Тобылғы. Сабағының өте мықты болуына байланысты одан малшылар қамшының сабын, әсемдік қолөнер бұйымдарын жасайды. Мысалы, тобылғының қабығы қызыл, одан қамшы сап, құсқа тор жасалынады, май алынады. Қабағын сыдырып жебе де жасайды. Бұл бір қасиетті ағаш, мұны алыс жерге барғанда базарлық ретінде сыйға тартады.
Тобылғының қасиетін жақсы білген оған жынқумас, құсқонбас, шайтанкелмес деген бірнеше ат қойған халқымыз барынша тырысып бағу, жоқтығын, қолынан іс келетін-келмейтіндігін сыртқа білдірмеу мағынасын беретін тобылғы ұялғанынан қызыл болыпты және сапасына байланысты тобылғыны қатты деп, қамшыға сап қылады, көреген жігітті әккі деп, қосынға бас қылады деген тұрақты тіркесиер қалыптасқан. Бірінші тіркеске оның түсі, екінші тіркеске оның қасиеті негіз болған.
Сондықтан үйге жын-сайтан ұяламайды деген сеніммен төрге, бүктей іліп қоятын қамшыға сап ретінде алынуы тегін емес.
QamIancu (7. МК. ІІІ, 242) деген қала атауында «қам шаман» сөзі сақталған. QamIancu – топонимі шаман өнерін көрсететін жер [9]. Бақсы, жыршы, күйшілердің атасы саналатын, қобызды және қобызда ойналатын күйлер шығарған Қорқыттың жақын аталарының бірінің аты Қам болса керек. Қам, шаман мақсатына қарай өнерін көрсетіп, жаны басқа әлеммен астасқан кезде ұршыққа иіріліп, қолына шыбыртқы алып ойнайтын болған [10].
Орта ғасыр түркі тілдерінде, сондай-ақ қазіргі туыстас тілдің кейбірінде (тува, тофалар, алтай, сары ұйғыр, хакас, т.б.) «қам», «бақсы» дегенді білдіреді. Мысалы, КамҒа қан сыдабас (царю не совладать с шаманом); чын олорду кам албас, торо олорqу nai албас (истинно умирающего шаман не спасет) [11]. Қарайым тілінде де қамшы сөзі «шаман» мағынасында жұмсалады. Бұл сөздің түбірі қам, ал –шы егінші тәрізді сөздерде кездесетін сөз тудырушы жұрнақ. Қам+шы/қамшы [12]. Ал бақсы өзі бара алмаймын жерге қамшысын беріп жіберетін кездері де болған. Сөйтіп, «қамшы» сөзі бірте, бірте әрі «бақсы», әрі «шыбыртқы» мағынасында қолданыла бастаған деп көрсетеді Н.Уәлиев [13]. Шаманның негізгі мақсаты адам бойындағы үйелеген, мекен еткен жерін жайлаған жын-шайтанды (өзге әлем кейіпкерлерін) қуалау. Бұл үдерісте қамшының атқаратын қызметі – сол жын-шайтандарды ұрып-соғып аластау. Сондықтан тобылғы-шайтанкелместің сап ретінде алынуының түп тамыры тереңде, халық сенімінде жатыр.
Көріп отырғанымыздай, сөздік мақаласында басы артық сөз жоқ, фактілер ғана осылай берілгені жөн.
Ең соңғы айтылар сөз: этнолингвистика — болашағы зор ғылым саласы. «Мың өліп, мың тіріліп» келе жатқан қазақ халқы бүгінгі егемендігі мен тәуелсіздігінің арқасында XXI ғасырда өркениетті ел болуы үшін ең алдымен жер бетінде ешқашан да қайталанбайтын феномен — этнос ретінде өзін танып-білуі қажет. Ал ол үшін өз тілі арқылы этнос болмысын, ұлт бейнесін түбегейлі танытатын күрделі этнолингвистикалық зерттеулер керек. Бүгінгі қазақ этнолингвистикасы саласындағы ізденістер мен зерттеулер, міне, сол бір үлкен мұраның іргетасын қалауға байланысты әрекеттер.
Дәрісті қорытындылау:
Бақылау сұрақтары:
«Этнолингвистикалық этюд» дегеніміз не?
Этнолингвистикалық этюдтерді жазу, жасау не үшін қажет?
Этнолингвистиканың мазмұндық, тұрпаттық қасиеттері қандай болу керек?
Ұсынылатын әдебиеттер:
№ 6 дәріс тақырыбы: Түркі халықтарына ортақ атаулардан қалыптасқан тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаты
Дәріс жоспары
«Жілік» сөзінің түркі тілдерінде тұрақты тіркестерде кездесуі
Төрт түлік атаулары – түркі тілдеріне ортақ атаулар
1. «Жілік» сөзінің түркі тілдерінде тұрақты тіркестерде кездесуі
Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде өзінің тұтастығын, өзіне тән ұлттық ерекшелігін өз бойында көбірек сақтап келе жатқан тазалығын В.В.Радлов: «...қазақтардың тілі исламның бүлдірушілік сипатына ұшырамай, түпкі таза түбін, түркілік сипатын сақтап қалған» десе де, оны сөздік құрамында да түркі тілдеріне ортақ лексикалық бірліктердің болуы – бұл халықтардың генетикалық тығыз байланысты болуын білдіреді.
Түркі халықтарының тарихи даму жолындағы этностық және тілдік жақындық пен дербестікті айқындайтын тілдік материал – тұрақты тіркестерден мағына, тұлға ортақтығын байқауға болады, әрі ол туыстық көрсеткіштерін айқындайтын дерек көз де.
Мысалы, тілімізде жілік майы таусылу, жілігі татымау, делбе болған жылқыдай,алма – алма ағашынан алыс түспес, қазақ қайың сауды, қырғыз ғиссар ауды, т.б. тіркестер қалыптасқан.
Жілігі татымау, жілігі үзілу, жілік майы таусылу тұрақты тіркестерінің ұйытқы сөзі – жілік. Осыған ұқсас қызғыздарда жилиги үзүлуү фразеологизмі бар. Кәнігі ат бапкерлері арыған тұлпарды күтімге алғанда, оның қасына басқа ат қосып, екеуін бірдей қарауға алған. Арыған сәйгүліктің бабы келді-ау, жіліншігіне май толды ау деген кезде, қосымша жарамдағы жылқыны сойып, жілігін шағып, ішіндегі құрамын қарап, жаратылатын жылқының жағдайын мөлшерлеген. Қоңданып, ет алған жылқының жілік сүйегі майға толы болады. Ат бапкерлері тұлпардың бәйгеге жарамды екенін айыратын болған. Демек жілік майытаусылу «арыған, бәйгеге жарамсыз, күтусіз» деген мағынаны білдіреді.
Ал қазақ қайың сауғанда, қырғыз Ғиссар ауған тұрақты тіркесі қырғыз тілінде «Казак қайың сааганда‚ Кыргыз Ысар кирген» деген түрде келеді. Бұл мақалдың шығуына белгiлi тарихи оқиға негiз болған және Ысар// Гисар// Ғиссар қазақ тiлiнiң орфоэпиялық заңына негiзделiп алынған тәжiк елiндегi жер аты.
«Делбе болған жылқыдай» тiркесiнiң пайда болуына жылқының миына құрт түсiп ауырғандағы күйi тiрек болған. Делбе сөзi монғол тiлiнде дэлбэ-1. (гүл) жапырақша. 2. цулбур-шылбыр, цулбур өвс-өс. таспажапырақ, жыланқияқ; якут т. даlбi-сильно до последней крайности, совъсъмъ, раз-/бить/; даlбi а ыла -сильно запыхаться [20, 56-65]; түркмен т.: -кемақыл, дәли, тентек [21] дегендi бiлдiредi. Осы мысалдардан көрiп отырғанымыздай «делбе» сөзi 1.з.е. арба, шанаға жегiлген көлiктi жөнге салып, жүргiзiп отыратын қайыс бау, божы; 2. Бас айналдыратын, сандырақтатып, ауыртатын дерт (маникальное состояние); 3. өс. жiңiшке, ұзын, қияқ тәрiздес таспажапырақ шөп.
Жылқы малына қатыстыра айтылатын андызды жерде ат өлмес тұрақты тiркесiнiң түп тамыры терең тарихта екендiгiн М.Қашқаридың «аңдуз болса, ат өлмәс» тіркесінен көруге болады.
Түркi тiлдерiне‚ соның iшiнде қазақ тiлiне де ортақ өсiмдiк атауларын Б.Қалиев‚ М.Қашқаридың «Диванынан» және Кодекс Куманикустен ұшыратуға болатынын жазып‚ атап көрсетедi [22, 55]. Олар:алма /alma/‚ андыз /anduz /‚арпа /arpa/‚ бидай,/bugdaj/‚ жаңғақ /jagaq/‚ жуа /java/‚ жусан /japcan/‚ жекeн /jekan/‚ қайың /qajin/‚ қаңбақ /qamgad/‚ қамыс /qamis/‚қара от /qara ot/‚ тары /tarig /‚ терек /terak /‚/ши /cig/ т.б.
2. Төрт түлік атаулары – түркі тілдеріне ортақ атаулар
Түркi халықтарының тарихи даму жолындағы этностық және тiлдiк жақындық пен дербестiктi айқындайтын тiлдiк материал өсiмдiк атауларына да және олардың қатысуымен жасалған ТТ-ге де байланысты. Осыған қатысты бірнеше тақырыптық арналарда қарастыруға болады.
Ағаш атауына байланысты қалыптасқан ТТ :
Ағаш-түрiк‚ қырғыз‚ ноғай‚ қазақ тiлдерiндегi беретiн мағынасы: 1. өсiмдiк. 2. ағаш‚ дiңi‚ бағана‚ бөрене. 3. құрылыс материалы. 4. ұзындық өлшемi (6-7 м.) [23, 72]. Ағаш сөзiнен туындаған ТТ.
М.Қашқарида куруғ jiғaч эгilmac, курмiш кiрiш tyгулма түрінде келетін тұрақты тіркес өзбекше қуруқ егач эгилмайды‚ қуриган кириш /новда/ боғланбайды‚ тугулмайды, қазақша Құрғақ ағаш иiлмейдi‚ қысқа жiп күрмелмейді болып келеді.
М.Қашқари: Борiнiң ортақ, қузғунiң jiғaч башiнда
ұйғ.: Бөрiнiң-тәң-отақ‚ қағиниң дәрәх учида
қаз.: Бөрiнiң /табысы/ ортақ‚ құзғындiкi ағаш басында. Бұл арада қасқыр табысын бiрден жеп кете алмайтындықтан‚ ол жүгiрген аң мен ұшқан құсқа ортақ‚ ал қарға болса‚ тапқанын тұмсығымен тiстеп алып‚ ешбiр жыртқыш жете алмайтын ағаштың басына қонып алып‚ өзi ғана жейдi деген мағынаны берiп тұрғаны белгiлi. Ұйғыр тiлiндегi ағаш деген түркiлiк сөздiң орнына дарақ деген парсы сөзiнiң, ал М.Қашқари сөздiгiнде йығач түрiнде келуi‚ қазақ тiлiнде ағаш вариантының сақталуы, В.Радловтың қазақ тiлi туралы айтқан пiкiрiнiң дұрыстығын көрсетедi. Сонымен қатар, «дарақ» сөзiне байланысты қалыптасқан ТТ қазақ тiлiне де тән. Мысалы, дарақ бiр жерде көгерер; шыбық өсiп‚ тал болады‚ тал өсiп дарақ болады (С. Бақбергенов).
М.Қашқари: уқушсуз киши ол йемишсиз йығач
қаз.: ұқыпсыз адам-жемiссiз ағаш. «Iсiнде береке жоқ ұқыпсыз адамның еңбегiнде нәтиже болмайды сондықтан жемiс бермейтiн ағаштай сүйкiмсiз» деген мағынада.
Қайың сөзiне қатысты ТТ:
Қайың - тат. каен‚ башқ. қайын‚ қыр.‚ қаз.‚ қайың‚ түрк. қайын‚ өзбек. қайин‚ ұйғ. қейин т.б. Азербайжан тiлiнде тозағачы түрiнде көбiрек қолданылады. Түркi тiлдерiнде «тоз» сөзi «береста» мағынасын бередi. Мысалы, сөзге сенбе‚ тозға сен; башқ. қайындың тузын мақта‚ имәнден узен мақта; қаз. қайыңның тозын мақта‚ еменнiң өзiн мақта мақалдары соның айғағы.
Ал sogntsulihaqajinqasiha/ива известна своей свежестью‚ береза корой (твердостью) [23,72]. Мақалының қазақшасы «тал-жұмсақ‚ қайың- қатты». Бұл оралымның берер мағынасы әрбiр адамда әр заттағы сияқты өзiне тән қасиетi‚ мiнезi болатынын көрсету.
қаз.: Қазақ қайың сауды‚ қырғыз Ғиссар ауды
қыр.: Қазақ қайың саағанда‚ қырғыз Ысар кирген - ХVII-ХVIII ғ. жоңғар шапқыншылығы кезiнен қалған сөз. Қайың сөзiндегi бес дыбыстың алмасып келуiн қазiргi түркi тiлдерiнен де байқаймыз: 1) дауыссыз: а/ бастапқы қ/к; ә/соңғы н/ң 2) дауысты а/ бiрiншi буында а/ә; ә/ екiншi буында ы/й; қайың /қайын/кайын/ кайин/ кейин/кайын
Алма сөзiне қатысты ТТ:
Алма-қазақ‚ татар‚ қырғыз‚ ұйғыр‚ түрк. тiлдерiнiң барлығында бiрдей аталады [24, 207]. Алма сөзi қыпшақ тобына жататын тiлдерде адам денесiнiң кейбiр мүшелерiн салыстыру мақсатында қолданылады. Мысалы, қаз. ққалп. екi бетi алмадай‚ бетiнiң алмасы; қаз. алма мойын‚ қыр. алмадай басын чабайын
ққалп.: Алма қасында аузыңды жап-бiреудiң дүниесiне қызықпа;
баш.: aлма беш‚ аузыма төш
тат.: aлма пеш‚ авызыма төш
қаз.: алма пiс‚ аузыма түс
өзб.: aлма пиш‚ оғзимға туш
түркiм.: aлма биш‚ агзыма душ
М.Қашқари: Атасы ачығ алмыла йәсә‚ оғлұның тiшi қамар
қаз.: Әкесi ащы алма жесе‚ ұлының тiсi қамаланар-әкесi жасаған қылмыстың зардабы артындағы ұлына қалатынын насихаттайды.
Құмық тiлiндегi «Алма терегинден ары тушмес», қазақ тiлiндегi «алма-алма ағашынан алыс түспес» сөз тiзбегiн Мусаев орыс тiлiнен аударылған калька (яблоко от яблони далеко не падает) деп есептейдi. Жетiсу өңiрiнде алманың көптеген түрi өсетiнi белгiлi. Бiздiң ойымызша‚ жергiлiктi тұрғындар алмаға тән ерекшелiктi жiтi байқап соған орай өз тұжырымын айта бiлген. Бұл жайында ХIХ ғ. қазақтардың өмiрi‚ тұрмысы жайлы жазған В. фон Герн жақсы айтқан: «... В Семиреченской области в местах жительства и кочевок казахов Большой Орды‚ в особенности в горах к югу от реки Или‚ и до сих пор еще много диких яблонь и яблоневые рощи‚ в относительно недавнее время‚ покрывали берега притоков реки Или. Поэтому можно допустить‚ что приведенная пословица самостоятельно выведена казахами из наблюдений их обстановки» [25, 40]
Сонымен қатар‚ о бастағы бiр жолды не екi жолды ТТ-дiң өзiнiң даму процесiнде құрамы жағынан жаңадан жасалған қосымша компоненттермен кеңейiп‚ толығып отыруы мүмкiн Мысалы, М. Қашқари: андуз болса‚ ат өлмәс. тат.: андыз бар жирдә ат үлмәс‚ ақсыргак бар жирдә ер үлмәс /яғни‚ андыз бар жерде ат өлмес‚ ақсырғақ бар жерде ер өлмес/ [26, 181-198] болып айтылады екен. Осы мақалдың қазақ тiлiнде екi компоненттен тұратын түрi бар: «Ербасы бар жерде ер өлмейдi‚ андыз бар жерде ат өлмейдi». Бұл мақалдың шығу тегi бiр‚ екi тiлге ортақ деп қарасақ‚ айырмашылығының мағынасы бiзге көмескi «ақсыргак»‚ «ербасы» сөздерiнiң қатысуында. Ал бұлардың ортақтығы мағынасында: кiмнiң‚ ненiң болса да қажеттiгi пайдалы қасиетiнде.
Ендi екi өсiмдiк атауы қатысқан‚ жартылай өзгерiске түскен / бiрiншi не екiншi компонентi өзгерiске түскен / түркi тiлдерiне ортақ ТТ-ге мыналарды жатқызуға болады.:
М.Қашқари: Буғдай қатында сарфаж сувлур
қаз.: Бидай арқасында бидайық су iшер
ұйғ.: Буғдайниң банисида қаримук су ичипту осыған мәндес қазақ тiлiнде «күрiш арқасында күрмек су iшер» деген тiркесi бар. Бұл тiркестер бөтен бiреудiң көмегi арқасында дегенiне жеткен адамдарға арнап айтылады.
Мұндай мысалдарды әрбiр тiлден кездестiруге болады. Өйткенi бұл туыстас халықтардың дүниетанымындағы‚ болмыстағы әр түрлi затттар мен құбылыстарды бағалай бiлуiндегi‚ бейнелеу тәсiлiндегi ұқсастықтың нәтижесi.
«Түркi тiлдерiндегi мақал-мәтелдерге тән қасиеттердiң бiрi - дейдi А.Нұрмахан‚ - тақырыптары мен мазмұндарының ортақтығы‚ ой бiрлiгi мен қолдану аясының диалектiлерiнде өздерiнiң дыбыс жүйесiн‚ сөздiк құрамын‚ грамматикалық құрылысын сақтап келгендiгi сезiледi» [27].
Тұрақты тіркестердің түркi тiлiндегi ортақтығы мен тiлдiк сәйкестiгi белгiлi бiр заңдылыққа‚ тарихи дерекке қатысты. Себебi оған: түркi тiлдес этностардың көне заманнан берi бiрге жасап‚ көршi тұруы; олардың өмiр тiршiлiгiндегi‚ рухани мәдениетiндегi дүниетанымы мен пайымдауы; тiл төркiндестiгi‚ тектестiгi; бiр тiлде пайда болған тұрақты тiркестердi тiл заңдылығына ыңғайластыра қабылдауы әсер еткен.
Дәрісті қорытындылау:
Бақылау сұрақтары:
«Жілік» сөзіне қатысты тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаттары қандай?
Түркі халықтарының басынан кешкен тарихи оқиғаға байланысты қалыптасқан, түркі тілдеріне ортақ тұрақты тіркестің этнодингвистикалық мәні
Тұрақты тіркестердің, мақал-мәтелдердің түркі халықтарында бірдей түрде кездесуін қалай түсіндіре аласыз?
Ұсынылатын әдебиеттер:
№ 7 дәріс тақырыбы:
Тақырыбы: Этнолингвистикаға қатысты Е.Жанпейісов, М.Копыленконың пікірлері
Жоспар:
Е.Жанпейісов этнолингвистка мен басқа аралық пәндердің байланысы
туралы
Этномәдени лексика, тәжірибелік-қолданбалы этнолистика туралы
М.Копыленко этнолингвистикалық мектептер.Этнолингвистиканың
салаларалық пәндермен байланысы жөнінде
1. Е.Жанпейісов этнолингвистка мен басқа аралық пәндердің байланысы туралы
Тіл – әрбір елдің, әрбір ұлттың тарихын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін, тіпті сол ұлттың өз болмысын танытатын, оны сақтап қалатын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ұлы қазына ретінде қоғамдағы ең маңызды қажеттіліктердің бірі. Сондықтан бүгінгі таңда тілдің құрылымдық, коммуникациялық қызметтерінен басқа да қырларын, қасиеттерін анықтау терең зерттеуді талап етіп отыр.
Атап айтқанда, тіл мен адамның өзара тығыз қатынасына қарай анықталған салаларды былай көрсетуге болады: адамның тілі мен рухани белсенділігі; тіл мен адам физиологиясы; тіл мен ойлау, сана әрекеті; тіл мен мәдениет; тіл және адамның қарым-қатынасы; тіл мен қоғам; тіл мен адам құндылықтары; тіл және таным. Адамның тілге, тілдің адамға өзара ықпал етуінен туындаған осы салалардың әрқайсысының өзіндік зерттеу нысаны, тәсілдері, қолданылу аясы бар. Қазіргі тіл білімінде әлеуметтік лингвистика (тіл мен қоғам арақатынасын зерттейтін сала), психолингвистика (индивидтің тұлғалық мінез-құлқы мен ұғымды қабылдау, оны санада өңдеу қасиеттерінің тілде көрініс табуы),лингвомәдениеттану (тіл мен мәдениеттің өзара қатынасы негізінде ұлт мәдениетінің тілде сақталуы, тілде көрініс табуы, сол тіл арқылы ұлтты, оның мәдениетін таныта білу ерекшеліктері), этнолингвистика (тілдегі ұлттық бірліктердің мазмұны мен мәнін ұлттың тарихынан, халықтың рухани мәдениетінен, халықтың менталитетінен, халықтың шығармашылығынан іздеу) салалары тілді антропологиялық бағытта қарастыруда.
Тілді зерттеудің антропоцентристік бағыты тіл біліміндегі адамның тілдік факторы мәселесін, тілдің адамға қызмет ету мәселесі, тіл арқылы адамның табиғатын мәселесін тану қазақ тіл білімінде алғашқы болып ғалым Ербол Жанпейісовтің де зерттеу еңбектерінің негізгі тағаны, діңгегі болып келді. Ғалымның көп жылғы зерттеулерінің нәтижесінде 1989 жылы «Этнокультурная лексика казахского языка» атты докторлық диссертация қорғалды. ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында қазақ тіл білімінде жаңа бағыт деп танылған этнолингвистикаға қатысты негізгі тұжырымдарды 1994 жылғы 20 қаңтардаға «Ана тілі» газетінің санында берілген «Этнолингвистика» атты ғылыми мақаласында жеткізеді [14]. «Этнолингвистика – психолингвистика мен социолингвистика сияқты тіл біліміндегі жаңа бір бағыт. Бұл үшеуі бір-бірімен байланысты болғанымен, әрқайсысының дара ерекшеліктері де жоқ емес. Этнолингвистика тілді этносқа қатысы тұрғысынан сөз етсе, психолингвистика адам психикасына қатысты жағынан, ал социолингвистика тілді қоғам дамуына қатысы тұрғысынан алып зерттейді. Этнолингвистика мен социолингвистика белгілі дәрежеде тіл біліміндегі тұтас бір саланың құрамды екі компоненті деп қарауға болады. Біріншісі этностың ұлттық, халықтық, тайпалық ерекшелктерін негізге алса, екіншісі оның тілдік процестерге байланысты кейінгі даму сатысындағы әлеуметтік құрылымына табан тірейді. Этнолингвистика мен социолингвистика өздерінің хронологиялық сипатына байланысты кейді бір-біріне қарама-қарсы қойылады. Олай ету бір жағынан орынды сияқты. Себебі бұл екеуінің алдыңғысы негізінен тарихи мәнді деректерін пайдаланады, яғни әр түрлі тіл материалын тарихи тұрғыдан жүйелеуге келетіндерін ғана іріктеп тауып алып, оларды тек сол ыңғайда зерделеуге ұмтылады. Екіншісі таза бүгінгі күннің тілдік материалына арқа сүйейді. Мұндай талдау үлгісі сондай-ақ этнолингвистикаға да тән. Өйткені ол «көнелікті» айғақтайтын деректермен шектеліп қалмайды, «бүгінгіні» нышандайтын деректермен де айналысады». Е. Жанпейісов этнолингвистика саласының негізгі ерекшеліктерін баса көрсетіп, ажыратады, өзіндік қасиеттерін даралайды, сонымен бірге этнолингвистиканың этносты тануға бағытталған негізгі мүддесі мен мұратын айқындайды, тіл мен этностың байланысын ғылыми тұрғыдан зерделейді: «Тіл білімі өзі қаншалықты көне болса, тіл мен этностық ара қатынас мәселесі де соншалықты әріден келе жатқан, ежелден бар құбылыс. Тіл – этностың тұрақты, ең бір басы ашық негізгі көрсеткіші. Ал тұрақтылығы бұған қарағанда осалдау, өзгеруге бейім территориялық бірлік, экономикалық-шаруашылық және мәдениет тұтастығы, т.б. этностың қосалқы белгілеріне жатады. Демек, тіл тағдыры мен этнос тағдыры қашанда бір-бірімен тығыз байланысты».
2. Этномәдени лексика, тәжірибелік-қолданбалы этнолистика туралы
ХХ ғасырдың соңында айтылған ойлар мен көтерілген мәселелер күні бүгінге дейін өзектілігін жоймай келеді. Тіл мен ұлтты тұтастықта қарай отырып, халықтың дамуы барысындағы тарихи, әлеуметтік өзгерістердің тілге әсер етпей қоймайтынын есте сақтаған жөн. Осы тұрғыдан тіпті бір территориялық аймақта мекендеген жеке ұлттың, халықтың сөйлейтін тілінде де территориялық ерекшеліктері болады. Бұл іргелі сұрақ – этнолингвистиканың салмақты жүгі. Тілдің дамуы мен тіл иесі халықтың этникалы дамуын, түрлі диалектілерге бөлінуі туралы, бұл мәселенің тәжірибелік, тілдік-қолданбалы жағын Е.Жанпейісов те атап көрсетеді: «Тіл мен этнос арасындағы осы тығыз байланыс лингвистерге, этнографтарға, тарихшыларға, әрине, жақсы мәлім, бірақ түркологияда күні бүгінге дейін тіл тарихы мен мен халықтың этникалық тарихын ұштастыра отырып зерттеген бір-бір арнайы еңбек жоқ. Тіл біліміндегі бұл олқылықты белгілі бір дәрежеде этнолингвистика ғана толтыра алады. Бұл проблемаларды шешуге этнолингвистикалық география көбірек қатыса алады. Ол үшін алдымен этнолингвистикалық атластар жасалуы тиіс. Ал мұндай атластарда лингвистикалық және этнографиялық карталар қатар беріліп отыруы керек. Этнографиялық карта алдыңғыға тұғыр-тірек карта болып саналады, яғни лингвистикалық карта соңғы, этнографиялық картаға сүйенеді. Картаға түсіруде лингвистикалық және этнографиялық бірыңғай материал бір-бірімен дәл, дөп түсіп жатуы шарт. Бұлар – мәселенің «жай» техникалық жақтары. Бірақ қалай дегенмен де этнолингвистиканың міндетіне жатады. Мұның шынында да солай екеніне диалектологиялық атлас жасау тәжірибесі дәлел бола алады». Күні бүгінге дейін этнолингвистикалық зерттеулердің нәтижесін тәжірибеге енгізу, жиналған материалдарды сұрыптап түзу, тізу ісі әлі де болса көптеген этнолингвистикалық, этномәдени, лингвомәдени зерттеулерді қажет етеді.
Десек те ғалым «жаңа сала» атап кеткен этнолингвистика ілімі бүгінде мақсат-міндеті айқындалған, ұстанатын бағыт-бағдары анық, зерттеу әдіс-тәсілдері бірегейленген, толық та дербес тіл білімінің саласы ретінде дамып отыр. Бүгін біз осы этнолингвистиканың аралық пәндерінің жекеленіп, өз алдына қоныс теуіп, бөлінуін байқаймыз. Мысал ретінде лингвомәдениеттану пәнін келтіруге болады. Ғалым тіл менмәдениеттің ажырамас арақатынасы туралы да біршама құнды пікірлер келтіреді: «Тіл мен мәдениеттің өзара байланысы әр жақты және барынша берік. Тілді мәдениет құралы ретінде және адамның мәдениет құбылыстарының жалпы бәріне ортақ жеке беллгілері арқылы да зерттеуге болады. Екінші жағынан, тіл мен мәдениет құрылымы жөнінен изоморфты болып келген, бір-біріне тәуелсіз, автономды жүйелер ретінде қарастырылуы мүмкін. Этнолингвистика тіл мен мәдениеттегі қостілділікті немесе көптілділікті, қостілділіктегі біртектілік пен әртектілікті, сондай-ақ норма, стиль, тілдік және мәдение субстрат, территориялық және әлеуметтік диалект ұғымы, әсіресе диахрондық зерттеулер үшын маңызды: қай халықтың болсын көне рухани мәдениеті мен лексикалық тіл қорының ең ежелгі байырғы қалпын реконструкциялауда шешуші рөл атқарады. Бірақ ол этнографияда, культурологияда әлі пайдаланылмай келеді».
ХХІ ғасырда салыстырмалы тіл білімі мен құрылымдық-жүйелік тіл білімінің заңды жалғасы болып келген анропоөзектік парадигма бағыты тілдің мифтік-танымдық негіздерін анықтауға ұмтылады. Бұл тектес жұмыстар ХІХ-ХХ ғасырларда да атқарылған еді. Тіл білімі мен мифологияның өзара сыбай, шектес аясы этнолингвистикаға жатады. Тіл мен мифология арасындағы осы тығыз байланысты кезінде А.А.Потебня да атап көрсеткен болатын: «Язык есть главное и первообразное орудие мифического мышления. Мифология создается факторами лингвистическими» [16].
Е.Жанпейісов тіл мен мифтің арақатынасына байланысты төмендегідей ой қорытады: «Этнолингвистика алайда тіл мен мифологияның арақатынасын мифология өз алдына жеке ғылым санатына кірген жағдайда ғана ойдағыдай зерттей алады. Культурология, халықтық психология мен мифология – осы үш ғылым саласының үшеуі де өздеріне ортақ және семиотикаға жататын, сондай-ақ тіл біліміне тән бірқатар әдістер мен қағидаларды пайдаланады. Ал семиотика заңының нақты бір зерттеулерде лингвистикалық және этнологиялық жағрапия, лексикография мен грамматика аясында қолданылуына көп ретте осы этнолингвистика жәрдемдесуі тиіс».
Этнолингвистиканың дербес сала ретінде танылуы үшін ең алдымен оның зерттеу әдіс-тәсілдері, мақсаты мен міндеті айқындалуы, нені зерттеуі тиіс деген сұрақтар шешімін табуы тиіс. Бұл тұрғыда да ғалымның этнолингвистика, этномәдени лексика ұғымдарын анықтаған тұжырымдары салмақты болып табылады: «Этнолингвистика өзінің бітім-болмысы, табиғаты жөнінен жалпы тарихи категория болып табылады. Себебі, ол этностың қазіргісін емес, көбіне көп өткенін зерттейді. Ал этностың өткені оның этномәдени лексикасынан айқынырақ көрінеді. Этномәдени лексикаға сол этнос мекен еткен аймаққа тән табиғат құбылыстарының атауы, заттық мәдениет лексикасы, рухани мәдениет лексикасы (мифологияға, фольклористикаға, этнологияға қатысты, өнер мен білімнің өзге де салаларына қатысты сөздер, туыстық, түрлі қоғамдық қатынас терминдері, т.б.) жатады. Әдетте, мұндай этномәдени контексті зерделеудің бірден-бір ұтымды ғылыми жолы – салыстырмалы тарихи әдіс, этимология. Ал этмологияға әдетте кешенділік тән. Этнолингвистика, демек диалектологиямен, фольклористикамен, этнологиямен, мифологиямен жанас, жапсарлас тұрған, көп жағдайда солардың жетістіктеріне, зерттейтін материалына сүйенетін және кешенді әдісті кеңінен пайдаланатын іргелі ғылым».
3. Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаған, жан-жақты ізденіс нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр. Мұны белгілі ғалым проф. М. М. Копыленко өзінің «Этнолингвистиканың негіздері» [17] деп аталатын еңбегінде айқын көрсетіп отыр. Қазақ этнолингвистикасына қатысты мәселелермен шұғылданушылар үшін бұл еңбектің берері мол. Онда, мәселен, қазақ топырағында дүниеге келген этнолингвистика ғылымының төңірегінде ғылыми мектеп қалыптасқандығы және бұл салада көп жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келе жатқан ізденістердің нәтижесінде айқындала түскен оның бағыт-бағдары, өзіндік үрдісі, зерттеу объектілері мен тәсіл-әдістері кеңінен сөз болады. Мәселен, оның бұл кітапта жалпы проблема мен қазақ этнолингвистикасының нақтылы мәселелеріне қатысты 1044 еңбектің тізімін (библиографиясын) беруі зерттеудің құндылығын арттырумен қатар, казақ этнолингвистикасымен шұғылданамын деген жас талапкерлер үшін жасалған үлкен қамкорлық.
Бүгінгі таңда жеке дербес ілім болып қалыптасып, теориялық, ғылыми негіздері қалыптаса бастаған этнолингвистика саласында атқарылып жатқан жұмыстарды белгілі бір орталықтармен байланыста қарастыруға болады. Орыс тіл білімінде бұл айқын екі бағытта орындалады: біріншісі – В.В.Топоров пен В.В.Иванов есімдерімен, ал екіншісі – Н.И.Толстой мектептерімен байланысты. Белгілі бір көлемдегі шарттылықпен бұл екі бағытты «этимологиялық» және «диалектологиялық» деп ажыратуға болады. Себебі, алғашқысы мәдени лексикада көрінетін көне онтологиялық, космологиялық, әлеуметтік танымдарды айқындап, қайта құруға, мифтік сипаттағы сөздердің этимологиясын анықтауға, мәдени феномендердің ареалдық ерекшеліктерін, диалектілік сипаттарын ескере отырып, мәдениет пен салт-дәстүр, әдет-ғұрып лексикасының мейлінше толық қалыбын тануға бағытталса, Н.И.Толстой мен көптеген шәкірттері славян халықтарының танымын, мифтері, әдет-ғұрыптары, т.б. дәстүрлі славян мәдениетінің құрамдас бөліктерін зерттеу нысаны етіп алып, славян фразеологизмдерінің этнографиялық сипаттары, славян этнотілдік қауымдастығының лингво және этнографиялық бөліктері қарастырады.
Қазақстан Республикасында қазақ тіл білімінде этнолингвистика ілімінің негізін салушы, теориялық және ғылыми айналымын жасаған ғалым және жоғарыдағы екі бағытқа қоса жеке үшінші бағыт ретінде қарастыруға болатын – Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар және оның ғылыми мектебі. Бұл бағыт тілді халықтың айнасы ретінде таниды, ешбір пәндердің аралығы ретінде емес, тілді жеке нысан ретінде ала отырып, этнология,тарих, мәдениеттану сияқты лингвистикалық емес пәндер қосымша ретінде танылады. Халықтың болмысы, танымы, салты, ділі көрінетін кез келген тілдік мағыналық бірлік зерттеледі, материалдық және рухани мәдениеті, тек қана этномәдени лексикасы мен фразеологиясы ғана емес, ономастика, фоносемантикадағы, аялық білімдегі, паралингвистикалық құбылыстардың барлығы дерлік тілдегі халықтың көрінісі ретінде қарастылырып, зерттелінеді.
Ғалымның теориясы бойынша қазақ тіл біліміндегі этнолингвистикалық зерттеулердің барлығы дерлік «тіл әлемін» түгел қамтып, «Адам», «Қоғам», «Табиғат» деп аталатын үш үлкен салаға жіктеп қарастыру бағытында атқарылуда.Аударма мәтіндерін этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеудің негізгі міндеттері түпнұсқа тілдің идиоэтникалық табиғатының сақталуының дәрежелері мен деңгейін анықтауға бағытталады. Бұл саладағы зерттеулер этноаударматанудың теорияларын жасамаса да, оны этнолингвистиканың бір саласы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Аударма тілдегі түпнұсқа тілдің өзіндік тілдік ерекшеліктерінің сақталуы әрине, ең алдымен, аударманың түріне байланысты. Сөзбе-сөз, жолма-жол аудармада аудармашы түпнұсқаның ұлттық-стилистикалық және мағыналық ерекшеліктерін сақтауға тырысады. Алайда көп жағдайларда бұл аудармалардың қара дүрсін болатындығын, түпнұсқаны сақтаймын деп, өзіндік қолтаңбасынан айрылған, тым қарапайым болатынын көреміз. Ал көркем еркін аударма түпнұсқаның тек мазмұнын, стильдік белгілерін ғана сақтайды, мағыналық ортақтығы болмаса, аударма мен түпнұсқа мәтін тілінде көп ұқсастық болмайды. Бұл аудармаларды этнолингвистикалық тұрғыдан талдап, зерттеудің еш пайдасы болмайтыны хақ. М.М.Копыленконың пайымдауынша, бұл ретте этнолингвистикалық талдауды қажет ететін, этномәдени, этнолингвистикалық белгілердің сақталып берілетін аударма түрі – балама-еркін аударма (адекватный-художественный перевод) .
Достарыңызбен бөлісу: |