Жошы хан
Жошы хан (1187-1227 жж.) - Шыңғыс ханның үлкен ұлы, моңғол қолбасшысы. Алтын Орданың негізін салушы. Шешесі – қоңырат тайпасының қызы Бөрте.
Шыңғыс хан Бөртеге үйленгеннен кейін меркіттер шабуыл жасап, Бөрте тұтқынға түсіп қалады. Кейін Шыңғыс хан әйелін Керей хандығының билеушісі Тоғырыл ханның көмегімен тұтқыннан босатып алады. Жошыны Шыңғыс ханның ұлы емес деген сөз ел ішінде осы оқиғадан кейін тараған. Жошы жас кезінен көрнекті қолбасшы ретінде көзге түсті. Ол әкесі әскерлерінің жорықтарына белсене араласты. 1206 жылы Шыңғыс хан керей, найман, меркіт тағы да басқа тайпаларды бір орталыққа біріктіргеннен кейін, Жошы әкесінің тапсырмасы бойнша жасағымен 1207-1212 жылдары аралығында Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Шығыс Түркістан жерлерін өзіне бағындырды.
1211-1215 жылдары Солтүстік Қытайға жасалған жорыққа қатысады.
1218 жылы Жошы жасағы Шыңғыс ханға бағынғысы келмеген меркіттерді қуа отырып, Ырғыз өзенінің бойында Хорезм шаһы Мұхаммедтің алпыс мың әскерімен шайқасады. Жошы өзінің шебер қолбасшылық дарыны арқасында шайқасты тең аяқтады. Осы шайқастан кейін Мұхаммед шаһ әскерлері Жошыға қарсы соғыс әрекеттерінен бас тартты. Осы шайқастан кейін Жошы Жетісудағы барлық қалаларды өзіне бағындырды.
1220-1222 жылдар арлығында Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Жанкент т.б. қалаларды бағындырды. Осылайша ол Хорезм мемлекетін толығымен жаулап алды.
1223 жылы әкесінің ұйымдастыруымен өткен Құланбасы жазығында өткен құрылтайға қатынасты. Осы құрылтайда Шыңғыс хан көзінің тірісінде жаулап алған ұлан ғайыр өлкені үлкен әйелі Бөртеден туған төрт ұлына бөліп береді. Жошының еншісіне Ертістен батысқа қарай, Жетісудың теріскей бөлігін қамти отырып, «моңғол атының тұяғы жеткен» төменгі Еділ бойына дейінгі жерді қоса, бүкіл Дешті Қыпшақ аймағы тиеді. Ордасы Ертіс өзені бойына орналасты.
Құрылтай аяқталғаннан кейін Шыңғыс ханның басқа балалары әскерлерімен бірге мемлекеттің астанасы Қарақорымға қайтқан кезде Жошы ілеспей өз ордасында қалып қояды. Жошы ұлысының негізін бұрын Дешті Қыпшаққа кірген түркі тілдес тайпалар құрады.
Шешесі Бөрте қоңырат қызы болғандықтан, ол өз қол астындағылармен өте жақын қарым– қатынаста болды. Жошы бірінші болып тәуелсіз мемлекет құруға ашық түрде ұмтылды. Ал бұл саясат әке мен бала арасында араздық тууына себепкер болды.
Сол заманда өмір сүрген шығыс тарихшыларының айтуынша, Жошы күш-қайраты мол, ержүрек, өткір адам болған. Баласының ақылдылығы мен ерекше батылдығынан Шыңғыс ханның өзі де сескенген. Жужани өзінің 1260 жылы жазылған «Табанат-и-Насири» тарихнамасында былай дейді: «Жошы қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, ол Хорезмде моңғолдарға қандай да бір қыпшақ баласының маңдайынан шерткізбейді. Ал өзінің пікірлес адамдарына: «Шыңғыс қаған, сірә алжыған, өйткені осынша жерді ойрандап, мұншама халықты қырғынға ұшыратты. Сондықтан мен аңға шыққан кезде әкемді өлтіремін!..», – дегенді айтқан. Оның осы ойын тете інісі Шағатай сезіп қап Шынғысханға жеткізеді.
Қаһарына мінген қаған Хорезмге сенімді адамдарын аттандырып, Жошының тез арада әкесіне жетуін бұйырады. «Егер ол мұнда келуден қашқақтап, Хорезмде қалатын болса, үн-түнсіз қанжар сұғып, ләм-мим деместен өлтіре салындар!» - деп әмір етеді. Сырқаттығы себепті бара алмайтынын сылтауратқан Жошы қыпшақ даласында қала берді. Ал сенімді адамдары Шыңғысқа Жошының сап-сау екенін, тіпті, аң аулауға жиі шығып тұратынын айтып келген. Тұла бойын ашу оты алаулатқан Шыңғыс хан: «Шамасы, ол маған қарсы екен, әкесінің сөзін де ілтипатқа алмады» деп ойлап, оның соңынан Шағатай мен Үгедей бастаған әскер жіберді. Осы кезде Жошының қазаға ұшырағаны жөнінде қаралы хабар жеткен еді.
Ол әкесінен алты ай бұрын қазаға ұшырады. Оның өлімі жайында халық арасында түрлі аңыз-әңгімелер тараған. Солардың бірінде «аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірген» десе, кейбір деректерде «жау жағына шығып кетеді деп қауіптеніп, құпия түрде өз әкесі Шыңғыс хан өлтірген» деп көрсетіледі.
Жошы Шығыс Еуропаға жорық жасау жоспарын жүзеге асыра алмай дүние салады. Жошының бірнеше әйелдері мен алғыншы арулары бар болатын. Оның қырыққа жуық ұлы болған, олардан сан жетпес немерлері өсіп-өрбіген.
Ұлдарының ішінде тарихи деректерде кездесетіндері: Орда-Ежен, Бату, Берке, Шибан т.б. Жошы өлгеннен кейін батыстағы әскер оның екінші ұлын, Батуды, тақ мұрагері деп таныды, бұл таңдауды Шыңғыс хан да мақұлдады.
Жошының мазары Жезқазған қаласынан 45 км жердегі Кеңгір өзенінің сол жағалауында орналасқан. Жошының өлімі жөнінде қазақ халқында «Ақсақ құлан, Жошы хан» атты тарихи күй бар. «Ақсақ құлан» мультфильмі түсірілген.
Достарыңызбен бөлісу: |