оған деген сағынышы да өзгеше еді. Үздіксіз білдіріп жүрген өтініш-тілектерінің нәтижесінде облыс басшылығы 1961 жылдың наурызында оны Әулиекөл ауданынан Қамысты ауданына аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі етіп ауыстырады.

Елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың басы Қамысты ауданының тарихындағы айрықша бір айтулы кезең болатын. Өйткені, ол нақ осы кезде тың игеру науқаны қызу қарқын ала түскен тұста құрылған. Жаңа шаңырақ көтерген аудан аумағында жаңа кеңшарлар құрылып, ол жерлерге жаңа елді мекендер қоныстанып жатты, дүбірлі науқанның дүрмегімен Одақтың өзге республикаларынан ағылып келіп жатқан адамдар да көп еді.



Осындай жағдайда аудандық халыққа білім беру бөлімін басқарған Баеке Бекмұхамедұлының мойнына жүктелген міндет, атқаратын іс те аз емес еді. Ол кезде аудандағы мектептер негізінен сегіз жылдық, бастауыш және шағын кешенді болатын, оларда білікті педагог кадрлардың жетіспеушілігі де айқын сезілетін. Мектептердің керек-жарақтармен, әдебиетпен, оқу құралдарымен қамтамасыз етілуі педагогиканың қарапайым талаптарының өзіне сай келмеуші еді. Шалғайдағы кейбір шағын ауылдарда тіпті, мектепке арналған ғимарат та болған жоқ, сондықтан әр жастағы балалардың басын біріктіріп оқыту үшін кәдімгі жеркепе тұрғын үйлер, кеңшарлар мен бөлімшелердің кеңселері, басқа да бейімделген үй-жайлар пайдаланылатын. Оның үстіне Қамысты ауданының облыс орталығынан шалғайлығы оның шаруашылықтарына кадрлар тарту, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және басқа мәселелердің шешілуін күрделендіріп, қосымша қиындықтар туғызумен болды. Оның бәрі білім беру жүйесіне де ықпал етпей қалған жоқ. Сол мәселелерді шешу жолындағы тынымсыз істің бел ортасында қашанда Бәеке жүретін.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет